Биыл имамдардың біліктілігін арттыру үшін 200 грант бөлінеді. Бұл туралы ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілханов Жамбыл облысындағы ресми сапары кезінде мәлімдеді, деп жазады 24.kz.
Ол аудан және ауылдардағы мешіттерді аралап, имамдармен жүздесті. Халықтың діни сауаттылығын арттыру және теріс діни ағымдардың әрекеттеріне қарсы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Бұдан кейін Діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы өтті. Мұнда ауылдық округтерде құрылған ақпараттық-насихаттық топ жұмыстарын жандандыру мен жастардың радикалды діни ағымдардың ықпалына түсуінің жолын кесу жайы сөз болды.
Бас қосқан кеңес мүшелерінің пікірінше, болашақ имамдар тек Құран аяттарын біліп қана қоймай, оны халыққа дұрыс жеткізе білуі керек. Бұл істе имамдарға жергілікті жерлердегі жауапты мекемелер де қол ұшын беруі тиіс.
Марат Әзілханов қарияларға өз орындарына жастарды дайындауды тапсырды. «Ауылдағы түлектерді тауып алып, 2-3 жыл бойы арнайы дайындау қажет. Соларды орындарыңызға отырғызатындай бағдарлама жасауларыңыз керек. Өйткені мешіттерде жұмыс жасайтын молдалардың дені – қариялар, үлкен кісілер. Олар да бірер жылдан кейін имамдық жұмысқа жарамауы мүмкін» деді ол.
inform.kz