Король Абдулазиз атындағы университеттің инженерлік факультетінің студенттері Меккеге исламның бес парызының бірін өтеуге келетін қажылардың қауіпсіздігі мен қамы үшін бірнеше жоба ұсынды.
Сейсенбіде ашылған көрмеден дәрі-дәрмектің сапасын сақтайтын сөмке дейсіз бе, ас-ауқат алып жүретін қоржын дейсіз бе, арасында ұры-қарыдан қорғайтын, белге байлап алатын сөмке де бар, дәрет алуға арналған қозғалмалы су тазарту құрылғысы дейсіз бе, күннен қуат алатын мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арбаны да, өзге де керек-жарақты тамашалауға болады.
«Біздің студенттер жиырма жоба ұсынды. Олардың бұл жаңалықтары көрмек қонақтарының көңілінен шықты. Мекке губернаторы мен Қажылық істері жөніндегі министрлік өкілдерін де қызықтырды»,- деді аталмыш факультет қызметкері Ирфан Ахмет.
Жобалардың дені экологиялық сипаты бар мәселелерді шешуге бағытталған: қоқысты залалсыздандыру, шаңсорғыштың жаңа үлгісі, қоқысты жинайтын құлтемір, т.б.
Жоғары бағаланған жоба иелеріне сыйлықтар беріліп, арнайы марапатталды.
2014 жылдың 1 ақпанынан бастап ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің қолдауымен сынақ тәртібінде «Тұран ТВ» жаңа телевизиялық арнасы отандық эфирге шығатын болады.
«Бұл еліміздің тарихы мен мәдениетін, спортын, демалыстарын, саяхатын, ішкі туризмін дәріптеуге арналған қазақстандық тұңғыш телеарна болып табылады. Хабар таратудың алғашқы кезеңінде еліміздің барлық аумақтарында Алма ТВ, ID TV және Отау ТВ қазақстандық кабельдік операторларының желілерімен қосарласа қызмет көрсету жоспарлануда. Спутниктік телеарналары арқылы хабарды тарату жоспарланып отыр. Оны 16:9 үлгісінде, HD 720р сапасымен, стерео-аудиожолымен қазақ және орыс тілдерінде тарату көзделіп отыр», – делінген тың жобаға қолдау білдірген комитет мәліметінде.
Бұл жоба Астана қаласында өтетін бүкіл әлемдік "EXPO-2017» көрмесі қарсаңында ішкі туризмді дамыту бағытында қолға алынып отырғанын айта кету керек. «Аталмыш арнаның хабарлары көрермендерге қызықты болады ғой деп ойлаймын. Өйткені, онда саяхат, саятшылық, аңшылық, балық аулаудың қыр-сыры, еліміздің туристік және мәдени кеңістігі жайлы хабарлар беріледі. Көз тартатын көрікті жерлері, тарихи орындары мен сан алуан ас мәзірі, т.б. тақырыптар қамтылады»,- деді «Тұран ТД» телеарнасының бас директоры Роман Ботабеков.
Бір айта кетерлігі, аталмыш телеарнаның өз өнімдері 80 пайызды құрайтын болады. Ал қалғандары көркем әрі деректі фильмдер. Бұған қоса, телеаарнаның өнімдерін ғаламтордан да тамашалай аласыздар.