Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Маямеров Қостанай шаһарына екі күндік сапарда болды. Бұл көрнекті дін қайраткерінің аса жауапты қызметке кіріскелі бері аталмыш қалаға алғаш келуі.
Мәртебелі қонақты әуежайда облыс әкімінің орынбасары Серік Бектұрғанов, облыстық дін жөніндегі басқармасының басшысы Нұрқан Нөгербеков, облыстың бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек қарсы алды.
Осы арада бір тоқтала кетер жай, Ержан қажы Малғажыұлы өзінің қартты сыйлап өскен азамат екендігін де көрсетті. Сондықтан болар, ол облыс орталығына ат басын бұрғаннан кейін жуырда ғана 80 жасқа толған Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі ақын Жолбарыс қажы Баязид пен құрметті ақсақал Мырзағали қажы Ғабдоллаұлының киелі қара шаңырағында болып, ардақты ақсақалдарға шын жүректен шыққан ең ізгі тілегін білдірді.
Жұма намазында жамағатпен кездесу
Дінбасының шаһарымызға келуі қостанайлық мұсылмандар үшін де үлкен оқиға болды. Өйткені осы сапардан құлағдар болған жұртшылық облыстық Марал ишан мешітіне көп жиналды. Осындағы Жұма намазына қатысушылардың арасында жастар да аз емес еді.
Осы басқосуды облыстың бас имамы Асылхан қажы ашып, сөзді Бас мүфтиге берді. Ол жиналған қауымның алдында тәлімдік-тағылымдық жағы мол уағыз айтты. Өзінің тұңғыш рет Қостанайға табан тіреп тұрғанына қарамастан, мұндағы ағайындардың шынайы пейілдеріне шексіз ризашылығын жеткізді.
Сайттың жаңалануы мен онлайн сабақ
Жұма намазынан кейін Бас мүфти, Ержан қажы Малғажыұлына облыс өкіл имамы Асылхан қажы Мұханбетжанұлы, облыс әкімі Нұралы Мұстафаұлының қайырымдылық көмегінің арқасында жасалған облыстық «Марал ишан» мешітінің ресми жаңа сайтымен таныстырып, мешітке келуші жамағатқа арналған онлайн жүйесіндегі сабақтың көрсетілуіне арналған үлкен экранды телевизордың орналастырылғандығын атап көрсетті.
Бұдан соң Бас мүфти, Ержан қажы Малғажыұлы Облыстық «Қазақстан-Қостанай» телеарнасының арнайы сұхбатына қатысып, қазіргі уақыттағы еліміздегі діни ахуал төңірегінде сөз қозғады.
Дін және дәстүр атты рухани танымдық кеші
Сол күні кешке облыс орталығындағы балалар шығармашылық мектебінің ғимаратында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Қазақстан қажылар қауымдастығының ұйытқы болуымен «Дін мен дәстүр» деп аталатын рухани танымдық кеш жерлестерімізге ұмытылмастай әсер қалдырды.
Осынау кешті Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ақжол қажы Мейірбеков жүргізіп, жиынның мақсаты мен мәніне кеңінен тоқталып өтті. Содан кейін қасиетті Құран оқылды.
Алғашқы сөз Ержан қажы Маямеровке берілді. Өткен уақыт ішінде өзінің терең білімімен, ұлағатты сөздерімен күллі республика мұсылмандарының жүрегінен берік орын алған азамат тебірене келе:
— Құрметті қауым! Мен бұл өңірге тұңғыш рет қадам басып отырмын. Бірақ мұндағы мұсылман жұртшылығының дінге деген ықыласы өте жақсы екен. Қостанай — қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың және басқа да көптеген ұлы тұлғалардың Отаны.
Сондықтан да осы сапарымда сіздермен жүздесіп отырғаным үшін өзімді шексіз бақытты сезінемін. Осынау құт, қыдыр дарыған өңірде алдағы уақытта да имандылық өрістеп, дініміз өркендей беретіндігіне ешқандай шүбә келтірмеймін. Өйткені бүгін де, байқап отырмын, залда отырғандардың арасында еліміздің жарқын болашағы болып табылатын жігіттер мен қыздар да жеткілікті екен.
Өздеріңіз де басылымдардан оқып, теледидардан көріп жүрген боларсыздар, биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тікелей ұйытқы болуымен «Дін мен дәстүр» деп аталатын берері мол құнды кітап жарық көрді. Сонымен қатар, үстіміздегі жылды «Дін мен дәстүр» деп атағанымыз да көпке белгілі.
Қазір ең басты құндылық — халықтардың ауызбірлігі, достық пен ынтымағы екендігі даусыз. Мемлекет басшысының ұстанып отырған кемеңгер саясатын қолдай отырып, туған жерімізді гүлдендіру, адам бойындағы асыл қасиеттерді ардақтау мақсатында бәріміз де бір үйдің адамдарындай жұмыла еңбек ете беруіміз керек, — деді.
Қазақ еліне Еркін Дуанаевтың есімі де жақсы таныс. Ол Қазақстан қажылар қауымдастығының төрағасы болмас бұрын да Ислам дінінің өркендеуіне айтарлықтай үлес қосқан азамат. Сондықтан да болар, жерлестеріміз оның нақты деректер мен дәйектерден құрылған ұлағатты сөздерін барынша ұйып тыңдады.
Жұртшылық Қазақстан қажылар қауымдастығы төрағасының орынбасары, көрнекті ғалым, Руханият университетінің ректоры, профессор Мұрат қажы Мыңбаевтың атқарып жатқан еңбегіне әбден қанық. Осынау айтулы тұлға да кеште көпшілік алдында сөз сөйлеп, тағылымды әңгімелер айтты.
Сондай-ақ бұл жүздесудің соңында белгілі ақын Ақылбек Шаяхмет Қостанай жұртшылығы атынан жоғарыда аталған танымдық кешті ұйымдастырушыларға шынайы алғысын білдіріп, өзінің имандылық тақырыбына арнаған жаңа өлеңін оқыды.
Кеш соңында Ақжол Мейірбеков бастаған өнер тарландары Қазақстанның халық әртісі, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін асқақтата шырқағанда залда жиналған қауым орындарынан тік тұрып, өздерінің ерекше құрметтерін көрсетті.
Жаңа мешіт пайдалануға берілді
Ертеңіне, яғни сенбі күні сағат 10-нан аса қала жұртшылығы облыс орталығындағы 9-шы шағын аудандағы белгілі кәсіпкер, «Ерлан» компаниясы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Төлеген Жайлаубаевтың өз қаржысына тұрғызған жаңа мешітке қарай судай ағылды.
Алматыдан арнайы шақырылған дарынды әнші Ақжол Мейірбеков бұл басқосуды да өзіне тән шеберлікпен жүргізді. Алғашқы сөзді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлына берді.
Дінбасы жаңа мешіттің салтанатты түрде ашылуы Қостанай шаһарындағы үлкен тарихи оқиға екендігіне тоқтала келіп, жалпы мұндай мешіт салу сауапты іс екендігін айтты. Осындай киелі орынды тұрғызып, мұсылман бауырларымыздың игілігіне беріп отырған кәсіпкер Төлеген Ғалымұлының бұл игі қадамы барша жігіттерге өнеге екендігіне ерекше тоқталды.
Оған шынайы алғысын білдіріп, қасиетті Құранды көпшілік алдында табыс етті. Енді осы мешіттің бас имамы болып ұзақ жылдар бойы дін саласында аянбай еңбек етіп келе жатқан Шоқан қажы Әмірханов қызмет атқаратындығын да тілге тиек етті.
Осы зәулім мешіттің салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов сөз сөйлеп, барша жерлестерімізді бұл қуанышты күнмен шын жүректен құттықтады. Алдағы уақытта мешіт парасат ордасына айнала беретіндігіне нық сенімді екендігін де жеткізді.
Ал кәсіпкер Төлеген Жайлаубаев болса өздері үшін есте қаларлық сәтте қолдау көрсетіп, арнайы келіп отырған Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлына, облыс әкімі Нұралы Мұстафаұлына және басқа да құрметті қонақтарға, күллі жұртшылыққа әулеттерінің атынан шынайы алғысын білдірді.
Мәртебелі қонақтарға ата-бабамыздан келе жатқан қазақы салтымыз бойынша иықтарына шапан жауып, сый-сияпат жасады. Мешіттің символдық кілтін дінбасына тапсырды.
Содан кейін жиналған жұртшылық жаңа мешіттің ішін аралап көрді. Осынау қуанышты күнге орай жайылған ақ дастарқаннан дәм татты. Құран оқылды.
Бұдан соң Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы жаңадан ашылған мешіттің ішінде, облысымызға қарасты барлық қала, аудан және ауыл имамдарына мәжіліс өткізіп, имам-молдалардың көкейлеріндегі сұрақтарына жауап берді.
Сонымен қатар Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Қостанай қаласында салынып жатқан облыстық зәулім мешіттің құрылысымен де танысып, жасалған жобасына өз ризашылығын білдірді.
Осыдан кейін мүфти Ержан қажы Малғажыұлы облыс әкімі Нұралы Мұстафаұлымен кездесіп, имам-молдалардың сапасын арттыру, жас кадірдерді тәрбиелеу, және келесі жылы қаламызда жаңадан салынып жатқан облыстық мешітті халық қолданысына беру мәселелері турасында сөйлесті.
Оразалы Жақсанов