Өткен жұма күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Маямеровтың Қостанай шаһарына сапары басталды. Бұл көрнекті дін қайраткерінің аталмыш қалаға аса жауапты қызметке кіріскелі бері алғашқы келуі.
Мәртебелі қонақты әуежайда облыс әкімінің орынбасары Серік Бектұрғанов, облыстық дін істері басқармасының басшысы Нұрқан Нөгербеков, облыстың бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек қарсы алды.
«Қарты бар елдің қазынасы бар» демей ме? Дінбасы республикаға белгілі ақын, Қостанай қаласының құрметті азаматы, жуырда ғана 80 жастың сеңгіріне көтерілген Жолбарыс қажы Баязидтің құтты шаңырағында болып, қадірмеңді ақсақалға ең ізгі тілегін білдірді.
Сол күні Ержан қажы Малғажыұлы облыстық Марал ишан мешітіндегі жұма намазда мұсылман бауырларымызға арнап уағыз оқыды.
Кешке қалалық балалар шығармашылығы мектебінің ғимаратында өткен «Дін және дәстүр» тақырыбындағы танымдық шараға қатысты.
Осы сапарында Бас мүфтиді облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов қабылдады. Содан кейін Ержан қажы шаһардың 9 – шы шағын ауданындағы жаңа мешіттің салтанатты түрде ашылуына қатысып сөз сөйлейді деп күтілуде.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша баспасөз қызметі
30.05.2014 ж.