ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы шәкірт тәрбиелеуге баса назар аударып отыр. Осыған орай Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Сейіт Темірбекұлының ұйытқы болуымен адамзатты екі дүние бақытына жетелейтін Құран Кәрімнен шәкірттер арасында жарыс ұйымдастырды.
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде сауат ашу курсының шәкірттері мен Рудный қалалық «Нұр» мешітінің шәкірттері өзара Құран Кәрімді жатқа оқу және мәнерлеп оқудан шәкірттер сайысқа түсті.
Бұл игі шараны өткізудегі мақсатымыз - шәкірттерді Құранды көбірек жаттауға дағдыландыру, Алланың қасиетті кітабына деген ынта-ықыласын арттыру. Өйткені, Құранды жаттап, оны көкейіне тоқып өскен ұрпақ жамандыққа бой алдырмайды.
Құран жарысына облыстық «Марал ишан» мешітінің ұстазы Нух Темиржи мен Таран аудандық «Айет» мешітінің Бас имамы Дайыр Дүйсен төрешілік жасады. Құран жарысында 30 парадан жүлделі І орынды Рудный қалалық «Нұр» мешітінің шәкірті Наурызбек Сабыров екінші орынды Арқалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің шәкірті Сыздық Баубек, үшінші орынды Арқалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің шәкірті Ербол Мұқанов иеленді.
Жақсы нәтиже көрсеткендер алғыс хаттарымен марапатталды.
Жүлделі орынға ие болғандарға бағалы сыйлықтар, кітаптар табыс етілді.
Бұл кездесуде екі қаланың шәкірттері тек сайысқа түсіп қана қойған жоқ. Өзара сұхбаттасып, бір-бірімен етене жақын араласып, бауырмалдық сезімдерін де нығайтты десек артық айтқандық болмас.
Жарыс арасында шәкірттерге тәлім-тәрбиелік мазмұнда әдептілік, көркем мінезділік уағыздары айтылды.
Сайыс аяқталған соң шәкірттер бойларын сергіту мақсатында қалалық «Олимп» және «Горняк» спорт залдарында, спорттық ойындарға қатысты. Сондай-ақ кенді қаламыздың карьеріне саяхат жасалды. Екі қаланың шәкірттері көп жайды көңілге түйді. Ал, ұстаздары болса, өзара тәжірибе алмасты.
Рудный мешіт ұжымының қонақжайлылығына дән риза болған Арқалық мешітінің шәкірттері өз алғыстарын білдірді.
Мұндай білім сайысын өткізу тек қана білім жарыстыру емес, екі жақтағы шәкірттер арасында ынтымақ-бірлікті нығайту, теріс ағымдардан барынша сақтану.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша баспасөз қызметі