Міне, жуырда Қостанай облыстық Марал ишан мешіті мен Қазақстан қажылар қауымдастығының облыстық филиалының ұйымдастыруымен шаһардағы «Думан» мейрамханасында өткен ғибратты кеш дәл осылай аталады.
Басқосудың аты айтып тұрғандай, ол үстіміздегі жылғы Ұлы Жеңіс күніне арналды. Оған кешегі отты күндерді бастан кешкен соғыс ардагерлері,Қостанай қаласының қажылары, мешітке демеушілік жасап жүрген меценаттар, күнкөрісі төмен отбасы балалары, облыстық неврологиялық интернат үйінің тәрбиеленушілері, дін қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Бұл есте қаларлықтай кешті республикамызға есімі белгілі, көрнекті қоғам қайраткері, Қазақстан қажылар қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы Жақсылық қажы Ғайсин шеберлікпен жүргізді.
Осынау басқосуда алғашқы болып Қостанай қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Михаил Подоляков сөз алып, ол бұл жиынның ерекше орын алатындығын, өзі секілді қанды майданды бастан кешкен аға буын өкілдеріне көрсетіліп жатқан құрмет үшін шын жүректен шыққан алғысын білдірді.
Сондай-ақ, сол сұм соғыста ерлік пен батылдықтың жарқын үлгісін көрсеткен облыстағы абыз ақсақалдарымыздың бірі-Хажи Маманов та ұлы Жеңістің жалпы онайлықпен келмегендігін, онда қаншама ұлт өкілдерінің ауыз бірлігі мен ынтымағы айтарлықтай ықпалын тигізгендіне тоқталды.
Аталмыш жүздесуде өзінің қарамағындағы неврологиялық интернат үйінің бір топ тәрбиеленушілерін алып келген мекеме басшысы, іскер жан Назима Асанова өз сөзінде осындай тағылымдық-тәрбиелік мәні жоғары кешті ұйымдастырған азаматтарға шынайы алғысын жеткізді.
Аймақта қаламгерлігімен де кеңінен таныс майдангер Қасымхан Алдабергеновтің шынайы пікірлері де көпшіліктің көңілінен шықты. Оның домбырамен орындаған ғибратты туындысы да терең ойда қалдырды.
Қостанай облысының құрметті азаматы, елімізге белгілі көрнекті тұлға, ұзақ жылдар бойы темір жол саласында басшылық қызмет атқарған Бертран Рубинштейн де жұршылық алдында Қазақстанның өзінің екінші Отанына айналғанына тоқтала келіп, Елбасына және барша жұртшылыққа мемлекетіміздің жарқын болашағы жолында игі табыстар тіледі.
Республикамызда Кәмшат қажы Дөненбаеваны кім білмейді? Қазақтың аяулы қызы да осы жарқын өмір үшін Ұлы Отан соғысында қаһармандық көрсеткен барша майдангерлерге алдағы уақытта да мықты денсаулық, отбасында бақыт тіледі.
Сондай-ақ ардақты әже, беделді ана жер бетінде жетім бала болмасын деген жүрек жарды сөзі де жиналған қауымға ерекше әсер етті. Осындай кештердің үлкенді-кішілі қауымға қай жағынан болсын берері мол екенін тілге тиек етті.
Кезінде бірқатар облыстарды басқарған,мемлекет және қоғам қайраткері, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин өзінің жуырда ғана Ленинград облысынан оралғандығын баяндады. Ол көршілес Ресейдегі бауырлас азаматтардың ұзақ жылдар бойы іздестіру жұмыстарының нәтижесінде туған әкесінің хабарсыз кеткен інісі жерленген жері табылды. Стелланың жанына туған жердің топырағы салынды.
Кенжекең елімізде ынтымақ пен бірліктің нығаюы үшін бүкіл Қазақстан халқы ұйымшылдық пен ауызбірлікті барынша нығайта беру қажеттігіне ерекше тоқталды.
Мейрамханада басқосқан балалар үйіндегі ұл мен қыздар болашақта елі мақтан тұтар намысты тұлғалар болуына игі тілегін білдірді. Көпті көрген азаматтың сөзін жерлестеріміз ұйып тыңдады.
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. аса танымал ақын, дін жаңашыры Ақылбек Шаяхметте өзінің ой-пікірін ортаға салып, көпшілікке өзінің өленің оқып берді.
Дәл осы кеш өтер кезде ҚМДБ-дан Республикалық ақпараттық-насихат тобын басқарып келген Нұрмухаммед Иминов арнайы шақырылған ардагерлерге шынайы лебізін жеткізді. Ислам дінінің мұсылман бауырларымыздың өмірінде алар орнына тоқталды.
Аталмыш басқосуда Ұлы Отан соғысының ардагері, өңірдегі ұзақ жасаушылардың бірі яғни, 96 жастағы Молдағали Жүнісбеков өзінің қанды шайқаста бастан өткерген ауыр күндерін еске алды. Жиналғандарға елімізді әлемге танытқан мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп жатқан кемеңгер саясатын қолдап, республикамыздың экономикасын өркендетуге күллі жұртшылықтың лайықты үлес қосулары қажеттігіне тоқталды.
Тағылымдық кешті жүргізген ардақты азамат Жақсылық Ғайсиннің барлық әкелерді, оның ішінде майдангерлерге ерекше құрметпен қарайтындығы жөніндегі тебіреніске толы сөздері де көпшілікті толқытты. Өйткені, ол кешегі атын өшкір сұм соғыста топырақ жат жерден бұйырған боздақтың тұяғы еді.
Кештің соныңда облыстың бас имамы Асылхан қажы Мұханбетжанұлы бұл жиынды өткізудегі негізгі мақсаттарына тоқталып, кәзіргі жастар аға-ұрпақ өкілдерінің алдында мәңгілік қарыздар екендігін ұмытпау керектігін сөз етті. Сондай-ақ осы кездесуге арнайы шақырылған өзге дін өкілеріне және майдангерлерге сыйлықтар тапсырды.
Мешітте ұстаздық қызмет атқаратын Түркиялық бауырымыз Нух Темиржидің 50 жасқа толуына байланысты оған да ұлтымызға тән ырыммен сегіз өрім қамшы табыс етілді.
Мұндай кештер ән-күйсіз болмайтындығы белгілі. Онда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, әнші-композитор Қалибек Деріпсалдин музыкалық шашу шашты. Сондай-ақ қаланың шетінде орналасқан әйелдер мен балаларға арналған бейімделу орталығындағы 11 жасар Әуезхан Нұрымның салған әндері де жиналғандарды толқытып, жүректерді тербеді.
Облыстық балалар үйінің тәрбиеленушісі Серік Кәкеновті әңгімеге тартқанымызда ол өздерін мұндай кешке арнайы шақырған ұйымдастырушыларға шын жүректен шыққан алғысын білдірді.
Басқосуда ел арасында үлкен құрметке бөленген Төлеубай Бірмағамбетов ақсақал өздеріне дастарқан жайып, ілтипат көрсеткен барша азаматтарға ақ батасын берді.
Ұлы Жеңістің 69 жылдығына арналған тәрбиелік мәні зор кештің жоғары деңгейде өтуіне Қостанай қаласының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов демеушілік етті. Асыл азаматқа тек Алланың нұры жауа берсін дейміз.
Оразалы Жақсанов