Ресей мұсылман жастары одағының бастамасымен әлемде алғаш рет мұсылмандардың онлайн-фестивалі өтпек. 30 мыңға жуық адамның басын қосатын ауқымды шара 1- 15 тамыз аралығына жоспарлануда. Жиын барысында әлемнің түкпір-түпкірінен арнайы шақыртылған 30 шақты спикер фестиваль қатысушыларына онлайн режимінде қызмет ететін болады.
"Шараның мақсаты - әлемдегі жетекші мұсылман қайраткерлерінің баяндамалары арқылы халықты ақпараттандыру. Фестивальға Сирия, Австралия, БАӘ және басқа да елдердің өкілдері қатысады" деп хабарлайды Ресей мұсылман жастары одағының президенті Марсель Сабиров.
Ислам жайлы білгісі келетін кез-келген дін өкіліне фестивальдің есігі айқара ашық. "Біз арнайы діни білімі жоқ адамдардың ислам жайлы базалық көзқарасы қалыптасса дейміз", - деген ұйымдастырушылар онлайн-фестивальға қатысушыларды http://online-islam.ru сайтына тіркелуге шақырады.
Бұл фестивальдің бұрнағылардан артықшылығы әлемнің 15 тілінде онлайн режимінде өтуі, қаржының аз жұмсалуы. Сонымен бірге, барлық баяндамалардың ғаламтор бетінде сақталуы да жиынның артықшылықтарына жатады.
E-islam.kz