Бүгінде жерлеу рәсімдері үлкен бизнеске айналды. Себебі қазақстандықтар марқұмның басын көтеруге ақша аямайды. Ондай адамдар зәулім ескерткіш пен мазар салу арқылы жаралы жанына дауа іздейтін шығар
НҰР-СҰЛТАН, 19 наурыз — Sputnik. Бір адамның бейітіне ондаған үйдің құрылысына жететін қаржы жұмсау қисынға келмейді. Шариғатқа да қайшы. Содан болар Қазақстанның мұсылмандары діни басқармасы жерлеу рәсімдерін және зират көтеру мәдениетін бір жүйеге келтіруге білек сыбана кірісті. Мүфтияттың жанынан "Qamqor-Sharapat" орталығы ашылды. Ол да салттық қызмет көрсетумен айналысады. Бірақ құлпытас көтеру жұмыстары кезінде ислам дінінің талаптары қатаң сақталады. Ең бастысы, ысырапқа жол берілмейді.
Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат берген орталық директоры Қамалжан Тұрдыбаев осы саладағы халықтың бәсекелестік психологиясын тоқтату, сондай-ақ, ислам діні мен қазіргі заман талабына сай зират салу жоспары туралы айтып берді. Бүгінде заманауи зиратқа жер телімі де бөліне бастады.
- Ассалаумағалейкум! Бас мүфти орталықтың жұмысына үлкен сенім артып отыр. Зираттағы бәсекелестік пен ысырапты тоқтату қажет дейді. Осыны қалай жасайсыз?
- Бисмилаһи рахмани рахим, негізі, мүфтиятқа зираттарды бір жүйеге келтіруге қатысты ұсыныс-тілектер көп түскен. Халық тарапынан біраз арыз-шағымдар да айтылды. Содан біз осы мәселені жан-жақты зерттедік, әрбір облыста сауалнама жүргіздік. Сөйтіп, имамдардың соңғы форумында "Зират және зиярат мәдениеті" атты құжат қабылданды. Оны еліміздің түкпір-түкпірінен келген мыңдаған имам мақұлдады. Бұдан бөлек, имамдар "Ас беру мәдениеті" құжатын қабылдаған. Осы құжаттардың негізгі мақсаты бір – ысырапқа жол бермеу, бәсекелестікті тоқтату. Өйткені халықтың қазіргі жағдайы да белгілі.
- Дегенмен ол құжаттардың заңды күші жоқ. Оны ақыл-кеңес ретінде қабылдауға болады. Оған халық көне ме? Бүгінде жерлеу рәсімдерімен кәсіпкерлер айналысады. Ал мүфтият бизнеске шектеу қоя алатын мемлекеттік орган емес. Сонда халық арасында зират пен зиярат мәдениетінің көтерілгенін күтеміз бе?
- Имамдар дүниеден өткен адамның жаназасын шығарады. Арулап кебіндейміз, зират басына барып қоямыз. Ал зират басындағы жұмыстар бізге бағынбайтын, мүфтият өз талабын қоя алмайтын. Өйткені арнайы органдар бар, өздері жер бөледі. Марқұмның туыстары зиратқа не қойса да, басын қалай көтерсе де, өз еркі. Кәсіпкерлер болса, жерлеу рәсімдерін орындайды. Бір астананың өзінде ондаған фирма бар, Алматыда одан да көп. Енді біз "шариғат жолымен жерлеу рәсімін халыққа жеткізейік, екі-үш метрлік кесенің марқұмға ешбір пайда тигізбейтінін түсіндірейік" деген ниетпен осы жұмыспен өзіміз айналысып көрейік деп шештік. Діни басқарманың төралқа мәжілісінде "Qamqor-Sharapat" салттық қызмет көрсету орталығын ашу ұйғарылды.
Бас мүфтиіміз мемлекет басшысымен жүздесті. Қазір осы мәселе бойынша министрлермен және әкімдермен кездесіп жатыр. Мысалы Нұр-Сұлтан әкімі біздің "жерлеу рәсімнің тәртібін көрсетейік" деген ұсынысымызды қолдады. Бүгінде орталық зиратта жер бөлінді. Арнайы бір сектор бар. Сол жерде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұсынған бес талап бойынша жерлеу рәсімдері атқарылады.
Оған сәйкес, зираттың басы көтерілмейді, құлпытас қана қойылады. Тасқа марқұмның аты-жөні жазылады. Әрбір құлпытастың шетінде QR-код болады. Сол арқылы марқұм туралы барлық ақпаратты алуға болады. Ол мәліметтердің бәрі орталықтың ақпарат базасында сақталады. Шариғат бойынша адамның суретін салуға болмайды. Сондықтан марқұмның фотосы, атқарған қызметі, бала-шағасы және тағы басқа ақпарат порталға жүктеледі. Осылайша бір секторда зираттың біркелкі көрінісі қалыптасады.
- Сонда ол сектор тек "Qamqor-Sharapat" орталығына ғана тиесілі ме? Басқа салттық қызмет көрсету орталықтары кіре алмай ма?
- Ондай шектеу жоқ. Жер – мемлекеттікі. Сондықтан астана зиратындағы арнайы сектор "Qamqor-Sharapat"-ның иелігіне жатпайды. Бірақ қабірді қазуға жер бөлген кезде адамдарға сол секторда мүфтият ұсынған тәртіппен жерлеу рәсімі атқарылатыны туралы айтылады. Ол жерде "Qamqor-Sharapat" орталығы ғана емес, басқа да салттық қызмет көрсету мекемесі қабір қазып, марқұмның тасын қоя алады. Бірақ бәрі діни басқарма бекіткен талапқа сай жасалуы шарт. Өйткені бірізділік сақталуы қажет. Бұл жерде мүфтият "Qamqor-Sharapat" орталығын ақша табу мақсатында құрып отырған жоқ. Біз зираттағы бәсекелестікті тоқтатуды және ысырапқа жол бермеуді көздейміз. Халықты бірізділікке түсіруіміз керек.
- Қазір бір адамды жерлеуге көп ақша кете ме?
- Ашығын айту керек, жерлеу рәсімдерінен пайда табатындар көп. Өйткені зиратты көтеруі бар, құрылыс материалдары бар. Біраз ақша жұмсалады. Шамамен бір қабірге, кем дегенде, 600-700 мың теңге кетеді екен. Ал кесене немесе мазар салынса, одан да көп ақша шығарға тура келеді.
Біз Алматының "Кеңсай" зиратын көп қарадық. Ол жерде бәленбай миллионның мазарын салып тастапты. 100 миллионның құрылыстары да бар. Марқұмның сұлбасын да, оған баратын жолды да, бәрін жасап тастаған. Мәрмәр таспен қаптап, алтынмен жалатып қояды. Кәдімгідей үйден де артық мазар салады. Ал кейбір адамдарда баспана да жоқ.
- Ал "Qamqor-Sharapat" орталығы өз қызметі үшін қанша ақша алады?
- Біз қазіргі жерлеу рәсімдерінің құнын зерделеп шықтық. Соның негізінде астанадағы бағаны бекіттік. Мысалы, қабір қазу – 90 мың теңге, мәйіт таситын автокөлік – 13 мың теңге, ақырет жабдықтары – 20 теңге. Барлығы 123 мың теңгеге шығады. Бұл басқа мекемелермен салыстырғанда ең төмен баға. Бұдан кейін тас қою қажет. Басында бәрін мәрмәрдан қоямыз ба деген ой болған. Бірақ мәрмәр біздің табиғатымызға келе бермейді, жарылатыны бар, сынатыны бар. Бүгінде Қазақстанда жақсы өнімдер шығарылады. Мысалы, гранит. Қоңыры бар, қызылы бар, соның біреуін таңдап, тек сол тастан ғана қоямыз. Өйткені біреуі ақ, екіншісі көк, үшіншісі қоңыр болса, бірізділік сақталмайды. Тастың бағасы жазуымен, QR-кодымен бірге 30-40 мың теңгенің шамасында болады.
- Сіздің қызметіңізге жүгінген адамдар бар ма?
- Иә, астанада үш адамды жерледік. Тас мәселесі шешілгесін ол да орнатылады. Нұр-Сұлтан зиратындағы арнайы секторда, шамамен, 80-100 адамды жерлеуге болады. Басқа облыстарда жер мәселесі шешіліп жатса, осы жұмыстарды ары қарай жүргізе береміз. Ең бастысы, халық тарапынан қолдау бар.
- Сонда марқұмның жатқан жері қоршалмай ма?
- Қазіргі кезде барлық зиратта жалпы қоршау бар. Сол себепті жеке-жеке қоршаудың қажеті жоқ.
- Әлемдегі басқа мұсылман елдері де солай істей ме?
- Негізі, бұл шариғаттан тыс жаңа идея емес. Мысыр, Сауд Арабиясы, Түркия, қасымыздағы Өзбекстан бар, қазір Ресейдің мұсылмандары да осы тәртіпке өтіп жатыр. Біз Татарстан мен Башқұрстанның зираттарын барып көрдік. Олардың зиратында жалпы қоршау бар. 7-8 жыл болды, жеке-жеке қоршау қойылмайды. Құлпытастардың білкелкі болуы да сақталады. Батыс елдерінде де ондай тәртіп бар. Шетелдік фильмдерден де анық байқауға болады. Олар жалпы қоршаудан кейін кесене немесе мазар салмайды. Басына тас қойылады, айналасын көгалдандырады, болды. Бізде тура сондай біркелкілік сақталуы қажет.
- Батыс елдерінде қабірдің төмпешігі жоқ. Зиратқа келген адамдар көгал үстімен құлпытастардың арасымен жүре береді. Ал бізде қалай болады?
- Бізде төмпешік бар. Бірақ жеке-дара қоршау жоқ. Тасы ғана тұрады.
- Марқұмға зәулім кесене мен мазардың пайдасы жоқ дейсіз ғой?
- Дүниеден өткен адамдар Алла тағаланың алдына барғанда қай жағынан бір-бірінен артық болады? Осы дүниеде Алла тағаланың әмірін орындап, намазды оқыған болса, адамдарға пайдасын тигізген жағдайда лайықты сыйын алады. Ал артында қалған ұрпағы "әке-шешеме қарыздар едім, олар мені осы дүниеге әкелді, жеткізді, сол үшін басына кесене саламын, мазар тұрғызамын" дейді. Ол – жаңсақ пікір.
"Дүниеден өткен әке-шешем үшін не істей аламын?" деген сұраққа пайғамбарымыз: "Дұға қыл! Ол кісілердің атынан садақа бер! Шамаң келсе, қажылыққа барып, соның сауабын бағышта", - деп айтқан. Сондай нәрселерді істесе, марқұмдарға пайдасы тиеді. Ал оның басына мәрмәр тастан қанша күмбез салсаң да, ешбір пайдасы жоқ. Шариғатқа сәйкес, Алланың алдында барлығы бірдей.
- Қазір бір адамды жерлегеннен кейін оның қасынан тағы бір орын алып қою "дәстүрі" бар. Арнайы секторда ондай мүмкіндік бола ма?
- Енді, ондай тәжірибе басқа зираттарда бар. Жасыратыны жоқ, бәріміз оны көріп жүрміз. Бірақ мүфтияттың талабы бойынша жерленетін секторда ондай болмайды. Себебі бірізділік сақталмай қалады. Мысалы, бір адамды жерлеп, екіншісіне орын тастап кететін болсақ, біркелкілік бұзылады. Бірақ QR-кодпен екінші адамды оп-оңай табуға болады. Ол шежіре сияқты жасалады. Мысалы, бір жерде әкесі жерленді, кемпірі басқа секторға түсуі мүмкін. Дегенмен, QR-кодта бір тармақпен көрсетіледі, жатқан жері де белгіленеді. Осылайша, арнайы секторда бір адамның басына барып, құран оқығаннан кейін екіншісін оп-оңай табуға мүмкіндік болады.
- QR-код басқа мемлекеттерде бар ма? Бұл шетелдің тәжірибесі ме?
- Жоқ, біз оны бірінші болып енгізіп жатырмыз. Осы уақытқа дейін біраз елдің тәжірибесін зерделедік, ондайды әлі кездестірген емеспіз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында ақпараттық технологияларды меңгерген жас әрі білікті мамандар бар. Олар ұсыныс жасағаннан кейін пәтуа бөлімі қарастырып, осы бастаманы қолдады. Басында дінге басқа бір жаңашылдық енгізіп қоймаймыз ба деген қауіп болды. Бірақ марқұмның барлық өмірбаянын тасқа жазғанша, QR-код арқылы ақпараттық базаға салған дұрыс деп шештік. Оған біраз мәлімет те сияды. Сосын кез келген адам ұялы телефонымен марқұм туралы барлық ақпаратты фотосымен бірге шығара алады. Біз шариғаттың талабын сақтап, өркениет көшінен де қалмауымыз керек.
- Республика бойынша біраз зиратты қарап, зерттеу жұмыстарын жасадық деп отырсыз. Сонда тағы қандай өзекті деген мәселелерді байқадыңыз?
- Мазар салу саласындағы бәсекелестіктен бөлек, әрбір өңірдің өзіндік ерекшеліктері де бар. Мысалы, кейбір жерлерде бір рудың адамдары жерленсе, екінші бір руды ол зиратқа кіргізбейді. Ол дұрыс емес.
- Қалай сонда? Кәдімгідей кіргізбей қоя ма?
- Иә, кәдімгідей жерлеуге рұқсат бермейді екен. Оңтүстік өңірлерде бар екен. Бір рудың адамдары жерленсе, басқа руды кіргізбейді. Сосын мүфтиятқа өзге ұлт өкілдері қоңырау шалып, оңаша зират сұрайды. Бірақ ол біздің құзіретімізге кірмейді.
Адам мұсылман болғаннан кейін зират барлығына бірдей. Алла тағала Құран кәрімде: "Мен сендерді ұлттар мен ұлыстар қылдым, бір-біріңді танып-білулерің үшін", - дейді. Алла тағаланың алдында иман келтіргеннен кейін бәріміз бірдейміз.
- "Qamqor-Sharapat" орталығы республика бойынша жұмыс істей ме?
- Иә, қазір "Qamqor-Sharapat"-тың облыстар бойынша жауапты мамандарын бекіттік. Олар өз жұмысын бастап кетті. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында жер берілді, арнайы сектор бар. Енді басқа аймақтарда зираттың ішінен жер бөлінетін болса, біз діни басқарманың талаптарына сай жүргізетін боламыз.Негізі республика бойынша мүфтияттың талабымен жерлеу рәсімдерін атқарып жатқан өңірлер бар. Ендігі мақсатымыз – осы тәжірибені кеңінен тарату.
- Әңгімеңізге рақмет! Қолға алған бастамаларыңызға сәттілік тілейміз!
https://m.sputnik.kz/society/20210319/16585370/zamanaui-zirattar.html
М.Әуезов
Адам пенде болған соң өмірінде әрқандай келеңсіздіктерге бой алдырып жатады. Ал, бұл нәрсе адамдар арасындағы қарым-қатынасқа өзара түсінбеушілік туғызады. Мүмкіндігінше әр қиындықты байыппен, сабырмен жеңе білу керек. Адамның осы мінезінің аса бір көркем түрі ол - сабырлық.
«Сабырлы жетер мұратқа, Сабырсыз қалар ұятқа»-демекші ашуға да, қуанышқа да сабырлылық көрсету бұл адамдықтың үлкен белгісі.
Сабырлылық таныта білу – өз-өзіңді тәрбиелеу, «менменсіген» нәпсіні құрықтау, бойдағы қайраттылықты нығайту болып табылады. Сабыр – иманды күшейтеді, айналадағы әрбір кереметке, Алла жаратқан әр жаратылысқа сүйсінген көзқараспен қарауға үйретеді, жамандықтан ада етіп, рухани тазалық сыйлайды.
«Сабыр деген әр іске шыдамдылық, Қатты керек адамға бұл бір қылық.
Қолы жетпей талай жан ызданады, Осыдан көп шығады адамшылық!» - деп жырлаған Шәкәрім Құдайбердіұлының бұл өлең жолынан «сабыр» - дегенді ұстамды болу, шыдамды болу деген сөз екенін түсінеміз.
Адамда сабыр болмаса, ол тез ашуланады. Ал, ашуланған адам ашу үстінде асығыстыққа жол береді. Асығып қабылданған шешім барлық уақытта оң нәтиже бермесі анық. Ондай жағдайда ақылға салып, ашуға берілмей - сабыр сақтағанымыз абзал.
Ашулану, ашуға булығу шайтанның айласы. Ашуға бой алдырған адам ақылын жоғалтып, нәпсі деген дұшпанға жол беріп қояды. Жаман сөздер мен дініміз ұнатпайтын жат әрекеттер жасап қоюы әбден мүмкін. Ақырында аузынан шыққан былапыт сөздерді құлағы естімес халге жетеді. Мұндай жағдайда пенде иманын әлсіретіп алады. Сондықтан Хакім Абай:
«Асығыс түбі өкініш, ойланып алмақ сабыр сол» деп айтқан болатын.
Сабыр – адам баласын кемелдік шыңына жетелейтін ең асыл қасиеттердің бірі. Құранда Алла Тағала:
يَآأَيُّهَا ٱلَّذِينَ آمَنُواْ ٱسْتَعِينُواْ بِٱلصَّبْرِ وَٱلصَّلٰوةِ إِنَّ ٱللَّهَ مَعَ ٱلصَّابِرِينَ
«Ей, иман келтіргендер, сабыр және намазбен көмек сұраңдар. Күмәнсіз Алла сабырлық қылушылармен бірге», (Бақара-153) – деп бұйырады. Атақты ғұлама Ибн Кәсир осы аяттың түйінін былайша тарқатады: «Алла Тағала бізге шүкіршілік жасаумен бірге сабырлы болуды да бұйырып, сабыр мен намаз арқылы көмек сұраудың жолын көрсеткен. Алланың құлы бір жақсылық көрсе, шүкіршілік қылып, ал, қиын жағдайға тап болса, оған сабыр етуі тиіс. Яғни, адам жаны күйзеліске ұшыраған сәтте, байбалам салмай, Алланың разылығы үшін барынша байыптылық таныта білсе, одан асқан рухани бай адам жоқ. Себебі, барлық істің нәтижелі немесе нәтижесіз аяқталуы Ұлы Жаратушының құзырындағы іс.
Алла Елшісі бір хадисінде: «Мұсылман адам не көрсе де әрдайым қанағат етеді. Себебі, Алланың көрсеткенінің бәрін қайырлы деп түсінеді. Егер жақсылық көрсе, шүкіршілік жасап, оны Алланың жасаған жақсылығы деп есептейді. Ал, тауқыметке тап болса, сабыр етіп, оны да өзінің мүддесі үшін қайырлы деп біледі. Ауыртпалыққа қарсы сабырлық танытып, намаз оқып Алладан жәрдем сұрайды. Сондықтан да Алла Тағала «сабыр және намаз оқу арқылы көмек сұраңдар», – деп бұйырған, - дейді.
Мына фәни тіршілікте кез келген пенденің басына талай қиындықтар мен қайғылы жағдайлар келетіні хақ. Өйткені, өмірде қуаныш пен қайғы қатар жүреді. Бұл - өмірдің өзіндік заңдылығы. Құран Кәрімде:
وَلَنَبْلُوَنَّكُمْ بِشَيْءٍ مِّنَ ٱلْخَوْفِ وَٱلْجُوعِ وَنَقْصٍ مِّنَ ٱلأَمَوَالِ وَٱلأَنفُسِ وَٱلثَّمَرَاتِ وَبَشِّرِ ٱلصَّابِرِينَ
«Сөзсіз сендерді қорқынышпен, аштықпен және де малды, жанды әрі жемістерді азайту арқылы сынаймыз, алайда сабыр етушілерді сүйіншіле!» (Бақара-155) дей келе адам баласын әртүрлі қиындықтармен сынайтындығын баяндайды. Демек, бұл жалғанда кез келген пенде қауіп-қатер, жоқшылық, таршылық, адам және мал шығыны сынды қиын да қайғылы жағдайлармен сыналады. Дегенмен, Алла Тағала жоғарыдағы аяттың жалғасында қиындықтар алдында ұстамды болып, сабыр еткен жандарды зор сауап күтіп тұрғандығын ескертеді.
Кейде біз қандайда бір қиындыққа тап болсақ, Құдай тағаланың қарғысы деп қабылдап жататынымыз жасырын емес. Сағид бин Әбу Уаққастан жеткен хадисте: «Уа, Алла Елшісі! Қайсы адамға ең қиын сынақ беріледі?– деп сұрадым. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Пайғамбарларға, сосын сол секілді, сосын сол іспетті адамдарға. Кісі дініне қарай сыналады. Егер діні берік болса, сынағы қатая түседі. Ал, діні әлсіз болса, иманына байланысты сыналады. Пендені қиыншылық пен пәлекет бойын тазартпайынша, тәрк етпейді»,– деді. Демек, сынақтың мақсаты не екен? Сынақ – мұсылманды шыңдау, шынайы сенім шыңына шығару. Түрлі тауқыметке төзіп, иманы шыңдалған адам нағыз иманның дәмін сезіне бастайды.
Алла тағала басымызға қиындық келгенде сабыр етіп, сауабын Жаратушыдан үміт ететін ізгі пенделерден болуды нәсіп етсін!
Рудный қалалық «Нұр» мешітінің имамы Бектұрсын Уәлиев
Жуырда Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет Федоров ауданына сапары кезінде бірқатар маңызды кездесулерге қатысып, өскелең ұрпаққа тәрбиелік маңызы зор тақырыптарда әңгіме өткізді.
Алдымен биыл 180 жылдығы аталып өтетін ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин атындағы қазақ мектебінде болып, ұлтымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы жайлы уағыз айтты.
Мұңдай танымдық-тағылымы мәні мол кездесулер аудандық ауруханада, төтенше жағдайлар бөлімінде, «Жиентай қажы» мешітінде де ұйымдастырылды.
Бұл жүздесулерге облысымыздағы барша аудандар мен қалалардың бас имамдары арнайы шақырылып, көп жайды көңілдеріне түйді. Осындай басқосулар дін қызметкерелері мен күллі бауырларымызға аса қажет екендігін көрсетті.
ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ МЕШІТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ