Міне, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап өткен тәуелсіздік мерекесіне де санаулы ғана айлар қалды. Биыл осы мейрамның 30 жылдығын атап өтеміз.
Сонымен қатар биыл Пайғамбарымыз Мұхаммед (c.ғ.с) туған күні мәуліт те осы күндерге сәйкес келді. Осының бәрін алдын-ала жоспарлаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкілдігі мұрындық болып, аталған аудан өңірінде тұңғыш рет ұлттық ат спорты көкпардан сайыс ұйымдастырды.
Оған қолдау білдірген Әулиекөл ауданының әкімі Ерлан Теменов, «Әмит ишан» мешітінің Бас имамы Нұрлан Сыздықов және Құсмұрын елді-мекенінің жамағаттары қаржылай көмек бергенің ерекше атап өткеніміз жөн.
Көкпар десе делебесі қозбайтын қазақ бар ма? Жарыстың өтетіндігін естіген болар, жергілікті бауырларымыз көп жиналды. Өңір бойынша алпыстан астам шабандоздар қатысып, бақтарын сынады.
Осы жарыстың басы - қасында кезінде КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, марқұм Ораз Сейдахметовтың сүйікті ұлы, есімі елімізге танымал шабандоз Бақдаулет Асан болып, жарыстың жоғары деңгейінде өтуіне ықпалын тигізді.
Жарыс болған жерде жеңімпаз да жарқырап көрінетіндігі белгілі. Өздерін нағыз спорттық бабында екендігін көрсеткен шабандоздарға қаржылай сыйлық салтанатты түрде тапсырылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі