Ислам дінінің көрнекті өкілі Сатыбалды ишан Ғабдоллаұлының 195 жыл толуына орай Торғай аймағы бойынша «Құран кәрім - мәңгілік мұғжиза» атты қасиетті Құран Кәрімнің 30-шы парасын жатқа және мәнерлеп оқудан сайыс өтті.
Бұндағы басты мақсат – өскелең ұрпаққа қасиетті Құранды оқытып, үйренуді насихаттау. Аталмыш жарыста Аманкелді ауданының әкімі Талғат Тойшыбекұлы жиналған қауымға ізгі лебізін білдірді. Сонымен қатар, ишанның ұрпақтары Құран жаттаушылардың қатары көбейе берсе деген тілектерін жеткізді.
Байқауға мәртебелі қонақтар, яғни облыс орталығындағы «Жайлаубай ата» мешітінің бас имамы Шоқан Ғазизұлы, Рудный қалалық мешітінің бас имамы Бектұрсын Уалиев пен найб имамы Әкімбек Нұрханұлы әділ қазылық жасады.
Жарыстың қорытындысы бойынша жүлделі 1-ші және 2-ші орындарды Арқалықтық Көбей Қалмырзаев пен Ербол Мұқанов, 3-ші орынды Амангелді ауданынан қатысқан Данияр Білімұлы иеленді.
Ал, 30-шы параны жатқа оқудан 1-ші орынға Жангелділік Бекболат Наурыз, 2-ші орынға Арқалық қаласының өкілі Қуандық Алдабергенұлы, 3-ші орынға Жангелді ауданынан келген Дінмұхаммед Ғазиз ие болды. Сондай-ақ, ынталандыру сыйлығы Амангелді ауданынан қатысқан Осман Абзалұлына берілді.
Барлық қатысушыларға «Сатыбалды ишан Ғабдоллаұлы» кітабы мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Бұл байқаудың өтуін Әмірхамзин Жандарбек имам мен мешіт ұжымы ұйымдастырып, ишанның ұрпақтары демеушілік етті. Олар бабаларының құрметіне мешіт асханасында қонақтар мен сайысқа қатысушыларға арнайы дастарқан жайды. Онда өңірімізге есімі танымал Мұхтар қажы және Кәкей ақсақал сөз сөйледі. Ас соңында Құран оқылып, бата берілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі