Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қостанай облысы бойынша өкілдігінің «Жастар ісі секторы» және «Зекет қайырымдылық қоры» қызметтерінің басты мақсаты - көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсету.
Биыл қар қалың жауып, аяз күшейді. Осы орайда өкілдік жанындағы «Жастар ісі секторы» меңгерушісі Әлішер Ертайұлы және ерікті жамағат тарапынан Қазбек Нұрғабылұлы мешіт ауласында жұмыс істеген қызметкерлерге түскі ас таратты.
Бұл іс шара «Қайырымды жұма» деп аталып, дәстүрге айналды. Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек Нұрғабылұлы Тәжімбет осынау игілікті бастама өңірдің барлық аудандары мен қалаларында жалғасын табатындығын айтты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жаратушы Иеміз бізге Құранды мұра ретінде түсіріп, оны жаттау арқылы сақтауды, оқып ой жүгіртуді және соған сай амал етуімізді бұйырды. Бұған қатысты Алла Тағала былай дейді:
ثُمَّ أَوْرَثْنَا الْكِتَابَ الَّذِينَ اصْطَفَيْنَا مِنْ عِبَادِنَاۖ فَمِنْهُمْ ظَالِمٌ لِّنَفْسِهِ وَمِنْهُم مُّقْتَصِدٌ وَمِنْهُمْ سَابِقٌ بِالْخَيْرَاتِ بِإِذْنِ اللَّـهِۚ ذَٰلِكَ هُوَ الْفَضْلُ الْكَبِيرُ
«(Пайғамбардан кейін) осынау Кітапты пенделеріміз арасынан Өзіміз таңдап алған құлдарымызға (оны көздің қарашығындай сақтасын, оны басшылыққа алсын һәм өзгелерге де үйретсін деп) асыл мұра етіп қалдырдық. Алайда олардың арасында (осынау ұлы міндетті лайықты түрде атқармай, күнәға белшесінен батып) өз-өздеріне зұлымдық жасаушылар бар; олардың ішінде (оны бірде басшылыққа алса, бірде алмай) екі ортада дел-сал болып жүргендер де бар; сондай-ақ олардың арасында Алланың қалауымен қайырлы істерде алдына жан салмайтын ізгі жандар да бар. Міне, (Алланың) ең үлкен шарапаты осы (яғни, Алланың қалауымен пайғамбарға лайықты түрде мұрагер болу)»[1].
Адам жаттаған сүрелерді немесе аяттарды ұмытып қалмау үшін әрдайым Құранды қайталау арқылы онымен үнемі байланыста болуы керек. Себебі, Құран үнемі оқылып және қайталанып тұрмаса, тез ұмытылады.
Абдулла ибн Масғуд (р.а) риуаят еткен хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген:
بِئْسَمَا لأَحَدِهِمْ يَقُولُ نَسِيتُ آيَةَ كَيْتَ وَكَيْتَ بَلْ هُوَ نُسِّيَ ، اسْتَذْكِرُوا الْقُرْآنَ ، فَلَهُوَ أَشَدُّ تَفَصِّيًا مِنْ صُدُورِ الرِّجَالِ مِنَ النَّعَمِ بِعُقُلِهَا .
«Олардың бірі: «Қалай да солай аятты ұмыттым»,-деп айтуы, неткен жаман нәрсе! Бәлки ол ұмыттырылды! Құранды естеріңде сақтаңдар. Себебі Құран, адамдардың көкірегінен сытылып кетуге, тұсаулы тұрған малдан да жылдам»[2].
Бұл мәселеге қатысты «Әл-Фәтәуа әл-Хиндия» кітабында былай делінген: «Құранды жатқа оқығаннан қарағанда, мұсхафтан оқыған абзалырақ. Егер бір кісі Құранды (бірнеше сүре не аят) жаттап, кейін ұмытып қалса, онда ол күнәһар болады. «Ұмытып қалса» дегені Құранды тіпті мұсхафтан қарап та оқи алмау деп түсіндіріледі»[3].
Қорыта айтқанда, кімде-кім жаттаған Құранын (бірнеше сүре не аятты) Кітаптан қарап оқи алмайтындай деңгейде ұмытып қалса күнәһар болады. Ал мусхапқа қарап оқи алатындай дәрежеде болса күнәһар болмайды.
Дұрысын бір Алла ғана білуші!
Дархан Манарбекұлы
Қостанай облысының пәтуаға жауапты маманы
[1]«Фатыр» сүресі, 32-аят.
[2]Бұхари,№4744, Муслим, №790.
[3]Әл-Фәтәуа әл-Хиндия, 5/391.
Әлемді жайлаған індет Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» атындағы мешіт қызметкерлеріне де оңай соқпады. Соған қарамастан олар өздерінің міндеттеріне аса жауапкершілікпен қарады. Барлық іс-шараларға белсене атсалысып, халықтың алғысына бөленді.
Жуырда мешітте болған басқосуда бас имам қызметкерлерге алда тұрған жұмыстар жайлы баяндады. Діни қызметкердің сөйлеу әдебі, киім үлгісіне де кеңінен тоқталды.
Сондай-ақ, ол карантин кезінде уақытпен санаспай еңбек еткен әріптестеріне шынайы алғысын білдіріп, қаржылай көмек көрсетті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық мешітінің жанындағы «Зекет» және қайырымдылық қоры әрқашан өңірдегі көмекке мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетіп, жұртшылықтың шынайы алғысына бөленуде. Осы арада сөзіміз нақты болу үшін деректер мен дәйектерге сүйенгеніміз абзал.
Мәселен, осы жылдың қаңтар айында облысымызда демеушілердің тарапынан түскен 3 млн 320 мың 612 теңгеге облыстағы әлеуметтік жағынан көмекке мұқтаж 451 отбасына күнделікті тұтынатын азық-түлік және отын-көмір үлестрілді.
- Біздің қор алдағы уақытта да жұмысын барынша жандандыра түседі. Осы бағытта облыстың Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбеттің тарапынан үнемі жанашырлықпен қолдау көріп келе жатқанымызды ерекше атап өткім келеді.
Қазіргідей қиын кезде күнкөрісі төмен шаңырақ иелерінің қасынан табылып, олардың жүздерінен қуаныштың нышанын көру әрбір парасатты азаматтың басты міндеті деп есептеймін, - дейді облыстық мешіттің найб имамы әрі «Зекет» және қайырымдылық қорының жетекшісі Бақытжан қажы Икрам.
Қостанай облыстық мешітінің
баспасөз қызметі
Кешірімділік қасиеті асыл дініміз Исламның негізгі өзегінің бірі болып табылады. Құранда «кешірім» сөзі екі жүзден астам жерде айтылады. Бұл деген сөз, дініміздің кешірімділікке ерекше мән бергендігі. Өзгелердің қатесін кешіре білу –адамгершіліктің ең жоғарғы үлгісі.
Құранда: خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ
«Кешір, жақсылыққа шақыр және надандардан бетіңді бұр!» (Ағраф-199), деп әміретілген. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Өзінен алыстап кеткендерге жақындау, зұлымдық жасағандарды кешіру, мақрұм қалдырғандарға (ештеңе бермегендерге) сыйлық беру – жақсы мінезді болу деген сөз»,-десе, бабаларымыз: «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», деп өсиет қалдырған.
Бала кезімізде ата-анамыз өзгелерге реніш білдірген уақыттарында «Таспен ұрғанды-аспен ұр» деп отыратын. Сонда біз таң қалып, қалың ойда қалатынбыз. Неге таспен ұрғанға ас беруіміз керек? Оның лақтырған тасын өзіне неге қайта лақтырмасқа деген ой балалық сезімді мазалайтын. Кейін есейіп, ес жиып, оқу-білім үйреніп, ақыл таразысына салып көрсек бұл ұғымның терең мағынасын, тіпті қоғам дамуында алатын орны ерекше екенін түсіне бастадық.
Жалпы адами қарым-қатынастарда сыпайылық, сабырлылық, кешірімділік, мейірімділік сезімдері азды-көпті кемшін екендігі байқалып жатады. Өз заманында жан күйзелісін мол көрген хакім Абай әділеттілікті аңсап: «Досыңа достық – қарыз іс, дұшпаныңа әділ бол», яғни досыңның достығына достықпен жауап беру, дұшпаның болса да ол жайында жаман ой немесе іс-әрекет жасама деп айтып кеткен.
Имам Әл-Ғазали өз еңбегінде: «менің пәленшеде ақым кетті деп кек қайтармау.Өзіне жасалған хақсыздыққа қарсылық қылмау, дөрекі сөйлесе-жауап қайтармау сияқты жақсы амалдар кешірім болып саналады. Адамдар арасындағы ең жоғары қасиет –жамандыққа жақсылықпен қайтару. Сол себепті жамандықты кешіру –ғажайып адамның сипаты»-деген.
Дана халқымыздың асыл сөз мұрасында: «Жақсылыққа жақсылық - әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық - ер кісінің ісі» деген. Нендей керемет сөздер. Біз өз ғұмырымызда әркімге қанша рет ренжідік, өкпеледік десеңізші?! Тіпті әліге дейін небір өкпені арқалап жүрміз. Өйткені кешіре алмағанбыз. Енді көрмейтіндей ренжіп, танысымызбен араластықты үзіп, кек тұтып, ат құйрығын кескенбіз. Біле білсек, бұл әрекетімізбен тек өзімізге ғана зиян тигізудеміз. Өкінішке орай, бүгінгі күні осындай зиянды, қажетсіз салмақты өзімен бірге көтеріп жүргендердің саны аз емес. Кейбіріміз тәкаппарлығымызды жеңе алмаймыз, кейбіріміз кешірумен бізге жамандық жасаған адамға жақсылық жасадық деп ойлаймыз.
Мамандардың айтуынша кек сақтау күйзеліс тудырып, ағзада зиянды заттардың пайда болуына себеп болады екен. Дене қысымының жоғарылауы, жүрек аурулары, неврологиялық ауытқушылықтарға жол ашады. Алайда кешіргенде, бұлардың деңгейі барынша төмендейді. Кешіру бұл тек қана тәніміз үшін ғана емес. Ақиқатында, Жаратушы Хақ тағаланың марапатына кенелу.
Құран Кәрімде бұған қатысты:فَمَنْ عَفَا وَأَصْلَحَ فَأَجْرُهُ عَلَى اللَّهِ إِنَّهُ لَا يُحِبُّ الظَّالِمِين َ«..кім кешіріп, бейбіт бітім жағын ұстанса, оның сыйы Аллаға тән.Өйткені Алла әрине залымдарды жақсы көрмейді» (Шура-40), -делінген.
Негізінде, кешірімшіл болу бұл – көркем мінезділіктің белгісі.Ғұлама ойшыл,тарихшы Шәкәрім Құдайбердіұлы былай дейді:
«Біреудің мінін кешірсең,Құдай да сені кешеді.
Бірін де қылмай есірсең,Төбеңді әлі-ақ теседі.
Көңілі жұмсақ адамның,Күрмеуін тағдыр шешеді.
Пейілі жаман адамның,Орыны дайын деседі».
Кешірімді болу – қоғамдағы азаматтардың болашағына сенім артып, оның саналы түрде тәлім-тәрбие алуына қамқорлық көрсетудің бір көрінісі.
Адамдарды кешіре білгендер ғана Алланың кешіріміне бөленеді.
Тіпті Құран Кәрімде кешірімді адамдарды Алла сүйіспеншілігіне бөлейтіндігі баяндалған:وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ وَاللّهُ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ
«....олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық істеушілерді сүйеді» (Әли-Имран-134).
Кешірім дегеніміз – саған деген жамандықтың бәрін еш жүректе сақтамай кешіру. Исламдағы бауырмашылдық, кешірім ең жақсы істерден болып табылады. Өйткені ислам осындай ұлы жетістіктерге кешіріммен жетті.
Құранда Алла Тағала былай дейді:
وَلَا تَسْتَوِي الْحَسَنَةُ وَلَا السَّيِّئَةُ ادْفَعْ بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ فَإِذَا الَّذِي بَيْنَكَ وَبَيْنَهُ عَدَاوَةٌ كَأَنَّهُ وَلِيٌّ حَمِيمٌ «Жақсылық пен жамандық тең емес. Жамандықты ең көркем түрде жолға сал. (Жамандыққа қарсы жақсылық қыл.) Сол уақытта сені мен екеуің араңда дұшпандық болған біреу, өте жақын достай болып кетеді», (Фуссилат-34).
Кешірімді адам біреуге зиян етуді жек көреді. Керісінше, ол біреуге көмек беруге дайын тұрады. Кімде-кім кешірімділік сипатына ие болса, ол адам бұл дүниеде бахытты, ал ахиретте жомарттықпен нығметтеледі. Сондықтан да бұл сипат ислам дінінде де көркем мінезділіктің шыңы болып табылады. Кешірімділік сипатымен сипатталған адамға қандай сый дайындап қойғанын білеміз бе? Ибн Мәжәдан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай ша сүйіншілейді: «Егер адамның денесіне зұлымдықтан болған қандай да бір зиян жеткенде оны кешіріп жіберетін болса, Алла ол адамның дәрежесін көтеріп, күнәсін кешіреді».
Қадірлі ағайын! Қымбатты бауырлар! Кешірімділік, сабарлылық сынды қасиеттер адам баласының бойындағы ең қымбат қазыналар. Әртүрлі қиыншылықтар мен пәлекеттерге мықты қалқан бола алатын да – осы сабырлылық пен кешірімділік! Әрі бұл Алла тағала разы болатын сауапты амал.«Жаңылмайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» демекші, кешіре білу кеңдіктің белгісі екенін естен шығармайық.
Алла Тағала баршамызға, осы айтылған ұлағатты сөздерді санамызға сіңіріп амал етуімізді нәсіп етсін!
Рудный қалалық «Нұр» мешітінің Бас имамы Уәлиев Бектұрсын Торғайбайұлы
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша «Жастар ісі секторының» ұйымдастыруымен «Ихсан және Жастар» тақырыбында рухани-танымдық кездесу ұйымдастырылды.
Аталған жүздесуге Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің студенттері шақырылды. Бұл іс-шараның басты мақсаты - жастар арасында діни экстремизмге жол бермеу.Сондай-ақ «Діни білімді қаңдай жерлерден алу керек?», «Ихсан дегеніміз не?»деген тақырыптарда сөз қозғалды.
Жиынға Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек Тәжімбет, өңірдегі «Жастар ісі секторының» меңгерушісі Әлішер Ертайұлы, облыстық мешіттің найб имамы Әбдіқаһар Садықұлы аталған тақырыпта сөз қозғады.
Студентжастар кездесу соңында имамдар мен ұстаздарға көкейде жүрген сауалдарын қойып, оған нақты жауап алды. Оларға облыстық мешіт атынан сыйға кітап берілді.Сонымен қатар, студенттер мешіт ғимаратымен танысты.
Мұндай маңызды басқосудың өткізілуіне қолдау көрсеткен Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің ректоры Алма Іргебайқызына шынайы алғысымызды білдіреміз.
Қостанай облыстық мешітінің
баспасөз қызметі