«Дүние бір қисық жол бұраңдаған, Бақ тайса мал мен басың құралмаған. Күніне мың бір пәле көрсеңдағы Сонда да күдер үзбе бір Алладан!»
Бүгінде өз ғұмырында басына іс түспеген, қиыншылыққа ұшырамаған адамды табу қиын болар. Осындай сәттерде басқа түскен іске төтеп бере алмай сабырсыздық танытып, көптеген қателікке ұрынып қайғы үстіне қайғы қосып жататындар бар. Сондай кезде: «Я, Құдай мен саған не жазып едім» - деп Аллаға қарсылық танытып-та қоятынымыз жасырын емес.
Негізінде адам баласы тағдырындағы істердің бір Алладан екендігіне сену бұл – иманның шарттарының бірі. Құранда:
«Жер бетіндегі және өздеріңе тап келген қандай да бір мұсибат (бәле) Біз оны жаратпастан бұрын Кітапта жазылған. Ақиқатында бұл Алла үшін оңай. Біз бұл туралы сендердің өткізіп алғандарың үшін қайғырып, сендерге берілген нәрсе үшін қатты қуанбауларың үшін айттық..» (Хадид с.22-23).
Түсінген жан үшін адамды тағдыр ісіне күмәнды етіп қою бұл – ібіліс шайтанның айла-шарғысы. Мысалы: бір адам қандай бір іске үлгіре алмай қалса не басына бір сынақ түссе, шайтан келіп: «Егер сен былай істегеніңде ғой, мұндай болмас еді», – деп азғырып, пендені өкінішті жағдайға түсіріп қояды. Ардақты Пайғамбарымыз мұндай жағдай туралы-да біздерге ескертіп кеткен. Әбу Һурайрадан (р.ғ.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.ғ.с) былай деген: «Күшті мүмін Алла үшін әлсіз мүміннен гөрі қайырлы әрі сүйікті. Алайда әрқайсысында да қайырлылық бар. Өзіңе пайда әкелетін нәрсеге тырысып, Алладан көмек сұра, әлсіздік танытпа. Егер бір нәрсе болып қалса «егер былай істегенімде олай болмас еді» деме, «Алла солай мөлшерледі, қалағанын қылды» деп айт. Расында «егер» сөзі шайтанға жол ашады». (Мүслім риуаяты). Сол үшін-де Алланың тағдырға жазған ісіне разы болып, сабырлықпен шүкір етуіміз керек.
Адам баласы өзінің қимасын жоғалтып қайғыға душар болғанда, қиындық үстіне қиындыққа тап болып, алдағы күннің сәулесі өше бастаған шақта үміт – адам баласын әуелете тік көтеріп әкетеді. Үміт арқылы адам Алланың қалауымен өзінің шамам келмейді-ау деп ойлаған нәрселеріне қол жеткізеді.
Қоғамда ауруынан айыға алмай жүрген науқастар, перзент көрмей жүрген отбасы, қалаған қызметіне қол жеткізе алмай жүрген мамандар, оқуға түсе алмай қалған жастар осы секілді сан қилы сынақтарға түсіп жолы болмай жүрген жандар бар. Мұндайда сағын сындырып, өмірден түңіліп кетпестен, керісінше келешектен үміт күтуі қажет. Алла тағала Құранда: «Алланың рахымынан күдер үзбеңдер» дейді (Зүмәр с.53). Ілгеріде өткен тақуа-ғалымдардың бірі: «Алланың мейірімділігін тілеу – пенде үшін үміт есігін ашады. Оған шынайы ықыласымен құлшылық етуге күш-қуат береді» деген. Үміт бұл – Хақ тағаладан пана тілеу арқылы, ырыс-берекеге қол жеткізу. Халық қаһарманы, батыр, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлының: «Үміт өрге тартады, үмітсіздік көрге тартады» деген сөзі ойға-ой қосып, қиналған пендеге қанат бітіреді.
Үміт – сенімнен туындайды. Иман келтірген жан әрқашан келешекке үмітпен қарайды. Ал, үміт арқылы қиын белестерден қиналмай асып, биік шыңдарға шығуға болады. Қазақта: «үмітсіз тек шайтан» деп айтады. Бұл сөздің астарында терең мағына бар. Қазақтың бұл сөзі асыл дініміз исламнан бастау алатындығы анық. Мұсылман баласының еш уақытта үміті, күдері үзілмеуі керек. Біле-білсек Алладан үмітін үзу - үлкен күнәлардың қатарына жатады. Өйткені Құранда: «Раббыңның рахымдылығынан адасушылардан басқа кім үміт үзеді?» (Хижр с.56)-деп үміт үзудің күнә екендігін ескертеді.
Келесі бір аятта: «Ей, шектен тыс күнә жасап, өздеріне зиян келтірген құлдарым! Алланың рақымдылығынан үміттеріңді үзбеңдер. Алла күнәлардың барлығын кешіреді». (Зумәр, 53) – деп, бізге бұйыру арқылы үмітсіздікке бой алдыруымызға тыйым салып тұр. Шынында да, өмірде орны толмас қателікке бой алдырып, өкініштен өзегі өртенген жандарға осы бір аят үлкен үміт сыйлап, бақытқа жетуіне сеп болмақ. Тіпті, өзін күнәһар санап, иманға жақындай алмай жүрген пенделерге исламды қабылдатты десек-те болады. Пайғамбар заманында хазірет Хамзаны өлтірген Уахшидің өзін, Алла елшісі (с.ғ.с.) бірнеше рет исламды қабылдауға шақырды. Алайда, Уахши жан дүниесін кернеген үмітсіздік пен күдіктен арыла алмады. Ол пайғамбардың жақынын өз қолымен өлтіргені үшін өзін «кешірімге лайық емеспін» дегенге сендірді. Сол үшін де мұсылманшылықты қабылдауға тәуекел ете алмады. Пайғамбарымыз үшінші рет құран аятын жазып жібергенде ғана Уахшидің бойындағы кешірімге деген күдік-күмән сейіліп, көкірегіндегі үміт оты қайта маздап, мұсылмандықты қабылдады.
Үкімі қияметке дейін өзгермейтін Құрандағы бұл аят бүгінгі адамдарға да үміт сыйлаумен қатар, Алла қаласа келер ұрпаққа да үміт қайнары болмақ.
Қадірлі оқырман қауым! Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз:
Үміт – Құдай тағаланың кешірімінің кеңдігіне сену. Құранда: «Менің рахымым барлығын сыйдыратындай өте кең» (Ағраф с.156), – дейді. Міне, осылайша Раббымыз өз құлдарына қаншалықты мейірімді екендігін айтып, үміт сәулесін өшіріп алмауымызды ескертеді.
Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы
Биыл қасиетті Рамазан аяқталған соң Қостанай қалалық "Жайлаубай ата" мешітінде айт намазы карантинге орай сақтық шараларын барынша сақтауға байланысты аулада өтті. Облыстық мешіттен арнайы келген наиб имам әрі ұлағатты ұстаз Әбдіқаһар Садықұлы Ерматов уағыз айтып, әруақтарға бағыштап Құран оқыды.
Мешіт жанындағы екі айлық білім жетілдіру курсында білім алған 10 шәкіртке арнайы сертификат табысталып, талабаларға бата берілді.
Ораза айт намазының соңында аталмыш мешіттің ұйымдастыруымен 27 отбасыға көмек көрсетіліп, көп балалы шаңыраққа қайырымдылық жасалды.
Қуанышқа кенелген жанұялар Шоқан қажы Әмірханов басқаратын мешіт қызметкерлері мен демеушілерге шын жүректен шыққан шынайы алғыстарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің
баспасөз қызметі
Өткен қасиетті Рамазан айының әр жұма күндері Сарыкөл ауданындағы «Аққозы қажы» мешіті «Ауызашар қоржыны» атты қайырымдылық акцияларын ұйымдастырды.
Осы акция барысында 83 көмекке мұқтаж отбасына азық-түлік және ет таратылды. Сонымен қатар, Қостанай қаласындағы 161/2 түзету мекемесіндегі бас бостандығынан айырылған 190 адамға екі рет ауызашар дастарқаны жайылды.
Ал, Ораза айт мерекесі күні еліміздің болашағы балалар мен асыл аналар да назардан тыс қалған жоқ. Мысалы, 50 бүлдіршінге «Айттық қоржындары», ақ жаулықты аналарға «Айттық дорбалары» үлестірілді.
Жалпы, Рамазан айы мен Ораза айт мейрамында 1 104 000 теңгенің қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылды. Осы игілікті іске мешіт жамағаттары мен жомарт жандар демеушілік етті.
Қостанай облыстық мешітінің
баспасөз қызметі
Қостанай облысы Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінің Бас имамы Мейіржан Бердіғожин Қапарұлы қайырымдылық мақсатында бірқатар игілікті істер атқарды.
Ол жергілікті жердегі 161/3 түзету мекемесінде өмір бойына бас бостандығынан айырылған жандар үшін Ораза айт мерекесіне орай азық-түлік табыс етті.
Бас имам жазасын өтеушілермен жеке кездесулерде имандылық пен ізгілік тақырыбында уағыз - насихат жүргізуді дәстүрге айналдырған.
Қостанай облыстық мешітінің
баспасөз қызметі
Ораза айт мерекесіне орай Меңдіқара ауданындағы «Зұлқарнайұлы Мұса қажы» мешітінің ұйымдастыруымен Ғаббас Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясының спорт залында оқушылар арасында шағын футболдан жарыс өткізілді.
Жарыс еліміздің Әнұранымен басталды. Ойын соңында 3 топтан тұратын жүлделі орындарды иеленген топ басшыларына мадақтау қағаздары табыс етілді. Сондай-ақ, ойынға қатысқан 15 балаға айттың құрметіне тәтті тағамдар берілді.
Ауданның Бас имамы Е.Қошан мектеп ұжымына спорттың осы түрінен жарысты өткізуге белсене атсалысқандары үшін шынайы алғысын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің
баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет кезекті іс-сапарында қазақтың ұлы жазушысы Бейімбет Майлин атындағы ауданда бірқатар іс-шараларға қатысты. Онымен бірге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша «Халал Даму» бөлімінің меңгерушісі Әлішер Балахмет болды.
Соңғы кездері халал стандартының сертификатын алуға тілек білдірушілер қатары арта түсуде. Солардың бірі аталмыш аудандағы «Адал ұн» диірменінің ұжымы.
Белгіленген тәртіп бойынша олардың осы маңызды құжатқа лайықтылығы тексеруден өтеді. Сондықтан дін қайраткерлері алдымен соның жай-жапсарын білді. Алдағы уақытта «Халал Даму» бөлімі олармен сараптамадан өткен сон келісімшарт жасайтын болады.
Сондай-ақ құрметті қонақтар аудан өмірінде тұңғыш рет «Халал Даму» стандарты бойынша ет сататын сауда орнына да атбасын бұрып, олардың тыныс-тіршілігімен танысты.
Қостанай облыстық мешітің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы мен наиб имам Әлішер Ертайұлы Бейімбет Майлин ауданына сапары кезінде аудан орталығындағы қос мектепте ұстаздар және үстіміздегі жылы білім ордасын аяқтағалы отырған түлектермен кездесті.
Олар басқосу барысында суицидті (өз-өзіне қол жұмсау) Ислам діні де қолдамайтындығын айтты. Жастарымыз мұңдай жағымсыз әдеттерден мүлдем аулақ болулары қажет екендігін тілге тиек етті.
Сонымен қатар мектептердегі болған жүздесуде облыстың Бас имамы үстіміздегі жылғы барша түлектерге Ұлттық бірінғай тестті тапсыру кезінде сәттілік тілеп, оларға батасын берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы үстіміздегі жылғы Тәуелсіздігімздің 30 жылдығына орай еліміздегі мешіттердің ғимаратын және дінге еңбегі сіңген имамдардың тұрғын үйлерін жөндеуден өткізу жөніңде бастама көтерген болатын.
Қостанай облысында да бұл игілікті бастама қолдау тауып жатқаны белгілі. Осы арада сөзіміз жалаң болмас үшін нақты деректер мен дәйектерге сүйенгеніміз абзал.
Бас имам Бахытбек қажы Тәжімбет осы ауданға сапармен барған кезде аудан әкімінің орынбасары дін қайраткерін жергілікті имам Ислам Хамзинге берілген баспананы жөндеу барысымен таныстырды. Жұмыс сапасы көңілге қуаныш ұялатады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы арнайы іс-сапармен кеншілер қаласы Рудныйда болды.
Онда қаланың Бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлымен бірге қала әкімі Қуандық Қайдарұлы кездесті. Бұл кездесуде қазіргі таңдағы қаланың діни ахуалы және Алланың үйі мешітке қатысты кейбір мәселелер қозғалды.
Атап айтқанда әркімнің басында болатын қайғылы жағдай орын алғанда, яғни жақыны қайтыс болғанда оның шариғатқа сай арулап жуу мәселесі.
Себебі қалалық жердегі үйде бұл шараны өткізу біраз ауыртпашылық туғызатындықтан алдағы уақытта мешіт қасынан осындай арнайы орын дайындау туралы мәселе қарастырылды.
Сонымен қатар әкім Қуандық Рақымұлы дін қайраткерлеріне жақында жұмысын бастаған «109 Бірыңғай диспетчерлік орталығы» жұмысын таныстырды.
Қостанай облыстық мешітінің
баспасөз қызметі
Өткен қасиетті Рамазан айы кезінде Қостанай облыстық мешітінде «Діни білім және кадрлық әлеует» бағыты бойынша танымдық-тағылымдық жағы мол игі басқосулар мен басқа да игі шаралар болып өтті.
Өңірдегі барлық аудандар мен қалаларда қасиетті айда «Құран Кәрім» хатым етілді. Мысалы, ер кісілер жамағаты 108 рет офлайн, 9 рет ал әйелдер 3 рет офлайн, 7 рет онлайн түрінде хатым жасады.
Сондай-ақ, дін саласында қызмет атқарып келе жатқан ұлағатты ұстаздар да «Құран оқып үйренейік» және «Намаз оқып үйренейік» тақырыптарында онлайн және офлайн форматында дәрістер оқып, шеберліктерімен көзге түсті.
Осы тақырыптар ұйымдастырылған кезде әрбір мұсылман білуге тиісті мағлұматтар барынша қамтылды. Онда ер кісілер және әйел-қыздар жамағаты өздеріне беймәлім және өмірде жиі кездесетін деректер мен дәйектерден хабардар болды.
Қостанай облыстық мешітінің
баспасөз қызметі