Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет кезекті іс-сапарында қазақтың ұлы жазушысы Бейімбет Майлин атындағы ауданда бірқатар іс-шараларға қатысты. Онымен бірге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша «Халал Даму» бөлімінің меңгерушісі Әлішер Балахмет болды.
Соңғы кездері халал стандартының сертификатын алуға тілек білдірушілер қатары арта түсуде. Солардың бірі аталмыш аудандағы «Адал ұн» диірменінің ұжымы.
Белгіленген тәртіп бойынша олардың осы маңызды құжатқа лайықтылығы тексеруден өтеді. Сондықтан дін қайраткерлері алдымен соның жай-жапсарын білді. Алдағы уақытта «Халал Даму» бөлімі олармен сараптамадан өткен сон келісімшарт жасайтын болады.
Сондай-ақ құрметті қонақтар аудан өмірінде тұңғыш рет «Халал Даму» стандарты бойынша ет сататын сауда орнына да атбасын бұрып, олардың тыныс-тіршілігімен танысты.
Қостанай облыстық мешітің баспасөз қызметі