Ғалым Хасан Басри: «Менің Ухуд тауындай алтыным болса, оны пайғамбардың мәулітіне жұмсар едім», – деген екен.
Міне, осындай құрметке лайық Мәуліт мерекесі сейсенбі күні «Горняк» мәдениет-сауық орталығында аталып өтті. Ұлық мейрамға жиылған барша жамағат Мұхаммед пайғамбарымызға салауат айтып, діни әндер мен түрлі көріністерді тамашалады.
Қасиетті Мәуліт мерекесінің шымылдығын қалалық «Нұр» мешітінің найб имамы Абзал Сұлтанғалиұлы қасиетті Құран аятымен ашты. Бұдан соң, КМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілі және облыстық Марал ишан мешітінің Бас имамы Асылхан қажы Мұханбетжанұлы барша жиналған қауымды пайғамбарымыздың (с.ғ.с) туған күнімен құттықтап, мәуліт сөзінің мағынасын түсіндірді және оны тойлау арқылы пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігімізді білдіретінімізді жеткізді.
Бас имамның құттықтауы мен ұлағатты сөздері мәуліт мейрамының құрметіне арнайы дайындалған пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір тарихынан сыр шертер бейнероликке ұласып, оның соңы қанағатшылдықтан байлық пен мансапты хош көретін жас жігіттің теріс қылықтары мен оның тәубеге келу сәті бейнеленген сахналық қойылымына ұласты. Жүрегіңді елжіретіп, көңіліңе ой салар қойылымнан кейін жергілікті өнерпаздардың орындауында Исламды дәріптеп, имандылыққа шақырған, жамандықтан арылтып, жақсылыққа баулыған әндер шырқалды. Мәуліт оқылып, пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауаттар айтылды. Қалалық «Нұр» мешітінің Бас имамы Сейіт қажы Темірбекұлы мәуліт мерекесінің бірінші бөлімінін қорытындылап, сахна төрінде өз өнерлерін паш еткен қала өнерпаздары мен мешіт шәкірттеріне алғысын білдіріп, жиналған қауымды зияфатқа шақырды. Ақ дастарханның басында жамағат мәуліттен алынған әсерлерімен бөлісіп, осы қасиетті мерекенің аталып өтуіне мұрындық болып отырған қала әкімі Бақытжан Ғаязовтың атына алғыстарын білдірді. Жүрек жарды лебіздер қаламыздың өнер жұлдыздарының түрлі ойға жетелейтін сырға толы маржан жырларына ұласып жатты. Шара соңында бата беріліп, еліміздің тату-тәтті, береке-бірлікте өмір сүріп, өсіп өркендеуін тіледі. Құранның әуезді үніне балқыған, Исламның құнды сөздерімен сусынданған халық та ризашылығын білдіріп, қимастықпен тарады.
Діни экстремизмнің алдын алу мақсатында Рудный қалалық қазақ №15 орта мектебінде 8-9 сынып оқушыларымен кездесу ұйымдастырылды. Оған қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Сейіт Нұрқанов, қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Мирас Жетенов қатысты.
Шара барысында бас имам Сейіт қажы Темірбекұлы Ислам діні бейбітшілікті, бірлікті, ынтымақты көздейді дей келе, кеңес үкіметі кезінде «құдай жоқ» деп, Алланы жоққа шығарды. Соның кесірінен азғындық өрге шауып, имандылық жойыла жаздады. Қазіргі ата - аналардың көпшілігі, әрине барлығына топырақ шашуға болмайды, дегенмен «баламның тамағы тоқ, көйлегі көк» болса болды, «ол кіммен дос, ғаламтордан не көріп жүр?» деп ойланбайды және мән бере қоймайды. Осының әсерінен жасөспірім бала «өзім білемге» салынды. Естеріңізде болсын, ондай қараусыз баланың ғаламтор желісіндегі теріс ағымдарға деген қызығушылығы оянуы әбден мүмкін. Өйткені, қазіргі таңда идеология арқылы адамдардың санасы улануда. Дін аясында кездесетін келеңсіз оқиғалардан мысалдар келтіре отырып, теріс ағымдардан сақтану керектігін қадап тұрып айтты.
Кездесу барсында оқушылар тарапынан сұрақтар қойылып, оған толымды жауаптарын алып жатты.
Лисаков қаласында Мәуліт айының құрметіне көптеген спорт ойындарынан сайыс өтті.
Бірінші сайыс «Қазақша күрес», ол жасөспірімдер арасында өтті. Жеңімпаздар арнайы марапаттау қағазымен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Ұлдар арасында жүлдегерлер:
1. Нургалиев Дияс;
2. Бандровскии Владислав;
3. Беркимбаев Азизхан, Гладков Константин.
Қыздар арасында жүлдегерлер:
1.Аманбаева Жансая;
2.Исмайлова Ләззат;
3.Мурзагалиева Меруерт, Алданова Жадыра.
Жеңіске деген ынтасы үшін арнай марапаттауға ие болған Алматова Даяна.
Екінші сайыс «Асық атудан» өтті. Бұл ұлттық ойын қаламызда жақсы дамып келеді. Жарыс өте қызықты өтті. Бұл ойында да жүлдегерлерге арнайы алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Жүлдегерлер:
1.Төлегенов Ерболат;
2.Өсер Артик;
3.Мукашев Таңат.
Мұқағали философиясының бір қыры – Алланы тану. Адамның миы атеистік уағызбен уланған кеңестік қоғамда Жаратқан иеге арнаған адамдық мінәжат, исламдық көзқарасын жырмен тербеуге мүмкіндік тапқаны – болмысындағы кеңдік пен тереңдікті көрсетсе керек. Бұл – ұлт болашағына сенгендіктің көрінісі.
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы осы жайындағы пікірлерін ортаға салады.
– Мұқағали – ұлт ақыны. Себебі, ақын өз өлеңдерінде қазақты қазақ етіп тербиелеуге күш жұмсады. Ұстаздық көрсетті. Исламдық көзқараспен қарағанда, ақынның халқына сіңірген осынау еңбегін қалай бағалауға болады?
– Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Халықтың қамын ойлаған, болашағаның жарқын болуын көксеген кез-келген ақын Алланың берген қабілетіне, ақындық өнеріне үлкен жауапкершілікпен қараған. Соның бірі, сіз айтқан нар тұлғалы Мұқағали ағамыз. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Отанын күзеткен шекарашының көзі ақыретте күймейді», – деген. Осы өсиет санамызға сіңіп, қазақы ұстанымымызға айналып кеткен. Елге қызмет ету білімнің көптігінен емес, елдік санаға байланысты. «Халыққа қызмет ету – білімнен емес мінезден», – деп Әлихан Бөкейхан бекер айтпаған. Осы пікір Абайда да бар. «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», – дейді. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа алмасып отырған «елдік сана» желісі. Мұқағалидың осы желіден ажырап қалуы мүмкін емес. Оның қара өлеңді бүгінгі заманға лайықтап, қайта тірілтуінің өзі ұлттық рухани қазынамызға қосқан өлшеусіз үлесі. Өйткені, халықтың ұлттық болмысын сақтап тұратын негізі құндылық – рухани байлығымыз. Әл-Фарабиден Абайға дейінгі тұлғаларымыз ұлттық рухани әлемімізді байытып, бір арнаға салып кетсе, Мұқағалиды ұлтымыздың текті зиялыларының жалғасы деп есептеймін. Қазақ халқы: «Халыққа қызмет ету – Хаққа қызмет ету», – деп ұққан. Мұқағали жырларында осы ұстаным бар. Мұқаң нені жырласа да, елдік санамен жырлайды.
«Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған: «Отан!» деп сыбырлаған.
Жаным менің, кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған!» – деген жыр жолдарын оқып отырсаңыз Отанға адал қызмет етудің, елді сүюдің, бауырмалдық пен жанашырлықтың ыстық лебі сезіліп тұрады.
– «Дін қараңғы – ін» деген идеялогиямен өмір сүрген кеңестік билік жас ұрпақты Алланы танудан алшақтатты. Соның салдарынан жадағай сарынға ілесушілер аз болған жоқ. Заманның жалтылдаған дүние сырын тануға кедергі келтірді. Дәл осындай сәттерде Мұқағалидың Исламды сүйіп жырлаған батырлығын қалай бағалар едіңіз?
– Шынымен ақынның кеңестің заманда «Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен» деп жырлауы таң қалдырады. Өйткені, ол уақытта дін, имандылық туралы жазбақ түгілі, ойлануға мұрша бермеді.
«Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен,
Өлмейтін, өшпейтұғын күнім білем.
Таппайтын күнде тыным, түнде тыным,
Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін», – деп серт беруі ақындық көңіл күйі ғана емес, рухани еркіндікті аңсаған – түпкі топшысы іспетті.
Осы өлеңнің тағы бір шумағында:
«Қаймағы бұзылмаған қайран дінім,
Қаймағың быт-шыт болды қайдан бүгін?!
Құбылаға бет алып қол қусырып,
Сәждеге жығылатын қайда күнім?» – деп Аллаға емін-еркін құлшылық жасайтын күнді аңсайды. Ақынның бұл арманы орындалды. Аллаға шүкір, тәуелсіз мемлекет атандық. Дініміз бен дәстүрімізді емін-еркін насихаттап жатырмыз. Еліміздің түпкір-түпкірінде зәулім мешіттер салынып, халқымыз ешкімге жалтақтамай, бір Аллаға құлшылық жасауда. Бұл Алланың берген өлшеусіз нығыметі. Біз ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жете түсініп, қастерлей білуіміз керек. Ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлы: «Халқымыз аңсаған бейбіт күнге қашан жетер екенбіз», – дегенде, Әлихан Бөкейхан бабамыз: «Ахмет, сенің халқың, сенің ұрпағың түбі біз аңсаған азат күнге жетеді. Сол кезде сенің есімің олардың санасында қайта жаңғырып, тарих болып қаланады», – деп айтқан екен. Егемен елдің ертеңі біздің өзімізге байланысты. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Расында бір қауым, өзін өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді», – дейді. Сондықтан, әр қазақ баласы Отанын сүйіп, ата-бабаларымызды ардақтауы керек.
– Әрине, адамзат баласы қай заманда да ғылымды жоққа шығармайды. Ойшылдар ғылымның дамуына үлес қосты. Десек те, ғылымның тереңдігі Құранның тереңдігінен үлкен емес. Біз оны «Дін ғылымның анасы» деген тіркесінен айқын аңғардық. Бұл туралы не айтасыз?
– Дұрыс айтасыз. Барлық ғылым діннен бастау алады. Ең әуелі, мынаны түсінгеніміз абзал. Әлем ғалымдары мойындап отырғандай, Ислам ғылымның қайнар көзі. Ғылым – діннің даналығынан негіз алады. Адам баласын рухани кемелдікке жеткізетін Алла Тағаланың кәләмінсіз, яғни сөзінсіз ғылым соқыр. Тарихқа үңілер болсақ, Ислам діні ғылыми-ағартушылық бағытты үнемі басшылыққа алып отырған. Оның айқын дәлелі Пайғамбарымыз Мұхаммедке (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) түскен алғашқы аяттар: «Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы!» («Аләқ» сүресі, 1-аят) деп адамзатты ғылым мен білімге шақырумен басталады. Құранға үңілумен қатар алып әлемнің тылсымға толы құпияларын зерттеп, зерделеуге шақырады. Ал, Мұқағали рухани, діни танымға тұсау салынған уақытта:
«Дін – ғылымның анасы
Дін – ғылымның әкесі.
Ғылым – діннің баласы
Дін – ғылымның көкесі!» – деген пайымға келуі таңқалдырады. Ақынның: «Дін – барлық ғылымның анасы», – деп пікір қорытуы кездейсоқтық емес. Ол мұндай түсінікке ақылмен танып, жүрегімен сезіп барып, шын көңілімен айтып тұр. Сондықтан: «Қол қусырып Құдайға, ғылым мен дін бірге бар!» – дейді.
Ислам дінінен әлемге аты мәшһүр атақты ғалымдар шықты. Әбу Нәсір әл-Фараби, Әбу Райхан әл-Бируни, Әбу Әли ибн Сина, Ұлықбек, Мұхаммед Хайдар Дулати секілді қазақ топырағынан шыққан даналарымыз Ислами ілімдермен қоса ғылымның барлық саласын зерделеп, әлемдік өркениетке өз үлестерін қосып кетті. Исламның осы ғылыми-ағартушылық жолын біздің даламызда жалғастырушылар молдалар мен ауылдың көнекөз дана қариялары еді. Ақын алғаш діни білімді ауылдың осы қазына қарттарынан алды.
Сондықтан:
«Алла – ақиқат.
Аллаға сеніп өтем,
Адалдық пен ақиқат серік екен.
Арамдыққа баспаймын – жолы бөтен!» – дейді. Бұл Мұқағалидың өз пайымы. Шын ниетімен иланып, «әурешілікті көре-көре» келгендегі жеке тоқтамы.
– Иә, «Сатқан емен, сатпаймын дінімді мен» дейді Мұқағали. Ақынның берік ұстанымы, өзгермейтін серті осындай. Сол өсиетті бүгінгі ұрпақ қалай орындауы керек? Бұл жайындағы толғаныстарыңызды ортаға салсаңыз?
– Ұрпақ тәрбиесі ең күрделі мәселе. Өйткені, ертең елдің тізгінін ұстайтын жастарымыз. Ұрпақ тәрбиесіне қатысты Мұхтар Әуезов: «Ел боламын десең бесігіңді түзе!» – деп бір ауыз сөзбен айтып кеткен. Қазіргі уақытта бала тәрбиесінде төлтума әдебиеттің орнын ешқандай технология толтыра алмайтыны белгілі болды. Мұқағалидың танымы халықтың дәстүрінде жатыр. Дәстүріміз діннен нәр алған. Сондықтан, Мұқағалидың діннен алшақ болуы мүмкін емес. «Сатқан емен, сатпаймын дінімді мен», – дейді. Қазақы таным бойынша, дінін сату – ар-иманын сату. Дінін сату – ең әуелі өз ұлтын, содан соң туған Отанын сату емес пе?! Қазақтың дәстүрлі заңы жеті жарғы бойынша дінін сатқан адамды өз мүлкіне, отбасына иелік ету құқығынан айырып, елден шеттеткен. Қазақтың дін туралы түсінігі дәстүр мен сіңісіп жеткен шариғат болатын. «Иманым – жиғаным» деп санаған. Өйткені, дініңнен айырылсаң, дүниетанымың да өзгереді. Түптеп келгенде ділің де, тәрбиең де, адамдар арасындағы қарым-қатынас та жат арнаның ырқында кетеді. Мұның бәрі жинақталып келіп, ұлтты кәдімгі рухани мәңгүртке айналдырады. Ақиық ақынның жүрегіне жүк артып, «Сатпаймын дінімді мен», – деп, дінін қорғаштауының басты себебі сол, дәстүрлі сабақтастықтың үзілмеуі еді. Мұқағалидың осы үлгі өнегесі жастарға қаншалықты керек екені түсінікті. Қызыл империяның құрсауында жүріп дінін, ділін, азат рухын жоғалтпаған ақыннан алар тәлім көп. Ұлттық тұлғалардың тәлімді тәжірибесін алмай, алдыға қадам басуға әсте болмайды. Ұрпақ сабақтастығы деген осы. Онсыз болашағымыз бұлыңғыр болмақ.
«Болашақ дүниеге шыр еткенде,
Бір ұрпақ, бір ұрпаққа ілеккенде,
Аспалы көпір болып каларсың сен,
Жалғайтын жүректерді жүректерге», – деп бұл шындықты дөп басып айтқан.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы менің бастамам бойынша имам-молдалардың өлең-жырмен, шешендік өнермен сусындауына жіті көңіл бөліп отыр. Қазақ өлең оқылғанда немесе айтыс тыңдағанда арқаланып қалатын халық. Сөз қадірін білген бабаларымыз тоқсан ауыз сөзді төрт шумақ өлеңмен жеткізген. Сондықтан халқымыз асыл дінімізді өлең-жырмен жеткізген. Бұл өнерді имамдар да меңгеруі тиіс. Себебі, халыққа мәнді уағыз айту үшін, аудиторияны өзіне бағындыру үшін осындай үлкен өнерді үйренуі қажет. Осы мақсатпен Алматыдағы имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтында діни ілімдерден бөлек, Қазақстан тарихы, шешендік өнер, қазақ тілі мен әдебиеті, информатика, психология, конфликтология, т.б. дүнияуи пәндерден дәріс жүргізіліп келеді. Дін қызметкерлері жан-жақты болса, бірнеше ғылымды игерсе, сонда ғана халық арасында біздің беделіміз артып, уағызымыздың құнары артады.
– «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дейді Абай атамыз. «Алла ақиқат, Аллаға сеніп өтемін» дейді Мұқағали. Екі заманда өмір сүрсе де екі ақынның Исламдық танымында ешқандай айырмашылық жоқ. Данышпандық деңгейлесудің астарынан не сыр аңғарасыз?
– Міне, даналық ой мәйегінің тоғысуы деген осы. Екі тұлғаның ойын өзектестіріп тұрған – Жаратушыға деген ішкі кіршіксіз сенім ғана. Дінімізде оны иман дейді. Алла Тағаланың бар және бір екендігіне, Одан басқа Жаратушы жоқтығына, барлық нәрсені жоқтан жаратқанына жүрекпен сену, қабыл ету деген сөз. Ғаламға рахмет етіп жіберген соңғы пайғамбары Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) арқылы жіберген дінін толығымен қабылдау, ұнату керектігін білдіреді. Бұл туралы Құран Кәрімде былай бұйырылған: «(Мұхаммед с.ғ.с.): Әй, адам баласы! Мен барлығыңа Алланың елшісімін; Ол сондай Алла, жер мен көктің иелігі Оған тән. Одан басқа тәңір жоқ. Ол тірілтеді де өлтіреді. Аллаға және Алланың сөздеріне сенген, жіберілген оқу-жазу білмейтін Пайғамбарға иман келтіріңдер. Және оған еріңдер, әрине тура жол табасыңдар де» («Ағраф» сүресі, 158- аят).
Сондықтан да сенім – адамның ең нәзік, ең қасиетті сезімі. Кеңес үкіметі «Дін – апиын» деп жоққа шығарғанмен, қазақ халқы осы сезімді жүрегінің түкпірінде аялап ұстады. Алланың шапағатына, кеңдігіне иланып, ғұмыр кешті. Алдағы күннің жақсылығына сенді. Діннен бір жола тамыр үзіп кетпеді. Аллаға шүкір, еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап қасиетті Ислам дініміз қолдау тауып, имандылыққа бет бұрған жамағаттың саны күн сайын артып келеді. Бұл халқымыздың Алланың діні мен елшісі Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Мұстафаның бейнесін жүрегінде кіршіксіз сақтағанының белгісі.
– Имамдар пәни дүниенің жалған екенін әңгіме етіп жатады. Сөз жоқ, оны қалың бұқараға дұрыстап ұқтырған жөн. Сонда ғана адам өзінің алдында тұрған ұлы сұрақты ойлап сабасына түседі. Яғни, Алладан қорқады. Алладан қорқуды қорқақтыққа жатқызуға болмас. Мұқағали осы хәлді «Жан азасы» атты поэмасында шеберлікпен айтып, оқырманына түсіндірді. Өлгендердің атынан тірілерге үн қатты. Ақынның Исламға көмектесу насихатын қалай бағалайсыз?
– Дінге қызмет ету – әр мұсылманның парызы, асыл мұраты. Мұқағали мұны жете түсінген. Қазақ даласына Исламның дәнегі егілгеннен бастап, даналар мен дара тұлғалар жақсылықтың жаршысына айналды. Елдің жадында қалған қай тұлғаны алсақ та дін мен дәстүрін насихаттап өткен. Текті бабаларымыз Аллаға деген сеніміне сызат түсірмеді. Мұсылманшылықты бекем ұстанды. Ғибратты ғұмыр кеше білді. Алланың берген ақылы мен талантын Исламды насихаттауға сарп еткен. Мұқағали да ақиқат пен әділдікті жырлап, өшпес өнеге қалдырды. Халқына өсиетті өлең арнаған тұлғаның есімі мен оның өлеңі ешқашан өлмейді. Өйткені, имандылық – мәңгі тақырып. Кез-келген пенде өзіне Алланың берген артықшылығы мен қабілетін, байлығы мен мәнсабын Жаратушы Иеміздің жолына жұмсауы, Ислам дінінің насихатталуына көмектесуі – оның Аллаға айтқан шүкірі мен алғысы болып саналады. Байлықтың зекеті болады. Сонымен қатар, тәннің де, жанның да, ойдың да, қабілеттің де зекеті болады.
– Мұқағали «Қариялар азайып бара жатыр» деді. Ақын іздеген қараияларды қалай бейнелеп, қалай суреттейсіз. Қариялардың қатары түгенделді ме, жоқ әлі де аз ба? Бұл жөніндегі пайымдарыңызды білсек дейміз.
– Қазақ қария көрсе, ет жүрегі елжіреп тұратын халық. Сондықтан «Төріңнен қарт кетпесін!» – деген ғибратты сөзді қашан да жадында ұстаған. Бүгінгі жас – ертеңгі қарт. Осы заңдылықты жете түйсінген халық қашаннан үлкенді сыйлауда тәспісінен жаңылмай, жас ұрпақты үлкендерді құрметтеуге міндеттеп отырған. Халқымыздың «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» сияқты нақыл сөздерінің жасқа да, жасамысқа да берер тәлімі мол. Аузы дуалы ақсақалы бар ел жастары жөнсіздік пен жолсыздыққа бой алдырмайды. Мұқағали ақын мұқым жұртты ұйыстырып, елді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тиып отыратын жүрегінде иманы, аузында дуасы бар қариялардың қатарының азаймауын тілейді. Оларды қадірлеуге, қастерлеуге шақырған. Қариялардың ертеден қалыптасқан, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан өмірлік мақсаты ел бірлігі мен жер тұтастығына бас-көз болып, ұлттық рухани қазынаны көзінің қарашығындай сақтау болатын.
Үлкендерге құрмет көрсетуде сөзімен де, ісімен де өнеге қалдырған пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кішілерімізге мейірімді болмаған, үлкендерімізге құрмет көрсетпеген адам бізден емес», – деген. Қоғамдағы түсіністік пен сыйластықтың орнауында қариялардың үлесі көп. Бірақ, кейінгі кезде қарттардың қараусыз қалуы өзекті мәселеге айналды. Бұл ойланатын жағдай. Тарихымызда жалғызбасты қария, қараусыз қалған қарт деген ұғым мүлдем болмаған. Ата-ананы құрметтеу жөнінде Құран Кәрімде: «Раббың, Өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық жасауларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Түһ», – деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ, ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле», – дейді («Исра» сүресі, 23-аят).
Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір өсиетті сөзінде: «Қариялардың жанында береке бар», – деген. Мұны біздің іні-қарындастарымыз бен келіндеріміз жақсы түсіне білуі тиіс. Өйткені, адам бір кездері өзінің де қариялық жасқа жететінін жақсы білуі керек. Ата-анаға не істесек, алдымыздан сол шығатынын ешқашан ұмытпағанымыз жөн.
Діни басқармаға келгелі Қарттар үйімен тығыз байланыс орнатылды. Оларға қайырымдылық көмек көрсетіп отырамыз. Алматыдағы Қарттар үйіндегі намаз оқитын екі қариямыздың кіші қажылыққа барып келуіне дініміздің жанашыр жігіттерінің демеушілігі арқылы қолғабыс таныттық. Қанен, Жайсаңбай аталарымыз өткен жылы қасиетті Мекке мен Мәдина қалаларын зиярат етіп қайтты. Биыл Айымторы апамызға кіші қажылыққа тегін жолдама бердік. Жыл сайын Қарттар үйлерінен бір қарияны қажылыққа жіберіп отыруды қолға алдық. Бұл ісіміз жастарға үлгі болсын деген ниетпен істеп отырмыз. Қарияларымыз діни сауатты, даналық пен имандылықты ұштастырып, ұлағатты сөзін айтып отырса, өскелең ұрпақ, жат ағым мен жаман жолға түсіп кетпейді. Сонда қазақы, иманды отбасы институты қалыптасады.
Шераға – Шерхан Мұртаза айтады: «Дүйім жұрт сөзін тыңдап, пікіріне құлақ асқанды абыз дейді. Ауыл-аймаққа әмірі жүретінді ақсақал атайды. Ал елдік сананы қалыптастыра алмай, ауыл-аймақтың күйбеңінің шырғалаңында жүргенді шал дейді».
Шерағаң айтқандай, абыз ақсақалдар көбейсе деген тілегіміз бар. Жастарға өнегесін, өмірде көргені мен түйгенін айтып отыратын аузы дуалы қариялар қатары азайса, онда ұрпақ қайда барады?
– Исламдық ізденіс жолында әлем елдерін аз аралаған жоқсыз. Сол шақтарда Абайдың сізбен бірге жүргеніне күмәніміз жоқ. Қасыңызға Мұқағалиды ілестіре алдыңыз ба? Нағыз ақындар сырласыңызға айналған шығар деп топшылаймыз. Бұл сауалымызға не айтасыз?
– Әрине, Мұқағалиды оқымаған, жырларын жаттамаған қазақ жоқ шығар. Елдің болашағын ойлаған ұлт ең әуелі жас ұрпақтың жүрегіне төл руханиятымыздың дәнегін егуі керек. Сонда жастар жат ағымдардың жетегінде кетпейді. Төл руханият деп отырғанымыз осы қазақ әдебиеті, мәдениеті, тарихы мен тұлғаларымыздың соңына қалдырған өшпес өнегесі. Қазіргі уақытта жан дүниесі мен кәсіби біліктілігі тұтасқан кемел ұрпақты тәрбиелеу оңай шаруа емес. Сол себепті жастарға кәсіби біліммен қоса тарихи тұлғаларымыздың өнегесінен нәр беруіміз керек. Кәсіптік білім қоғамнан өз орнын табуға себеп болса, тарихи тұлғалардың ізгілікке толы нақыл сөздері рухани тұрғыдан кемелденуіне негіз болады. Ал, осындай адамгершілік қасиеттерді жастардың бойына сіңіре алған ұлттың болашағы қашанда жарқын болады.
– Өлең жазғанның бәрін ақын десек артық болар. «Қалам тартқан қазақтың бәрі ақын, Абай бірақ қайтадан тіріле ме» деген сөзді Мұқағали әншейін айта салған жоқ. Нағыз ақынның жолы – ақ жол. Құран сүрелеріне сүйене отырып осы құбылысты қалай айқындап берер едіңіз?
– Дұрыс айтасыз. Ақындық – Алланың ақ жолын насихаттау үшін берілген сый деп білемін. Сөз өнері – өткір қару іспетті. Тіл өнері кез-келген адамға беріле бермейтін тарту. Сондықтан ақындық та бір сынақ. Оны жақсылыққа да, жамандыққа да пайдалануға болады. Сөз құдіретін жақсылыққа шақырып, ізгілікке пайдалана білген ақынның аты өшпейді. Хәкім Абайдың: «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, Ол – ақынның білімсіз бейшарасы», – деген ұстанымы қалам ұстаған әрбір адамға үлгі болуға тиіс. Құранда «Шұғара» деген сүре бар. Мағынасы «Ақындар» дегенді білдіреді. Осы сүреде: «Ақындарға азғындар ғана ілеседі» делінген. Бұл Алланың ескертуі. Ақындар Жаратушы иенің аманатын, ізгілікті, ақиқатты жырлауға пайдаланбаса өзін де, өзгені де адастырады. Ал, егер ақын ақиқаттың жаршысы болса, ұлтқа, елдің бірлігіне қызмет етсе кешегі Абай, Шәкәрім сияқты елдің жүрегіннен орын табары сөзсіз. Қазақтың тарихында имандылықты жырлаған ақындар аз болмаған.
– «Мұқағали» журналының оқырмандарына арнап қандай лебіз білдіресіз?
– Ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлы бір сөзінде: «Ұлттың ұлағаты – мәдениетте, мәдениеттің ұлағаты – оқу мен әдебиетте», – деген екен. Демек, ұлттық рухымызды оятатын құндылық төл әдебиетіміз бен мәдениетіміз. «Мұқағали» журналының ұжымына жақсылық, ізгілік пен игілік тілеймін. Ақын ағамыздың өсиетке толы өлеңдерін халқымызға кеңінен насихаттап, журнал жақсылықтың жаршысына айналса деймін. Оқырмандарыңыз көп болғай. «Мұқағали» журналы атына заты сай болып, елдік мұрат, бірлік, ынтымақ, имандылық секілді сарқылмас байлығымызды көбірек насихаттай береді деген сенімдемін.
Ендігі жерде Тәуелсіздігіміз баянды, еліміздің еңсесі биік болуы үшін халқымыздың төл құндылықтарын жастардың санасына сіңіріп, үлгі ете білуіміз қажет.
Алла Тағала асыл дінімізге қуат, елге тыныштық, отбасымызға амандық, денімізге саулық берсін. Еңселі елдің болашағы баянды, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай! Әумин!
Әңгімелескен Батық Мәжитұлы
Мұқағали журналы
Жалғас Сандыбаев – белгілі дінтанушы ғалым, ф.ғ.к.
- Жалғас Сәдуақасұлы, өзіңізге белгілі, ислам атын жамылып, құйтырқылықтың көрігін қыздырып жүрген тәкфіршілер арасында некеге жеңіл қарау үрдісі басым. Біз бүгінгі сұхбатымызда «Ат-Тәкфир уәл-Хиджра» ұйымының некеге байланысты ұстанатын қағидаттары мен оның Қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың (ғ.с.ғ.) хадистерінен қаншалықты дәлел табатыны тұрғысынан өрбітсек деп отырмыз. Сөз тізгіні өзіңізде.
- «Неке» – қасиетті ұғым. Екі жастың арасындағы бір-біріне деген беріктік пен адалдық шарты. Сондықтан қазақ мұны «ақ неке» деп ардақтайды, «ақ некелі жарым» деп мақтанады. Бас қосқан ер мен әйелдің міндетті түрде некелері көпшілік алдында қиылады.
Алла тағала Құранда ер адам мен әйелдің неке қиып, шаңырақ көтеруі турасында былай деген:
«Сендердің тыныштық, тыным тауып орнығуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратуы және араларыңда сүйіспеншілік пен мейірім пайда қылуы да – Оның белгілерінен» (Рұм: 21).
Ал енді пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйленудің және отбасын құрып, дұрыс өмір сүрудің үлгісін айтады:
«Алла елшісінің (с.ғ.с.) үйіне үш кісі келеді. Олар пайғамбардың (с.ғ.с.) қалай құлшылық қылатыны жайында сұрайды. Пайғамбардың (с.ғ.с.) жасайтын құлшылығын естіген уақытта олар үшін бұл қарапайым, әрі аз болып көрінеді. Сондықтан олар:
– Ол, пайғамбар (с.ғ.с.). Біз ондай бола алмаймыз. Алла оның өткен және келешек күнәларын кешірген, – деп кері қайтады.
Кейін біреуі тұрып:
– Мен түні бойы уақытымды намазбен өткіземін, – деді.
Екіншісі:
– Мен ғұмыр бойы ораза ұстаймын, ауызымды ашпаймын, – деп айтты.
Үшіншісі:
– Ал мен ғұмыр бойы әйелге жақындамаймын, үйленбей өтемін, – дейді.
Мұнан соң осы хабарды естіген Алланың елшісі (с.ғ.с.) бұларға келіп:
– Пәленше және түгенше деп айтқан сендерсіңдер ме? Аллаға ант етемін! Расында мен Алладан сендерден артық қорқамын және сендерден артық тақуалық етемін, бірақ, мен ораза ұстаймын және ауызымды ашамын. Намаз оқимын және демаламын, үйленемін. Ал енді кім менің жолымнан бас тартса, менен емес, – деді», – деген (Бұхари, Мүслим).
Міне, Исламда жоғарыда айтылған ғұмырлық ақ некеден басқа неке жоқ. Бұл анық, және айқын. Ал енді сіз айтып отырған «никях мут‘а» (уақытша неке) немесе араб тілінде оны «никах муаққат» деп те атайды, бұл Исламда жоқ. Мұндай «некенің» мағынасы – уақытша рахат табу, ләззаттану некесі деген ұғыммен сәйкеседі. Өзінің аты айтып тұрғандай оның уақыты шектеулі. Ал «ақ неке» – ғұмыр бойына бірге болуға серт берісу болғандықтан, уақытша некемен үш қайнаса сорпасы қосылмастай кереғар ұғымдар екенін айта кеткеніміз жөн.
- Демек, кейбір кісілердің некені белгілі бір мерзім-уақытқа сыйдырып, оның мазмұн-мағынасына өзгеріс енгізгендерін дұрыс деп айтуға негіз жоқ... Бірақ олардың «дәлелі» бар... «Сенікі дұрыс емес!» деп дүрсе қойғанға «рұқсат етілген неке» деп, уақытша некенің секунд-сағатына дейін алдына тартады...
- Жоғарыда айтқанымыздай уақытша неке дәстүрлі Исламда тиым салынған, керек болса, некенің бұл түрі біздің ата-салтымызда да жоқ. Әлемдегі сүннит ағымына жататын барлық мұсылмандар уақытша некенің харам екеніне бір ауыздан иман келтіреді.
Негізінде, уақытша неке араб жазирасында Исламнан бұрынғы дәуірде болғаны рас. Тіпті, мұны ертеректегі яһуди, парсы сияқты т.б. біраз халықтарда кеңінен тараған үрдіс десек болады. Мысалы, исламнан бұрын болған «никах әл-истибда» (пайдалану некесі). Егер отағасы, бөтен текті немесе беделді адамнан нәсіл алғысы келсе, онда төсектес болуы үшін сол адамға өзінің жұбайын белгілі мерзімге жіберетін болған.
Кейін Ислам келген соң Алла тағала мұндай уақытша некені харам қылды.
Мен сізге осы «уақытша неке» деген сұмдықтың қайдан келіп отырғанын айтайын. Уақытша некені ұстанатын да, дәріптейтін де шииттер. Ал, шииттер негізінен Иран мемлекетінде орналасқан. Нақтырақ айтқанда, Ирандағы рафидиттер ағымы және т.б. Олар кімдер? Рафидиттер дегеніміз – көптеген сахабаларды тілдеп, Құранның кейбір аяттарына күмән келтіріп, күпірлік ететін шектен шыққан шииттердің ағымы. Олардың ұғымы бойынша Пайғамбардың дәуірінде уақытша неке деген болған. Мұның бір ерекшелігі – ақысын берсе болғаны, әйелмен белгілі мерзімге дейін некелесе береді. Көп кісінің шатысатыны да осы тұс.
- Ал, олардың «Тарихта, пайғамбардың жорықтары кезінде уақытша некеге рұқсат етілді» деген сөздеріне не айтуға болады?
- Жаңа заң шыққаннан кейін, бұрынғы заңның күші жойылады емес пе? Маңыздысы сол – ғалымдар бір ауыздан, «Ислам келгеннен кейін уақытша некеге тыйым салынды», – деген пікірді ұстанады. Бұған дәлел ретінде мынадай мәліметті айта кеткенім жөн шығар: Ибн Аббас имам Термизидің «Суннан» хадистер жинағында былай дейді: «Уақытша неке деген Исламнан бұрын болды. Жат жерге келген адам (жолаушы, жауынгер және т.б.) ол жер туралы еш нәрсе білмегендіктен, еліне оралған уақытқа дейін бір әйелмен уақытша некеге тұрады. Ол әйел әлгі адамның заттарын қарайлап, оның жағдайын жасайтын. Бірақ, «Олар өзінің әурет мүшесін жұбайлары мен қол астындағы күңдерінен басқа адамдардан сақтаушылар», – деген аят келген сәтте бұл үрдіс сап тыйылды».
Ахмад ибн Ханбалдың «Муснад» шығармасында уақытша некеге тыйым салынғаны турасында мынадай хабар келеді: «Бір күні ер адам Омардан уақытша неке туралы сұраған еді. Сонда ол ашуланып: «Алланың атымен ант етемін! Пайғамбардың (с.ғ.с.) дәуірінде біз зинақор және азғын болмадық», – деп жауап берді».
Мен оқырманға бір нәрсені баса айтқым келеді. Исламнан алғашқы дәуірде көптеген салттар бар еді, жергілікті мекеннің өзіне тән ата-дәстүрлері болды. Арабтардың отбасы мәселелеріне қатысты үлкен сын айтуға тұрарлық ұстанымдары бар. Оны тарихтан білесіздер. Бірақ ислам келгеннен кейін, шариғатқа жат келетін әрекеттерге тыйым салынғаны да бар. Мәселен, жахилия заманында (Исламнан бұрынғы дәуірде) әкесі қайтыс болса, үлкен ұлы анасына некелесетін дәстүр болған. Сол сияқты дәстүрлердің бірі – әйел өзі қалаған бірнеше еркекпен көңіл қосып, төсектес болатын еді.
Әйел адам бірнеше ермен көңілдес болғандықтан, дүниеге келген сәбидің әкесінің нақты кім екенін анықтау қиын. Сондықтан ол әлгі бірнеше ер адамның арасынан қалаған біреуін таңдап, соны баланың әкесі деп танитын. Ал енді «Пайғамбардың дәуірінде осындай дәстүр болған», – деп, осы нәрсеге бой ұрдық па? Жоқ! Ислам тыйым салған көптеген үрдістердің арасында уақытша неке де бар еді. Өкінішке орай, оның тарихта болғанын мың қайталаудан танбайтын кей топтар «нәпсі некесіне» тыйым салынғанын айтуға келгенде марғау. Себебі, көңіл рахаты мен шаһуат ләззатын қалаған адам қалай болғанда да түрлі сылтаулар айтып, Ислам қағидаларын өзіне бейімдеп алуға жақын тұрады.
- Олай болса, некеге жиі тұрып, тиісінше, талақты да еш қиналмай айта салатын ер кісілердің адасуына не себеп?
- Әлгінде атап өткендей, уақытша неке ұғымы пайғамбарға дейінгі дәуірде болған ғұрыптарға жатады. Шииттердің және уақытша некені қолдаушы ағымдардың да басты қателіктері мына аятқа қатысты болып отыр:
«Сондай-ақ, некелі әйелдерге үйленулерің – харам, бірақ, қолдарыңдағы күңдер, бөлек. Алланың сендерге бұйырғаны – осы. Бұлардан басқа әйелдерге мәһір беріп қалауларың, намысты сақтап, зина жасамай үйлену – адал қылынды. Олармен қосылсаңдар ақысы ретінде мәһір беріңдер. Мәһірді анықтаған соң өзара келісетін болсаңдар, сендерге күнә жоқ. Шын мәнінде, Алла барлығын білуші, даналық иесі» (Ниса: 24)
Себебі, пайғамбар (с.ғ.с.) дүние салғаннан кейін Ибн Аббас осы аятқа түсіндірме береді. Сол уақытта, ер адамның басқа амалы жоқ, шарасы таусылған кезде әйелдің ақысын беріп, уақытша неке құруына рұқсат деген ойын айтады. Өйткені, өздеріңіз білетіндей, егер адамда аштықтан өліп кету қауіпі болса, онда Ислам ол адамның өміріне қауіп төнбесі үшін доңыздың етінен жұқалап қана жеуіне рұқсат береді. Ибн Аббас та осы ережені негізге ала отырып, жоғарыдағы аятқа «егер адамның басқа шарасы жоқ болса, онда әйелдің ақысын беріп, уақытша неке құруына рұқсат» деп түсіндірме берген еді.
Бірақ, сол уақыттағы белгілі ғалым-сахабалар Ибн Аббастың бұл пікірін теріске шығарады. Өйткені, уақытша некеге пайғамбардың (с.ғ.с.) өзі тыйым салып кеткен еді. Мысалы, Ибн Аббастың мұндай пікірін естіген хазіреті Әли дереу оған келіп, ашуланған күйде: «Шын мәнінде, сен адасқан екенсің... Алланың елшісі (с.ғ.с.) Хайбар шайқасында уақытша неке жасауға және үй есегінің етін жеуге тыйым салды», – деп оның қателескенін айтады. (Бұхари, Мүслим, Мәлик және т.б.)
Сондай-ақ, Ибн Аббастың мұндай пікіріне белгілі сахабалардың бірі Абдулла ибн Зубайыр да қарсы шыққан. Ал енді Термези, әл-Байхақи және Табарани секілді ірі ғалымдар Ибн Аббастың уақытша некеге қатысты айтқан пікірін өзгерткені жөнінде хабар берген. Қалай болғанда да Ибн Аббас: «Уақытша неке рұқсат», – деп ешқашан табандылық танытпаған және оны дәлелдемеген де.
Расында да ғалымдар Ибн Аббастың «егер адамның басқа шарасы жоқ болса, онда әйелдің ақысын беріп, уақытша неке құруына рұқсат», – деп берген түсіндірмесінің қате екенін айтып, жоққа шығарған:
Біріншіден, адамның өміріне қауіп төнген уақытта, оған әлденіп алуы үшін доңыздың етін жұқалап қана жеуге рұқсат. Өйткені, адам аштықтан өліп кетуі мүмкін. Ал енді уақытша некеге келсек, онда Ибн Аббас айтқандай «адамның өміріне қауіп төніп» тұрған жоқ. Өйткені, адам төсек қатынасына түспесе өліп қалмайды. Сондықтан, жоғарыдағы аят уақытша некені меңземейді.
Екіншіден, жоғарыдағы аятта некелі әйелдің басқа адам үшін харам екені анық айтылады: «Сондай-ақ, некелі әйелдерге үйленулерің – харам». Сонымен қатар бұл аят намысты қорғауға шақырады:«...намысты сақтап, зина жасамай үйлену». Ал енді уақытша некенің мақсаты – намысты сақтау емес, керісінше ләззат алу, уақытша рахатқа бөлену. Сондықтан, мұндай неке ер адамды да, әйелді де зина жасаудан және құмарлыққа еріп кетуден сақтай алмайды. Намысты қорғамайды. Мұндай неке Ислам шақыратын «ақ некеге» қарама-қарсы.
Үшіншіден, егер ер адам: «Мен қатынас қылмасам өліп кетуім мүмкін. Менің өміріме қауіп төніп тұр», – деген пікірді алға тартса, онда пайғамбардың (с.ғ.с.) мына хадисіне назар салып, ораза ұстасын.
«Ей, жігіттер! Үйленуге жағдайы барыңыз үйленсін. Үйлену – көзді харамнан, бойды күнәдан сақтайды. Үйленуге жағдайы жоқтар ораза ұстасын. Себебі, ораза ол үшін қалқан»(Бұхари, Әбу Дәут, Нисай және т.б.)
- Уақытша некеге пайғамбардың өзі бірнеше рет тыйым салды емес пе?.
- Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «хадж әл-уадағ» – қоштасу қажылығында да уақытша некені екі мәрте айтып тыйым салған деген хабар бар.
Сол сияқты Әр-Раби ибн Субра әл-Жуһанидің әкесі пайғамбардың (с.ғ.с.) қасында болған сахабалардың бірі. Бұл кісі әкесінің жеткізген хадисі жөнінде былай дейді: «Менің әкем: «Алланың елшісі (с.ғ.с.) Меккені алған жылы уақытша некеге тыйым салды», – деп айтты (Мүслим, Әбу Дәуіт, Ахмед және т.б).
Хазіреті Омар халифа болып тұрғанында: «Уа, халайық! Аллаға қасам етейін. Кім де кім отбасылы бола тұрып, уақытша неке қиятын болса, мен оны таспен атқызам», – деген. Уақытша некенің қаншалықты харам екенін осыдан-ақ көре беріңіз. Бәлкім сіз Омардың «...отбасылы бола тұрып, уақытша неке қиятын болса», – деген сөзіне қатысты: «Алайда, бұл жерде бойдақ адамдар айтылып отырған жоқ, тек үйленгендерге ғана қатысты емес пе?» – деп сұрауыңыз мүмкін. Рас, хазіреті Омар мұнда бойдақтарды қосып айтпады. Өйткені, бойдақ адамның жағдайы онсыз да белгілі. Ондай адам иә үйленеді, немесе бойындағы шауһаты көп болып, күнә жасау қауіпі бар болса, онда ораза ұстайды. Егер ол уақытша неке қиса – зина саналады.
«Дайм әл-Ислам» атты шығармада әл-Мағриби есімді қази (сот) уақытша некенің тыйым салынғаны туралы Әли ибн Әбу Талибтың мынадай сөзін келтіреді:
«Келін жақтан өкіл және екі куәгер болмаса неке жүрмейді. Бір немесе екі дирһем беріп, күндік немесе екі күн үшін некені қиюға болмайды. Бұлай жасау – жезөкшелік. Некеде ешқандай сылтауға жол жоқ».
- Уақытша некенің қоғамға тигізер зияны көп. Әсіресе, «талақ» естіген қыз-келіншектің халі баршамызды алаңдатады. Сіз бұл тұрғыда не айтар едіңіз?
- Сіздерге уақытша некенің адам өміріне, қоғамға келтіретін зиянына қатысты өмірден нақты бір-екі ғана мысал келтірейін. Жақында Атыраудан жақын жолдасым келген еді. Ол кісі имамдық қызметте. Оның есімін айтпай-ақ қояйын. Сол кісінің аузынан естіген әңгімем еді. «Бір күні маған бір әжей келді, – дейді ол, – ашулы, ашуланғаны соншалықты қолындағы сүйеніш таяғы қозғалып тұр. Қасында ұлы және келіні бар екен. Кеудесіне сыймаған ызасымен маған:
– Ей, имам! Мына тұрған менің ұлым және келінім. Келінім жақында ауруханаға жатып еді. Сол ауруханадан келгелі күйеуімен бір төсекте жатпайтын болды, – деді.
Байқауымша, өзі де, баласы да, келіні де намаз оқиды екен. Мен:
– Неге, апа? – деп себебін сұрадым.
– Білмеймін балам. Бірақ, ауруханада бір жігіттер келіп, «Егер күйеуің дұрыстап намаз оқымайтын болса, тиісті амалдар қолданбаса, демек, ол – кәпір. Ал, кәпірмен мұсылман әйелге жатуға болмайды», – деп келіннің құлағына әбден бір нәрселерді жақсылып құйып кетіпті. Сондықтан енді келінім бөлек, балам бөлек жатады. Осындай сұмдықты көрдің бе? Бірақ, келінім жаңағы кісілермен түнімен телефонмен сөйлесіп шығады. Осындай нәрсе дінімізде бар ма, шырағым? – деп менің түсіндіруімді сұрады».
Енді осы жағдайды дұрыс түсінуге немесе түсіндіруге болады ма? Көзі ашық, иманды адам осылай жасайды ма? Бұдан айрандай ұйып отырған отбасы бұзылған жоқ па? Келешекте осындай жағдайлардың қоғамда көрініс алмасына кім кепіл бере алады? Жарайды, бұл бірінші жағдай деңіз.
Екінші мысал, мешітте қыз балаларға дәріс беретін таныс ұстазым бар. Сол кісінің айтқан оқиғасы: «Бір күні маған: «Мен не жазып қойдым?!», – деп жас қыз жылап келді. Көзін сүртіп, әңгімесін әрі жалғастырды: «Күні кеше некелесіп, алғашқы ақ түнімізді өткіздік. Таң атқанда әлгі күйеуім «талақ» деп кетіп қалды», – деп тағы жылап жіберді».
Ал, енді осындай қарындастарымыз қанша? Мұндай сұмдықты көрген қыз өмірден түңілмейді деп ойлайсыз ба? Құдайдың өзі сақтасын, мұндай күйзелістегі адам басқа бір жат пиғылды теріс ағымның ықпалында кетіп, кекшілденіп басқалай жолға түсіп кетпейді ме? Осы сияқты келешек ананың жағдайы не болмақ? Бұл екі мысалды да мен ойдан шығарғаным жоқ. Бұл біздің қоғамымызда көрініс тапқан екі ғана оқиға. Ал, біздің білмегеніміз және естімегеніміз қанша? Бұл да бүгінгі қоғам алдында тұрған үлкен мәселелердің бірі. Мұны жалғыз Діни басқарма шеше алмайды. Қазақ: «Көп көтерген жүк жеңіл», – деп айтады. Дін, қоғам қайраткерлері, ұстаздар мен тиісті органдар, қоғам және жекелеген адам бұл мәселенің шешілуіне мүдделі болуы керек. Яғни, қарасаңыз қоғамда дін атын жамылғандар жастардың білместігін пайдаланып, арбап жатыр. Ал енді бұл әрекеттерге баға берер болсақ, бұл жай ғана нәпсіқұмарлық.
- Неке уақытша, ал, ол некеден пайда болған отбасы мен балалар алдында ер кісінің қандай да болсын жауапкершілігі бар ма?
- Әңгіме сонда болып тұр. Уақытша некенің ақ некеден айырмасы – ер адам уақытша некенің салдарынан пайда болған бала үшін жауапты емес. Уақытша некенің «шарты» бойынша ол адам балаға да, отбасы үшін де асыраушы болып табылмайды. Өйткені, ол әйел уақытша некемен өмір сүретін болса, онда құрсағындағы бала әкесінің кім екенін де білмейді емес пе? Сол сияқты ер адам да ол баланың кімнен туылғанын білмейді. Сондықтан да мұндай неке – рахат табу, нәпсінің құмарын қандыру некесі болмақ. Орайы келгенде айта кетейін. Ақ неке бойынша отау құрудың жалпы шарттары мынадай:
– некенің күші ғұмыр бойына жүреді;
– отбасын құрып, бала-шағаны асырау;
– ер адам отбасының асыраушысы;
– ажырасқан жағдайда мүлік ер мен әйелге тиісінше бөлінеді;
– бала әкесінің тегімен аталады;
– ажырасқан жағдайда әйелдің құрсағында нәрестенің бар немесе жоқ екенін анықтау үшін әйел басқа адамға тұрмысқа шықпай белгілі уақыт күтеді және т.б.
Ал енді уақытша некеде адамға мұнша міндеттемелер жүктелмейді. Басқаша айтқанда, ер адамның алдында уақытша құрған отбасы үшін жауапкершілік жоқ. Келісілген ақы төленеді және уақыт белгіленеді.
Айтпақшы, өмірінің біраз уақытын «Неке» мәселесіне арнаған Шальтут есімді ғалым өзінің «Әл-Фатауа» (пәтуалар) жинағында уақытша некеге қатысты: «Әйелге бір жылда он бір еркекке тұрмысқа шығуына, ал ер адамға күн сайын басқа әйел алуына рұқсат беріп, оған ешбір отбасылық міндет жүктемейтін заң – Алланың заңы емес», – деп ойын түйіндеген.
- Соңғы сұрақ – бұл мәселеден шығудың қандай жолы бар?
- Білімсіздік - адамзаттың дұшпаны. Білімсіз адам көрінгеннің жетегінде кетеді. Жастарымыз діни мәліметтермен ақпараттанбаған, сондықтан, имандылыққа жақын тұратын дархан қазақтың ұл-қыздары аузында Алласы, арғы жағындағы пиғылы – теріс адамдардың соңынан еріп кетіп жатыр. Әрине, бұл өкінішті. «Тиісті заң шығару керек» деп айта салу оңай. Заң шығарылып, ол дереу орындалып кетіп жатса, қанекей?! «Уақытша неке дәстүрлі исламда жоқ екен», – деп арқаны кеңге салуға тағы болмайды. Имандылықты насихаттайтын «Асыл арна» сол сияқты облыс аймақтарында жүргізілетін «Жұмадағы жүздесу», «Иман айнасы» және т.б. түрлі діни бағдарламалардан, телеарналардағы теле-шоу бағдарламаларында имамдар мен мамандарды шақырып, түрлі тақырыптар бойынша діни ақпарат молынан беріліп отыруы қажет. Исламдық интернет порталдарында және ұлттық радио толқынында сұрақ-жауаптар, сұхбаттар ұйымдастырған да дұрыс шығар. Яғни, адасып жүрген азаматтарымыз дұрыс мәліметті естіп, түсінсе болғаны.
Тағы бір ескерер жайт, уақытша некеге шақырушылар көбіне өтірік тақуа көрінеді. Алланың жолында жүргендей боп, қыздарымызды еріксіз баурауы мүмкін. Әр қадамында орынды-орынсыз жаттанды аят-хадистерді жиі айтып, данагөйсиді. Амалына қарағанда сөзі көп, яғни, өзі амал қылғаннан гөрі басқаға ақыл айтқыш. Егер басқаға айтқан амалын өзі істемесе (намазын толық оқымаса, дәрет алуға немқұрайлы қараса, оразасын дұрыс тұтпаса және т.б.), оның себебін сұрасаңыз, онда дереу ақталып шыға келеді, сылтауы таусылмайды. Бойында осы сияқты қасиеттері бар адам әдетте, дінді жамылады, қасындағыларға жақсылық алып келмейді. Міне бұл сөз нағыз бүгінгі бүлікшілерге қарата айтылған сөз. Сайт оқырмандары осы нәрсенің байыбына барса деген тілегім бар.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Шарафат Рысбайқызы
Кез келген мақсатқа жету жолында әдіс-тәсіл, әдістеме, амал-әрекет ең басты қажеттілік екен-дігі баршамызға мәлім. Әдіс-тәсілсіз, толығырақ айтқанда әдістемесіз атқарылған жұмыстарда белгілі бір мақсат болмайтындықтан, адам босқа күш-қуатын сарп етіп, соның салдарынан психологиясында небір келеңсіз жағдайлар сыр береді. Өз кезегінде бұл жағдай адамның сүйікті ісінен жалығып, тіпті аяқсыз қалдырып, тастап кетуіне себеп болады. Демек, әрбір іске, әсіресе ғылымға әдістеме қажет екенін анық байқаймыз.
Алматы облысында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының төрағалығымен ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің VI мәжілісі өтуде.
Кеңестің кезекті отырысын ашқан Бас мүфти Діни басқарманың жоғары мәртебеге ие Ғұламалар Кеңесінің әлеуетін арттыру мәселесін сөз етті. Өйткені, ҚМДБ-ның негізгі жұмыс бағыттарының бірі һәм бірегейі – діни мәселелерде исламдық, заңдық, қоғамдық құндылықтар тұрғысынан пәтуа шығару.
Мәжілісте ҚМДБ тұғырнамасы талқыланып, шынайы мұсылманның келбеті, түсік жасатудың Ислам дініндегі үкімі, науқастан реанимациялық жабдықтарды ажырату, халал стандарттау ережесі туралы жан-жақты пікір алмасылды. Сондай-ақ, басқосуда «Әбу Ханифа» ғылыми зерттеу орталығының жұмысы да сөз болды. Ержан Маямеров осы орталықтың жұмысын жандандыру қажеттігін баса айтты. «Ғылыми орталықтың қазіргі басты міндеті – Әбу Ханифа мәзһабы бойынша құнды кітаптарды аударып, халыққа тарату», – деді Бас мүфти.
Кездесуде діни терминдерді бір ізге түсіру мәселесі де ортақ талқыға салынды.
www.muftyat.kz