Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Ғибратнама

«НИКАХ МУТ‘А» – НӘПСІҚҰМАРЛЫҚТЫҢ КӨРІНІСІ»

Жалғас Сандыбаев – белгілі дінтанушы ғалым, ф.ғ.к.

- Жалғас Сәдуақасұлы, өзіңізге белгілі, ислам атын жамылып, құйтырқылықтың көрігін қыздырып жүрген тәкфіршілер арасында некеге жеңіл қарау үрдісі басым. Біз бүгінгі сұхбатымызда «Ат-Тәкфир уәл-Хиджра» ұйымының некеге байланысты ұстанатын қағидаттары мен оның Қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың (ғ.с.ғ.) хадистерінен қаншалықты дәлел табатыны тұрғысынан өрбітсек деп отырмыз. Сөз тізгіні өзіңізде.

- «Неке» – қасиетті ұғым. Екі жастың арасындағы бір-біріне деген беріктік пен адалдық шарты. Сондықтан қазақ мұны «ақ неке» деп ардақтайды, «ақ некелі жарым» деп мақтанады. Бас қосқан ер мен әйелдің міндетті түрде некелері көпшілік алдында қиылады.

Алла тағала Құранда ер адам мен әйелдің неке қиып, шаңырақ көтеруі турасында былай деген:

«Сендердің тыныштық, тыным тауып орнығуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратуы және араларыңда сүйіспеншілік пен мейірім пайда қылуы да – Оның белгілерінен» (Рұм: 21).

Ал енді пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйленудің және отбасын құрып, дұрыс өмір сүрудің үлгісін айтады:

«Алла елшісінің (с.ғ.с.) үйіне үш кісі келеді. Олар пайғамбардың (с.ғ.с.) қалай құлшылық қылатыны жайында сұрайды. Пайғамбардың (с.ғ.с.) жасайтын құлшылығын естіген уақытта олар үшін бұл қарапайым, әрі аз болып көрінеді. Сондықтан олар:

– Ол, пайғамбар (с.ғ.с.). Біз ондай бола алмаймыз. Алла оның өткен және келешек күнәларын кешірген, – деп кері қайтады.

Кейін біреуі тұрып:

– Мен түні бойы уақытымды намазбен өткіземін, – деді.

Екіншісі:

– Мен ғұмыр бойы ораза ұстаймын, ауызымды ашпаймын, – деп айтты.

Үшіншісі:

– Ал мен ғұмыр бойы әйелге жақындамаймын, үйленбей өтемін, – дейді.

Мұнан соң осы хабарды естіген Алланың елшісі (с.ғ.с.) бұларға келіп:

– Пәленше және түгенше деп айтқан сендерсіңдер ме? Аллаға ант етемін! Расында мен Алладан сендерден артық қорқамын және сендерден артық тақуалық етемін, бірақ, мен ораза ұстаймын және ауызымды ашамын. Намаз оқимын және демаламын, үйленемін. Ал енді кім менің жолымнан бас тартса, менен емес, – деді», – деген (Бұхари, Мүслим).

Міне, Исламда жоғарыда айтылған ғұмырлық ақ некеден басқа неке жоқ. Бұл анық, және айқын. Ал енді сіз айтып отырған «никях мут‘а» (уақытша неке) немесе араб тілінде оны «никах муаққат» деп те атайды, бұл Исламда жоқ. Мұндай «некенің» мағынасы – уақытша рахат табу, ләззаттану некесі деген ұғыммен сәйкеседі. Өзінің аты айтып тұрғандай оның уақыты шектеулі. Ал «ақ неке» – ғұмыр бойына бірге болуға серт берісу болғандықтан, уақытша некемен үш қайнаса сорпасы қосылмастай кереғар ұғымдар екенін айта кеткеніміз жөн.

- Демек, кейбір кісілердің некені белгілі бір мерзім-уақытқа сыйдырып, оның мазмұн-мағынасына өзгеріс енгізгендерін дұрыс деп айтуға негіз жоқ... Бірақ олардың «дәлелі» бар... «Сенікі дұрыс емес!» деп дүрсе қойғанға «рұқсат етілген неке» деп, уақытша некенің секунд-сағатына дейін алдына тартады...

- Жоғарыда айтқанымыздай уақытша неке дәстүрлі Исламда тиым салынған, керек болса, некенің бұл түрі біздің ата-салтымызда да жоқ. Әлемдегі сүннит ағымына жататын барлық мұсылмандар уақытша некенің харам екеніне бір ауыздан иман келтіреді.

Негізінде, уақытша неке араб жазирасында Исламнан бұрынғы дәуірде болғаны рас. Тіпті, мұны ертеректегі яһуди, парсы сияқты т.б. біраз халықтарда кеңінен тараған үрдіс десек болады. Мысалы, исламнан бұрын болған «никах әл-истибда» (пайдалану некесі). Егер отағасы, бөтен текті немесе беделді адамнан нәсіл алғысы келсе, онда төсектес болуы үшін сол адамға өзінің жұбайын белгілі мерзімге жіберетін болған.

Кейін Ислам келген соң Алла тағала мұндай уақытша некені харам қылды.

Мен сізге осы «уақытша неке» деген сұмдықтың қайдан келіп отырғанын айтайын. Уақытша некені ұстанатын да, дәріптейтін де шииттер. Ал, шииттер негізінен Иран мемлекетінде орналасқан. Нақтырақ айтқанда, Ирандағы рафидиттер ағымы және т.б. Олар кімдер? Рафидиттер дегеніміз – көптеген сахабаларды тілдеп, Құранның кейбір аяттарына күмән келтіріп, күпірлік ететін шектен шыққан шииттердің ағымы. Олардың ұғымы бойынша Пайғамбардың дәуірінде уақытша неке деген болған. Мұның бір ерекшелігі – ақысын берсе болғаны, әйелмен белгілі мерзімге дейін некелесе береді. Көп кісінің шатысатыны да осы тұс.

- Ал, олардың «Тарихта, пайғамбардың жорықтары кезінде уақытша некеге рұқсат етілді» деген сөздеріне не айтуға болады?

- Жаңа заң шыққаннан кейін, бұрынғы заңның күші жойылады емес пе? Маңыздысы сол – ғалымдар бір ауыздан, «Ислам келгеннен кейін уақытша некеге тыйым салынды», – деген пікірді ұстанады. Бұған дәлел ретінде мынадай мәліметті айта кеткенім жөн шығар: Ибн Аббас имам Термизидің «Суннан» хадистер жинағында былай дейді: «Уақытша неке деген Исламнан бұрын болды. Жат жерге келген адам (жолаушы, жауынгер және т.б.) ол жер туралы еш нәрсе білмегендіктен, еліне оралған уақытқа дейін бір әйелмен уақытша некеге тұрады. Ол әйел әлгі адамның заттарын қарайлап, оның жағдайын жасайтын. Бірақ, «Олар өзінің әурет мүшесін жұбайлары мен қол астындағы күңдерінен басқа адамдардан сақтаушылар», – деген аят келген сәтте бұл үрдіс сап тыйылды».

Ахмад ибн Ханбалдың «Муснад» шығармасында уақытша некеге тыйым салынғаны турасында мынадай хабар келеді: «Бір күні ер адам Омардан уақытша неке туралы сұраған еді. Сонда ол ашуланып: «Алланың атымен ант етемін! Пайғамбардың (с.ғ.с.) дәуірінде біз зинақор және азғын болмадық», – деп жауап берді».

Мен оқырманға бір нәрсені баса айтқым келеді. Исламнан алғашқы дәуірде көптеген салттар бар еді, жергілікті мекеннің өзіне тән ата-дәстүрлері болды. Арабтардың отбасы мәселелеріне қатысты үлкен сын айтуға тұрарлық ұстанымдары бар. Оны тарихтан білесіздер. Бірақ ислам келгеннен кейін, шариғатқа жат келетін әрекеттерге тыйым салынғаны да бар. Мәселен, жахилия заманында (Исламнан бұрынғы дәуірде) әкесі қайтыс болса, үлкен ұлы анасына некелесетін дәстүр болған. Сол сияқты дәстүрлердің бірі – әйел өзі қалаған бірнеше еркекпен көңіл қосып, төсектес болатын еді.

Әйел адам бірнеше ермен көңілдес болғандықтан, дүниеге келген сәбидің әкесінің нақты кім екенін анықтау қиын. Сондықтан ол әлгі бірнеше ер адамның арасынан қалаған біреуін таңдап, соны баланың әкесі деп танитын. Ал енді «Пайғамбардың дәуірінде осындай дәстүр болған», – деп, осы нәрсеге бой ұрдық па? Жоқ! Ислам тыйым салған көптеген үрдістердің арасында уақытша неке де бар еді. Өкінішке орай, оның тарихта болғанын мың қайталаудан танбайтын кей топтар «нәпсі некесіне» тыйым салынғанын айтуға келгенде марғау. Себебі, көңіл рахаты мен шаһуат ләззатын қалаған адам қалай болғанда да түрлі сылтаулар айтып, Ислам қағидаларын өзіне бейімдеп алуға жақын тұрады.

- Олай болса, некеге жиі тұрып, тиісінше, талақты да еш қиналмай айта салатын ер кісілердің адасуына не себеп?

- Әлгінде атап өткендей, уақытша неке ұғымы пайғамбарға дейінгі дәуірде болған ғұрыптарға жатады. Шииттердің және уақытша некені қолдаушы ағымдардың да басты қателіктері мына аятқа қатысты болып отыр:

«Сондай-ақ, некелі әйелдерге үйленулерің – харам, бірақ, қолдарыңдағы күңдер, бөлек. Алланың сендерге бұйырғаны – осы. Бұлардан басқа әйелдерге мәһір беріп қалауларың, намысты сақтап, зина жасамай үйлену – адал қылынды. Олармен қосылсаңдар ақысы ретінде мәһір беріңдер. Мәһірді анықтаған соң өзара келісетін болсаңдар, сендерге күнә жоқ. Шын мәнінде, Алла барлығын білуші, даналық иесі» (Ниса: 24)

Себебі, пайғамбар (с.ғ.с.) дүние салғаннан кейін Ибн Аббас осы аятқа түсіндірме береді. Сол уақытта, ер адамның басқа амалы жоқ, шарасы таусылған кезде әйелдің ақысын беріп, уақытша неке құруына рұқсат деген ойын айтады. Өйткені, өздеріңіз білетіндей, егер адамда аштықтан өліп кету қауіпі болса, онда Ислам ол адамның өміріне қауіп төнбесі үшін доңыздың етінен жұқалап қана жеуіне рұқсат береді. Ибн Аббас та осы ережені негізге ала отырып, жоғарыдағы аятқа «егер адамның басқа шарасы жоқ болса, онда әйелдің ақысын беріп, уақытша неке құруына рұқсат» деп түсіндірме берген еді.

Бірақ, сол уақыттағы белгілі ғалым-сахабалар Ибн Аббастың бұл пікірін теріске шығарады. Өйткені, уақытша некеге пайғамбардың (с.ғ.с.) өзі тыйым салып кеткен еді. Мысалы, Ибн Аббастың мұндай пікірін естіген хазіреті Әли дереу оған келіп, ашуланған күйде: «Шын мәнінде, сен адасқан екенсің... Алланың елшісі (с.ғ.с.) Хайбар шайқасында уақытша неке жасауға және үй есегінің етін жеуге тыйым салды», – деп оның қателескенін айтады. (Бұхари, Мүслим, Мәлик және т.б.)

Сондай-ақ, Ибн Аббастың мұндай пікіріне белгілі сахабалардың бірі Абдулла ибн Зубайыр да қарсы шыққан. Ал енді Термези, әл-Байхақи және Табарани секілді ірі ғалымдар Ибн Аббастың уақытша некеге қатысты айтқан пікірін өзгерткені жөнінде хабар берген. Қалай болғанда да Ибн Аббас: «Уақытша неке рұқсат», – деп ешқашан табандылық танытпаған және оны дәлелдемеген де.

Расында да ғалымдар Ибн Аббастың «егер адамның басқа шарасы жоқ болса, онда әйелдің ақысын беріп, уақытша неке құруына рұқсат», – деп берген түсіндірмесінің қате екенін айтып, жоққа шығарған:

Біріншіден, адамның өміріне қауіп төнген уақытта, оған әлденіп алуы үшін доңыздың етін жұқалап қана жеуге рұқсат. Өйткені, адам аштықтан өліп кетуі мүмкін. Ал енді уақытша некеге келсек, онда Ибн Аббас айтқандай «адамның өміріне қауіп төніп» тұрған жоқ. Өйткені, адам төсек қатынасына түспесе өліп қалмайды. Сондықтан, жоғарыдағы аят уақытша некені меңземейді.

Екіншіден, жоғарыдағы аятта некелі әйелдің басқа адам үшін харам екені анық айтылады: «Сондай-ақ, некелі әйелдерге үйленулерің – харам». Сонымен қатар бұл аят намысты қорғауға шақырады:«...намысты сақтап, зина жасамай үйлену». Ал енді уақытша некенің мақсаты – намысты сақтау емес, керісінше ләззат алу, уақытша рахатқа бөлену. Сондықтан, мұндай неке ер адамды да, әйелді де зина жасаудан және құмарлыққа еріп кетуден сақтай алмайды. Намысты қорғамайды. Мұндай неке Ислам шақыратын «ақ некеге» қарама-қарсы.

Үшіншіден, егер ер адам: «Мен қатынас қылмасам өліп кетуім мүмкін. Менің өміріме қауіп төніп тұр», – деген пікірді алға тартса, онда пайғамбардың (с.ғ.с.) мына хадисіне назар салып, ораза ұстасын.

«Ей, жігіттер! Үйленуге жағдайы барыңыз үйленсін. Үйлену – көзді харамнан, бойды күнәдан сақтайды. Үйленуге жағдайы жоқтар ораза ұстасын. Себебі, ораза ол үшін қалқан»(Бұхари, Әбу Дәут, Нисай және т.б.)

- Уақытша некеге пайғамбардың өзі бірнеше рет тыйым салды емес пе?.

- Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «хадж әл-уадағ» – қоштасу қажылығында да уақытша некені екі мәрте айтып тыйым салған деген хабар бар.

Сол сияқты Әр-Раби ибн Субра әл-Жуһанидің әкесі пайғамбардың (с.ғ.с.) қасында болған сахабалардың бірі. Бұл кісі әкесінің жеткізген хадисі жөнінде былай дейді: «Менің әкем: «Алланың елшісі (с.ғ.с.) Меккені алған жылы уақытша некеге тыйым салды», – деп айтты (Мүслим, Әбу Дәуіт, Ахмед және т.б).

Хазіреті Омар халифа болып тұрғанында: «Уа, халайық! Аллаға қасам етейін. Кім де кім отбасылы бола тұрып, уақытша неке қиятын болса, мен оны таспен атқызам», – деген. Уақытша некенің қаншалықты харам екенін осыдан-ақ көре беріңіз. Бәлкім сіз Омардың «...отбасылы бола тұрып, уақытша неке қиятын болса», – деген сөзіне қатысты: «Алайда, бұл жерде бойдақ адамдар айтылып отырған жоқ, тек үйленгендерге ғана қатысты емес пе?» – деп сұрауыңыз мүмкін. Рас, хазіреті Омар мұнда бойдақтарды қосып айтпады. Өйткені, бойдақ адамның жағдайы онсыз да белгілі. Ондай адам иә үйленеді, немесе бойындағы шауһаты көп болып, күнә жасау қауіпі бар болса, онда ораза ұстайды. Егер ол уақытша неке қиса – зина саналады.

«Дайм әл-Ислам» атты шығармада әл-Мағриби есімді қази (сот) уақытша некенің тыйым салынғаны туралы Әли ибн Әбу Талибтың мынадай сөзін келтіреді:

«Келін жақтан өкіл және екі куәгер болмаса неке жүрмейді. Бір немесе екі дирһем беріп, күндік немесе екі күн үшін некені қиюға болмайды. Бұлай жасау – жезөкшелік. Некеде ешқандай сылтауға жол жоқ».

- Уақытша некенің қоғамға тигізер зияны көп. Әсіресе, «талақ» естіген қыз-келіншектің халі баршамызды алаңдатады. Сіз бұл тұрғыда не айтар едіңіз?

- Сіздерге уақытша некенің адам өміріне, қоғамға келтіретін зиянына қатысты өмірден нақты бір-екі ғана мысал келтірейін. Жақында Атыраудан жақын жолдасым келген еді. Ол кісі имамдық қызметте. Оның есімін айтпай-ақ қояйын. Сол кісінің аузынан естіген әңгімем еді. «Бір күні маған бір әжей келді, – дейді ол, – ашулы, ашуланғаны соншалықты қолындағы сүйеніш таяғы қозғалып тұр. Қасында ұлы және келіні бар екен. Кеудесіне сыймаған ызасымен маған:

– Ей, имам! Мына тұрған менің ұлым және келінім. Келінім жақында ауруханаға жатып еді. Сол ауруханадан келгелі күйеуімен бір төсекте жатпайтын болды, – деді.

Байқауымша, өзі де, баласы да, келіні де намаз оқиды екен. Мен:

– Неге, апа? – деп себебін сұрадым.

– Білмеймін балам. Бірақ, ауруханада бір жігіттер келіп, «Егер күйеуің дұрыстап намаз оқымайтын болса, тиісті амалдар қолданбаса, демек, ол – кәпір. Ал, кәпірмен мұсылман әйелге жатуға болмайды», – деп келіннің құлағына әбден бір нәрселерді жақсылып құйып кетіпті. Сондықтан енді келінім бөлек, балам бөлек жатады. Осындай сұмдықты көрдің бе? Бірақ, келінім жаңағы кісілермен түнімен телефонмен сөйлесіп шығады. Осындай нәрсе дінімізде бар ма, шырағым? – деп менің түсіндіруімді сұрады».

Енді осы жағдайды дұрыс түсінуге немесе түсіндіруге болады ма? Көзі ашық, иманды адам осылай жасайды ма? Бұдан айрандай ұйып отырған отбасы бұзылған жоқ па? Келешекте осындай жағдайлардың қоғамда көрініс алмасына кім кепіл бере алады? Жарайды, бұл бірінші жағдай деңіз.

Екінші мысал, мешітте қыз балаларға дәріс беретін таныс ұстазым бар. Сол кісінің айтқан оқиғасы: «Бір күні маған: «Мен не жазып қойдым?!», – деп жас қыз жылап келді. Көзін сүртіп, әңгімесін әрі жалғастырды: «Күні кеше некелесіп, алғашқы ақ түнімізді өткіздік. Таң атқанда әлгі күйеуім «талақ» деп кетіп қалды», – деп тағы жылап жіберді».

Ал, енді осындай қарындастарымыз қанша? Мұндай сұмдықты көрген қыз өмірден түңілмейді деп ойлайсыз ба? Құдайдың өзі сақтасын, мұндай күйзелістегі адам басқа бір жат пиғылды теріс ағымның ықпалында кетіп, кекшілденіп басқалай жолға түсіп кетпейді ме? Осы сияқты келешек ананың жағдайы не болмақ? Бұл екі мысалды да мен ойдан шығарғаным жоқ. Бұл біздің қоғамымызда көрініс тапқан екі ғана оқиға. Ал, біздің білмегеніміз және естімегеніміз қанша? Бұл да бүгінгі қоғам алдында тұрған үлкен мәселелердің бірі. Мұны жалғыз Діни басқарма шеше алмайды. Қазақ: «Көп көтерген жүк жеңіл», – деп айтады. Дін, қоғам қайраткерлері, ұстаздар мен тиісті органдар, қоғам және жекелеген адам бұл мәселенің шешілуіне мүдделі болуы керек. Яғни, қарасаңыз қоғамда дін атын жамылғандар жастардың білместігін пайдаланып, арбап жатыр. Ал енді бұл әрекеттерге баға берер болсақ, бұл жай ғана нәпсіқұмарлық.

- Неке уақытша, ал, ол некеден пайда болған отбасы мен балалар алдында ер кісінің қандай да болсын жауапкершілігі бар ма?

- Әңгіме сонда болып тұр. Уақытша некенің ақ некеден айырмасы – ер адам уақытша некенің салдарынан пайда болған бала үшін жауапты емес. Уақытша некенің «шарты» бойынша ол адам балаға да, отбасы үшін де асыраушы болып табылмайды. Өйткені, ол әйел уақытша некемен өмір сүретін болса, онда құрсағындағы бала әкесінің кім екенін де білмейді емес пе? Сол сияқты ер адам да ол баланың кімнен туылғанын білмейді. Сондықтан да мұндай неке – рахат табу, нәпсінің құмарын қандыру некесі болмақ. Орайы келгенде айта кетейін. Ақ неке бойынша отау құрудың жалпы шарттары мынадай:

– некенің күші ғұмыр бойына жүреді;

– отбасын құрып, бала-шағаны асырау;

– ер адам отбасының асыраушысы;

– ажырасқан жағдайда мүлік ер мен әйелге тиісінше бөлінеді;

– бала әкесінің тегімен аталады;

– ажырасқан жағдайда әйелдің құрсағында нәрестенің бар немесе жоқ екенін анықтау үшін әйел басқа адамға тұрмысқа шықпай белгілі уақыт күтеді және т.б.

Ал енді уақытша некеде адамға мұнша міндеттемелер жүктелмейді. Басқаша айтқанда, ер адамның алдында уақытша құрған отбасы үшін жауапкершілік жоқ. Келісілген ақы төленеді және уақыт белгіленеді.

Айтпақшы, өмірінің біраз уақытын «Неке» мәселесіне арнаған Шальтут есімді ғалым өзінің «Әл-Фатауа» (пәтуалар) жинағында уақытша некеге қатысты: «Әйелге бір жылда он бір еркекке тұрмысқа шығуына, ал ер адамға күн сайын басқа әйел алуына рұқсат беріп, оған ешбір отбасылық міндет жүктемейтін заң – Алланың заңы емес», – деп ойын түйіндеген.

- Соңғы сұрақ – бұл мәселеден шығудың қандай жолы бар?

- Білімсіздік - адамзаттың дұшпаны. Білімсіз адам көрінгеннің жетегінде кетеді. Жастарымыз діни мәліметтермен ақпараттанбаған, сондықтан, имандылыққа жақын тұратын дархан қазақтың ұл-қыздары аузында Алласы, арғы жағындағы пиғылы – теріс адамдардың соңынан еріп кетіп жатыр. Әрине, бұл өкінішті. «Тиісті заң шығару керек» деп айта салу оңай. Заң шығарылып, ол дереу орындалып кетіп жатса, қанекей?! «Уақытша неке дәстүрлі исламда жоқ екен», – деп арқаны кеңге салуға тағы болмайды. Имандылықты насихаттайтын «Асыл арна» сол сияқты облыс аймақтарында жүргізілетін «Жұмадағы жүздесу», «Иман айнасы» және т.б. түрлі діни бағдарламалардан, телеарналардағы теле-шоу бағдарламаларында имамдар мен мамандарды шақырып, түрлі тақырыптар бойынша діни ақпарат молынан беріліп отыруы қажет. Исламдық интернет порталдарында және ұлттық радио толқынында сұрақ-жауаптар, сұхбаттар ұйымдастырған да дұрыс шығар. Яғни, адасып жүрген азаматтарымыз дұрыс мәліметті естіп, түсінсе болғаны.

Тағы бір ескерер жайт, уақытша некеге шақырушылар көбіне өтірік тақуа көрінеді. Алланың жолында жүргендей боп, қыздарымызды еріксіз баурауы мүмкін. Әр қадамында орынды-орынсыз жаттанды аят-хадистерді жиі айтып, данагөйсиді. Амалына қарағанда сөзі көп, яғни, өзі амал қылғаннан гөрі басқаға ақыл айтқыш. Егер басқаға айтқан амалын өзі істемесе (намазын толық оқымаса, дәрет алуға немқұрайлы қараса, оразасын дұрыс тұтпаса және т.б.), оның себебін сұрасаңыз, онда дереу ақталып шыға келеді, сылтауы таусылмайды. Бойында осы сияқты қасиеттері бар адам әдетте, дінді жамылады, қасындағыларға жақсылық алып келмейді. Міне бұл сөз нағыз бүгінгі бүлікшілерге қарата айтылған сөз. Сайт оқырмандары осы нәрсенің байыбына барса деген тілегім бар.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Шарафат Рысбайқызы

алдыңғы мақала
Өсиет өлең ешқашан өлмейді
кейінгі мақала
ӘЙЕЛ ӘУРЕТІНІҢ ТОЛЫҚ ТҮСІНІГІ МЕН ҮКІМДЕРІ

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником