Біз "соңғы күндерде" өмір сүріп жатырмыз, немесе "Ақырзаманның кей белгілері болып жатыр" деген сөздерді жиі-жиі естіп келеміз. Осыған орай, біздерге, мұсылман ретінде иманның міндетті шарттарының бірі болған Ақырзаманның белгілерін дұрыс түсіну үшін, қайнар көздеріміз - Құран мен Сүннетке жүгінуіміз өте маңызды болып табылады.
Azan.kz сайтындағы бауырларымыз осы белгілерді талқылайтын кіші-кірім мақалалар топтамасының қазақ тіліндегі аудармаларын ұсынып отыр. Осы мақалалар мұсылмандарға пайдалы болады деп үміттеніп, Алладан баршамызға осындай қиын-қыстау заманда жәрдемін беріп, қолдауын сұраймыз.
Әбу Әли Ашғари
Қиямет күнінің белгілері. Қиямет қайымға иман - Әбу Әли Ашғари (1 дәріс)
Біздің заманымыз тарихтың соңғы демі – адамзат өркениетінің соңғы демі болып танылған. Үрейлі долылық күшіне енуде: философтар рухани байлық және мінез- құлықтың азғындалуын болжап жатса, саясаткерлер – әлемдегі фашистік режим жайлы айтуда, ал экономистер болса – жаһандық экономикалық дағдарысты айтуда.
Қиямет қайым бір қадам жақын тұрғанын барлығы да бір ауыздан мойындауда: құлдық дәуір кезінде құрылған елдер құлдырай бастады, ал қалғандары әлсіреп, жойылуға шақ қалып тұр.
Сондықтан да Қиямет күнінің жақын қалғанын сезіну ащы болып, үлкен-үлкен орталарды толғандыра түсуде. Біз үшін, яғни иман еткен жандар үшін адамзат тарихының аяқталуы біздің ақидамыздың әрі дүниетанымымыздың бір бөлігі.
Алла Тағала былай деген:
لَّيْسَ الْبِرَّ أَن تُوَلُّوا وُجُوهَكُمْ قِبَلَ الْمَشْرِقِ وَالْمَغْرِبِ وَلَـٰكِنَّ الْبِرَّ مَنْ آمَنَ بِاللَّـهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ
Мағынасы: «Жүздеріңді шығысқа, батысқа жөнелту бір игілік емес. Бірақ кім Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе және жақындарына, жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, қайыршыларға және құл азат етуге жақсы көре отырып, мал сарып қылса әрі намазды толық орындап, зекет берсе, өзара байласқан уәдесін орындаушы, таршылықта, қиыншылықта және соғыс кезінде сабыр етуші болса, міне солар шыншылдар әрі солар тақуалар» (Бақара сүресі, 177 аят)
Қиямет күнінің азаптары жайлы айтылған көптеген аяттар бар, оларға ешқандай да күмән жоқ.
Алайда, қазіргі таңда бүкіл әлемге американдық мәдениет кең тарап кеткендіктен мұсылмандар да Қиямет қайым жайлы әртүрлі фильмдерді көруде. Сондықтан да көпшіліктің түсінігіндегі Қиямет, заманауи масс-медианың негізінде қалыптасуда.
Мұсылмандарға батыстың режиссерлары мазақ қылып түсірген фильмдерді көруге мүлде болмайды. Дни сюжеттерді қамтыған фильмдер батыстықтар үшін «дінді ой елегінен қайта өткізіу» болса, біз үшін бұл дәлелді талап ететін ақида болып қалады.
Ал қазыр Махдидің келуі жайлы және өзге де белгілер жиі айтылуда сол себепті біз мақаламызды Қиямет күнінің белгілері жайлы Құран мен Сүннетке сәйкес, сүннет ғалымдарының түсінігінде баяндап беруден бастауды жөн көрдік.
Қиямет күніне иман және тақуалық
Біздің сеніміміздің маңызды бір бөлігі – Қиямет күніне иман келтіру.
Осы сенім ғана кез келген адамды шынай тақуа әрі көркем мінезді ете алады. Ешқандай адамның қолымен жасалған заңдары олай өзгерте алмасы анық, себебі олар жартылай ғана әділдікке құралған. Ешкім, ешқашан да қандай жағдай болмасын, әлде кімнің әділ жолмен сотталғанын немесе босатылғанын толық сеніммен айта алмайды, себебі бір адамның жүрегіндегі нәрсе өзге адамға мәлім емес, сондықтан да кемел әділдік пен ақиқат тек қана Иләһи бола алады.
Иләһи әділдік алдындағы беретін есебін ойлайтын адамның өмірі мен адами жүйені алдауға болатынын білетін адамның өмірлерінде үнемі үлкен айырмашылық байқалып тұрады. Алла Тағала Өзінің иман еткен құлдарына Өзімен кездесуге не нәрсе дайындау керектігіне былай деп кеңес береді:
وَتَزَوَّدُوا فَإِنَّ خَيْرَ الزَّادِ التَّقْوَىٰ
Мағынасы: «...Және азық алыңдар. Негізінде азықтың жақсысы тақуалық. «Әй ақыл иелері! Менен ғана қорқыңдар» (Бақара сүресі, 197 аят)
Сондықтан да имам Ғазали өзінің көптеген еңбектерінде өзімен бірге мәңгілікке алып кету үшін сауапты амалдар жинаған адам ғана ақылды деп жазады.
Есеп күніне сенбейтін адамдар осы өмірге байланып, оны ұзартқылары келеді, олар жайлы Алла Тағала былай деп айтқан:
قَالُوا إِنْ هِيَ إِلَّا حَيَاتُنَا الدُّنْيَا وَمَا نَحْنُ بِمَبْعُوثِينَ
Мағынасы: «Олар: «Дүние тіршілігімізден басқа ешбір өмір жоқ. Тағы бір қайта тірілуші емеспіз» деді» (Әнғам сүресі, 29 аят)
Осылайша олар өзгелерді тонап әрі өзге халықтарды құрту арқылы дүние жинап жатқандарын екіжүзділікпен «әділдік» деп атауда.
Және де, Алла Тағала бұл адамдар жайында былай дейді:
وَلَتَجِدَنَّهُمْ أَحْرَصَ النَّاسِ عَلَىٰ حَيَاةٍ وَمِنَ الَّذِينَ أَشْرَكُوا ۚ يَوَدُّ أَحَدُهُمْ لَوْ يُعَمَّرُ أَلْفَ سَنَةٍ وَمَا هُوَ بِمُزَحْزِحِهِ مِنَ الْعَذَابِ أَن يُعَمَّرَ ۗ وَاللَّـهُ بَصِيرٌ بِمَا يَعْمَلُونَ
Мағынасы: «Яһудилердің жалпы адамдардан да мүшріктерден де тіршілікке (ұзын өмірге) тым құмар екенін көресің. Олардың әрбіреуі мың жыл өмір сүруді арман етеді. Алайда, өмір оны азаптан арашаламайды. Алла олардың істегендерін толық көруші» (Бақара сүресі, 96 аят).
Бұл жағдай біздің заманымызда да орын алып отырғанын көреміз және де, әртүрлі ойшылдар Қиямет күініне иманды өздерін үмітпен алдаусырататын әлсіздер мен ғаріп жандарға қысым көрсетушілер ақырғы өмірде жазаға тартылады деп шығаруда. Бірақ асылында, олардың мұсылмандарды мазақтаулары – өздері істеген қылмыстары мен көрсеткен қысымдарынан туған қорқыныштың жасырын түрі.
Қиямет қайымның белгілерінің біздің заманымызда да көрініс табуының мәні- Ақыреттің мәңгілік екендігіне бір дәлел. Белгілерін көре тұрса да сенбей, жоққа шығарушылар көп болса да, бұл анық белгілер.
Әбу Әли әл-Әшғари
____________________
Орыс тілінен аударған Azan.kz
Annisa-today.ru
Жақында Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінде ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкіл имамы Асылхан қажы Түсіпбектің төрағалық етуімен жиын болып өтті. Оған аудандар мен қалалардың бас имамдары қатысты.
Өткен жыл өңірдегі мешіт имамдары мен дін қызметкерлері үшін жемісті болды. Облыста шәкірт дайындау, діни мерекелерді тиісті деңгейде ұйымдастыру және басқа да тындырылған жұмыстар аз емес.
Әрине, бұл атқарылған істерді облыстың бас имамы өз сөзінде жан-жақты айтып өтті. Бұл басқосуда үстіміздегі жылы жүзеге асырылатын жұмыс жоспарлары айқындалды. Осы арада сөзіміз нақты болу үшін соның бірқатарына тоқтала кетелік.
Мәселен, биыл облыстағы барлық мешіттердің жанындағы сауат ашу курстары барынша жанданады. Онда жауапты адамдар бекітіліп, әрбір апта сайын есеп беріп тұрады. Сондай-ақ имамдар қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырып, көмекке мұқтаж жандарға тұрақты түрде қол ұшын беру секілді ізгі мақсаттағы жұмыстар жалғасын таба береді.
Сонымен қатар имамдардың алдында тұрған үлкен ауқымды міндет яғни ислам дініне зардабын тигізетін теріс ағымдардың алдын алу, экстремизмге тосқауыл қою секілді маңызды жұмыстарды атқару жайы да нақтыланды.
Дін қайраткерлері де салауатты өмір салтына бұрынғыша ерекше көңіл бөледі. Осы игі мақсатта түрлі ойындар ұйымдастырып, бұқара арасында насихат жұмыстары күшейтіледі. ҚМДБ-ның барлық аймақтардағы өкілдіктердің алдына қойған үлкен мақсаттарыдың бірегейі - шәкірт дайындау болып табылады.
Сол себептен еліміздегі діни медреселер мен Нұр-Мубарак ислам мәдениеті университетіне барлық аудандар мен қалалардан талапты шәкірттерді оқыту да дәстүрге айналады.
Көпшілікке мәлім, халықпен жұмыс істеу де имамдардан біліктілікті, жоғары мәдениетті, іскерлікті қажет ететіндігі даусыз. Сондықтан әрбір мешіттерге келіп түскен азаматтардың хаттарына мүмкіндігінше толыққанды жауап беру басты назарда ұсталады.
Жастар біздің болашағымыз. Сондықтан аудандар мен қалалардағы әкімдіктердің ішкі саясат бөлімдерімен үгіт-насихат жұмыстарын жандандырып, жігіттер мен қыздарды имандылыққа, Отанды сүюге, патриоттыққа шақыру жолында тың ізденістер жасай беретін болады.
Қазіргі таңда имамдар еліміздің Бас мүфтиі талап етіп отырғандай, әдеп пен парасаттылықты жоғары қойып, қалың жұртшылықты имандылыққа, ізгілікке баулу мақсатында ай сайын ғибратқа толы мақала жазу да жүктелді.
Қой жылы қазақ халқы үшін берекелі жыл болатындығына нық сенімдіміз. Дін
қайраткерлері мешіттерде Мәуліт меркесін жоғары деңгейде ұйымдастырып, дініміз бен дәстүрімізге айрықша назар аудара береді деген үміттемін, - дейді ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкіл имамы Асылхан қажы Түсіпбек бізбен болған әңгімесінде.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің бас имамы Азамат Мырзақанов жалпы ислам дінін насихаттау мақсатында қыруар жұмыстар атқарып жатыр.
Осы сөзіміз нақты болу үшін деректер мен дәйектер келтіре кетелік. Жақында ол Затобол кентіндегі Қостанай облыстық наркологиялық диспансерінің бөлімшесінде болып, ондағы маскүнемдіктен емделіп жатқан аурулар арасында өзекті тақырыпқа әңгіме өткізді.
Жалпы ішімдік атадан қалған ас емес екендігі белгілі. Сондықтан Азамат Серікбайұлы бұл жүздесуде маскүнемдіктің зияндығы және ислам дінінің кез-келген азаматты ізгілікке тәрбиелеудегі алатын орнына жан-жақты тоқталды.
Аталмыш мешіт қызметкерлері алдағы уақытта қандастарымызды жаман әдеттерден жирендіретін өзекті тақырыптарда кездесулер өткізе бермек.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметкерлері
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының делегациясы 7 қаңтар күні Анкара қаласына келіп жетті. Анкара қаласында Түркия Республикасы Дін істері басқарма басшының орынбасары Кемал Иылмаздың қабылдауында болып, екі ел арасындағы оқу-ағарту саласындағы маңызды мәселелерді талқылады. Кемал мырза Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің соңғы съезіне қатысқандығын, қазақ елінің қазіргі таңдағы қарқынды дамуы мен прогрессивті қадамдарына қызыға қарайтындығын, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевты әлемдік деңгейде айрықша беделді саясаткер, түркі дүниесінің жетекшісі, рухани көшбасышысы санайтынын жеткізді. Ол дін саласындағы кез-келген ортақ істерді бірлесіп шешуге дайын екендігін айтты. Сонымен қатар, делегация мүшелері Түркия Диянат істерінің Сыртқы істер бөлімінің директоры профессор Халифе Кескин мырзамен кездесті. Ол дүние жүзіндегі мұсылман елдеріне жасап жатқан көмектері мен Еуропа елдеріне екі мың мешіт салдырып, әлемнің түкпір-түкпіріне дін қызметкерлерін жіберіп жатқандығы туралы кеңінен әңгімеледі. Сөз орайында Түркістан қаласында салынып жатқан үлкен мешіттің құрылысы аяқталып, көктемде екі ел басшыларының қатысуымен ашылуын тағатсыздана күтіп отырғандықтарын айтты. Делегация мүшелері Түркиядағы Құран басып шығару ісіне жауапты арнайы комиссия жетекшісімен кездесіп, жұмыстарымен танысты.
Түстен кейін Анкара университеті Илахият факультетінің басшылары және ғалымдарымен кездесулер өтті. Кездесу барысында, университет басшылары екі ел университеттерінің арасында тығыз қарым-қатынас орнатуға қызығушылықтарын білдіріп, ғылыми салада ортақ жобалар мен халықаралық конференцияларға ғылыми тұрғыдан қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді. ҚМДБ-ның үстіміздегі жылды «Имам Ағзам Әбу Ханифа жылы» ретінде жариялағанынан хабардар екендіктерін, оның өте орынды қадам екендігін, сол арқылы күллі мұсылман түркі жұртшылығына ортақ діни құндылықтарды кең насихаттауға үлкен күш салу керектігін, сол салада да көмектесуге дайын екендіктерін жеткізді.
Іс-сапар барысында ТР Премьер-Министрлігіне қарайтын «Шет елдердегі түріктер және туысқан халықтар басқармасының» мәдени және қоғамдық қатынастар департаменті бөлімінің бастығы Мурат Гүрбузбен кездесу өтті. Ол жылына Қазақстаннан өтініш білдірген жүз отыздай студентті Түркияның алдыңғы қатарлы университеттеріне орналастырып, оларға стипендия тағайындайтындықтарын жеткізді. Магистратура және докторантурада оқитындарға да стипендия беретіндіктерін айтты. Делгация мүшелері еліміздің дін саласында оқимын деген жастарға көбірек гранттар бөлініп, қолғабыс ету туралы ұсыныс айтты. Мурат Гүрбуз бұл ұсынысты қуана қолдайтындықтарын жеткізіп, тек қана студент, магистрант, докторанттар ғана емес, Нұр-Мүбарак университеті мен медреселердегі білікті ұстаздар мен дін саласындағы ғылыми зерттеулерді қолдауға қатысты көптеген жобалардың бар екенін де айрықша атап өтті.
muftyat.kz
– Қайрат мырза, рухани кемелденудің тағы бір жолы «зікір салу» деп жататындар да бар. Бұған дінімізде дәлел бар ма?
– Зікір сөзі «еске алу», «еске түсіру» деген мағынаны білдіреді. Құранның «Сөзсіз біз Зікірді (Құранды) түсірдік. Біз оны өзіміз сақтаймыз» («Хижр» сүресі, 9-аят) аятында зікір сөзі «Құран» мағынасында қолданылса, «Уа, иман келтіргендер! Жұма күні намазға азан шақырылғанда (намаз және құтпа арқылы) Алланы зікір етуге асығыңдар!» («Жұма» сүресі, 9-аят) аятында «жұма намазы» мағынасында келген. Сондай-ақ, «Білмесеңдер онда зікір (білім) иелерінен сұраңдар» («Әнбия» сүресі, 7-аят) делінген аятта «білім» мағынасында қолданылған. Ал Құранның көпшілік аяттарында «зікір» сөзі «субханаллаһ», «Әлхамдулиллаһ», «Лә иләһа иллаллаһ» сияқты зікірлерді айтуды білдірген.
Мысалы, «Намаздарыңды өтегеннен кейін Алланы тұрып та, отырып та, жантайып та зікір етіңдер»-деді(«Ниса» сүресі, 103-аят), «Уа, иман келтіргендер! Алланы көп зікір етіңдер! Оны ертелі кеш кемшіліктен пәктеңдер!» («Ахзаб» сүресі, 41-42 аят), «Аллаға иман келтіргендер және Алланы зікір етумен жүректері жай тапқандар. Біліп қойыңдар жүректер тек Алланы зікір етумен жай табады»(«Әр-рағд» сүресі, 28-аят), «Ертелі кеш Раббыңның атын зікір ет!» («Али Ғимран» сүресі, 41-аят), «Алланы көп зікір еткен ерлер мен әйелдерге Алла Тағала өзінің кешірімі мен үлкен сый әзірледі»(«Ахзаб» сүресі, 35-аят) тәрізді көптеген аяттарды келтіруге болады. Зікір мағынасында келген басқа да аяттар жетерлік.
Сондай-ақ, Алла елшісінің зікірдің артықшылығы мен сауабының мол екенін білдірген хадистері де өте көп. Мысалы, Әбу Мұса әл-Ашғаридан риуаят етілген хадисте Алла елшісі былай дейді: «Раббысын үнемі зікір ететін адам мен зікір етпейтіннің мысалы тірі мен өліге ұқсайды» (Бұхари).
Әбу Һурайрадан риуаят етілген құдси хадисте Алла елшісі: «Алла Тағала былай дейді: Мен Мені зікір етіп, екі ерні қимылдағанмен біргемін» – дейді.
Әнас ибн Мәліктен риуаят етілген тағы бір хадисте Алла елшісі былай деді: «Егер жұмақ бақтарының бірінің жанынан өтсеңдер пайдаланып қалыңдар». Сонда сахабалары: «Уа, Алланың елшісі жұмақтың бақтары» деп нені меңзедіңіз?» – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.у.): «Зікір алқалары» деп жауап берді» (әт-Тирмизи). Хадис дәрежесі «хасан».
Әбу һурайрадан риуаят етілген құдси хадисте Алла елшісі (с.а.у.) Алла Тағаланың былай дегенін айтты: «Мені құлым қалай ойласа, мені солай табады. Мені ол зікір етсе мен де оны ескеремін. Егер ол мені іштей есіне алып зікір етсе, Мен де оны іштей ескеремін. Егер мені көпшіліктің алдында еске алып зікір етсе, Мен де оны одан да қайырлы көпшіліктің құзырында ескеремін. Егер ол маған бір қарыс жақындаса, Мен оған шынтақ көлемінде жақындаймын. Ал маған шынтақ көлемінде жақындаса, Мен оған құлаш көлемінде жақындаймын. Егер ол маған жүріп келсе, Мен оған желіп келемін» (Бұхари және Мұслим).
Әнас ибн Мәлік Алла елшісінің (с.а.у.): «Қандай да бір қауым тек қана Алланың ризашылығын қалап, Алланы зікір етуге жиналатын болса, аспаннан бір шақырушы «Күнәларың кешірілген күйде орындарыңнан тұрыңдар. Алла сендердің жаманшылықтарыңды ізгілікке айналдырды» деп үн қатады», – дегенін жеткізді.
Бұхари және Мұслимде Әбу Һурайра Алла елшісінен (с.а.у.) мынандай хадис риуаят етті: «Жолдарды айналып зікір иелерін іздеп жүретін Алланың періштелері бар. Егер олар Алланы зікір етіп отырған бір қауымды кездестіретін болса, «мында қажеттеріңе келіңдер», – деп бір-бірін әлгі жерге шақырады. Сөйтіп олар дүние аспанына дейін оларды қанаттарымен қоршап жауып тұрады. Алла тағала зікір етіп отырғандардың жағдайын періштелерден де жақсы біле тұра олардан: Құлдарым не деп жатыр? – деп сұрайды. Періштелер: Олар сені (субханаллаһ деп) пәктеп, (Аллаһу әкбар деп) ұлықтап, саған (Алхамдулиллаһ деп) мадақ айтып, Сені дәріптеп жатыр (тәмжиид), – дейді. Сонда Алла Тағала: Олар мені көріп пе еді? Періштелер: Уаллаһи, олар Сені көрген жоқ. Алла Тағала: Мені көрсе, қалай болар еді? Періштелер: Егер Сені көргенде олардың саған деген құлшылықтары, саған мадақ айтулары, сені пәктеулері бұдан да арта түсер еді. Алла Тағала: Олар менен не тілейді? Періштелер: Олар жұмақты сұрайды. Алла Тағала: Олар жұмақты көріп пе еді? Періштелер: Жоқ, Уаллаһи, уа Раббымыз! Олар оны көрген жоқ. Алла Тағала: Ал енді көрсе, қалай болар еді? Періштелер: Егер олар оны көргенде, бұдан да ынтық, бұдан да талапты болар еді. Алла Тағала: олар неден сақтанады? Періштелер: Тозақта отқа түспеуді, содан аман қалуды сұрайды? Алла Тағала: Олар оны көрді ме? Періштелер: Уаллаһи, олар оны көрген жоқ. Алла Тағала: Ал олар оны көрсе қалай болар еді? Періштелер: Олар отты көргенде бұдан да көбірек қашып, бұдан да артық қорыққан болар еді. Алла Тағала: Сендерді куәгер етейін, Мен олардың бар күнәларын кештім. Сонда періштелерден бір періште: Іштеріде пәленше олардан емес, тек өзінің бір қажеті үшін келген еді, – дейді. Алла Тағала: Олар сондай бір қауым олармен (қандай ниетпен болса да) бірге отырған адам ешқашан бақытсыз болмақ емес, (сондықтан оны да кештім), – дейді» (Бұхари және Мұслим).
Байқағанымыздай тілмен айтылатын зікірдің сауаптылығы мен пайдаларын білдіріп келген аяттар мен хадистер өте көп. Олардан Алланы тек оймен еске алуды, Алла жайлы әңгіме-уағыз айтуды, Құран оқуды ғана түсінуге ешқандай негіз жоқ. Әсіресе, дәлел ретінде келтірілген Бұхари мен Мұслимде кездесетін соңғы хадисте зікірдің «субханаллаһ», «әлхамдулиллаһ», «Аллаһу әкбар» секілді қалыптары анық айтылған, тіпті жалғыз емес, жамағатпен де жасалатындығы нақты көрсетілген.
– Зікірдің шариғатта бар екенін нақты дәлелдерден байқадық. Ал енді сопылық жолдағы зікірдің алар орнын, маңыздылығын айта кетсеңіз... Зікірдің адамға қандай пайдасы бар? Жамағатпен яки алқа түрінде зікір салу жайлы сіздің пікіріңіз қандай?
– Зікір айту сопылық тариқаттарды былай қойғанда, әрбір қарапайым мұсылманның күнделікті өмірінде әдетке айналдыруы тиіс өте сауапты амал. Барлық сопылық тариқаттарда жүректі тазалап, рухани кемелденудің негізі ретінде зікір айту кеңінен қолданылады.
Себебі, зікір әрдайым кісінің Алламен байланысын жаңартып, тіл мен жүрегін зікірдегі мағынаға біріктіреді. Тілімен айтылған мағынаны жүрегіне, тұтас бойына сіңдіреді. Жүректі жұмсартып, оны қараюдан сақтайды. Кісіні құлшылыққа ынталандырып, сергітеді. Материялық дүниенің қыспағында қалған жүректі азат етіп, көкірек көздің ашылуына ықпал жасайды. Әрине, айтылатын зікірдің мән-мағынасын білудің аса қажет екені айтпаса да түсінікті.
Имам Әбул-Қасим әл-Қушайри зікірдің маңыздылығы жайлы: «Зікір – Субаханаһу уа Тағалаға жүретін жолдың ең мықты ұстыны, ең бекем тірегі. Аллаға тек әрдайым зікір айтумен ғана ұласуға болады», –деген.
Ал Ибн Аббас (Алла одан разы болсын!): «Алла Тағала зікірден тыс қандай ғибадатты парыз еткен болса, оның белгілі бір мөлшері мен шегін қойды. Сосын үзір жағдайында үзір иелеріне жеңілдік берді. Ал зікір болса, оның белгілі бір мөлшері мен шекарасы жоқ. Ақылдан алжасудан тыс кез-келген үзір жағдайында үзір иелеріне ешқандай жеңілдік берген жоқ. Барлық жағдайда зікір етуді бұйырды. Алла Тағала: «Алла Тағаланы тұрып та, отырып та, жантайып та зікір етіңдер»-деді. Сосын Алла Тағала: «Уа, иман келтіргендер! Алланы көп зікір етіңдер! Оны ертелі кеш (сұбханаллаһ деп) пәктеңдер!»(«Ахзаб» сүресі, 41-42 аят) – деген. Яғни, түнде де күдіз де, жерде де суда да, сапарда да жай уақытта да, молшылықта да, таршылықта да, сау кезде де, ауру жағдайында да, жасырын да, жария да, жалпы барлық жағдайда Алланы зікір етіңдер», – деген.
Ибн Қайм әл-Жәузи былай дейді: «Мыс пен күміс және өзге де заттардың тот басатыны секілді жүректі де тот басады. Ал оның тоты зікірмен тазарып, аппақ айнадай жарқырайды. Жүректің тот басуы зікірді тастау және күнә істеумен болады. Ал оның тазаруы зікір және истиғфармен (кешірім тілеу) жүзеге асады. Ал кімнің зікірсіз, ғафыл өткен уақыты көбірек болса, жүрегі де үсті-үстіне тот баса береді. Яғни, жүрегінің тот басу деңгейі зікірсіздігі мен ғафылдығына қарай болады. Ал кімнің жүрегі тоттанса, жүрек айнасында ақиқаттар өз бейнесінде көрінбейді. Сөйтіп иесі дұрыс емес нәрсені ақиқат бейнесінде, ал ақиқатты бұрыс кейіпте көре бастайды. Өйткені, жүрек тоттанған сайын тоттанып, қараюы қалыңдай түссе, жүрек айнасы ақиқаттарды өз бейнесінде көрсетпейтін болады. Тоттану қалыңдаған сайын жүрек қараяды. Ал ондай жүректің қабылдау түйсігі бұзылады. Нәтижесінде ақиқатты мүлдем қабылдамайтын, ал жаманға ешқашан қарсы шықпайтын ауруға шалдығады. Міне, бұл жүрекке берілген ең үлкен жаза».
– Зікірдің «жария зікір» және «құпия зікір», яғни іштей зікір деген түрлері барын білеміз. Осының қайсы абзал?
– Зікір дауыстап та, іштей де айтыла береді. Қадария, Шәзилия секілді тариқаттар жария айтуды көбірек қолданса, Нақшыбандилер іштей айтуды таңдаған. Бұхаридың жинағында келген риуаяттан Алла елшісінің (с.а.у.) заманында да зікірді дауыстап айтудың бар екеніне куә боламыз. Ибн Аббастан жеткен хадисте: «Адамдардың парыз намаздарын бітіргеннен кейін зікірді дауыстап айтуы – Алла елшісінің заманында бар болатын. Ибн Аббас «Мен дауыстап айтылған зікірді естіген сәтте олардың намаздарын тәмамдағандықтарын білетінмін» – деді» (Бұхари).
Әсілінде зікірдің жария яки іштей айтылуы адамдардың табиғаты мен мінезіне, әртүрлі жағдайға байлынысты да өзгеріп отырады. Мәшһүр ханафи ғалымы Ибн Абидин өзінің «хашиясында» бұл жайлы былай дейді: «Құранды жария да, іштей де оқуды білдіріп келген хадистер тәрізді зікірді жария да, іштей де айтуды қажет ететін хадистерді бір-бірімен сабақтастырып түсінуге болады. Егер жария зікір ету риядан (көзбояшылықтан) сау болса немесе басқа намаз оқып тұрғандарға бөгет жасамайтын әрі ұйықтап жатқандардың мазасын алмайтын болса, онда жария зікір «құпия зікір ету – зікірдің ең қайырлысы» деген хадиске қайшы келмейді. Кейбір ғалымдар жария зікірдің абзалдығын айтқан. Өйткені, жария зікірде амал көбірек болады. Сондай-ақ оның пайдасы тыңдаушыларға да тиеді. Зікір айтушының жүрегін оятады әрі ерік-жігерін белгілі бір пікірге шоғырландырып, ойын айтылған мағынаны тыңдауға бұрады. Ұйқысын оятып, белсенділігін арттырады».
Имам ән-Науауи: «Зікір жүрекпен болатыны секілді тілмен де болады. Ең абзалы зікірдің жүрекпен әрі тілмен бірге болғаны. Егер екеуінің біреуімен ғана жасайтын болса, онда жүрекпен жасалған зікір абзал болады. Сосын риядан қорқып, тілмен зікір айтуды тастауға болмайды. Тілмен де, жүрекпен де айтқан дұрыс. Әрине бұлардың бәрінде тек Алланың ризашылығын мақсат ету ләзім».
– Сопылық тариқаттарда «мына зікірді күніне 100 рет, ал мынаны 1000» рет айту қажет деп кейбір зікірлерді санмен белгілеп, мүридтерді міндеттеп жатады. Зікірді белгілі бір санмен белгілеп, айтқызудың шариғатта негізі бар ма?
– Намаз соңындағы 33 рет «субханаллаһ», 33 рет «әлхамдулиллаһ», 33 рет «Аллаһу әкбар» деп белгілі бір мөлшерде тәспі тартудың сауаптылығын айтқан хадистен көпшілігіміз хабардармыз. Бұдан өзге де зікірлерді белгілі бір мөлшермен не санмен айту Алла елшісінің бірқатар хадистерінде білдірілген. Мысалы, Әбу Һурайрадан риуаят етілген хадисте Алла Елшісі (с.а.у.) былай дейді: «Кімде-кім «Лә иләһә иллаллаһу уахдаһу ләә шариика ләһ, ләһул-мулку уә ләһул-хамду уа һуа ъала кулли шаийн қадиир» деп күнде 100 мәртеден қайталап айтатын болса, оған жүз құлды азат еткеннің сауабы және жүз жақсылық жазылады. Жүз жаманшылығы өшіріліп, сол күні кеш батқанға дейін шайтанның кесірінен аман болады. Осыны артығымен жасаған адамнан тыс ешбір адам бұдан артық амал жасай алмайды» (Бұхари және Мұслим), – деді. Бұл хадисте аталған дұғаны 100 мәрте айту меже ретінде көрсетілсе де, бұл мөлшерден асырып айтуға еш бөгет жоқ, тіпті сауап. Хадис соңындағы «Осыны артығымен жасаған адамнан тыс ешбір адам бұдан артық амал жасай алмайды» делінген сөйлемнен осыны аңғаруға болады.
Алла елшісі (с.а.у.): «Ей иман келтіргендер Аллаға тәуба етіңдер. Мен күніне жүз мәрте истиғфар айтамын», – деп өзінің де бір зікір-дұғаны белгілі мөлшерде айтатындығын меңзеген.
Басқа бір хадисте Хақ елшісі (с.а.у.): «Күніне мың жақсылық жасауға сендердің шамаларың келе ме? Бірге отырғандардың біреуі: «Біз қалай мың жақсылық жинай аламыз?» - деді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жүз рет Алланы (сұбханаллаһ деп) пәктейтін болса, оған мың жақсылық жазылады немесе мың қатесі өшіріледі» (Мұслим) –деген.
Тағы бір хадисте: «Кімде кім жүз рет «Субханаллаһи уа бихамдиһи» деп айтатын болса, оның теңіздің көбігіндей қателері болса да кешіріледі» (Мұслим), – делінген.
Хадис жинақтарында жоғарыда мысал ретінде келтірілген дұға-зікірлерден тыс Алла елшінің басқа да түрлі дұғаларды белгілі мөлшерде айтуға шақырған хадистері жеткілікті. Алла елшісінің (с.ғ.с.) әр жағдайларда айтқан, сауаптылығын көрсетіп айтып жүруге шақырған барлық дұға-зікір, мүнәжаттарды, салауаттарды бір күнде яки белгілі бір уақытта толықтай қамтып айту мүмкін емес. Сондықтан, әркім өзінің рухани қажетіне, білім деңгейі мен жағдайына қарай сол дұға-зікір, салауаттардан таңдап, өзінің күнделікті оқитын «уирдине» айналдырғаны жақсы. Белгілі бір уақыттан кейін мүмкіндігіне қарай ауыстырып отырғаны да дұрыс.
Кәміл мүршид әр мүридтің жеке жағдайына, рухани деңгейіне, тіпті мінез-табиғатына, бағындырған мақамдарына, рухани күйіне қарай дұға-зікір, салауат түрлерін және олардың мөлшерін белгілеп отырады. Мүридтің деңгейі көтерілген сайын мөлшерін көбейтіп немесе ауыстырып отырады.
Кісі белгілі бір зікірді көп мөлшерде тілмен қайталап айту арқылы мағынасын жүрекке орнықтырып, табиғатына сіңіреді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Келесі сұхбаттардан оқитындарыңыз:
– Пірге қол беруді қалай түсінеміз?
– Нәпсінің дәрежелері қандай?
– «Әулие» деп кімді айтамыз?
– Әулиелердің кереметі.
– Қайрат Жолдыбайұлының өзі қай тариқатта?
Сұхбаттасқан Салтан САЙРАНҰЛЫ.