Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының делегациясы 7 қаңтар күні Анкара қаласына келіп жетті. Анкара қаласында Түркия Республикасы Дін істері басқарма басшының орынбасары Кемал Иылмаздың қабылдауында болып, екі ел арасындағы оқу-ағарту саласындағы маңызды мәселелерді талқылады. Кемал мырза Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің соңғы съезіне қатысқандығын, қазақ елінің қазіргі таңдағы қарқынды дамуы мен прогрессивті қадамдарына қызыға қарайтындығын, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевты әлемдік деңгейде айрықша беделді саясаткер, түркі дүниесінің жетекшісі, рухани көшбасышысы санайтынын жеткізді. Ол дін саласындағы кез-келген ортақ істерді бірлесіп шешуге дайын екендігін айтты. Сонымен қатар, делегация мүшелері Түркия Диянат істерінің Сыртқы істер бөлімінің директоры профессор Халифе Кескин мырзамен кездесті. Ол дүние жүзіндегі мұсылман елдеріне жасап жатқан көмектері мен Еуропа елдеріне екі мың мешіт салдырып, әлемнің түкпір-түкпіріне дін қызметкерлерін жіберіп жатқандығы туралы кеңінен әңгімеледі. Сөз орайында Түркістан қаласында салынып жатқан үлкен мешіттің құрылысы аяқталып, көктемде екі ел басшыларының қатысуымен ашылуын тағатсыздана күтіп отырғандықтарын айтты. Делегация мүшелері Түркиядағы Құран басып шығару ісіне жауапты арнайы комиссия жетекшісімен кездесіп, жұмыстарымен танысты.
Түстен кейін Анкара университеті Илахият факультетінің басшылары және ғалымдарымен кездесулер өтті. Кездесу барысында, университет басшылары екі ел университеттерінің арасында тығыз қарым-қатынас орнатуға қызығушылықтарын білдіріп, ғылыми салада ортақ жобалар мен халықаралық конференцияларға ғылыми тұрғыдан қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді. ҚМДБ-ның үстіміздегі жылды «Имам Ағзам Әбу Ханифа жылы» ретінде жариялағанынан хабардар екендіктерін, оның өте орынды қадам екендігін, сол арқылы күллі мұсылман түркі жұртшылығына ортақ діни құндылықтарды кең насихаттауға үлкен күш салу керектігін, сол салада да көмектесуге дайын екендіктерін жеткізді.
Іс-сапар барысында ТР Премьер-Министрлігіне қарайтын «Шет елдердегі түріктер және туысқан халықтар басқармасының» мәдени және қоғамдық қатынастар департаменті бөлімінің бастығы Мурат Гүрбузбен кездесу өтті. Ол жылына Қазақстаннан өтініш білдірген жүз отыздай студентті Түркияның алдыңғы қатарлы университеттеріне орналастырып, оларға стипендия тағайындайтындықтарын жеткізді. Магистратура және докторантурада оқитындарға да стипендия беретіндіктерін айтты. Делгация мүшелері еліміздің дін саласында оқимын деген жастарға көбірек гранттар бөлініп, қолғабыс ету туралы ұсыныс айтты. Мурат Гүрбуз бұл ұсынысты қуана қолдайтындықтарын жеткізіп, тек қана студент, магистрант, докторанттар ғана емес, Нұр-Мүбарак университеті мен медреселердегі білікті ұстаздар мен дін саласындағы ғылыми зерттеулерді қолдауға қатысты көптеген жобалардың бар екенін де айрықша атап өтті.
muftyat.kz