Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри
Жаңалықтар

– Қайрат Жолдыбайұлы, өткендегі әңгімемізді әрмен қарай сабақтастырсақ. Сопылық жолдың негізгі ұстындары мен тәрбие тәсілдерін түсіндіріп берсеңіз? Сондай-ақ, адам сопылық жолмен жүру үшін нені ескеруі керек?

– Тариқатқа кіріп, рухани жолаушылыққа ілесу үшін ең әуелі мүрид те шариғатты жақсы білуі тиіс. Сопылықтың мақсаты діннің талаптарын жоғары деңгейде орындату болғандықтан, рухани кемелденуді мақсат еткен әрбір мүрид, шәкірт бірінші кезекте шариғат білімімен сусындаған болуы керек.

Әзірет Сұлтан шариғатсыз тариқаттың болмайтындығын, тариқаттың бар мәселесі шариғатсыз шешілмейтідігін, тариқатқа кірудің алғышарты – шариғат білімі екенін айрықша атап көрсеткен:

«Айтпақ үшін тариқаттың ең талаптарын,
Әуел қадам шариғатқа қоймақ керек.
Шариғаттың шешімдерін тауысқан соң,
Содан кейін, сол шешімді қылмақ керек.

Шариғатсыз шешім болмас Тариқатта,
Тариқатсыз шешілмейді Хақиқат та.
Үшбу жолдар айқындалар шариғатта,
Барлығын да шариғаттан білмек керек.

Әбу Бәкір Кердері де өз кезегінде сопылық жолдың ауыр екенін, сопы болу үшін, ең әуелі, көп оқыған ғалым болу қажеттігін қадап айтқан:

«Сопылық жол ауыр жол,
Ұстансаң оны тәуір жол.
Ұстансаң егер сопылық,
Оқығаны көп ғалым бол».

Шариғатты білмеген адам тариқатқа кірсе, орта жолда шатасып, жарты жолда жалығып, аяғында адасып кетуі, шайтанның ермегіне айналуы бек мүмкін.

Тариқат шейхтары өзіне рухани ем қабылдап, ақиқатқа сапар шегуге тас түйін келген мүридтерінің әр қайсысының жеке жағдайына, табиғи мінезіне, бойындағы аурына қарай Алла елшісінің мыңдаған хадистері мен шариғат қағидалары ішінен оған қажетті дәрісін тауып емдеуге тырысады. Міне, осылайша дәруіштің қолынан ұстап, ақиқат межесіне қарай рухани сапарға жол бастайды.

– Сөзіңізден ұққанымыз, сопылық жол, ең әуелі, шариғатты білуге міндеттейді, яғни, шариғатсыз тариқат жоқ. Одан кейінгі маңызды мәселе не? Мәселен, нәпсі тәрбиесі үшін қандай да бір басып өтуі тиіс негізгі сатылары бар ма? Ондай мәселелер тасаууфта жіліктеліп көрсетілген бе?

– Жалпы әр тариқаттың рухани тәрбиеде қолданатын өзіндік ерекшеліктері болуымен қатар, барлығына бірдей ортақ қағида, тәсілдері бар. Соларды аз-кем тарқатып түсіндіріп кетейін.

Алғашқы кезекте рух кемелденуінің, нәпсі тәрбиесінің маңызды тетігі саналатын мына төрт нәрсеге тоқталайық. Бұл төрт нәрсе де ойдан шығарылған бидғат емес. Бұлардың барлығы Құранның қағидаларына сай, Алла елшісінің сүннетінен алынған. Мүрид бұл төртеуін күнделікті өмірінде басты қағида етіп алуы тиіс. Бұлардың біреуі ақсаса, мүридтің рухани кемелденуіне кедергі келтіреді.

– Иә, ол қандай төрт қағида екен?

– Біріншісі, «қиллатут-тағам» – аз тамақ жеу. Екіншісі, «қиллатул-манам» – аз ұйықтау. Үшіншісі, қиллатул-калам» – аз сөйлеу, төртіншісі, «ъузлату ъанил-анаам» – оңашалану.

Бұл аталған төртеуі де Алла елшісінің (с.а.у.) хадистерінде ерекше аталып, өмірінде айрықша көрініс тапқан ұстанымдар.

«Қиллатут-тағаам» – аз тамақ жеу. Тәнге қажет мөлшерде ғана қоректенуге, артық тамақтан бас тартуға қатысты Алла елшісі (с.а.у.): «Адам ұрпағының ең жаман ыдысы – ол тоя тамақ ішкен қарын. Адам баласына денесін көтеріп жүруге қажет азын-аулақ (бірнеше асам) тамақ жеткілікті. Ал міндетті түрде жейтін болса, онда асқазанының үштен бірін – тамаққа, келесі үштен бірін – суға, ал қалған үштен бірін ауаға арнасын», – деген.

Айша (р.а.) анамыз жеткізген бір хадисінде: «Алла елшісі Мәдинаға көшіп келгеннен бақилық болғанға дейін оның (с.а.у.) жанұясы үш күн қатарынан тойып тамақ ішкен емес», – деп қарын тойдыра тамақ ішпеу Алла елшісінің берік сүннеті екендігін білдірген.

Алғашқы мәшһүр сопылардың бірі болған Ибраһим ибн Әдһам: «Кімде-кім асқазанына кіретін тағамды қадағалай алса, өз діндарлығын да қолға алған болады. Асқазанына артық тамақ кіргізбеген адам көркем мінезге иелік етеді. Қарны тоймай жүрген кісі Аллаға асылық қылудан аулақ жүрсе, қарны тоқ кісі бұған жақын жүреді», – деген.

Алла Елшісі (с.а.у.) басқа бір хадисінде: «Үмбетім үшін ең қатты уайымдайтын нәрсе – қарын шығару, артық тамақ жеу, көп ұйқы және түйсік-танымның таяздығы», – деген. Бұл хадисте айтылған кеселдің бәрі артық тамақ жеуден туындайды. Себебі, тән қажетінен артық ас адамды жалқаулыққа, көп ұйқыға мәжбүр етеді. Тіпті, күніне бірнеше мәрте артық ас ішіп, оны қайта-қайта сыртқа шығару шамадан тыс уақытыңды алғандықтан, уақыт ысырабына жол ашады. Мидың сергек әрі дұрыс жұмыс жасауына қажет глюкоза ас қорытуға жұмылдырылғандықтан мидың жұмысы әлсірейді. Сондықтан, тойып ас ішкен адамның көзіне ұйқы тығылып, маужырай бастайды. Үнемі ұйқысы қанбай, ұйысып жүретін болады. Артық ас ішіп, көп ұйықтаған адамның тәні семіреді. Ал тән семірсе, рух азады. Қомағайланған адамның ой-түйсігі асқазан төңірегінен, тамақ жеудің қамынан аспай, парасат-пайымы азаятын болады. Тіпті бара-бара құлқынының құлына айналып, ол нәпсісін емес, нәпсісі оны басқаратын болады. Ондай адамның құлшылыққа құлықсыз, жұмысқа жалқау болатыны да, міне, сондықтан.

Рухани кемелденуге ниет еткен мүридтер жалпы уақытта аз тамақ жеумен қатар дүйсенбі, бейсенбі, әр айдың ортасында үш күн, рәжаб, шағбан айларында т.б нәпіл оразаларын мейлінше көбірек ұстауға тырысады. Тамақ аз ішкен адамның нәпсісі әлсіреп, рухы руханиятқа қанат қағуға дайын күйде болады.

– Демек, адамға «тамақ – арсыздан» тыйылу қажет дейсіз ғой...

– Иә, қазақ осыны білгендіктен де тамақты арсыз деген. Екінші арсыз – ұйқы. Яғни, адамның рухани кемелденуі үшін ұстану қажет екінші қағида – «қиллатул-манам» – аз ұйықтау. Қажеттен тыс көп ұйықтаған адам нәпсімен күреске, құлшылық пен зікірге, ізгі істерге көп уақыт бөлу мүмкіншілігінен айрылады. Ондай адамның рухани жетілуі тежеліп, тіпті мүлдем тоқтап қалады. Кісі өз ұйқысын реттеп, аз ұйықтауға дағдыланбаса, түнгі тәһажжүд намазынан, зікірі мен Раббысына мінәжат етуден, таң намазын жамағатпен оқудан, күн шыққанға дейін Құран оқып, күнделікті дұға-зікірлерін жасаудан мақұрым қалады.

Алланың ризашылығы мен жұмаққа жетуді кепілдендіргендей көп ұйықтау, әрине, ғапылдықтың, бейғамдықтың көрінісі. Сондай-ақ, көп ұйықтаған адамның ақыл-ойы таяз, жаттау қабілеті әлсіз болады. Көп ұйықтау дегенде біз адамның қажетінен артық ұйқыны айтып отырмыз. Көбіне адамдар артық ұйқыға дағдыланып алғандықтан, «бұл мөлшерден аз ұйықтасам ұйқым қанбайды» деп өзі үйренген ұйқы мөлшерін тәнінің қажеттілігі, тынығуының нормасы деп ойлайды. Алайда, ұйқы уақытын реттеп, өзін аз ұйықтауға дағдыландыра алса, мұндай ойдың қате екенін түсінеді.

Ұйқы тән қажеті болғандықтан, түнде құлшылыққа оңай тұру үшін күндіз бір уақыт түске дейін, ол мүмкін болмаса түстен кейін көз іліп алған дұрыс. Мұны «қайлуула» ұйқысы деп атайды. Қайлуула – Алла елшісінің (с.а.у.) сүннеті. Сондай-ақ, құптан намазынан кейін дереу жатқан жақсы. «Алла елшісі құптан алдында ұйықтауды және құптаннан кейін сөйлесуді ұнатпайтын еді» деген хадисі түні бойы теледидардың алдында тесіліп отырып немесе бос әңгіме, пайдасыз іспен уақытын ысырап еткендерге сабақ. Кеш жатқан адамның түнде тұрып, құлшылық жасауы қиын екені, айтпаса да түсінікті.

Үшіншісі, қиллатул-калам» – аз сөйлеу. Адам тілі жүрегінің үні болғаны секілді, нәпсісінің қалауын жеткізетін құрал да бола алады. Адам нәпсісі мақтанды, ұрысты, дұшпандықты, бос әңгімені, өзгені сынауды, атақты, т.б көп жағымсыз нәрсені қалайды, сүйеді, ұнатады, тіпті, үнемі осындай жүрек қарайтатын дүниелерге шақырады да тұрады. Ал тіл – осы нәпсі қалауын сыртқа жеткізетін алғашқы құрал. Ендеше, кемелдікті мұрат еткен мұсылман ең әуелі өз тіліне ие болуды үйреніп, өзін үнсіздікке яки қайырлы сөз айтуға дағдыландыруы қажет.

– «Ойласаң, мың бір пәле тілден туған» деп Шал ақын айтқандай кемелдіктің үшінші кілті тілді буу дейсіз ғой.

– Иә, «он пәленің тоғызы – тілден» дегендей, тілге ие болу рухани шыңдалуға бастар баспалдақ. Ал тілге ие болудың алғашқы сатысы өзін үнсіздікке дағдыландырудан басталады. Содан кейін бара-бара шариғат безбенінен өткен сөзді ғана айтуды үйренеді. Ал кімде-кім үнсіздікке дағдылана алмаса, онда сөйлемей тұрып айтар сөзін өлшеп, сүзгіштен өткізіп алуды да үйрене алмақ емес. Сондай-ақ, кісі қайырлы сөз айтуы мүмкін, алайда уақыты мен жағдайды ескермегендіктен тыңдаушылар тарапынан қабылданбауы, тіпті реніштерін тудырып, кері әсер етуі әбден мүмкін. Мысалы, Алланың қаһарын, ашуын, тозақты ескерту, әрине, жақсы нәрсе. Бірақ мұны қуанышты бөлісіп отырған кезде дастархан басында айту хикметке теріс болмақ. Өйткені, бұл әдепке қайшы. Сондықтан, хикметті сөз айтуды үйренбеген адамның үнсіз қалуы, әлбетте, қайырлы.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Уа иман келтіргендер Алланың бұйрықтарын орындап, тыйымдарынан тыйылу арқылы тақуалыққа ұмтылыңдар әрі айтар сөздеріңді түзеңдер! Сонда Алла да сендердің амалдарыңды дұрыстап, күнәларыңды кешіреді», – деген («Ахзаб» сүресі, 71-аят). Пайғамбарымыздың хадисінде: «Құлдың жүрегі түзелмейінше, иманы түзелмек емес. Ал тілі түзелмейінше, жүрегі түзелмейді», – деген (Мұснад Ахмад ибн Ханбал).

Сондай-ақ, тағы бір хадисінде Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, онда қайырлы сөз айтсын яки үндемесін», – деп мұсылманның аузынан тек қайырлы, пайдалы сөз шығуы керектігін ескерткен. Өсек, өтірік, ғайбатты былай қойғанда мұсылман баласы қысыр сөз, мылжың әңгімеден өзін аулақ ұстайды. Өзіне мүлдем қатысы жоқ дүниелермен айналыспайды әрі оларды білуге құмартпайды. Алла елшісі (с.а.у.) бір хадисінде: «Кісінің діндарлығының көрінісі – өзіне қатысы жоқ нәрселерді тәрк етуі», – деген.

Абдуллаһ ибн Омардан риуаят етілген хадисте: «Алланы зікір етуден өзге сөзді азайтыңдар. Өйткені, ондай сөздер жүректі қатайтады. Ал Алладан ең алыс адамдар – олар жүрегі қатайғандар», –делінеді. Ал Омар ибнул-Хаттаб: «Кімнің сөзі көп болса, қателесуі де сондай көп болады, ал кімнің қателесуі көп болса, күнәсі де көп болады. Ал кімнің күнәсі көп болса, ондай адам тозаққа лайығырақ болады», – деп орынсыз көп сөйлеудің түптің түбінде сүрінуге әкеп соқтыратындығын, қысыр әңгіме кісіні құзға құлатып, күнәға себеп болуы мүмкін екендігін ескерткен. Алла елшісі тағы бір хадисінде: «Саған бүкіл жақсылыққа иелік ететін нәрсені көрсетейін бе? Мынаны тый!» – деп тілін көрсетті».

Рас кейде адам аптап ыстықта ұстаған оразасының, түн ұйқысын төрт бөліп жасаған құлшылығының сауабын тәрбиесіз тілі арқылы оп-оңай жойып жіберіп жатады. Өз тіліне бақылауды жоғалтқан адам сөйлеген сөзінде бірде артық, енді бірде кем кетеді де қайсыбір адамның көңіліне кірбің салса, енді біреуінің жүрегін жаралайды. Аңдамай ғайбат айтып, байқамай сөз тасиды. Сөйлеуге үйренген тілі бос әңгімеге дағдыланып, нәпсісі үнемі қысыр сөзге, мүлдем қатысы жоқ дүниелерге құмар болады да тұрады. Бос басқосу, жел сөзге уақытын ысырап еткен мұндай жандардың рухани кемелденуі былай тұрсын, күннен күнге кері кетіп, түбінде құрдымға құлайды. Сондықтан, рухани кемелденуді мұрат еткен мүрид әрдайым әрбір сөйлеген сөзін жүрек сүзгішінен өткізіп барып қана айтады. Мүридтің сөзі – әрдайым хикмет, үнсіздігі пікір болуы ләзім. Сонда ғана ол рухани шыңдарды бағындырып, кемелдене түседі.

Алла елшісі (с.а.у.) қабірдің жанынан өтіп бара жатып, онда азаптанып жатқан екі адамның жағдайын айтқаннан кейін: «Жүректеріңнің құбылуы және артық сөздерің болмағанда, мен естіген нәрсені сендер де естір едіңдер», (Мұснад Ахмад ибн Ханбал) – деп кісінің тілі арқылы азапқа душар болатындығын, ал керісінше тіліне ие болған кезде көп адамға көмескі қабір әлемінде болып жатқан нәрселерді естуі мүмкін екендігін айтқан.

Төртіншісі, «ъузлату ъанил-анаам» – оңашалану. Мұсылман жалпы уақытта жамағатпен, көпшіліктің ортасында, елмен бірге болуға тиіс. Бұл міне мұсылманның өміріндегі негізгі қағида, тайқымайтын өлшем. Сондықтан, Алла елшісі (с.а.у.):

«Адамдармен араласып, олардың қиындықтарына сабыр еткен мүмін – адамдардан жырақ жүретін әрі олардың көрсетер қиындығына сабыр ете алмайтын адамнан әлде қайда қайырлы» – деген. Яғни, «халықтың ішінде жүріп Хақпен бірге болуы» ләзім. Әрине, өзіне кері әсер ететін жүрісі қисық жолдастардан, пасық адамдардан аулақ жүру қажет. Тек оларды тура жолға салып, дұрыс бағыт беру үшін ғана бірге жүруге, олардан әсерлену емес, керісінше өздеріне оң әсер ету үшін кей уақытта жандарынан табылуға болады.

Сонымен қатар, кейде белгілі бір уақыт көпшіліктен жырақтанып, оңашаланғанның да нәпсі тәрбиесіне, рухани кемелденуге өзіндік оң әсері бар. Бұл оңашалану баста айтқанымыздай үнемі емес, қажетіне қарай кей уақыттарда ғана болуға тиіс. Оңашалануды сопылықта «хилуат» (оңашалану), «чилехана» (қырықтық) деп те атайды. Мұны жалғыз жасауға да болатыны секілді, мұршидтің жетекшілігінде өзі сияқты бірнеше мүридтермен де бірге жасауға болады.

Кісі күнделікті өмірде орындай алмай жүрген түнгі тәһажжүд намазы, сәресіндегі «истиғфар», дұға-зікірлер секілді кейбір құлшылық түрлерін осы кезде толық орындап бойын үйретеді, табиғатына айналдырып әбден дағдыланады. Жоғарыда айтылған «қиллатут-тағам», «қиллатул-манам», «қиллатул-кәламды» да осы кезеңдерде жүзеге асырып, бойын үйретеді. Әдетте күнделікті мазасыз тіршіліктің, жалт-жұлт еткен дүниенің сән-салтанатынан, айқай-шуынан шығып, оңаша қалған сәтте кісі терең ойға батып, құлшылыққа беріліп ерекше рухани күйге бөленеді. Өйткені, былайғы уақытта адам нәпсісін қытықтап, шәһуатын оятатан, рухани кемелденінуге кедергі келтіретін дүниелер өте көп болады.

«Оңашалану» – мүридтің барлық дүниелік қатынастан мүмкіндігінше қол үзіп, күнәсына тәубе етіп, мейлінше рухани тазаратын, нәпсісін тыйып, көзін, тілін, құлағын харамнан сақтауға көмектесетін, нәпсісіне қиын соғатын құлшылық түрлеріне бойын дағдыландыратын, жүрегін шабыттандырып, рухын шалқытатын, көкірек көзінің ашылуына ықпал жасайтын арнайы «лагерь» деуге де болады.

Мұндай оңашаланудың үлгісі ретінде Алла елшісінің өзіне әлі уахи түспей тұрып Хира үңгіріне барып, айлар бойы оңашаланып, өзін тек ғибадатқа бергендігін негізге алуға болады. Кейбіреулер Алла елшісінің үңгірде оңашалануы уахи түспей тұрып жүзеге асқандығын, сондықтан оның дәлелге жарамайтындығын алға тартады. Рас, Алла елшісінің (с.а.у.) үңгірге барып оңашалануы Жебірейіл періште арқылы өзіне алғашқы уахи түспей тұрып болған. Әйтсе де, Хақ Расулінің (с.а.у.) оңашалануы уахидың алғашқы сатысы садық (шынайы) түстерді көре бастағаннан кейінгі уақытта жүзеге асқан. Айша анамыздан риуаят етілген Бұхаридегі хадисте Алла Тағала ардақты пайғамбарымыздың жүрегіне оңашалануды ұнаттарып, көкірегіне арнайы салғандығы анық айтылады. Сөйтіп тікелей Жебірейіл періштеден уахиды қабылдап алуға Алла елшісінің (с.а.у.) руханиятын дайындады.

Сондай-ақ әз Пайғамбарымыздың (с.а.у.) рамазан айының соңғы он күніндегі, тіпті кейбір жылдары жиырма күн бойы мешіттен шықпай, барлық дүниелік қатынастардан қол үзіп, құлшылыққа қатты берілетін «иғтикафты» дәлел ретінде келтіруге болады. Мына замандағы адам рухын кірлететін, нәпсімен күреске кедергі келтіретін күнделікті өмірде кездесетін факторлардың көптігін ескерсек, мұндай «оңашаланудың» аса қажеттілігі, айтпаса да, түсінікті. «Оңашаланудың» уақыт мөлшері кісінің мүмкіншілігі мен қажетіне қарай өзгеріп отырады.

Десек те, сопылық тариқаттарда оңашалануға көбіне қырық күн таңдалған. Қырық күндік арнайы оңашалануға арабша «арбаъин», парсыша «чиле» (қырық) делінеді. Әсілінде кісінің бойындағы жағымсыз бір әдетін тастап, екінші бір жақсы әдетке үйреніп, оны өзінің айнымас табиғатына айналдыруына кем дегенде қырық күндік ыждаһат, тынымсыз күрес қажет. Қырық күннің маңыздылығын сопылар мынандай хадистер мен Құран аятынан алған:

Алла елшісі (с.а.у.) былай дейді: «Кімде-кім қырық күн барлық намазды алғашқы тәкбіріне үлгеріп жамағатпен оқитын болса, екі нәрседен аман болатындығына кепілдік жазылады. Біріншісі, тозақтан, екіншісі, екіжүзділіктен аман болады» (Әт-Тирмизи, Тәрбиятинар-рухия, 130). Тағы бір хадисте: «Кімде-кім қырық түн намазының алғашқы рәкатына үлгеріп құптанды жамағатпен оқитын болса, Алла Тағала оған оттан азат болуды жазады». Басқа бір хадисте: «Кімде-кім қырық күн Алла разылығы үшін ықыласпен амал ететін болса, жүрегінен тіліне хикмет бұлағы тасиды» делінеді.

Сондай-ақ, «Ағраф» сүресінде: «(Ғибадат, ораза ұстаумен өткізген) отыз түннен кейін (Тәуратты тапсыру үшін) Мұсамен уәделескен едік. Сосын оған тағы да он күнді қостық. Осылайша Раббысының оған (ғибадат жасау үшін) бөлген уақыты қырық түнмен тәмамдалды» («Ағраф» сүресі, 142-аят) – делінген аятты да мысал ретінде келтіруге болады. Аятта Мұса пайғамбардың Раббысымен сөйлесуі әрі Тәуратты қабыл алуы үшін қырық күн бойы ораза ұстап, құлшылық жасауға бұйырылғандығы баяндалған. Байқағанымыздай аятта түнгі ғибадаттың маңыздылығын білдіру үшін қырық күн емес, «қырық түн» делінген.

Имам Шафиғи «хилуат» жайлы: «Кімде-кім Алла Тағала оның жүрегін ашып, ғылыммен рызықтандыруын қаласа, онда «хилуатқа» кірсін, яғни, оңашалансын және аз тамақ ішіп, жетесіздермен және кейбір ынсабы жоқ, әдебі төмен ғалымдармен араласуды доғарсын».

Имам әл-Ғазали: «Хилуаттың пайдасы шаш етектен. Мысалы, кісінің қолын байлайтын артық жұмыстардан сақтайды, құлағың мен тіліңді тыйады. Құлақ пен тіл жүрекке ашылған өзен. Жүрек – сезім мүшелерінен құйылып жатқан жаман әрі лас су жиналатын қауызға ұқсайды. Хилуаттағы күрестің мақсаты – жүректі сол лай судан, пайда болған балшықтан тазартып, жүрек қауызының өз бұлағының көзін ашу. Ал енді жүрекке ағып, төгіліп жатқан лай суды тоқтатпай тұрып, оның бұрыннан жиналып қалған ескі лай суын қалай тазартуға болады?! Тіл мен құлақтан үздіксіз лас өзен ағып тұрса, бұл қалай жүзеге аспақ?! Ендеше сезім мүшелерінің зәрулік мөлшерінен тыс жұмысын қатаң қадағалауға алу қажет. Ал бұл тек «хилуатпен» яғни, оңашаланумен ғана жүзеге асады».

(жалғасы бар)

Келесі сұхбаттардан оқитындарыңыз:

– Зікір салу шариғатта бар ма?.

– Пірге қол беруді қалай түсінеміз?

– Нәпсінің дәрежелері қандай?

– «Әулие» деп кімді айтамыз?

– Әулиелердің кереметі.

– Қайрат Жолдыбайұлының өзі қай тариқатта?

Сұхбаттасқан Салтан САЙРАНҰЛЫ

Published in Мінез-құлық

Қазақстан – қазіргі күнде халықаралық қоғамдастықта толеранттылыққа, конфессияаралық келісімге және Қазақстан халқының біртұтастығына негізделген бірізді және жүйелі ішкі саясатты іске асырып отырған ел ретінде танымал.

Қоғамда діни толеранттылыққа тұғырланған қарым-қатынастарды қалыптастыруда және ауызбіршілікті жетістікке қол жеткізудегі құндылық ретінде түсіну мен қабылдауда дәстүрлі діндердің жетекшілері маңызды рөл атқарады. Бүгінде қоғамдық сананы қалыптастырудағы діннің рөлі, оның жасампаздық маңызы, осы мәселелерді саясаттандыру мүмкін еместігі және басқа мәселелер туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы әңгімелейді.

– Құрметті хазірет, сіз республикадағы ең үлкен діни ұйымның атынан өкілдік етесіз. Бүгінгі таңда Қазақстанда қалыптасып отырған мемлекеттік-конфессиялық қатынастарға қандай баға берер едіңіз?

– Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің бір сөзінде қазақстандық жетістіктің үш кілтін атап көрсеткен болатын. Біріншісі – барлық қазақстандықтардың бірлігі, екіншісі – толеранттылық және үшіншісі – тарихи тағдырымыздың бір екендігі. Осы сөздің өзі үлкен мәнге ие. Біз бірміз, мемлекет те, әртүрлі дін өкілдері де, қысқасы, бәріміз біргеміз.

Президентіміз Қазақстанды бейбітшілік пен достықтың тиімді моделіне айналдыру жолында ауқымды саяси қадамдар жасауда. Көріп отырғанымыздай, біздің толерантты, кеңпейілді халқымыздың діндарлығы барлық адамдармен, түрлі діни сенім және мәдениет өкілдерімен келісім мен өзара түсіністікті сақтауға зор ықпал етуде. Осы ұстаным барлық жағынан, оның ішінде мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастарда да көрініс табуда.

Мемлекеттік органдар біртұтас Қазақстан халқының діни өміріне, бейбіт тіршілік кешулеріне және жасампаздықпен еңбек етуіне қажетті барлық жағдайды жасап отыр. Халқымыз осыны жақсы түсініп, табысты және дамыған мемлекетті қалыптастыруға бағытталған бастамаларды қолдау үшін қолдарынан келетіннің барлығын жасауда. Сол себепті, әрбір қазақстандық азамат ортақ тарихы, мәдениеті мен өз халқының ортақ ісіне қосқан үлесін қастерлеп жүреді деп ойлаймын.

– Кез келген дәстүрлі дін адамгершілік идеясына негізделеді. Яғни, толеранттылық шынайы сенімнің негізі болып табыла ма?

– Өте дұрыс, шынайы дін өшпенділікке, озбырлыққа немесе алауыздыққа шақырған емес. Ислам барлық уақытта жақсылыққа, сабырлылыққа, жасампаздыққа шақырады. Мұсылман ежелден бері мейірімділіктің үлгісі болып келді. Дін ешқашанда адамды жамандыққа үйретпейді, бүлік салуға бағытталған барлық әрекеттерді айыптайды.

Ислам дінаралық келісімді уағыздайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мединеге көшкеннен кейін де ешкімді Исламды қабылдауға мәжбүрлемеген. Керісінше, ол адамдарға барлық басқа дін өкілдерімен жақсы қарым-қатынас жасау идеясын жеткізді. Өзінің бір хадисінде ол: «Егер сенің көршің мұсылман болмаса, оның сенде бір ақысы бар, ол – көрші ақысы. Ал егер көршің мұсылман болса, онда оның екі ақысы бар, олар – көрші ақысы мен мұсылмандық ақысы. Егер сенің көршің мұсылман және туысқан болса, онда оның саған қатысты үш түрлі ақысы бар – көршілік, туысқандық және ислам бойынша ақысы», дейді. Осылайша Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бізбен бірге бір қоғамда өмір сүретін әрбір адамның баршамыз сыйлауымыз тиісті болған белгілі бір құқықтары бар екенін ескертеді. Сондай-ақ, ол адам қай дінді ұстанса да біздің міндетіміз – онымен жақсы қарым-қатынаста болу.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.), сонымен қатар, басқа дін өкілдерінің құқығын сақтау және олармен жақсы қатынаста болу әрбір мұсылманның міндеті болып табылатыны туралы тағы да көптеген хадистері бар.

Елордамыз Астанада бірнеше рет өткізілген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері Қазақ елінің бейбітшілікті, өзара түсіністік пен дінаралық келісімді барынша нығайтуға бағытталған талпынысының жарқын көрінісі болып табылады. Төртінші рет өткізілген әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдерінің жиналысы өз жемістерін беруде және алдағы уақытта да солай болады деген сенімдеміз.

– Бүгінгі таңда әлемде жаһандық деңгейдегі дүниетанымдық дағдарыс әлі де болса сезіледі. Этносаралық және конфессияаралық мәселелерге әдейі саяси бояу жағылуда. Бұған қалай төтеп беруге болады?

– Дүниежүзінде дін бетпердесімен бүркенген радикализм мен экстремизм қаупі төнбеген ел жоқ шығар, сірә. Бұл бетперде, нашар бүркемеленген деструктивті идеология саналы, ойлы адам үшін айдан анық болары сөзсіз. Исламда соқыр сенім деген жоқ, құлшылық – бұл, ең алдымен, Жаратушы туралы ойлану, өмірдегі басты және екінші кезектегі дүниелерді ойлау.

Ал радикализмге қарсы төтеп беруге, алдымен адамның рухани мәдениеті, оның білімі көмектеседі. Ғасырлар бойы жинақталған және ғалымдардың, оның ішінде ислам ғалымдарының еңбектерінде көрініс тапқан мәдени мұраны, адамгершілік құндылықты басшылыққа алу керек.

Қазіргі таңда біздің мемлекетіміз егемен ел және Қазақстанда көптеген этностар мен діндердің өкілдерінің татулық пен келісімде өмір сүріп жатқаны – бұл Жаратушымыздың бізге берген баға жетпес сыйы. Алайда, қоғамымыздың тұрақты дамуы үшін Қазақстанның әрбір азаматы елі мен халқы алдындағы өзінің жеке жауапкершілігін есте сақтауы керек және бейбітшіліктің нығаюына өз үлесін қосуға талпынуы керек.

Аты аңызға айналған біздің ел билеушілеріміздің өз халқының бейбітшілігі мен тыныштығын сақтауға бар күш-жігерін жұмсағанына бейбітсүйгіш қазақ халқының сан ғасырлық тарихы куә. Бұл игі дәстүр бүгінгі күнге дейін сақталып келді және Қазақстанның досқа – адал және өз көршілеріне тілеулес ел екенін дәлелдеуде.

– Соңғы кездерде «ИШИМ», «Әл Каида» және басқа да ислам атын жамылған топтардың әрекеттері туралы хабарламалар жұрттың үрейін тудырып, исламофобияның туындауына алып келуде…

– Ислам дінінің өкілі және мұсылман ретінде ондай лаңкестік ұйымдардың біздің дінімізбен ешқандай байланысы жоқ екенін тағы да қайталап айтқым келеді. Олар үшін – бұл тек қана өз мақсаттарына қол жеткізу құралы, және сеніңіздер, онда ешқандай рухани құндылық та, ислам да жоқ. Бұларды бейбіт емес мақсаттарды көздеген ұйымдар деп санауға болады. Ал олар қолданып отырған белгілер, сыртқы көріністер шынайы мақсаттарын жасыру құралы болып табылады.

Бұл – біздің жол емес. Біз діннің негіздерін бұрмалап тұжырымдау жолымен ізгілікке жат әрекет ететін топтардың идеологияларын қабылдай алмаймыз. Жақында біз «қарулы жихад», «тәкпіршілер» және «хижрет» туралы жалған идеяларды жоққа шығарған пәтуалар шығардық.

Біз дін – адамзаттың абыройын асыратын, рухани құндылықтарын байытып, нығайтатын қуатты күш екенін ұмытпауымыз керек. Сондай-ақ, ол ешқашан соғысуға шақырмайды, өлтіруді, жазықсыз адамдардың қанын төгуді үйретпейді. Міне, сондықтан да, біз бұл күшті әрбір қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді қалыптастыруға, әрбір елдің гүлденуіне бағыттауымыз қажет. Осыған байланысты ислам өзара сыйластық пен өзара түсіністікті нығайтуда маңызды рөл атқарады.

– Бірақ әлемде діни негіздегі қақтығыстар да болып тұрады, әлемде осы мазмұндағы мысалдар бар. Неліктен біріктіруге тиіс дінді кейде өзге құндылық көзқарастарын тасымалдаушылармен күресте пайдалануға тырысып жатады?

– Әрине, әлемнің кейбір аймақтарында қарулы қақтығыстар жалғасуда, соның нәтижесінде жазықсыз адамдардың қаны төгіліп, жүздеген бала жетім, әйелдер жесір болып қалуда. Бұлардың барлығы өзара түсіністіктің жетіспеушілігінен, өзгенің құқығын таптаудан, оның ішінде басқа дін, басқа көзқарас өкілдерінің құқығын мойындамаудан туындауда. Ал ең бастысы – ол діннің нақты мақсаты туралы білімнің жетіспеушілігінің салдары. Тіпті, қақтығыстардың діни негіздегі факторлары көрініс тапса да, бұл, ең алдымен, және көбінесе мүдделер мен амбициялардың қақтығыстары екенін ескеру керек.

Тәуелсіздігімізді алғаннан бері елімізде орнаған келісім мен бірлік осы жағдайда үлгі бола алады. Міне, осындай өзара қарым-қатынас туралы қасиетті Құранда да айтылады: «Өзара жақсылықта, тақуалықта жәрдемдесіңдер, күнәда және дұшпандықта жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар: күдіксіз Алланың азабы қатты!» («Мәида» сүресі, 2-аят). Осы сөздер адамгершілікке, Алланың тура жолымен жүруге және барлық жамандықтан алыс болуға шақырады.

Менің білуімше, әкімдіктерде, діни қызмет саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті органдарда олардың әдістемелік қолдауымен жүздеген ақпараттық топтар құрылған, олар адамдармен кездескенде қарапайым сөзбен халық мәдениеті, діннің мәні туралы ақпарат беріп, өз елінің патриоты болуға, заңға бағынуға шақырады.

Осындай қайырлы істен біз де шет қала алмадық, мешіттерде кездесулер ұйымдастырып, исламның шынайы құндылықтары туралы ақпарат жеткізетін өз топтарымызды құрдық. Еліміздің өңірлерінде айтарлықтай даярлықтан өткен білікті имамдар мен дінтанушылардан құралған осындай 6 топ жұмыс істейді. Орыс тілді ортада түсіндіру жұмыстарымен айналысу үшін орыс тілін жетік білетін имамдардан топ құрдық.

Халық даналығында «Бірлік түбі – тірлік» деген сөз бар. Сол себепті, барлық адамды тек ізгі амалдар жасауға шақырамын. Ұлы Жаратушы Иеміз біздің жақсы іс-амалдарымызды қабыл етіп, барлығымызды екі дүниеде де Өз мейіріміне бөлесін!

– Айтқаныңыз келсін!

Сұхбаттасқан
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».

Published in Ғибратнама

2014 жылдың қаңтар айының 2-нен 3-не қараған күн – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) туған күні!

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазастан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти

МӘУЛІТ МЕРЕКЕСІ МҮБӘРАК БОЛСЫН!
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті бауырлар, ардақты ағайын!

Күллі мұсылман қауымы адамзаттың абзалы болған, екі дүниенің сардары пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) туған айы – мәуліт мерекесін мешіт-медреселерімізде, рухани басқосуларда атап өтуде.

Мәуліт арабша «туылу», «туылған уақыты» деген мағыналарды білдіреді. Пайғамбарлардың ардақтысы Мұхаммедтің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) туған уақытына байланысты тойланатын мейрам – мәуліт мерекесі деп аталады. Қазіргі таңда мәуліт көптеген мұсылман елдерінде атап өтіледі. Бұл – дінімізді насихаттаудың, жас ұрпақты имандылыққа, жақсы мінез-құлыққа шақырудың, пайғамбардың теңдессіз тұлғасын паш етудің орайлы бір сәті.

Әлемдердің Раббысы қасиетті Құранда пайғамбарымызды (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің» (Қалам сүресі, 4-аят), – деп сипаттаса, тағы бір аятта барша адамзатты Алла Елшісінен (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өнеге алуға шақырады: «Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар» (Ахзаб сүресі, 21-аят).

Бүкіл ғаламға мейірім ретінде жіберілген елшінің есімін ардақтау, сүннетіне амал ету һәм оған салауат айту – сауапты іс.  «Салауат» сөзі – истиғфар, кешірім сұрау, дұға, береке, намаз секілді мағыналарды қамтиды.

Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өз үмбетіне: «Кімде-кім таңғы және кешкі уақыттарда маған арнап он рет салауат айтып, сәлем жолдаса, қиямет күні менің шапағатыма бөленеді», – деп өсиет қалдырған.

Шарапаты мол мәуліт мерекесі біздің халқымызға да құтты болсын. Осынау айтулы мейрамда пайғамбар өсиеттерін тереңірек түсінуді  нәсіп етсін. Бұл мерекеде Алла Тағаладан адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың, қайырымдылықтың арта түсуін тілейміз. Мәуліт мерекесінде айтылған салауатымыз бен құлшылық, дұға-тілектеріміз қабыл болғай!

Мәуліт мүбарак болсын, мұсылман бауырлар!

Жаратушы Иеміз елімізге, жерімізге берекетін жаудырып, халқымыздың ауызбіршілігі мен ынтымағын арттырып, жақсылығын нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, еліміздің егемендігі баянды болғай! Әмин!

Published in Жаңалықтар
Четверг, 08 Январь 2015 00:00

ҚМДБ 2014: ЕЛЕУЛІ ІС-ШАРАЛАР ЕСЕБІ

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазрет ел аумағындағы діни қызмет пен діни сауаттылықты арттыру мақсатында 2014 жылы нақты басымдық берілетін бағыттарды айқындап берді. Болашаққа бағдар ретінде діни басқарманың 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы қабылданды. Әр бөлім тапсырманы жүзеге асыру жолында арнайы стратегиялық даму бағдарламалары әзірленіп, жоспар жасалды. Қызмет сапалы болу үшін әр бағытқа арнайы жобалар құрылды. Сондай-ақ, діни қызметкерлердің қызметін 4 бағытқа тоғыстырып, жүйелі есеп беру тетігін жасады. Ендеше, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2014 жылы атқарған іс-шараларының қысқаша есебін назарларыңызға ұсынамыз.

Бас мүфти 2014 жылды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметі аясында «Дін мен дәстүр» жылыдеп жариялады. Атқарылатын барлық іс-шараларда дін мен дәстүрдің сабақтастығын айшықтауға бағыттады. Ел аумағында қасиетті Құрбан айт және Ораза айт, Мәуліт мерекесі секілді мұсылман мейрамдары ұлттық нақышта тойланды. Мешіт аулаларына киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Астана қаласында ұлттық нақышта «Құрбан айт – құтты мереке» атты мерекелік кеш өткізілсе, Алматы қаласында жастар арасында республикалық қазақша күрестен жарыс өтті. Барлық облыс, қала, аудандарда «Дін мен дәстүр» тақырыбында 50-ге жуық дөңгелек үстелдер, конференциялар, семинарлар ұйымдастырылды.

Пайғамбарымыздың туған айы – Мәуліт мерекесі бір ай ішінде облыс, қала, аудан көлемінде мерекелік деңгейде 2448 рет аталып өтті. Сондай-ақ, қасиетті Рамазан айында  480 рухани іс-шаралар өткізілді.

Республика көлемінде 2 460 мешіт болса, осы жылы тағы да 28 мешіт ашылды. Сондай-ақ, жаңадан салынатын 70 мешітке Бас мүфтидің рұқсаты берілді.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен құрылған аттестациялық комиссия мүшелері Алматы қаласы, Алматы облысы, Жамбыл, Қызылорда облысы, Өскемен,  Семей, Талдықорған өңірлеріне қарасты 1 031 имам-молда, азаншыларды аттестациядан өткізді.

Нәтижесінде, 2013 жылмен салыстырғанда биыл діни қызметкерлер саны 17,7 пайызға артып, Бас мүфтидің бұйрығымен республика мешіттерінде қызметке қабылданған діни мамандар саны 3 967 адамға жетті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметін жандандыру мақсатында «Халал өнімдерді стандарттау» бөлімі мен «Жастар ісі» бөлімі ашылды.

Діни басқарма рұқсат еткен 20 қажылық компанияларымен 5 000-ға жуық отандасымыз қажылық парызын өтеді. Оларға Қазақстан қажылық миссиясысына мүше 55 адам қызмет көрсетті.

ІІ ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ЖҰМЫСТАР

2014 жылы ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі өз жұмысын кешенді түрде атқарды. Еліміздегі уағыз-насихат жұмыстарын оңтайландыру мақсатында ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Жыл басынан бері құрамында дін ғалымдары, психолог, заңгер, әлеуметтанушы, дінтанушы мамандары бар біліктілікті арттыру тобы өңірлердегі имам-молдалардың уағыз айту тәжірибесін арттырып, білімін жетілдіруге бағытталған 7-10 күндік, 1 айлық семинарлар 120 рет ұйымдастырды. Өткізілген семинар барысында ҚМДБ-ның 2 404 имамына «Ақида», «Фиқһ», «Хадис», «Мәзһаб тарихы», «Ислам тарихы», «Ислам әдебі», «Теріс ағымдар», «Шешендік өнер», «Құран ілімі», «Менеджмент», «Конституция және Қазақстанның әлемдік тәжірибесі», «Қазақстандағы саяси жүйе», «Дін және Ата заң», «Дін және қоғам», «Риторика», «Информатика» пәндері бойынша 4 320 сағат дәріс жүргізді.

Елдегі діни ахуалды жақсарту мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқарма жанынан арнайы құрылған Республикалық ақпараттық-насихат топтарының (РАНТ) мүшелері халық арасында белсенді жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, 2014 жылы қала, аудан-ауылдарды қосқанда барлығы 1 339 мекемеде өткен кездесулерде 234 315-ге жуық адамды діни ақпаратпен қамтыды.

Облыстардағы діни қызметкерлер сапынан да жергілікті ақпараттық-насихат топтары (ЖАНТ) жасақталды. 264 білікті имамның басын құрайтын 78 топ мүшелері оқу орындарында, түзеу мекемелерінде, әкімшіліктер мен мәдениет ошақтарында, балалар және қарттар үйлері секілді мекемелерде 356 620 кездесу өткізіп, дін жайындағы халықтың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап беріп, 1 168 005 адамды ақпараттандырды.

ҚМДБ-ның онлайн дәрісі Астана қаласынан еліміз бойынша 199 нүктеде таралып, оған 99 747 тыңдаушы қатысты.

Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан облыстарында журналистерге «Діни тақырыпта мақала жазудың әдіс-тәсілдері» тақырыбында тренинг өткізілді. Оған 100-ге жуық журналист қатысып, сертификат алды.

Дін қызметкерлері ғылыми еңбек жазумен де айналысып келеді. Атап айтар болсақ, «Дін мен дәстүр», «Таным тұғыры», «Ғибратнама», «Мүбарак Рамазан», «Традиция и религия», «Қазақша Құран сөзбе-сөз аудармасы», «Ақ неке», «Қазақ мәдениеті және ислам құндылықтары», «Жанұя жарасымы», «Исламдағы отбасы», «Ел болам десең, бесігіңді түзе», «Пәтуалар», «Тәпсір тұнығы», атты сынды кітаптар жарық көрді.

ІІІ ЖАСТАРМЕН ЖҰМЫС

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жастарға дұрыс діни ақпарат жеткізуге үлкен мән беріп келеді. Сондықтан да діни басқарма жанынан олармен тығыз жұмыс жасайтын «Жастар» бөлімін ашты. Аталмыш бөлім жас буын өкілдері арасында «Тәні саудың – жаны сау», «Өз-өзіңе қол салу – тығырықтан шығар жол емес»,  «Ұлық болсаң, кішік бол!», «Кітап – білім бұлағы», «Жастар және дін», «Білімді жастар – еліміздің болашағы», «Ислам және отбасы», т.б. тақырыптарда түсіндірме, уағыз-насихат жұмыстарын жүргізді. Баспасөз беттерінде жастарға арналған тақырыптар төңірегінде 425 мақала жарияланды. Ел болашағы жастар арасында 1210 рет кездесулер,семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.

Сонымен қатар жастар ұйымдарымен бірлесе 255-ке жуық қайырымдылық, спорттық және сенбілік шаралар атқарылды. Мұндай қоғамдық іс-шараларға 196 514 жас буын өкілдері тартылған. Студенттер арасында өткізілген «Біз таза қаланы қолдаймыз» атты сенбілік акция аясында 20 000-ға жуық көшет ағаштары отырғызылды.

ІV БАҚ ЖҰМЫСТАРЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өңірлердегі қызметкерлерінің қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдарына, түрлі форматтағы хабарларға 2 218 рет сұқбат беріліп, 6 624 танымдық мақала жарық көрді.

ҚМДБ-ның ресми muftyat.kz және облыстағы мешіт сайттарында әртүрлі тақырыпта 3752 мақала, 10 699 жаңалық жарияланды. Мультимедиялық контент бойынша 118 фоторепортаж, 863 аудио және 2233 бейнеметариалдар жасалды. Бір ғана muftyat.kz сайтына келіп түскен 3 163 сауалға жауап берілді. Аталмыш сауалдардың ішіндегі маңызды деген 760 сауалы мен таңдамалы жауабы сайтқа жарияланды.

muftyat.kz сайтының «Бейне» бөлімінен жаңадан «Дәрістер», «Бас мүфтидің уағыздары», «Ислам ақиқаты», «Ғибратнама», «Тарих және тұлға», «Фильмдер», «HikmetTV» айдарлар ашылып, аудио бөлімі «Дәрістер», «Абайдың қара сөздері», «Күй» және «Терме» айдарларымен толықты. Кітапхана бөліміне Флеш форматында 8 кітап салынды. Сондай-ақ, azan.kz  және hibatulla.kz сайттарының мобильді нұсқасы, muslim.kz сайтында құлағы естімейтіндерге арнайы бөлім іске қосылды.

Сондай-ақ ҚМДБ жанынан ашылған «Хикмет» телерадиостудиясынан «Дін мен Дәстүр» кітабының аудио нұсқасы «Ақ бата», «Шешендік сөздер», «Бүгінгі сұхбат», «Халық даналығы», «Балаларға базарлық», «Иман шуағы», «Құлшылық қағидалары», «Мұсылман әйелдің жеке тұлғасы», «Хадистен тәлім» сынды т.б. 20-дан астам телебағдарламалар әзірленіп, 8550-ге жуық аудио-видео дискілер халыққа тегін таратылды.

Сонымен қатар, діни басқарма сайтында «Дін мен дәстүр» жылына орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты өңірлердегі сайттарда түрлі шығармашылық байқаулар ұйымдастырылды.

V ОҚУ-АҒАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ

Оқу-ағарту саласын дамыту мақсатында Түркия, Египет, Иордания, Малайзия, Ресей, Татарстан сынды мұсылман мемлекеттерінің іргелі оқу орындарымен өзара келісім мен ынтымақтастық бағытында тәжірибе алмасулар өткізіліп, ортақ меморандумдарға қол қойылды.

Солардың бірін атар болсақ, Мысырдағы «әл-Азһар» университетімен жасалған ынтымақтастық меморандумының нәтижесінде діни басқарманың рұқсатнама қағазынсыз Қазақстан азаматтары «әл-Азһар» университетіне оқуға қабылданбайтын болып келісілді. Бұл өз кезегінде шетелде оқып жатқан студенттеріміздің дәстүрлі бағыт бойынша білім алуын қадағалауға мүмкіндік жасайды.

Сауатты діни маман даярлау ісі діни басқарманың күн тәртібінде тұрған кезек күттірмес мәселе. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін биыл «Нұр Мүбәрак» ислам мәдениеті университетіне мемлекет тарапынан 154 грант бөлініп, осф жылы 637 студент білім алып жатса, оның 487 студенті грантпен оқуда.

Шәкірттердің білімін шыңдау мақсатында тұңғыш рет республикалық медресеаралық олимпиада ұйымдастырылып, оған ел медреселеріндегі 49 шәкірт қатысты.

Шетелден келген 16 ұстаз Бас мүфти бұйрығымен медреселерге қызметке қабылданды.

Бас мүфти бастамасымен орыс тілді мамандар дайындау үшін тұңғыш рет «Астана медресесі» жанынан орыс тілді топ ашылып, онда 14 шәкірт білім алуда.

2014 жылы республика бойынша мешіт жанындағы сауат ашу курстарында 22 592 адам діни білім алды.

VI БІЛІКТІЛІКТІ ЖЕТІЛДІРУ

Ел аумағындағы медреселерді бітірген 18 шәкірт Түркияда «Хасеки» діни академиясында білімін жетілдіруде. 8 шәкірт «әл-Азһар» университетінде оқуын жалғастыру мүмкіндіген ие болды.

Сондай-ақ, еліміз бойынша 64 имам Түркия, Мысыр, Ресей мемлекеттерінде білім және біліктіліктерін жетілдірді.

VII ЖАТ АҒЫММЕН ЖҰМЫС

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халықты ақпараттандырып, жат ағымның алдын алу мақсатында жыл басынан бері «Такфир ұғымының мәні және қазіргі мұсылмандық ұстаныммен  үйлесімдігі», «Мұсылман қабірлерін зиярат ету үкімі», «Ислам дінінің лаңкестікке көзқарасы», «Хижрат дегеніміз не және оның үкімі мен шарттары қандай?», «Жиһад ұғымы және қазіргі заман», «Исламның зайырлы білім алуға көзқарасы», «Трансплантация» және т.б. өзекті 23 діни тақырыпта пәтуа шығарды. Шариғат және пәтуа бөліміне еліміздің әр аймағынан жолданған 752 сұраққа жауап берілді.

Сондай-ақ, «Сенім тұтқасы», «Аяттардың түсуіндегі Рахманның қолдауы», «Иман и его условия», «Международный религиозный терроризм и экстремизм: истоки, факторы и вызовы угрозы, тенденции распространения и правовые меры противодействия», «Истинный смысл джихада и его трансформация в контексте религиозного экстремизма и международного терроризма», «На пути к Корану», т.б. кітаптарға сараптама жүргізіліп, қалың оқырман назарына ұсынылды.

Республика бойынша жат ағымдар қатарында жүрген 540 отандасымыз дәстүрлі бағытқа бет бұрды.

VІІІ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖҰМЫСТАР

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл діни салада басымдық берілетін бағыттардың бірі – қайырымдылық шараларын ұйымдастыру еді.

Қазақтың асар деген ұғымын тірілтіп, республика бойынша ірі көлемдегі әр түрлі бағытта қайырымдылық шаралары өткізілді.

Бір ғана қасиетті Рамазан айында 17 280 тұрмысы төмен отбасына қайырымдылық жасалып, 550 447 адамға ауызашар дастархандары жайылды.

Құрбан айт қарсаңында республика бойынша қала, аудан, ауылдарда құрбандық еттері үлестірілді.

2014 жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында 6 755 отбасына көмек көрсетілді. Игілікті іс-шара барысында тұрмысы төмен отбасыдан шыққан балаларға, жетімдерге, жалғысбасты аналардың ұл-қыздарына мектепке қажетті оқу құралдары, киім-кешектер үлестірілді. Атап айтқанда, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына 1 857 бала қатысты. Сондай-ақ, игі шараға Алматы (897 отбасы), Астана (716), Алматы облысы (817), Ақмола облысы (588), Қарағанды (470), Қызылорда (225), т.б. облыс пен қала мешіттері үлес қосты.

«ҚМДБ «Зекет» қорының өңірлердегі өкілдіктері жыл бойы мұқтаж кісілерге жалпы сомасы 52 173 496 теңге көлеміндегі қаражатқа қайырымдылық көмек жасады.

Бұл жылы қамкөңіл қариялар да ескерусіз қалмады. Оларға мерекелер қарсаңында дастархандар жайылып, ерекше көңіл бөлінді. Бас мүфти атынан Астана мен Алматы қалаларындағы Қарттар үйлерінен 4 қарияға кіші қажылыққа тегін жолдама да берілді.

Бұл атқарылған ісшаралар айқындалған бағыт аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қызметкерлерінің жұмыла жасаған істерінің нәтижесі.

muftyat.kz

Published in Жаңалықтар
Среда, 31 Декабрь 2014 00:00

МӘЗҺАБ ТУРАЛЫ ТАНЫМ

Әрбір мұсылманның мәзһаб жайлы мағлұматы болуы керек. Құран мен сүннетті дұрыс түсінем, оның үкімдерін іске асыруда дұрыс жол ұстанам деген әрбір адам мәзһаб атымен қалыптасқан ережелер мен негіздерден ауытқып кете алмайтынына көзіңіз жетеді. Аталмыш кітапта осы мәселелерге тоқталатын боламыз. Яғни бірінші - мәзһабтар жайлы таным қалыптастыру, екінші - мәзһабқа қарсылардың сөздерін талдау арқылы мәзһабтардың маңыздылығын айқындауға тырысамыз.

Published in Кітапхана
Среда, 31 Декабрь 2014 00:00

ФИҚҺ ӘЛ-ҒИБАДАТ

Бұл кітапта фиқһ ілімінің зерттеу саласына, фиқһи мазһабтардың шығу тарихына қысқаша шолу жасалған. Таһарат, намаз оқу, зекет беру, ораза тұту және қажылыққа бару құлшылықтарының үкімдері ханафи мазһабы бойынша кең түрде беріліп, Құран аяттары мен Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) хадистерінен дәлелдер келтірілген.

Published in Кітапхана
Вторник, 30 Декабрь 2014 00:00

Бас мүфти вице-министрмен кездесті

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы Астана резиденциясында ҚР Мәдениет және спорт вице министрі Марат Әзілхановты және Дін істері комитетінің басшылық құрамын қабылдады.

Ресми кездесуде еліміздегі діни ахуал, Діни басқарманың 2014 жылда атқарған игілікті іс-шаралары сөз болып, 2015 жылдың жоспары талқыланды. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы діни мамандар әлеуеті мен уағыз-насихат жұмыстарының белсенді жүріп жатқанын баяндады. Вице-министр Марат Алмасұлы имандылық, халықтың бірлігі мен ынтымағын нығайтудағы ҚМДБ-ның сауапты һәм салауатты жұмыстарына жоғары баға берді, алғысын білдірді.

Қазіргі уақытта ҚМДБ-ның құрылымында 3 967 діни мамандар қызмет атқарады. Имамдардың біліктілігін көтеруге арналған арнайы курстар ұйымдастырылып, ағымдағы жылдың 9 айында 1400-ден астам дін қызметшісі білімдерін жетілдірді.

Өңірлердегі имам-молдалардың халықпен жұмыс істеу қабілетін тереңдетуге, білімін жетілдіруге бағытталған семинарлар ұйымдастырылуда.

ҚМДБ-ның аттестациялық комиссиясы Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының 1031 имам-молдасы аттестациядан өткізілді.

ҚМДБ Баспасөз қызметі

Published in Жаңалықтар

Ресейдің мүфтилер кеңесінің төрағасы Равил Гайнутдин мырза SO RMC 410:2014 халал стандарты бойынша қонақ үйлердегі қызметтер де соған сай болу керектігін атап өтті. Бұл стандарт Ресей мүфтилер кеңесінің стандарттау және сертификаттау халықаралық орталығында жасалған болатын.

"Қонақ үй нөмірлері мұсылман қонақтарға ыңғайлы болу үшін шариғат талаптары сақталуы тиіс" - деп келтіреді бір сөзінде РМК баспасөз қызметі.

Әр бөлмеде құбыланың бағыты көрсетілген болу керек және Құран Кәрім, жайнамаз, дәрет алатын құман тұратын болады. Сонымен қатар, мұсылман қонақтарға әрқашан халал тамақтану қарастырылып, Рамазан айында сәресі мен ауызашар да беру жоспарда бар.

islam.kz

Published in Жаңалықтар

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником