Қазақстан – қазіргі күнде халықаралық қоғамдастықта толеранттылыққа, конфессияаралық келісімге және Қазақстан халқының біртұтастығына негізделген бірізді және жүйелі ішкі саясатты іске асырып отырған ел ретінде танымал.
Қоғамда діни толеранттылыққа тұғырланған қарым-қатынастарды қалыптастыруда және ауызбіршілікті жетістікке қол жеткізудегі құндылық ретінде түсіну мен қабылдауда дәстүрлі діндердің жетекшілері маңызды рөл атқарады. Бүгінде қоғамдық сананы қалыптастырудағы діннің рөлі, оның жасампаздық маңызы, осы мәселелерді саясаттандыру мүмкін еместігі және басқа мәселелер туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы әңгімелейді.
– Құрметті хазірет, сіз республикадағы ең үлкен діни ұйымның атынан өкілдік етесіз. Бүгінгі таңда Қазақстанда қалыптасып отырған мемлекеттік-конфессиялық қатынастарға қандай баға берер едіңіз?
– Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің бір сөзінде қазақстандық жетістіктің үш кілтін атап көрсеткен болатын. Біріншісі – барлық қазақстандықтардың бірлігі, екіншісі – толеранттылық және үшіншісі – тарихи тағдырымыздың бір екендігі. Осы сөздің өзі үлкен мәнге ие. Біз бірміз, мемлекет те, әртүрлі дін өкілдері де, қысқасы, бәріміз біргеміз.
Президентіміз Қазақстанды бейбітшілік пен достықтың тиімді моделіне айналдыру жолында ауқымды саяси қадамдар жасауда. Көріп отырғанымыздай, біздің толерантты, кеңпейілді халқымыздың діндарлығы барлық адамдармен, түрлі діни сенім және мәдениет өкілдерімен келісім мен өзара түсіністікті сақтауға зор ықпал етуде. Осы ұстаным барлық жағынан, оның ішінде мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастарда да көрініс табуда.
Мемлекеттік органдар біртұтас Қазақстан халқының діни өміріне, бейбіт тіршілік кешулеріне және жасампаздықпен еңбек етуіне қажетті барлық жағдайды жасап отыр. Халқымыз осыны жақсы түсініп, табысты және дамыған мемлекетті қалыптастыруға бағытталған бастамаларды қолдау үшін қолдарынан келетіннің барлығын жасауда. Сол себепті, әрбір қазақстандық азамат ортақ тарихы, мәдениеті мен өз халқының ортақ ісіне қосқан үлесін қастерлеп жүреді деп ойлаймын.
– Кез келген дәстүрлі дін адамгершілік идеясына негізделеді. Яғни, толеранттылық шынайы сенімнің негізі болып табыла ма?
– Өте дұрыс, шынайы дін өшпенділікке, озбырлыққа немесе алауыздыққа шақырған емес. Ислам барлық уақытта жақсылыққа, сабырлылыққа, жасампаздыққа шақырады. Мұсылман ежелден бері мейірімділіктің үлгісі болып келді. Дін ешқашанда адамды жамандыққа үйретпейді, бүлік салуға бағытталған барлық әрекеттерді айыптайды.
Ислам дінаралық келісімді уағыздайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мединеге көшкеннен кейін де ешкімді Исламды қабылдауға мәжбүрлемеген. Керісінше, ол адамдарға барлық басқа дін өкілдерімен жақсы қарым-қатынас жасау идеясын жеткізді. Өзінің бір хадисінде ол: «Егер сенің көршің мұсылман болмаса, оның сенде бір ақысы бар, ол – көрші ақысы. Ал егер көршің мұсылман болса, онда оның екі ақысы бар, олар – көрші ақысы мен мұсылмандық ақысы. Егер сенің көршің мұсылман және туысқан болса, онда оның саған қатысты үш түрлі ақысы бар – көршілік, туысқандық және ислам бойынша ақысы», дейді. Осылайша Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бізбен бірге бір қоғамда өмір сүретін әрбір адамның баршамыз сыйлауымыз тиісті болған белгілі бір құқықтары бар екенін ескертеді. Сондай-ақ, ол адам қай дінді ұстанса да біздің міндетіміз – онымен жақсы қарым-қатынаста болу.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.), сонымен қатар, басқа дін өкілдерінің құқығын сақтау және олармен жақсы қатынаста болу әрбір мұсылманның міндеті болып табылатыны туралы тағы да көптеген хадистері бар.
Елордамыз Астанада бірнеше рет өткізілген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері Қазақ елінің бейбітшілікті, өзара түсіністік пен дінаралық келісімді барынша нығайтуға бағытталған талпынысының жарқын көрінісі болып табылады. Төртінші рет өткізілген әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдерінің жиналысы өз жемістерін беруде және алдағы уақытта да солай болады деген сенімдеміз.
– Бүгінгі таңда әлемде жаһандық деңгейдегі дүниетанымдық дағдарыс әлі де болса сезіледі. Этносаралық және конфессияаралық мәселелерге әдейі саяси бояу жағылуда. Бұған қалай төтеп беруге болады?
– Дүниежүзінде дін бетпердесімен бүркенген радикализм мен экстремизм қаупі төнбеген ел жоқ шығар, сірә. Бұл бетперде, нашар бүркемеленген деструктивті идеология саналы, ойлы адам үшін айдан анық болары сөзсіз. Исламда соқыр сенім деген жоқ, құлшылық – бұл, ең алдымен, Жаратушы туралы ойлану, өмірдегі басты және екінші кезектегі дүниелерді ойлау.
Ал радикализмге қарсы төтеп беруге, алдымен адамның рухани мәдениеті, оның білімі көмектеседі. Ғасырлар бойы жинақталған және ғалымдардың, оның ішінде ислам ғалымдарының еңбектерінде көрініс тапқан мәдени мұраны, адамгершілік құндылықты басшылыққа алу керек.
Қазіргі таңда біздің мемлекетіміз егемен ел және Қазақстанда көптеген этностар мен діндердің өкілдерінің татулық пен келісімде өмір сүріп жатқаны – бұл Жаратушымыздың бізге берген баға жетпес сыйы. Алайда, қоғамымыздың тұрақты дамуы үшін Қазақстанның әрбір азаматы елі мен халқы алдындағы өзінің жеке жауапкершілігін есте сақтауы керек және бейбітшіліктің нығаюына өз үлесін қосуға талпынуы керек.
Аты аңызға айналған біздің ел билеушілеріміздің өз халқының бейбітшілігі мен тыныштығын сақтауға бар күш-жігерін жұмсағанына бейбітсүйгіш қазақ халқының сан ғасырлық тарихы куә. Бұл игі дәстүр бүгінгі күнге дейін сақталып келді және Қазақстанның досқа – адал және өз көршілеріне тілеулес ел екенін дәлелдеуде.
– Соңғы кездерде «ИШИМ», «Әл Каида» және басқа да ислам атын жамылған топтардың әрекеттері туралы хабарламалар жұрттың үрейін тудырып, исламофобияның туындауына алып келуде…
– Ислам дінінің өкілі және мұсылман ретінде ондай лаңкестік ұйымдардың біздің дінімізбен ешқандай байланысы жоқ екенін тағы да қайталап айтқым келеді. Олар үшін – бұл тек қана өз мақсаттарына қол жеткізу құралы, және сеніңіздер, онда ешқандай рухани құндылық та, ислам да жоқ. Бұларды бейбіт емес мақсаттарды көздеген ұйымдар деп санауға болады. Ал олар қолданып отырған белгілер, сыртқы көріністер шынайы мақсаттарын жасыру құралы болып табылады.
Бұл – біздің жол емес. Біз діннің негіздерін бұрмалап тұжырымдау жолымен ізгілікке жат әрекет ететін топтардың идеологияларын қабылдай алмаймыз. Жақында біз «қарулы жихад», «тәкпіршілер» және «хижрет» туралы жалған идеяларды жоққа шығарған пәтуалар шығардық.
Біз дін – адамзаттың абыройын асыратын, рухани құндылықтарын байытып, нығайтатын қуатты күш екенін ұмытпауымыз керек. Сондай-ақ, ол ешқашан соғысуға шақырмайды, өлтіруді, жазықсыз адамдардың қанын төгуді үйретпейді. Міне, сондықтан да, біз бұл күшті әрбір қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді қалыптастыруға, әрбір елдің гүлденуіне бағыттауымыз қажет. Осыған байланысты ислам өзара сыйластық пен өзара түсіністікті нығайтуда маңызды рөл атқарады.
– Бірақ әлемде діни негіздегі қақтығыстар да болып тұрады, әлемде осы мазмұндағы мысалдар бар. Неліктен біріктіруге тиіс дінді кейде өзге құндылық көзқарастарын тасымалдаушылармен күресте пайдалануға тырысып жатады?
– Әрине, әлемнің кейбір аймақтарында қарулы қақтығыстар жалғасуда, соның нәтижесінде жазықсыз адамдардың қаны төгіліп, жүздеген бала жетім, әйелдер жесір болып қалуда. Бұлардың барлығы өзара түсіністіктің жетіспеушілігінен, өзгенің құқығын таптаудан, оның ішінде басқа дін, басқа көзқарас өкілдерінің құқығын мойындамаудан туындауда. Ал ең бастысы – ол діннің нақты мақсаты туралы білімнің жетіспеушілігінің салдары. Тіпті, қақтығыстардың діни негіздегі факторлары көрініс тапса да, бұл, ең алдымен, және көбінесе мүдделер мен амбициялардың қақтығыстары екенін ескеру керек.
Тәуелсіздігімізді алғаннан бері елімізде орнаған келісім мен бірлік осы жағдайда үлгі бола алады. Міне, осындай өзара қарым-қатынас туралы қасиетті Құранда да айтылады: «Өзара жақсылықта, тақуалықта жәрдемдесіңдер, күнәда және дұшпандықта жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар: күдіксіз Алланың азабы қатты!» («Мәида» сүресі, 2-аят). Осы сөздер адамгершілікке, Алланың тура жолымен жүруге және барлық жамандықтан алыс болуға шақырады.
Менің білуімше, әкімдіктерде, діни қызмет саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті органдарда олардың әдістемелік қолдауымен жүздеген ақпараттық топтар құрылған, олар адамдармен кездескенде қарапайым сөзбен халық мәдениеті, діннің мәні туралы ақпарат беріп, өз елінің патриоты болуға, заңға бағынуға шақырады.
Осындай қайырлы істен біз де шет қала алмадық, мешіттерде кездесулер ұйымдастырып, исламның шынайы құндылықтары туралы ақпарат жеткізетін өз топтарымызды құрдық. Еліміздің өңірлерінде айтарлықтай даярлықтан өткен білікті имамдар мен дінтанушылардан құралған осындай 6 топ жұмыс істейді. Орыс тілді ортада түсіндіру жұмыстарымен айналысу үшін орыс тілін жетік білетін имамдардан топ құрдық.
Халық даналығында «Бірлік түбі – тірлік» деген сөз бар. Сол себепті, барлық адамды тек ізгі амалдар жасауға шақырамын. Ұлы Жаратушы Иеміз біздің жақсы іс-амалдарымызды қабыл етіп, барлығымызды екі дүниеде де Өз мейіріміне бөлесін!
– Айтқаныңыз келсін!
Сұхбаттасқан
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».