Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (әрі қарай – ҚМДБ) өз Жарғысы негізінде мемлекетіміздің зайырлы даму жолында Қазақстан мұсылмандарының өзге дін өкілдерімен, дін жолын ұстанбайтындармен ынтымақтастықта тіршілік етіп, ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықты сақтаудағы отандық тәжірибені қолдайды. Сондай-ақ, бұл үрдісті одан әрі нығайтуға негіз болып саналатын осы Тұғырнаманы қабылдайды және күнделікті қызметінде басшылыққа алады.
Тұғырнамада мұсылманның негізгі діни ұстанымдары, білуге тиісті діни мәселелері және оның зайырлы қоғам тіршілігіне, мемлекеттің заңдары мен қоғамда қалыптасқан тәртіптерге қарым-қатынасы, білім алуға, емделуге, Отанды қорғауға, еңбек етуге, отбасына, қоршаған ортағажәне ел аумағындағыхалықтың салт-дәстүрлерін, ерекшеліктерін сыйлауға қатысты көзқарастары айқын көрсетіледі.
Діни қызмет – мәртебелі міндет және имам-молдалардан жоғары адамгершілік құндылықтар талап етеді.
Ислам дінінің қызметкерлері барлық білімі мен тәжірибесін ел бірлігін нығайтуға, имандылығын арттыруға жұмсайды.
Дін қызметкерлері жұмыс барысында Алланың әмірін басшылыққа ала отырып, өмірінің барлық кезеңінде хазіреті Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін үлгі тұтады, Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын ескереді.
Отанына, Қазақстан Республикасының азаматтарына, мұсылман үмбетіне, ел игілігіне қалтқысыз қызмет етеді.
Аса мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын.
Барлық мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!
Имамдық – жауапкершілігі мол маңызды қызмет. Бұл – Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла тарапынан алып келген аманатын келер ұрпаққа жалғастыратын, адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандыққа тыйым салатын ұлы істің бірі. Сол себепті Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбеті үмбеттердің қайырлысы болды.
Аса мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын. Барлық мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!
Қазіргі таңда тұрғындардың, әсіресе жастардың арасында исламға деген қызуғышылық артуда. Бұл – қуантарлық жайт. Алайда, кейбір мұсылмандар бір ісін ұқыптылықпен атқарса, екіншісіне немқұрайлық танытуда.
Шынайы мұсылманның өмірі мен мінез-құлқы үйлесімділікке толы, имандылыққа, адамгершіліктің биік шыңына негізделеді. Қоғамымызда соған себеп болатын мұсылманның сапасын арттыратын әрі дұрыс жолмен жүруге бағыт-бағдар беретін, шынайы мүміннің келбетін бейнелейтін көптеген сипаттар бар.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен асыл дініміздің құндылықтарын дәріптеуде ел тарихында тұңғыш рет «Ислам – бейбітшілік пен келісім діні» атты І республикалық имамдар форумы өткізілді. Еліміздің әрбір өңірінен жиналған дін қызметкерлерінің алқалы бас қосуында қоғамдағы өзекті деген мәселелер талқыланып, оны шешудің тиімді жолдары ұсынылды. Форумның алға қойған мақсаты мен нәтижесі жөнінде наиб муфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы ОРАЗБЕН әңгімелескен едік.
- Серікбай аға, дін қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан форум тағылымды тарихымыздан орын алатыны сөзсіз. Ендеше, Діни басқарманың бастамасымен өткен форумының маңызды тұсы - «Қазақстан мұсылмандарының Тұғырнамасы», «Имамның тұлғалық келбеті», «Дін қызметкерінің этикасы», «Мұсылманның тұлғалық бейнесі» атты тәлімдік құжаттардың қабылдануы. Осы ретте аталмыш құжаттардың басты мақсатын айқындап берсеңіз?
– Діні мен дәстүрін сан ғасырдан бері сақтап, ана сүтін ақтап, мұсылманшылығы мығым болған бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы сіз бен біздің руханиятымыздың бағдаршамы іспетті, негізгі құжатымыздың бірегейі–Қазақстан мұсылмандарының Тұғырнамасы. Ол 13 бөлім мен бірнеше бөлімшелер негізінде дайындалды. Негізгі діни ұстанымдар қатарына ең әуелі сенім мәселесін айқындадық. Мұсылманның Аллаға, Оның пайғамбарлары мен періштелеріне, кітаптарына деген сенімі қандай болу керек? Төл мәзһабымыз, дәстүрлі жолымыз Әбу Ханифа мәзһабына қатысты көзқарасы мен ұстанымы Тұғырнамамыздың бірінші бөлімінде нық айтылған.
– Негізгі құжаттың ел азаматтарына тигізер пайдасы қандай?
– Қазақ елі – зайырлы мемлекет. Біздің өзге елдерден ерекшелігіміз де, артықшылығымыз да осында деп ойлаймын. Зайырлы ел – дінсіз ел дегенді білдірмейді. Керісінше, азаматтардың діни сеніміне еркіндік беріледі. Бұл – ұлы нығмет. Осынау игілікке шүкір етіп, өзге де дін өкілдерінің сеніміне құрметпен қарау – мұсылмандығымыздың белгісі емес пе? «Ислам және зайырлы қоғам» деп аталатын екінші бөлім халқымызды тағаттылық жолын таңдауға, бірлігімізге бекем болуға үндейді. Сонымен қатар, Тұғырнама
да отансүйгіштік, әскери борышты өтеу, ұлт құндылықтарын ұлықтау, салт-дәстүрлерді қадірлеу, білім мен ғылымды игеру, отбасы бірлігіне ұйытқы болу, күнәға жетелейтін істерден іргені аулақ салып, ел ішіне іріткі салатын теріс пиғылды ағымдардан сақтану сынды сауапты амалдарды атқару ұсынылды.
– Дәстүрлі бағытымызды айқындап берген құжаттың дайындалуына кімдер атсалысты? Қоғамның пікірі ескерілді ме?
– Жоғарыда айтқанымдай, бұл – Тәуелсіз еліміздің әрбір азаматы үшін діні мен ділін, тіршілігін үйлестіріп, өмір сүруге, ешкімді алаламай, жалқы емес, жалпы жұртшылығымызға арналған тәлімі мен тағылымы мол толыққанды әмбебап құжат деуге болады. Тұғырнама ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің бірнеше рет талқылауынан өтіп, мақұлданды. Тәлімдік құжатымыз – теріс ағымдарға тойтарыс бере алатын, имани иммунитетімізді күшейтетін дәстүрлі бағдарымыз.
Бірлік – беделіміз бен қуатымызды арттыратын күш болса, алауыздық – берекемізді қашырып, әлсіздікке жол ашатын бүліктің бастауы. Тұғырнама біртұтас мұсылман үмбетінің бірлігін көздейді.
Шынайы мұсылманның өмірі имандылыққа, адамгершіліктің биік шыңына негізделуі тиіс. ҚМДБ Ғұламалар Кеңесі шынайы мұсылманның тұлғалық бейнесін айқындайтын тәлімдік құжатта мұсылманның дұрыс сенімде болуы, білім алуы, Отанын қорғауы, дінаралық келісімді сақтауы, қоғамға пайдасын тигізуі, ысырапқа жол бермей, еңбекқор болуы, тәні мен жан тазалығы, көркем мінезді болуы, отбасы құндылығы, т.б. жағдаяттардың қамтылуын қадағалады. Осы тәлімдік құжаттар мұсылман қауымының, жұртымыздың жүрер жолы, діни ұстанымы, бірлікке бастайтын жалпыға ортақ өмірлік қағидасы деуге болады.
– Бас муфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен қазіргі таңда имамдардың қоғамдағы рөлі айқындалып, жауапкершілік жүгі артқанын білеміз. Осы ретте дін қызметкері халықтың жүрегіне қалай жол таба білу керек?
– Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бастау алған, әділетті мұсылман әміршілері – Омар, Осман, Әбу Бәкірлер (р.а.) жалғастырған имамдық қызмет екі дүниенің абыройына бөлейтін сауапты да, жауапты қызмет. Діни қызмет кешегі көшпелі қазақ топырағында көрініс тапты.Құдайсыз қоғам құруды көксеген кешегі Кеңестік идеология кезеңінде халқымыздың рухани тұтастығын бір арнаға тоғыстырып, игілікке үндеген де осы дін қызметкерлері еді. Ел арасында «Ишан», «Молда», «Хазірет» деген атпен танылған діни тұлғаларымыз діни ағарту саласында да жетекші рөл атқарды, табанды еңбек етті.
Мешіт – рухани орда болса, сол құлшылық үйінің көркем мінезімен үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетер, қоғамның рухани жетекшісі – имамдар екені сөзсіз. Имамдық қызметтің ұғымы кең, мазмұны терең. Ол отбасыдан бастап, бүкіл бұқараның ізгілік пен имандылық ұйытқысы.
Дегдарлық пен бекзаттылық үлгісі болған дәстүрлі исламды уағыздаған Марал Ишан, Науан Хазрет, Сәдуақас Ғылмани сынды діни қайраткерлеріміздініміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Рухани тұлғаларымыздың бүгінгі жалғасы – осы отырған имамдарымыз бен ғалымдарымыз деп есептеймін.
– Ендеше, бүгінгінің имамы қандай болу керек? Аумалы –төкпелі заманда дін қызмкеткеріне артылған жауапкершіліктің өлшемі қандай?
– Жаңа заманның имам-молдаларығаламтор, заманауи ақпарат алмасу және байланыс құралдарын жетік меңгеруі, шешендік өнер мен сөйлеу әдебін игеруі тиіс. Өзін жан-жақты дамытып, уағыздытарихымызбен сабақтастырып, салтымызбен ұштастырып, би-шешендеріміздің, ақын-жырауларымыздың салиқалы сөздерімен үйлестіріп айтуы қажет. Форумда қабылданған «Дін қызметкерінің этикасы» имам-молдаларға осынау талап-тілектердің үдесінен шығуды егжей-тегжейлі ескертеді. Нақты айтқанда, бұл құжат– әр мекеменің ар-намыс кодексі іспетті.
– Сөз соңында, оқырмандарымызға айтар қандай лебізіңіз бар?
– Алла Тағала халқымыздың, мұсылман үмбетінің бүгінгі берекесі мен бірлігіне сызат түсірмей, іргелі ел, жоралы жұртқа айналған мемлекетіміздің мәртебесін мәңгілік еткей. Елімізді дамудың даңғыл жолына бастаған Елбасымызға Алла жар болып, тәуелсіз Қазақстанымыздың тұғыры биік болсын! Мәңгілік елге ұмтылған ұлтымыздың қадамы құтты, дұғасы қабыл, иманы кәміл болғай!
– Рахмет!
Ата-анасының мейірімінсіз қалған жазықсыз бүлдіршіндерге қандай көмек көрсетсек те жарасады. Бұл орайда Қостанай облыстық Марал ишан мешітінің қызметкерлерінің қазіргі таңда атқарып жатқан жұмыстары күллі еліміздегі бауырларымызға үлгі-өнеге десек, қателеспейміз.
Жалаң сөзге салынбас үшін нақты деректер мен дәйектер келтіре кетелік. Мысалы, жақында жоғарыда аталған мешіттің наиб имамы, білімді де қажырлы азамат Асқар Мейрамбекұлы бірқатар жамағаттармен бірге облыс орталығындағы тәрбиеленіп жатқан жетім балаларды аквапаркке алып барды.
Содан кейін облыстық балалар үйінде балақайлардың құрметіне дастарқан жайылды. Олар өздеріне көрсетілген осынау қайырымдылық және ізгілік шараларына дән риза болып, жүздерінен қуаныштың лебі есті.
Бір тоқтала кетер жай, әңгіме арқауына айналған игілікті іске облыстық мешіт қызметкерлері мен киелі орынға жиі келіп тұратын жамағаттар демеушілік етті.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Таяуда ғана «Ислам – бейбітшілік пен келісім діні» тақырыбымен өткен І Республикалық имамдар форумында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жиын қатысушыларына арнаған құттықтау сөзін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев жеткізген болатын.
Елбасы өзінің жолдаған құттықтау хатында «Форум отандық мүфтият қызметіне тың серпіліс беріп, дін саласындағы түйткілді мәселелерді шешудегі имамдардың рөлін арттыруға септігін тигізеді деген сенімін», - білдірген.
Ел Президенті сондай-ақ имамдарды діни тұрақтылықты нығайтуға, өскелең ұрпақты дін атын жамылған теріс ағымдар ықпалынан сақтау жолында табанды жұмыс жүргізуге шақырды.
muftyat.kz
Бүгін Алматыда «Алматы - 2015 жылғы Ислам мәдениеті астанасы» халықаралық конференциясы басталды. Іс шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты, Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтуде.
Шараға ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Ғалым Ахмедияров, қала әкімі Ахметжан Есімов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Серікбай қажы Ораз, Ислам ынтымақтастық ұйымына кіретін елдердің мәдениет министрлері қатысты.
Халықаралық конференцияның ашылу салтанатында сөз сөйлеген наиб мүфти Серікбай қажы Ораз Қазақстан мұсылмандары діни басқарамасының төрғасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының алғысын жеткізіп: «Алматы – мәдениетіміз бен әдебиетіміздің, дініміз бен руханиятымыздың ордасы. Алатаудың баурайындағы руханиятымыздың шамшырағы саналған әсем шаһарымыз Алматыға Ислам мәдениетінің 2015 жылғы астанасы мәртебесін беру – мұсылмандығымыздың тағы бір жарқын көрінісі»,-деді.
Конференция барысында 100-ден аса халықаралық сарапшылар, әлемнің 15 елінен келген саясаттанушылар мен ғалымдар ИЫҰ аясындағы халықаралық интеграциялық процесстерді талқылайды. Ислам әлемі елдерінің тарихы мен мәдениетін зерттеу саласындағы хал-ахуал талқыланып, жан-жақты мәдени ынтымақтастықтың болашақ жоспарлары қарастырылады.
muftyat.kz