Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри
Жаңалықтар
Воскресенье, 26 Сентябрь 2021 01:22

Өліге – құрмет, тіріге – міндет

Ешкім де мәңгілік емес, бәріміз де мына өмірге қонақпыз. Оны әрбір жер басып жүрген адам баласы түсінуге тиіс. Үстіміздегі жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тағы да бір игілікті мәселені қолға алды. Осы басқарманың жаңынан «Қамқор шарапат» қоры ашылды. Оның аты айтып тұрғандай алдағы мақсаты да айқын.

Ұзақ жылғы бай тәжірибесін ескере келіп, облыста жоғарыда аталған қордың өкілі болып Асылхан қажы Түсіпбек бекітілді. 

Қостанай өңіріндегі барша мешіттер де бұл қордың бастамасын қолдады. Себебі ол игілікті мақсатты көздейді. Қазіргі таңда имамдар қауымы «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген ата-бабамыздан қалған ұлағатты сөзді басшылыққа алып, шама-шарықтары келгенше жұмыс істеп жатыр.

Бұл күндері облыстағы 10 мешіттегі мәйітханаларға салқындатқышы бар құрылғылар орналастырылған. Мәселен, Жітіқара ауданы мен Октябрь ауылында әңгімемізге арқау болған «Қамқор шарапат» қорының бастамасын жүзеге асыру үшін облыста тұңғыш рет уақыт талабына сай зираттар бой көтерді. Алдағы уақытта да осы мәселе тұрақты назарда болады.

Көпшілікке мәлім, кейбір жерлерде дүниеден өткен адамдарға қарапайым ғана көктас қоюдың орнына, қалтасы қалың қандастарымыз зәулім сарай секілді ескерткіштер орнатады. Бұл жұртшылық тарапынан наразылық тудырады. Өйткені барлық отбасылардың тұрмысы бірдей емес. Біреудің жағдайы келеді, ал кейбіреулердің шама-шарқы жетпейді.

Осыны бір тіртіпке келтіру, елімізде барша бауырларымыздың көңілінен шығатындай ету, мұсылман жұртшылығының негізгі міндеттерінің бірі. Мұңдай қағиданы берік ұстанған Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет жуырда ғана Торғай өңіріндегі Жангелдин ауданында болды. Жергілікті мешіттің жаңадан пайдалануғаберілген мәйітханасын көзбен көріп, мақалада айтылған жайлардың аса маңыздылығына тоқталды.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі

Published in Жаңалықтар
Воскресенье, 26 Сентябрь 2021 01:04

Жұмыла көтерген жүк жеңіл!

Көпшілікке белгілі, биыл еліміздің біраз аймақтарында көктем кезінде жаңбыр болмай, қуаншылық орын алды. Бұл жай Қостанай өңірінде де мал өсіріп отырған ағайындарды толғандырғаны ақиқат.

Осындай қиын кездері ағайындарға қол ұшын беріп, дер кезінде көмек көрсету біздің міндетіміз деп түсінген, яғни Бахытбек қажы Тәжімбет бастаған барша өңір имамдары ақылдаса келе, «Қиындықта ел бірге» атты шарапаты өте мол қайырымдылық шарасын өткізді.

«Көп түкірсе көл болар» демекші, дін қайраткерлерінің ұйымдастырған аса маңызды шарасына жүректері ел деп соғатын азаматтар аянып қалған жоқ. Өздерінің лайықты үлесін қосты. Жалпы 32 тонна шөп жиналды.

Осынау мал азығы қолдауға өте мұқтаж болып отырған 4 ауданға жөнелтілді.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі

Published in Жаңалықтар
Понедельник, 20 Сентябрь 2021 16:38

Кешірімділік – көркем мінезділіктің шыңы

Мұсылман пенденің бойында болатын ізгі сипаттың бірі – кешірімділік. Бұл жалғанда кемшіліксіз адам болмайды. Кісінің оқыс істері мен зиянды іс- әрекеттері анықталғанда, оған адами тұрғыдан кеңшілік жасап, орын алған жайдың мән- жайын түсіндіру, кеңшілік көрсету – кешірімділік болып табылады. Қасиетті Құран Кәрімнің «Шура» сүресінің 43- аятында Алла Тағала:

وَلَمَنْ صَبَرَ وَغَفَرَ إِنَّ ذَلِكَ لَمِنْ عَزْمِ الأُمُورِ

«Әрине кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ істердің ең маңыздысы осы» - деп айтқан.

Дін мен дәстүрді қатар алып жүрген ата- бабаларымыз жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайтындығын ескеріп: «Кешірім жасау – кеңдік, кешіре алмау кемдік» немесе «Жақсы адамның ашуы – шәй орамал кепкенше» - деу арқылы ренжісті ұзаққа созбай, тезірек кешіруді адам бойындағы ізгі қасиеттердің қатарына жатқызған.

Дінімізде бауырмашылдық, кешірім жасау әрқашан үлгі-өнеге етіледі. Өйткені, Ислам осындай ғибратты қасиеттердің арқасында бүкіл әлем жұртшылығын мойындатты. Кешірім-адамдардың арасындағы сүйіспеншілік пен сыйластықты нығайтады. Ол отбасының ынтымақ пен бірлікте өмір сүруіне ықпал етеді. Өзара сенімді нығайтады. Татулықты барынша арттырады.

Бұл жайында Құран Кәрімнің Фуссилат сүресінің 34- аятында Алла Тағала былай дейді:

وَلَا تَسْتَوِي الْحَسَنَةُ وَلَا السَّيِّئَةُ ادْفَعْ بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ فَإِذَا الَّذِي بَيْنَكَ وَبَيْنَهُ عَدَاوَةٌ كَأَنَّهُ وَلِيٌّ حَمِيمٌ 

Жақсылық пен жамандық тең емес. Жамандықты ең көркем түрде жолға сал. (Жамандыққа қарсы жақсылық қыл). Сол уақытта сенімен екеуің араңда дұшпандық болған біреу, өте жақын достай болып кетеді.

Кешірім жасау кімнің болсын абырой, дәрежесін көтереді. Бір жағынан оның азаматтық болмысының жоғары екендігін айқын дәлелдейді. «Ұлық болсаң кішік бол» деген сөз де босқа айтылмаған. Кішіпейілдік ешкімнің де беделін түсірмейді. Кімде- кім кешірімділік сипатына ие болса, ол адам бұл дүниеде бақытты, ал ахіретте жомарттықпен нығметтеледі. Сондықтан да бұл сипат дінімізде көркем мінезділіктің шыңы болып табылады.

Бір күні пайғамбарымызға (с.ғ.с) Жәбрейіл (ғ.с) періште келіп: «Ей, Мұхаммед! Мен саған бұл дүниелік және ахіреттік болатын көркем мінездер әкелдім»,- деп мына аятты оқыды:

خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ

(Мұхаммед) Кешірім жолын ұста және оларға туралықты әмір ет. Сондай- ақ надандардан бет бұр.(Ағраф сүресі-199 аят).

Сонда Алла елшісі (с.ғ.с) бұл аяттың мағынасын сұрағанда, Жәбрайл (ғ.с):

«Расында Алла тағала саған және сенімен арасын үзген адаммен қарым- қатынасыңды жақсартуды, саған бермеген адамға беруді, саған зұлымдық жасаған адамды кешіруді, саған дұшпандық қылғанға сабыр етуді бұйырды»,- деген екен.

Хасан әл- Басри (Алла оны рахымына бөлесін): «Мүминнің мінезінің ең абзалы – кешірімділік»,- деген. Өкпелеу, ренжу, көңілге алу әркімнің де қолынан келеді. Алайда кешіру – жүрегіне иман ұялаған, Алланың кешірімін үміт ететін құлдарға тән қасиет.

Кешірім сұрағанды кешіре білу – адамдықтың белгісі. Кешірімді болсаң кең боласың. Кең болсаң кем болмайсың.

 

Қарабалық аудандық

«Ғашура ана» мешітінің

Бас имамы Серік Рахым Темірбекұлы

Вторник, 14 Сентябрь 2021 13:58

Отбасы – ұлттың тірегі

Отбасы бұл – әдет-ғұрыптың, жанға жағымды өнегелердің сондай-ақ қоғамның іргетасы, ажырамас бөлігі. Тәрбиенің алғашқы әліппесі де осы отбасында қалана бастайды. Жанұя – адамдық құндылықтардың, мәдениет пен адамгершіліктің қорғаушысы, ұрпақтың тарихи сабақтастығы.

Ислам хұқығындағы жанұя – парасаттылықпен даналықпен тәлім-тәрбие беретін киелі шаңырақ. Кез келген мұсылманның мақсаты – салихалы, ізгі ұрпақ тәрбиелеу. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өсиет сөзінде: «Әкенің балаға берер ең жақсы сыйы – тәрбие» деп тәрбиенің маңыздылығына мән берген. Отбасы – исламда баға жетпес құндылықтар ретінде қарастырылған. Қоғам отбасынан басталатындығына назар аударып, тұтас қоғамды таза ұстаудың бірден-бір кепілі – отбасы тәрбиесі екендігіне маңыз берген. Егер отбасы тату болса, қоғамда да тұрақтылық орнайды. Отбасында ынтымақ болса, қоғамда да бірлік пен тыныштық салтанат құрады. Яғни отбасы мәселесі сол қоғамға айырықша әсер етеді.

Халқымызда ислам дінімен ұштасқан, тамаша қалыптасқан отбасылық тәрбиенің озық үлгісі бар. Тәрбиенің бұл үлгісі ғасырлар сынынан өткен, ұлағат пен өнеге сіңген зор тағылымдардың құндылығының жиынтығы.

«Үлкеннің алдын кеспе, сөзін бөлме, өзіңнен жасы үлкенге сәлем бер, кішісіне қамқор бол» деген сөздер ата-ананың балаларына айта беретін ескертпелері, түсінген жан үшін бұл – тәрбиенің нағыз қайнар көзі. Онымен бірге «Әке тұрып ұлы сөйлегеннен без», «Атыңа ауыр жүк артпа, анаңа ауыр сөз айтпа», - деген нақыл сөздер отбасы құндылығын сақтауда ерекше рөл атқарады. Осындай сөздерді үлкендерден естіп, қазақы тәрбиені бойына әбден сіңіріп өскен отбасындағы ұрпақ ешқашан ардан аттап өтпесі анық.

 «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген халқымыз. Шаңырақта әрқайсының өз орнын яғни тәрбиелік жағынан дәрежесін көрсетіп нақтылап қойған.

Ғұрпымызда ежелден жанұя тірегі ер азамат. Ер адам өз отбасының алдында жауапты болып келген. Асыл дінімізде де отбасын берік ұстау, бала шағасына, әйеліне қамқор болу ер азаматтың басты парызы ретінде бекітілген. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Ер кiсi отбасының бақташысы. Сондықтан да ол қол астындағыларға жауапты»,- деп ер азаматтың жауапкершілігін нақтылаған. Хадисте: «Ері мен әйелі бір-біріне сүйіспеншілікпен, мейіріммен қараса, Алла Тағала да оларға сүйіспеншілікпен, мейіріммен қарайды» делінгендей, отбасы берік, босағасы бекем болу үшін ері мен әйелі бір-біріне мейріммен-қамқорлықпен қарап, өз міндеттеріне адал болу керек.

Отбасы өмірінің мәнімен сәні болған балалар, негізінде осы дүниеде әрбір ата-ананың өмірде жиі жүздесетін сынақтарының бірі деуге болады. Өйткені, ата-ананың балаларға беретін тәрбиесі, олардың тұлға болып қалыптасуына сүбелі үлес қосады. Сондықтан, оларға берілген жақсы тәрбиелеріміз ахиретте жетістікке жетуімізге себепші болады. Құран аяттарында бұл туралы: «Негізінде малдарыңды және балаларыңды сынақ деп біліңдер. Алланың қасында зор сыйлық бар» (Әнфал-28). Тағы бір аятта: «Әй мүміндер! Сендерді малдарың, балаларың Алланы еске алудан тоспасын. Әлде кім бұны істесе, міне солар, зиян тартушылар»  (Мунафиқун-9). Бұл аяттардан біз көптеген нәрселерді ұғынуымызға болады. Мәселен, тіршіліктің күйбеңіне беріліп, бала-шағаға напақа табамыз деп жүріп Құдай тағаланы жадымыздан шығарып қоймау, адал еңбек етіп, тапқан табысы харамнаен болмау деген ескертулерді түсінуімізге болады.

Қымбатты бауырлар! Қадірлі оқырман қауым! Мына, қазіргідей өркениеттің жан-жақты дамып, ұрпақтың миын улар түрлі теріс әрекеттер белең алған кезеңде, оларға қарсы тұрар мықты қорғанымыз – ұлттық тәрбиеге, имандылыққа негізділген «отбасы институты» екенін жадымызда ұстайық. Асыл дініміз Ислам – отбасының ең әуелі сенім мен сүйіспеншілік және түсіністік негізінде құрылғанын қалайды. Бахытты отбасы болашақта ұлы тұлғалардың дүниеге келуіне қабілетті. Ендеше, елдің, ұлттың болашағы әр отбасында шешіліп, негізі қаланады.

Тәрбие көзі отбасынан басталатындықтан, баршаңызға шынайы отбасылық бахыт, шаңырақтарыңызға бірлік пен береке, шаттық тілеймін!

Рудный қалалық «Нұр» мешітінің имамы Бектұрсынқажы Торғабайұлы

Понедельник, 13 Сентябрь 2021 11:38

Тобыл: Отбасы күнінде

Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің ұжымы өзгелерге үлгі боларлық шараларды ұйымдастырып, тағылымдық істерімен көзге түсіп келеді.

Кешегі отбасы күні аясында «Денсаулық-отбасы құндылығы» деп аталатын спорттық шара өткізілді.

Оған әр мешіттен екі жанұядан құралған барлығы алты команда қатысты. Осы спорттық шараға қатысушылар өздерінің тиянақты дайындықпен келгендерін көрсетті.

Жарыс қорытындысы бойынша бірінші, екінші және үшінші орындарға ие болған командаларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар салтанатты түрде табыс етілді.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі

Published in Жаңалықтар
Понедельник, 13 Сентябрь 2021 11:19

Рудный: Тағылымды бас қосу

Рудный қалалық «Нұр» мешітінде «Ихсан – тақуалыққа тәрбиелейтін ілім» атты діни танымдық дөңгелек үстел өтті.

Мұнда Бас имам Бектұрсын Торғайбайұлы жиналғандарға ихсан бойынша толыққанды түсіндірме беріп, Тақуалық – мұсылман баласының иманын бекемдейтін, ғибадатқа деген құлшынысын арттыратын, адамгершілікке тән болған ізгі қасиеттерді нығайта түсетіндігі туралы айтып өтті.

Сондай-ақ осы тақуалыққа кері әсер ететін қазіргі таңда қоғамда кең тарап кеткен – өтірік айту, ғайбат сөйлеу, тәкаппарлық сынды тақырыптарды да тілге тиек етіп, мұндай жаман әдеттерден аулақ болу қажеттігін насихаттады.

Жиналғандар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, өз ойларымен бөлісті. Эпид ахуалға орай көптен бері бас қоспаған жамағат бұл дәрістің маңыздылығына шынайы ризашылықтарын білдірді.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі

Published in Жаңалықтар

«Халал Даму» басшылығы мен мамандарының Қостанай облысындағы іссапары барысында өңірдегі сертификаттаудан өткен кәсіпорындарда кезекті аудит шараларын жүргізу басталды.

Ревизорлық бақылау-қадағалау жұмыстарын «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы мен бас сарапшы-технолог Айжан Омарова, жергілікті инспектор-контролер Алишер Балахмет орындауда.

«Бүгінгі тексеріс барысында өңірдегі бірқатар кәсіпорындарды: «Қостанай агро продукт», «Meatmall», «Север ет» қасапханалары, «Terra meat» ет өңдеу зауытының шариғат шарттарына сай мал бауыздап, стандарт талаптары бойынша ет өңдеуі, өндіру, сақтау, тасымалдау және сатуы қадағаланды. Өндіріс пен дайын өнімді бақылау – өнімнің жоғары сапасына кепілдік береді. Себебі, нарықтық экономика жағдайында ауыл шаруашылық ет өнімдеріне сұраныс жоғары. Сондықтан сұранысты сапалы, адал өніммен қамтамассыз ету үшін тиісті деңгейде өнім өндіріп, қызмет көрсететін қасапханалар, ет дүкендері қажет.

Біздің мамандардың тыңғылықты, әрі, кәсіби бақылауынан өткізілген «Қостанай агро продукт», «Meatmall», «Север ет» қасапханалары, «Terra meat» ет өңдеу зауыты өз деңгейінде ел игілігіне үлесін қосып жүрген кәсіпорындардың бірі екендігін атап өткен жөн. Сонымен қатар, «Абишев» кәсіпкерлігіне тиесілі «Хан сарайы» дәмханасының ас дайындау аумағы, қолданатын шикізат көздері мен тағамдық қоспалары, санитарлық тазалығы қадағаланды. Қостанай облысында басталған бақылау шаралары барысында кейбір кәсіпорындарға ескертіп жасалынып, бірқатар өндіріс орындары жақсы нәтиже көрсетуде» деп хабарлаған Айбек Асқарбекұлы өңірдегі кәсіпорындарды қадағалау әлі де жалғасатынын жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, «Халал Даму» басшылығының тікелей қадағалауымен жүргізілетін республикалық көлемде жүргізілетін кезектен тыс аудит шаралары Қостанай облысында жалғасуда. Алдағы күндері «QMDB Halal» сертификатына ие болған өңірдегі 20-дан астам өндіріс орындары тексеріледі.

Published in Жаңалықтар
Вторник, 07 Сентябрь 2021 09:17

Зекет қоры: Тамыздағы шаралар

Қостанай облыстық мешітінің жанындағы Зекет және қайырымдылық қорының жұмысы жанданып келеді. Осы бағыттың облыс жетекшісі Бақытжан қажы Икрамның айтуына қарағанда, өткен тамыз айында бірқатар игі істер жүзеге асырылды.

Нақты деректерге сүйенетін болсақ, 814 адамға қайырымдылық көмегі жасалды. Осы мақсатқа 6 миллион 182 мың теңге жұмсалды. Бұл қаражаттың 5 миллион 684 мың теңгесіне 751 оқушыға мектепке киетін киім-кешек, сабақ барысында қолданатын құрал-жабдықтар салынған сөмкелер алынды.

Жалпы қайырымдылықтың сауабы мол екендігі белгілі. Азық-түлік алған отбасылары мен жаңа оқу жылы қарсаңында сыйлыққа ие болған балалардың қуанышында шек болған жоқ.

Аталмыш Зекет және қайырымдылық қорының қызметкерлері алдағы айларда да көмекке мұқтаж жандардың шын жүректен шыққан шынайы алғысына бөлене беретіндігіне сеніміміз мол.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі

Published in Жаңалықтар
Пятница, 03 Сентябрь 2021 15:14

Бас имамның Торғай өңіріне сапары

Үстіміздегі жылы Тәуелсіздігімізге 30 жыл толатындығы белгілі. Соның қарсаңында Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет облыстың барлық аудандары мен қалаларының тыныс-тіршілігімен танысып, ұлы мерекені лайықты табыстармен қарсы алуды межелеген болатын.

Осы жуырда ғана ол қазақтың қаймағы бұзылмаған Торғай өңіріндегі сапарынан оралды. Мәселен, халық үшін аса маңызды намазхана, асханалардың дайындығы, биыл салынып жатқан құрылыс жұмыстарының қарқынына айрықша назар аударды.

Мысалы, Жангелді ауданындағы, Шеген ауылындағы намазхана жыл сонында пайдалануға берілмек. Қазіргі атқарылыап жатқан істер көңіл қуантады. Жергілікті жұртшылық айтулы мереке алдында қуанышқа кенелетіндігі сөзсіз.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі.

Published in Жаңалықтар
Четверг, 02 Сентябрь 2021 17:31

Қостанай - Рудный

Жалпы мешіттердің қызметінің бірі қайрымдылық шараларын өткізу болып табылады. Осы орайда облыс орталығы Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» және Рудный қалалық «Нұр» мешіті жаңа оқу жылына өз үлестерін қосты.

Аталмыш мешіттерде облыстық мешіттен бастау алған «1000 бала» шарасы аясында «Мектепке жол» қайырымдылық науқаны өткізіліп, көмекке мұқтаж көпбалалы отбасылар т.б. кісілерге қолдау көрсетілді.

Бұл мақсатта «Жайлаубай ата» мешітінде 40 балаға ал Рудный қалалық «Нұр» мешіті 30 балаға мектепке қажетті оқу құралдары табыс етті.

-Біз қолымыздан келгенше жылда осы кезеңде аталмыш іс-шараны ұйымдастырамыз. Демеушілердің қолдауымен оқушыларға сөмке, дәптер, қалам-қарындаш секілді мектепке қажетті құралдармен қамтамасыз еттік. Жалпы қалалық білім бөлімімен тығыз байланыста жұмыс істейміз, - дейді мешіт имамы Бектұрсын Уәлиев. 

Мешіт ұжымы қуаныштан жүздері бал-бұл жанған оқушыларға оқуда үздік нәтижелерге жетулеріне тілектестіктерін білдірді. Ал олардың ата-аналары шараны ұйымдастырушыларға және демеуші жандарға алғыстарын білдірді.

Қостанай облысының баспасөз қызметі

Published in Жаңалықтар

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником