«Рудный қалалық Нұр» мешітінде ұстазы Аяулым Ермекқызы «Әйел-қыздар секторы» жұмысы аясында мешіттің әйелдер жамағатына дөңгелек сүстел ұйымдастырды.
Шараның тақырыбы «Хадиша анамыздың жол көрсетуімен, біз дінде қандай әйелміз?» бойынша өтті.
Онда Аяулым ұстаз жиналған әйел жамағатына Исламдағы отбасының тәрбиесі және әйелдің алатын орны жайлы тәлімді әңгімені өрбітті. Ол өз сөзінде: «Әйел – ибалы қыз, инабатты келін, ардақты ана, асыл әже. Жалпы, шаңырақтағы әйел қауымына жүктелетін жауапкершілік жүгі мол. Өйткені, олар үйдің ырыс-берекесін келтіріп ғана қоймайды, ұл мен қыздарын жастайынан адамгершілікке, ізгілікке, Отаны мен халқын сүюге баулиды» деді.
Басқосудан кейін өзекті мәселеге байланысты тағылымды ой-толғаныстар дастархан басында одан әрі жалғасын тапты. Намазхан аналар тәрбиеге қатысты құнды пікірлерін ортаға салды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің Бас имамы Нұрхан қажы Бақтыбайдың ұйытқы болуымен имандылық ордасында аса маңызды мәселеге байланысты кездесу болып өтті.
Оған мешіт жамағаттары мен шәкірттері қатысып, көп жайды көңілдеріне түйді. Бас имамның «Мұсылман мұсылманның бауыры» тақырыбындағы уағызын жергілікті жұртшылық ұйып тыңдады.
Жүздесу өте әсерлі ұйымдастырылғандықтан жиналған қауым Нұрхан қажы Асанұлына дән ризашылықтарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Өңірімізде заманауи діни білім алған жастар қатары көбейіп, мешіттер білікті мамандармен толығуда. Жуырда ғана Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Алтынсарин аудандық «Алдиярұлы Жанұзақ»мешітіне Бас имам болып Нурлан Сейдагалиев тағайындалды.
Ол осы уақытта дейін Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінде наиб имам қызметін атқарды. Өз жұмысына аса ыждағаттылықпен қарайтын азамат халық арасында үлкен құрметке бөленді.
Оны аудан жұртшылығына Қостанай облыстық мешітінің наиб имамы Дархан Сыздықов таныстырды. Ал, бұған дейін Алтынсарин ауданының Бас имамы болған Ерік қажы Ыбырай денсаулығына байланысты Меңдіқара аудандық «Зұлқарнайұлы Мұса қажы» мешітіне найб имам қызметіне ауысты.
Алтынсарин ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейтов Жандарбек ақсақал Ерік қажыға атқарған еңбегіне алғысын айтып, ақ батасын берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі