Ұлыстың ұлы күні Рудный қалалық «Нұр» мешітінде «Дін-діңгегім, дәстүр-тірегім» атты Наурыз мерекесі ойдағыдай өткізілді. Онда мешіт имамы Бектұрсын Уәлиев жиналған жамағатқа ұлттық құндылық, дін мен дәстүр сабақтастығы жайлы тағылымды насихат айтты. Жамағат арасында қол күрес, асық ойыны және садақ ату секілді спорттық ойындар ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға естелік сыйлықтар табыс етілді.
Осындай мерекеге әйел-қыздар секторының ұстазы Аяулым Ермекқызы да қатысты. Облыстық мешіттен Жансая Салауатқызы бастаған әйел-жамағаты қонаққа шақырылды.
Аталмыш іс-шарада ақ жаулықты аналар жастарға тәлімді ұлттық салт-дәстүрден көріністер көрсетіп, олардың мән-мағынасы түсіндірілді. Сондай-аққазақтың әдет-ғұрпы жайлы викториналық ойындар өткізіліп, сыйлықтар берілді.
Мешіт ұжымы жамағатпен бірлесе отырып, дастарқан жайды. Көпшілік қауымға палау әзірленіп, наурыз көжеден дәм таттырды. Мерекені сезіндіру мақсатында қала тұрғындарына палау, ал зағиптар үйінде азық-түлік пакеттері таратылды.
Дастарқан басында үлкен ақсақалдар мен қажылар мейрамды ұйымдастырушыларға шынайы алғыстарын жеткізіп, бата берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі