Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қайырымдылық жасау, көмекке мұқтаж жандарға көмек көрсету мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді.
Осыған орай Қостанай облысына қарасты Рудный қалалық «Нұр» мешіті қызметкерлері шаһардағы «Қарттар мен мүгедектерге арналған №2 интернат үйі»-де болды. Сөйтіп ондағы аға буын өкілдерімен жүздесті.
Қаладағы бір мұсылман бауырымыздың демеушілігімен екі қап тәтті нан (пряник) табыс етілді. Интернат үйінің ұжымы мешіт қызметкерлерімен қайырымдылық көмегін көрсеткен азаматқа дән риза болды.
Қайырымдылық- адам бойындағы ең ізгі қасиеттердің бірі. Сондықтан өзім басшылық ететін мешіт қызметкерлері алдағы уақытта да көмекке мұқтаж жандарға қолдан келген көмегін беруге ат салыса береді- дейді бас имам Сейіт Нұрқанов.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша баспасөз қызметі
Жақында Қостанай облыстық Марал ишан мешітінде көпке тағылым боларлық оқиға орын алды. 25 жасар сыған азаматы Андрей Бартасинский өз еркімен аталған парасат ордасына келіп, Ислам дінін қабылдағысы келетіндігін білдірді.
Оны найб имам Бақытжан қажы Икрам жылы жүзбен қарсы алып арамызда тұрып жатқан жігіттің өтінішін дер кезінде орындады. Оған азан шақырып, Мұхаммед есімін берді.
Бұл Мұхаммедтің бір ерекше тағылым алар қыры тек Ислам дінің қабылдап ғана қойған жоқ, қазір бес уақыт намаз оқиды. Мешітке жиі келіп, аталған дін туралы білмегенің сұраудан жалықпайды.
- Иә, мен сыған азаматы Андрейдің тілегін қабыл алдым. Оның Ислам дініне деген шынайы ықыласы бәрімізді де тәнті етті. Бір ғажабы, Қостанай өңірінде де өзге ұлттардың арасында да осындай кісілердің жылдан-жылға қатары көбейіп келе жатыр,- дейді облыстық мешіттің найб имамы Бақытжан қажы Икрам.
О. Жабайтегі
Қостанай облыстық Марал ишан мешітінң найб имамы Бақытжан Икрамның есімі өңірге терең білімді, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары дін қайраткері ретінде мәлім.
Ол жуырда Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті психология факультетінің казақ-орыс бөлімінің 4 курс студенттерімен және ғалым әрі ұстаз Лилия Вагановна Саркисянмен мешітте кездесу өткізді.
Мешітке келген қонақтарға «Неке және отбасы» тақырыбында уағыз айтты. Әрбір адамның өмірінде бұл қозғалып отырған мәселенің аса маңызды екендігіне тоқталды.
Сондай-ақ найб имам жуырда облыс орталығындағы құрылыс колледжінде де болды. Ол мұнда білім алып жатқан шәкірттермен жүздесті. Орыс тілінде дін аралық татулық жөнінде әңгіме етті. Көптеген қойылған сұрақтарға нақты жауап берді.
О. Жабайтегі
Дін мен дәстүрдің қоғамдағы алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де атқарар маңызы өте зор. Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет.
Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері болады. Мәселен, еліміздің ұлан-байтақ жерді алып жатуының өзі ғасырлар бойы халқымыздың бойындағы, батырлық пен ерлік дәстүрін тудырған. Қазақ – ұлттық дәстүрге ерекше мән беретін халық.
Дәстүр – ұлтты рухани жандандырып, оның ішкі және сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттар. Дін мен дәстүр – қашанда бір-бірімен сабақтас ұғым. Екеуі егіз тақырып десек те болғандай.
Дін бар жерде дәстүр, дәстүр бар жерде дін де бар деп айтуға болады. Алла тағала құранда: «Кешірімді бол, ғұрыпқа жақсылыққа бұйыр және надандардан жырақ бол» - деп әмір етеді. Ғұрып дегеніміз бір қоғамда қалыптасқан жағымды әрі қайырлы іс. Демек, Алла тағала жоғарыдағы аяттарда қоғамда жағымды жағдайларды қалыптастырып, оларды негізге алуға әмір етіп тұр.
Ислам діні әрбір халықтың, ұлттың өзіндік құндылықтары және ерекшеліктері – әдет-ғұрпына ерекше көңіл бөлген. Сондықтан ислам ғұламалары әдет-ғұрып мәселесін талдап, оның өзін жеке бір тақырып етіп зерттеген. Дәстүрге теріс көзқараспен қарау және оны жоққа шығару тек бір ұлттың тамырына ғана балта шабу емес, дінді бұзушылық болып та табылады.
Ислам ғалымдарының бірі Имам ибн Ғабидин: «Ислам шариғатында, «әл-ғурф» (ғұрып) және «әл-ғада» (әдет) деп аталатын, адамдар арасында қалыптасқан салт пен дәстүрді айқындайтын үкімдер бар» -деген.
Ал, Имам Сархаси хазірет: «Шариғатқа қарсы келмеген әдет және ғұрыппен бекітілген нәрсе, шариғатпен бекітілгенмен тең болады!» -деген. Егер әдет-ғұрып шариғатқа қайшы келмесе, оған Ислам тыйым салмайды. Халқымызда: «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген керемет нақыл бар. Осыған орай: ғұрыптардың барлығы дерлік әлбетте бірдей емес. Сол үшін де, оларға бір жақты қарауға әсте болмайды.
Себебі, әдет-ғұрыптардың ішінде тыйым салынатыны, сондай-ақ рұқсат етілетіні, тіпті орындалуы қажет болып табылатындары да бар. Әдет және ғұрыпқа айрықша орын бергенде, орындалатын өзіндік арнайы шарттары бар:
I. Салт-дәстүр – Құран мен Сүннет мәтіндеріне және ғалымдардың бір ауыздан келіскеніне немесе шариғатта бекітіліп қойған үкімге қарама-қайшы келмеуі тиіс. Имам Сархасидің: «Құран мен Сүннетке қарсы келген кез-келген салт есепке алынбайды», - деген сөзі бар.
II. Әдет пен ғұрып, сирек кездесетін емес, кең тараған болуы қажет. Имам Суюти: «Салт-дәстүрмен тек, егер олар кең тараған яғни қоғамдық ортада мойындалған болса ғана санасады, ал егер олар айқын болмаса, есепке алынбайды».
III. Салт-дәстүр бізге бұрынғылардан жеткен, қазіргі таңда да қолданыстағы дәстүр болуы керек. Өйткені, салт-дәстүр уақыттан-уақытқа, халықтан-халыққа ауысып келе береді.
Дініміз Ислам – адамгершілік пен парасаттылықтың, қайырымдылық пен ізгілік діні. Осынау асыл дінімізді әр саққа жүгіртіп, бұрмаламай өзінің тұнық қайнарынан үйренуге тырысқанымыз жөн. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасып келген дәстүрлі дінін, әдет-ғұрпын жоққа шығарып, іріткі салушы топтар бар, олар қайдағы бір ағым, секталардың сойылын соғып жүргендер.
Ардақты Пайғамбарымыз: «Шын мұсылман – тілі мен қолынан ешкімге еш зияны тимейтін адам» – деген. Ал, бүгінде жасыратыны жоқ өзін мұсылман-намазханмын деп жүріп, ата-анасына «кәпірсің» деп тіл тигізіп, асын ішпей, өз ұлтынан жиреніп, ұлттық ғұрыпты харам деп, салт пен сүннетті қағыстырып жүрген бауырлар бар.
Мұны әлбетте олардың діни білімсіздігінен деп білгеніміз абзал. Ондайлардың көзқарасына бола Исламға шошына, үрке қарауға болмайды. Ол діннің кемшілігі емес, дінді дұрыс түсіне білмеген, оны даналықпен өміріне ендіре алмаған, дін мен дәстүрді хикметпен қабыстыра түсінбегендердің өз кінәсі.
Дін атын жамылған ағымдар елімізде көп. Осынау ағым, секталардың ешқайсысы дұрыс емес, бұрыс екендігі айтылып та, жазылып та жатыр. Бірақ өкінішке орай, біздің қаракөз бауырларымыз әлі де болса солардың еліткеніне еріп, желіктеріне желігіп, шырмауынан шыға алмауда. Өз құндылығымызды өзіміз қадірлей білмегеннен, кім болса соның соңынан еріп, жетегінде еріп, жүре береміз. Сондықтан ұлттық қасиетімізді де бағалай білгеніміз жөн.
Қадірлі ағайын! Барша мұсылман бауырлар! Біз ұстанатын мұсылмандық бабаларымыздан бері шариғатқа сай қалыптасқан ұлттық дәстүрімізге нұқсан келтірілмеуі тиіс. Мұсылман болу үшін тек мұсылмандық сауатты ғана болу жеткіліксіз. Біз жан-жақты білімді де мәдениетті болып, «Өз асылымызды құндап, өзгенің қаңсығына қызықпай, ұлттық ар-ұжданды» болуымыз қажет.
Бүгінде Мәңгілік Ел боламыз деп жатырмыз. Оның бірден-бір жолы – «Бірлігі бар елдің, берекелі тірлігі бар» -демекші ел ішінде тыныштық пен тұрақтылық, ынтымақ пен бірлікті нығайту. Тұрақтылық пен тыныштық бар жерде ғана өсіп-өркендеу, ертеңгі күнге деген үкілі үміт болатыны айқын.
Сонымен қатар ұлттық асыл құндылықтарымызды дәріптей отырып, оны паш ету. «Уықты басқұр сақтайды, ұлтты дәстүр сақтайды» - дегендей, ата-бабамыздан бері жалғасып келе жатқан дәстүрлі дініміз бен әдет-ғұрпымызды қадірлеп, құрметтей білуіміз керек.
Осындай асыл құндылықтарымызды дұрыс сақтай алсақ қана елдігімізді сақтай аламыз. Сонда ғана егемен еліміз бар деп мақтана аламыз. Мәңгілік Ел тек осындай өзіндік қадірімен ғана мәңгілік болмақ деп ойлаймын.
Бектұрсын Уәлиев,
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед»
мешітінің имамы
Қостанай облысы.
Таяуда, Қазақстан қажылар қауымдастығы Қостанай облыстық филиалының төрағасы Жақсылық Ғайсин Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде болды.
Жақсылық қажы осындағы жамағатпен жүздесуде жиналған жастарға өзінің ризашылығын білдіріп, оларды тәуелсіз еліміздің намысты да жігерлі азаматтары болуға шақырды. Сондай-ақ ол осы сапарында Арқалықтық қажылармен де кездесіп, олардың асыл дініміздің насихаттауға, қоғамымызда халықтар арасындағы достық пен татулықты нығайтуға, жастарға тәлім-тәрбие беруде. Сіңіріп жатқан еңбектеріне алғыс айтты.
Сонымен қатар қажылар қауымдастығынының алда тұрған жұмыс жоспарларына кеңінен тоқталды. Осылайша филиал төрағасының сапары өте әсерлі өтті.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша баспасөз қызметі
Арқалық қалалық мешіт қызметкерлері мен ішкі саясат бөлім мамандары бірлесіп, медициналық колледж студенттерімен кездесті. Мұнда колледждің I-ші және II курс студенттері, тәрбие жөніндегі меңгеруші ұстаздар қатысты.
Кездесуде «Ислам және медицина», «Имани тәлім-тәрбие» және «Дініміздегі кереғар ағымдар» тақырыбында насихаттар айтылды. Тәлім аларлық бейне роликтер көрсетілді.
Сондай-ақ асыл дініміздің медицина саласына деген көзқарасы, тығыз байланыстылығы да әңгімеленді. Дін Исламның адамның жеке бас гигиенасына ерекше көңіл бөлетіндігі, денсаулыққа деген күтімі, салаутты өмір салтын насихаттайтындығы айтылды.
Кездесу соңында студенттер өз ойларымен бөлісіп, сауалдарына жауап алды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша баспасөз қызметі
Жуырда Қарасу ауданының орталығындағы Достық мәдениет үйінде Мәуліт мерекесі ойдағыдай аталып өтті. Бұл басқосуға аудан әкімі Алмабек Шәмшиев пен Сарыкөл ауданының бас имамы Дәулетбай қажы Махмұтұлы қатысты олар жиналған қауымды мәуліт мерекесімен құттықтады.
Осынау есте қаларлық кешті мәдениет үйінің әншісі Есімхан Токубаев пен «Қарасу өңірі» газетінің бас редакторы Ақнұр Мұсабайқызы жүргізді.
Бұл мерекеде алдымен құран оқылып, сонан соң салауат айтылды. Мұнда көпшілікке шәкірттеріміз өздерінің ерекше қабілеттерімен көзге түсті. Сондай –ақ ән айтылып, күй тартылды.
Қарасулық мұсылмандар назарына «Кім кінәлі?» - деп аталатын бейне фильм ұсынылды. Оған барша қауым риза болысты.
Мерекенің сонында Мәуліт мейрамының құрметіне қарттар үйінде қайрымыдылық тұрғысында ас берілді.
Осы ұлы Мұхаммед пайғамбарымыздың туған күніне арналған басқосудың жоғары деңгейде өтуіне ауданның бас имам Халық қажы Апсатаров бастаған мешіт қызметкерлері және ауданға белгілі іскер азаматтар елеулі үлес қосты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
баспасөз қызметі
Жуырда Қостанай облысына қарасты Рудный шаһарында өзгелерге үлгі боларлық оқиға болды.
Кәмелет жасқа толған бойжеткен Виктория өз еркімен ислам дінін қабылдамақ ниетпен «Нұр» мешітіне келді. Оны осы мешіттің бас имамы Сейіт қажы Нұрқанов қарсы алып, ислам дінінің мән-маңызы жайында әңгімеледі.
Мешітте Викторияның өтініші бойынша азан шақырылып, оған Амина есімі берілді.
Сөйтіп ол ислам дінің қабылдап мұсылман атанды. Бас имам Сейіт Нұрқанов Аминаға мешіт атынан діни әдебиеттерді сыйға тартты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша баспасөз қызметі
Жақында Рудный қаласындағы Рудный технологиялар мен қызмет көрсету колледжінде дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оның тақырыбы: "Две религий - два мира"- деп аталады.
Осынау жыйында қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Сейіт қажы Темірбекұлы аталмыш оқу орнының 1-ші және 2-ші курс студеттеріне қазіргі таңдағы теріс ағымдар жайында, олардың зияны туралы, терроризм, экстремизм жөнінде айтты.
Сондай-ақ студенттердің қойған сұрақтарына нақты жауап берді.
Қалалық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Л. Қапанова және басқалар қатысты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша баспасөз қызметі
Рудный қалалық «Нұр» мешітінің жанындағы сауат ашу курсында дәріс алып жүрген шәкірттердің ата-аналарымен кездесу өтті. Жүздесуде Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының «Дін мен дәстүр» жылы деп жарияланған үндеуі кеңінен түсіндіріліп, әдет-ғұрыптың, салт-дәстүрдің қазақ халқындағы, бала тәрбиесіндегі, жалпы қоғамдағы рөлі қаншалықты маңызды екені айтылды.
Сонымен қатар ең үздік шәкірттердің есімдері аталды. Мешіттің Бас имамы Сейіт қажы Нұрқанов ата-аналарға ризашылығын білдірді.