Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Ақида

Бұрынғы шынайы сәлафтар мен бүгінгі сәлафилердің ақидасында қандай айырмашылық бар?

Бұрынғы шынайы сәлафтар мен бүгінгі сәлафилердің ақидасында қандай айырмашылық бар?

Хабари сипаттарға қатысты тақырыпты бүгінгі қоғамда өзекті мәселеге айналдырып, қарапайым халықтың басын қатырып жүрген «бидғатшыл» топтар бар.

Олар өздерін «сәлафтардың жолын ұстаймыз, біздікі ғана дұрыс» деп, хабари сипаттарға тәуил жасайтын Ашғари мен Мәтуруди секілді әһлі сүннеттік ақида мектептерін ұстанатын қалың жамағатты да, мағынасын білмейміз деп Аллаға тапсыратын (тафуид жасайтын) шынайы сәлафтардың жолын ұстанатындарды да адасушылар қатарына қосады. Көбіне уағыздарының басы «Сенің ақидаң дұрыс па?» деген сауалмен басталады. Егер жауабыңызда Мәтуруди немесе Ашғари ақидасы десеңіз яки олардың «Алла қайда?» деген сұрақтарына «аспанда» деп төбеңізді көрсетпесеңіз, онда ақидаңыз адасқан болып шыға келеді.

Бүгінгі кейбір сәлафи ақидасын ұстанамыз деп жүргендер, шынымен де, өздері айтқандай сахабалар мен табиғиндардың, олардың көзін көрген атбағут-табиғиндардың ақидасын ұстанады ма? Әрине, жоқ! Себебі, олар былай дейді: «Алланың өзіне жарасатын қолы бар, бірақ біздің қолымыз сияқты емес, қандай қол екенін білмейміз» дейді. Тіпті кейбіреуі «иттің қолы бөлек, мысықтікі де адамдікінен өзгеше, ендеше, Алланың қолы да басқаша» деп мысалдар бере отырып түсіндіріп жүр. Яғни, олар аяттағы «иад» сөзінің тура мағынасы «қол» дегенді білдіреді, бірақ Алланың қолы қандай екенін білмейміз дейді. Қандай қол екенін білмейміз деу – Алланы пәктеуге жатпайды. Себебі, өздері айтқандай Алланың қолы ешбір жаратылыстың қолына ұқсамай-ақ қойсын, бірақ жалпы қол деген ұғым ұстауға арналған құралды, белгілі бір ағзаны білдіреді. Ал Алла Тағала ешбір құралға да, ағзаға да мұқтаж емес. Сондықтан сәлаф ғалымдары «йад» деген сөздің белгілі бір ағзаны немесе ұстау құралын білдіретін тура мағынасы Алла үшін мұрат емес, тіпті, Алла үшін белгілі бір кейіп жүрмейді деген.

Ал бүгінгі сәлафи ақидасын өздеріне «жекешелеп» алғандар шын мәнінде шынайы сәлафи ақидасын ұстанбайды. Мысалы, «Алла сосын аршқа истиуа етті» деген аяттағы «истиуа» сөзін «истиқрар», яғни орнығу, жайғасу, тіпті таққа отыру мағынасында түсіндіреді. Олар «Иад (қол)» деген сипат бар, бірақ ол ағза мағынасында емес, сол секілді «истиуа» деген сипат бар, бірақ «отыру, жайғасу, орнығу» мағынасында емес, бұлардың мағынасын білмейміз, белгілі бір кейіп Аллаға жүрмейді» десе, біз олармен келісер едік. Сәлафус-салих ғалымдарына жататын Әбу Ханифа өзінің шәкірттеріне қалдырған өсиеттерін қамтыған «Әл-уасия» кітабында былай дейді: «Біз Алла Тағаланың аршқа истиуа еткеніне сенеміз. Бірақ ол истиуа аршқа қажеттілік болмастан әрі оған жайғасып, орнықпастан жүзеге асқан. Алла Тағала мұқтаж болмастан арштың да, басқаның да сақтаушысы. Егер Алла Тағала мұқтаж болғанда, әлемді жаратуға да, әрі оны басқаруға да басқа жаратылғандар тәрізді құдіреті жетпес еді. Егер ол отыруға, жайғасуға мұқтаж болса, онда Алла Тағала аршты жаратпас бұрын қайда еді? Алла Тағала одан (отыру мен мұқтаж болудан) пәк әрі ұлы».

Байқағанымыздай, табиғинге жататын, яғни сәлаф деген атауға анық лайық Әбу Ханифа «истиуаны» «орнығу, отыру, жайғасу» мағынасындағы «истиқрар» емес екенін түсіндіріп отыр. Ал бүгінгі біздің ғана ақидамыз түзу деп, басқаларын адасуға жатқызатындар «истиуаны» истиқрар деп түсіндіріп жүр. Бұл сонда қандай сәлафи ақидасы?

Олар хабари сипатты білдіретін сөздердің тура мағынасын жоққа шығармаймыз, қандай мағынада айтылғанын да білеміз, тек нендей кейіпте болатындығын білмейміз дейді. Олардың «Алланың өзіне лайық көзі бар, бірақ біздің көзіміз сияқты емес» немесе «Алла аршқа орнығып, жайғасты, бірақ біздің орнығуымыз бен жайғасуымызға ұқсамайды» деген сөздеріндегі «Алланың өзіне лайық» және «біздікіне ұқсамайды» деген тәрізді, бір қарағанда, Алланы пәктеу секілді көрінетін мұндай сөздеріне қарапайым халық алданып қалады. Шынтуайтында, «Алланың өзіне лайық көзі бар» деген кезде мейлі ол біздікіне яки кез-келген басқа жаратылыстың көзіне ұқсамай-ақ қойсын, Бірақ жалпы көздің тілдегі тура мағынасы, жалпы ұғымы көру құралы, арнайы ағза емес пе? Ендеше, «көз» сөзінің ағза немесе құрал ретіндегі тура мағынасы Алла үшін мүмкін емес. Аллаға мұндай мұқтаждықты білдіретін мағынаны таңуға болмайды. Себебі, Алла ешбір құрал, ағзасыз-ақ толық көреді, біледі. «Һидаяға» «Фатхул-қадир» атты кең түсіндірме жасаған ханафи ғалымы әл-Кәмал Ибнул-Һүмам былай дейді: «Саусақ та, қол да Алла Тағаланың сипаты. Бірақ ағза мағынасында емес. Керісінше Алланың ұлықтығына лайық түрде. Кемшіліктен пәк Алла ең дұрысын біледі». Егер олар Ибнул-Һүмам секілді «Алланың қолы бар, бірақ ағза мағынасында емес» десе де келісуге болар еді. Алайда олар аяттағы «қолдың» мағынасын білеміз, бірақ біздікіне ұқсамайды дейді, өзіне жарасатын түрде деп Алланы пәктеген болады. Құранда кәпірлерге қаратыла: «Олар Алланы ұмытты, сондықтан Алла да оларды ұмытты (тәрк қылды)» , «Олардың бұл күнгі кездесулерін ұмытқанындай біз де оларды ұмытамыз (тәрк қыламыз)» деген аяттардағы Аллаға байланыстырылып қолданылған «ұмытты» сөзі тура мағынасында емес, тәрк ету, рақымына алмау мағынасында. Мұны барлық ғұламалар осылай түсінген. Ал енді «Алла да ұмытады, бірақ оның ұмытуы біздің ұмытуымыз сияқты емес» деп әуелі ұмытуды таңып, сосын біздің ұмытуымыз сияқты емес деп ешкім, тіпті Алланың қолы бар, бірақ біздің қолымыз секілді» емес дейтіндер де айтпайды. Себебі, ұмыту біздің ұмытуымызға ұқсамай-ақ қойсын, жалпы алғанда ұмыту кемшілік, есте сақтай алмау нұқсандығы емес пе? Ал енді «Алланы отырады, бірақ біздің отыруымыз сияқты емес» деудің «Алла да ұмытады, бірақ біздің ұмытуымыз сияқты емес» деуден қандай айырмашылығы бар? Ол да кемшілік, жаратылғандарға тән мұқтаждық емес пе? Міне, сондықтан нағыз сәлафтар сөздің әлгіндей белгілі бір ағзаны яки жаратылғандарға тән іс-әрекеттерді білдіретін тура мағынасы мұрат емес, Алла Тағалан мұндай сөздермен нені мұрат етіп, қандай сипатты қалаған болса, соған иман келтіреміз деген.

Егер олар «Алланың қолы бар, бірақ біздің қол сияқты емес» деген кезде «біздің қолымыз сияқты ағза, ұстайтын құрал мағынасында емес» дегенді айтқысы келсе, онда оларды шатасып жүр демес едік. Алайда олар «йад» (қол), «ъайн» (көз) сөздерінің тілдік тура мағынасын жоққа шығармаймыз, қандай мағынаны білдіріп тұрғанын да білеміз, тек сипаттың нендей кейіпте болатындығын ғана Аллаға тапсырамыз» дейді. Оларға айтар уәжіміз егер сендер өздерің айтқандай «Алланың қолы, көзі» дегендегі «қол» мен «көз» сөздерінің тура мағынасын жоққа шығармасаңдар әрі олардың мағынасын біліп, түсінген болсаңдар, онда бізге бұл сөздерден түсінген мағыналарыңды айтып беріңдерші. Ескерте кетейік, біз олардан Алланың қолы мен көзінің қандай кейіпте болатындығын айтып беріңдер деп отырған жоқпыз. Тек қол мен көздің өздері түсінген жалпы мағынасын айтып беруді талап етіп отырмыз. Олар бұл сұрағымызға «көру мен ұстауға арналған «ағза, құрал» мағынасында» деп жауап берсе, онда олардың адасқандықтарына басқа дәлелдің қажеті жоқ. Себебі, Алланың көзі мен қолы біздің, тіпті ешбір жаратылыстың көзі мен қолына ұқсамай-ақ қойсын, оның жалпы ұғымы мұқтаждықты, денені әрі бөлшектерден құралғандықты білдіреді. Міне сондықтан көзі жоқ адам соқыр, қолы жоқ адам мүгедек болады. Ал Алла еш бір нәрсеге мұқтаж емес, дене ұғымынан да пәк. Ол еш нәрсеге ұқсамайды. Алла көреді, бірақ көру үшін белгілі бір ағза мен құралға әсте мұқтаж емес. Алла жаратады, істейді бірақ жарату, істеу үшін қолға да, ешбір құралға да мұқтаж емес.

Ал егер олар «қол мен көз ағза мағынасында емес» деп жауап берсе, онда бастағы айтқан «тура мағынасын жоққа шығармаймыз» деген сөздеріне өздері қайшы келіп отырғандықтарын естеріне саламыз. Себебі, қол мен көздің тура мағынасы ағзаны ғана білдіреді.

Осы көзқарастағылардың арқа сүйейтін бір ғалымы «дене, көретін көз, еститін құлақ, сөйлейтін тіл, тамақ» сынды сипаттардың Алла Тағалада жоқ екендігін айтқан аят хадис болмағандықтан, біз оларды Аллада бар деп те айтпаймыз, жоққа да шығармаймыз дейді. Тіпті бұларды жоққа шығармау – әһліс-суннаның жолы дегенді алға тартады. Дәлірек айтсақ, бұл ғалым әс-Сабунидің «Алла Тағала денеден, көретін көз, еститін құлақ, тіл, тамақтан пәк» деген сөзіне былай деп қарсы жауап берген: «Бұлай деу – сәлафтардың жолы емес, керісінше бұл философтардың сөзі. Ал әһліс-сунна болса, Алланың өзі үшін бар деген (сипатын) бар, жоққа шығарғанын жоқ дейді. Сондай-ақ, Алла елшісінің Алла үшін бар деген (сипатын) бар, жоқ дегенін жоқ дейді.»

Сонда бұл пікір Құранда «жоқ» деп айтылмағанды Алла Тағаладан пәктеу дұрыс емес дегенді білдіреді. Алайда Құранда «Алла тағалада жоқ» деп айтылмаған бұлардан басқа да талай-талай ағзалар бар ғой. Мүмкін, олардан да Алла Тағаланы пәктеуіміз керек шығар?!

Негізінде, мұндай ағза, құралдар жалпы мұқтаждықты, кемшілікті білдіргендіктен, Алла Тағаланы олардан пәктеу – уәжіп. Құранда жоққо шығарылмаған екен деп Алла Тағаланы олардан пәктемеу, мұқтаждықтан туындаған мұндай сипаттарды Ұлы Жаратушыға тануға болмайды деп айтпау – Алла жайлы сенімі түзу адамның сөзі емес.

Сәлафус-салихтардың Алла Тағаланы ағза, құралдардан пәктегендіктеріне, ондай мұқтаждықты жоққа шығарғандықтарына қатысты дәйекті деректер өте көп. Солардың ішінен имам Ахмед ибн Ханбалдың мына сөзін мысал ретінде келтіре кетейін: «Алла Тағала өзі қалай қаласа солай сөйледі.Бірақ қуыстан шығарып айтпастан әрі ауызсыз, екі ерінсіз және тілсіз сөйлейді.»

Бұл топ өздерінің шатасқанына қарамастан, өздері сияқты ойламайтындардың бәрін адасып жүр дейді. Дәлірек айтсақ, олар хабари сипаттарда қолданылған сөздердің тура мағынасы Алла үшін мүмкін емес. Сондықтан мұндай сөздермен не мұрат болғанын білмейміз деп мағынасын Аллаға тапсыруды (тафуид) сәлафтардың ұстанған жолы емес, керісінше тарихтағы «мұъаттила» деп аталатын адасқан топтың ұстанымы дейді. Бүгінгі кейбір салафи ақидасын ұстанамыз дейтіндердің пайымдауынша хабари сипаттардағы жүз, қол, аяқ, көз, орнығу, күлді, жүгірді секілді т.б. сөздердің тура мағынасын Алла үшін қолдануға болатындығын сәлафтар жоққа шығармаған әрі ондай сөздерден не мұрат болғанын, қандай мағынада айтылғанын білген. Тек олардың нендей кейіпте болатындығын ғана Аллаға тапсырған.

Ал шындығында шынайы сәлафтар хабари сипаттарда қолданылған тура мағынасы белгілі бір ағзаны немесе жаратылғандарға тән іс-әрекеттер мен ерекшеліктерді білдіретін сөздердің тура мағынасын Аллаға қолдануға болмайды деген сенімде болған. Олар ондай сөздердің қандай мәнде айтылғандығын білмейтіндігін толық мойындап, мұрат болған мағынасын Аллаға тапсырған. Оған төмендегі сәлаф һәм халаф ғалымдарының хабари сипаттарға байланысты ұстанымдарын білдіретін мына мәліметтер дерек бола алады:

Ахмед ибн Ханбал: «Оған (ондай сипаттарға) ешбір мағына берместен әрі белгілі бір кейіпте болады деместен иман келтіреміз әрі растаймыз», – деген.

Имам Суфиян ибн Ъуиайна (107-197 һижри) былай деген: «Алла Тағаланың Құранда білдірген барлық (хабари) сипаттарының тәпсірі – оны оқу және мағынасына үнсіз қалу» .

Бәйһақидің «әл-Асма уас-Сифат» атты еңбегінің 314-бетінде Суфиян ибн Ъуиайнаның былай дегені жеткізілген: ««Алла Тағаланың Құранда білдірген барлық (хабари) сипаттарының тәпсірі – оны оқу. Және ешкімнің оны арабша да, парысша да түсіндіруіне болмайды»

Байқағанымыздай, ибн Ъуиайна хабари сипаттарды білдіріп келген аяттарды тек оқуды әрі мағынасына үнсіз қалуды тәпсірге жатқызып отыр. Бұл дегеніміз, хабари сипаттардың мағынасы белгісіз деген сөз. Әйтпесе, аятты жай ғана үстінен оқып өту мен үнсіз қалудың тәпсір емес екені кез-келген адамға мәлім емес пе? Егер хабари сипаттарды білдірген сөздердің мағынасы мәлім болса, онда Ибн Ъуиайна неліктен оны арабша да парысша да түсіндіруге, яғни арабша сөздің синонимін, ал басқа тілге аударылуына қатаң қарсы шығып отыр?

Имам Шафиғи хабари сипаттарға қатысты: «Аллаға әрі Алладан келгеннің бәріне Алланың мұрат еткен мағынасы бойынша иман келтірдім. Алланың елшісіне әрі Алланың елшісінен жеткеннің бәріне Алла елшісінің мұрат еткен мағынасы бойынша иман келтірдім», – деп сөздің тура мағынасы бойынша емес, Алла мен Оның елшісінің мұрат еткен мағынасы бойынша иман келтірген.

Әбу Жәғфар әт-Тахауи: «Бұл тақырыпта Алла елшісінен сахих хадиспен жеткеннің барлығы – оның айтқанындай және мағынасы оның қалағанындай...», – деген.

Қайрат Жолдыбайұлы
ҚМДБ аппарат жетекшісі,
Дінтанушы
алдыңғы мақала
Имам Матуриди ақидасы
кейінгі мақала
Жалпы Алла аспанда деп айту дұрыс па?

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником