Жауап:
Рамазанда бір ай толық ораза ұстаудың парыздығы Құран және хадисте нақты бекітілген. Құранда: «Сендердің араларыңда кімде-кім Рамазан айының туғанын көрсе, сол күні ораза ұстасын.
Сырқат немесе жолаушылар ораза айында ұстай алмаған күндерін басқа күндері өтесін»[1] - делінсе, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Жаңа туған айды көрген кезде ораза ұстаңдар, екінші жаңа туған айды көрген кезде ауыздарыңды ашыңдар. Егер аспан бұлтты болса, Шағбан айын отызға толықтырыңдар»[2],- деп рамазан оразасын бір ай толық ұстау керектігін бұйырған.
Сондықтан Рамазан айының басында үш күн, ортасында үш күн, соңында үш күн ораза ұстаса болады деген сөздiң ешбiр негiзi жоқ. Бәлкім кейбір адамдар Абдуллаһ ибн Амрден (р.а.) риуаят етiлген «Ай сайын үш күн ораза ұстау – жыл бойы ораза ұстағанмен тең болады»[3] және Әнас ибн Мәлік (р.а) жеткізген: «Ережеп айының басында, ортасында, аяғында ораза ұстасаң, ережеп айының барлық күндерінде ораза ұстағандай сауапқа ие боласың. Өйткені, бір жақсылық он есеге еселенеді»,-делінген хадистердегі нәпіл оразалармен шатастырып жүрген болуы мүмкін. Хадистерден көрiнiп тұрғанындай үш күндiк нәпiл оразаның Рамазан айының оразасына ешбiр қатысы жоқ.