Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри
Super User

Super User

Жаңа сайлау кезінде Бас мүфтидің өмірбаяны көпшілікке айтылғандықтан қайталамадық. Одан беріде байқағанымыз, «Ақырын жүріп, анық басатын», үлкенге – құрметі, кішіге – ізеті мол қарапайым кісі екен. Ең бастысы білімі де, білігі де дінімізді өркендетуге жететініне сеніміміз зор. Аз уақытта тағылымды «Таным тұғыры», «Мүбарак Рамазан», «Ғибратнама» кітаптары жарық көрді. «Дін мен дәстүр – имани иммунитет» көлемді мақаласы жарияланды.

Жақында қасиетті Құранды жатқа және мәнерлеп оқудың V республикалық байқауын өткізді.

– Құрметті хазірет! Сізге екі дүниеде сұрауы қиын, жүгі ауыр міндет жүктелгелі тоғыз айдан асты. «Жас мүфти, Бас мүфти не істеп жатыр екен?» деп, мүфтиат жақтан жағымды жаңалық кү­тушілер өте көп. Елеңдеген елге, қарайлаған халыққа, иман келтірген тілеулестерге, мұраттастарға не айтасыз?

– Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. ХХІ ғасыр – жоспарсыз өмір сүретін, соқыр тәуекелге баратын заман емес. Мұсылмандар үшін әрбір сәт қымбат. «Үш күндігін ойламаған әйелден, үш жылдығын ойламаған ерден без», – дейді халқымыз. Стратегиялық жоспар құру – жұмысты жеңілдетеді әрі жүйелендіреді.

Қазір сөздің емес, істің уақыты. Діни басқарма жанынан Ақпаратты-насихат тобын құрдық. Жұмыс жоспары бекітіліп, сол бойынша үгіт-насихаттар айтылуда. Оның құрамына діни білімді еліміздің әр аймағынан 30 теолог енді. Ел алдында сөз бастап жүрген, аймақтағы діни ахуалдан хабары бар, жамағаттар арасындағы мәселелерді жіті білетін білікті мамандар осы күнге дейін 62 қала, 122 аудан, 33 кент, 1456 ауылға жуық елді мекендерді аралап, 200-дей жоғарғы және орта арнаулы оқу орындары мен 1654-ке жуық мектептерде кеңейтілген кездесулер өткізіп, дін мен діл жайындағы халықтың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап берді. Осы жұмысты барынша жандандыруға көңіл бөліп отырмын.

Дін саласы үнемі дамытуды, жетілдіруді, жаңғыртуды қажет етеді. Сондықтан да, алда әлі талай бағындыруы тиіс биік белестер тұр. Соның бірі – дін ғылымы саласы. Сан ғасырлар бойы қаншама дін ғұламаларын, әулие-әнбиелерді тәрбиелеп шығарған қазақ даласының қойнауы толған ғылым. Ұрпақтан ұрпаққа ауызша айту арқылы жеткен рухани қазынамыздың негізгі арқауы – дін болғаны белгілі. Көнеден келе жатқан қаншама діни дастандары, жыр-жауһарлары, фольклоры бар. Діни оқу ошақтары, зерттелмей жатқан діни еңбектеріміз де жетерлік. Соның бәрін зерттеп, зерделеп, діни, тарихи сананы жаңғыртатын ғылыми-зерттеу орталығын ашуды көздеп отырмыз.

– Бұл қызмет адамдармен тығыз әрі үздіксіз байланыста болуды қажетсінеді. Елмен етене тіл табысуға басшының бірінші қадам басуы үлкен ықпал етері сөзсіз. Жұртшылықты қабылдау мәселесін қалай жолға қоюдасыз?

– Мен осы қызметке тағайын­дал­ғаннан кейін барлық имам-молдаларға «қарапайым болайық», «кемінде бес шәкірті жоқ имам – имам емес» деген ұран тастадым. Қазір осы қарқынмен жұмыс жүйелі жүргізілуде.

Ал жеке жұмысыма келсем,­ ап­таның толық бір күнін ха­лықты қабылдауға арнаймын. Дүй­сенбі күні Діни басқарма қыз­меткерлерінен бұрын әртүрлі сауал­мен, мәселемен келген бауырларымды қабылдаймын.

– Халықтың тағдыры ше­ші­летін діни саланың нақты мә­селелерін ата­саңыз. Естуімізше, пәтуалар кіта­бын дайындап жатқан көрі­не­сіз­дер...

– Бізге күн сайын еліміздің әр аймағынан түрлі мәселе бойынша пәтуа сұрап келетіндердің қатары көп. Осы сауалдарды жинақтап, «Пәтуалар» кітабын жарыққа шығаруды ұйғардық. Алты айдың ішінде 685 сауалға пәтуа мен жауап жазылды. Оның ішінде жеке адам тағдырына байланысты сауалдар да бар. Кітапта адам ағзаларын ауыстыру, өзін-өзі өлтіру, ажырасу, т.б. отбасылық мәселелер қамтылды. Алла қаласа, осындай қоғамдағы өзекті мәселелер қамтылған кітабымыз қазақ, орыс, араб тілінде жуырда оқырман қолына тиеді. Пәтуа – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына берілген шариғи һәм құқықтық мәртебе. Осы мәртебені пайдаланып, халықты толғандырған сауалдарға Діни басқармаға қарасты 21 сайттарымыз да жауап беруде.

– Зор мәдениеттің үлгісі саналатын діни кадрларды, имамдарды тәрбиелеу, қалыптастыру барысы қалай жүзеге асуда?

– Еліміздің түкпір-түкпіріндегі, ауыл-аудандардағы мешіттерді жоғары білікті дін мамандарымен қамтамасыз етпесек, жағдайды оңалту мүмкін емес. Ол үшін еліміздегі «Нұр» қазақ ислам университеті мен ҚМДБ-ға қарасты медреселердің білім беру жүйесін одан әрі дамытып, сапасын арттыруымыз қажет.

Қазір бізге ұлттық санасы қалыптасқан, діни білімі терең, интеллектуалы жоғары заманауи имамдар қажет. Имам-молдалардың білімі мен біліктілігін жаңа заманға сай жетілдірудің де өзектілігі анық сезіліп отыр. Сол себепті «ХХІ ғасыр имамы» атты зияткерлік білім сайысын да жуық арада қолға алып, өткізуіміз керек. Сол арқылы имам-молдаларға дін ғылымымен қатар елдің тарихын, қазақ мақал-мәтелдерін, ұлт көсемдері мен би-шешендерінің даналық ой-тұжырымдарын, діни өлең-жырларын жаттатып, уағыз-насихатты сондай ұлттық құндылықтармен тұздықтап отыруға машықтандырамыз. Осындай білім сайыстарының дін қызметкерлерінің бүгінгі қоғамның сұранысына сай білім ізденуіне, өздерін өздері қамшылап дамуына, ой өрістерінің үнемі кеңеюіне септігі тиер еді деп ойлаймын.

Өткен наурыз айынан бастап осы уақытқа дейін ҚМДБ-ның біліктілік арттыру тобы еліміздің Алматы, Астана қалалары, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Қостанай, Қызылорда, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл облыстары мен Жезқазған, Павлодар, Семей аймақтарында, Алматы облысы мен Талдықорған аймағында барлығы 808 дін қызметкеріне 1241 сағат дәрістер оқып, біліктілігін арттырды.

– Діни оқу-ағарту жұмыстарына келсек, еліміздегі ислами бір университет, бір институт, 9 медресенің білім беру деңгейі қуанарлық жағдайда емес. Әдістеме, педагогика, оқулық, т.б. жетіспейді.

Қысқасы, діни оқу-ағарту мәсе­лелерін сергек қарайтын уақыт жетті. Ұлт­тық рухтағы ислами оқу орындары­ қалыптасса дейміз.

– Діни-оқу ағарту – біздің басты жұмыстарымыздың бірі. Қазір медреселер мен имамдардың білімін жетілдіруді, Ислам институтының оқу бағдарламаларын жаңартуды, жандандыруды қолға алдық. Шәкірттер мен имамдарға діни дәрістен бөлек, дүниауи сабақтар беріліп жатыр. Соның бірі – шешендік өнер. Уағызшы шешен болмаса, жұртты өзіне қаратып, үйіріп әкете алмасы анық. Ендеше, имам қалай сөйлеу керек, халық адында қандай әдіс-тәсілдерді қолдану қажет деген сауалдар осы шешендік өнер пәнінде оқытылуда. Сонымен қатар, тағы бір пәнді енгіздік. Ол – психология сабағы. Бұл да қажетті пәннің бірі. Адамның көңіл-күйін аңғару, табиғатына сай насихат айту – мұның бәрі имамға қажетті дүниелер. Шәкірттің білімін осылайша сатылап көтеру жоспарланды.

Қазір білім мен біліктің заманы. Осыған орай мешіті мен имамы мол Оңтүстік Қазақстан облысының бірқатар діни қызметкерлерін аттес­тациядан өткіздік. Енді бұл бастамамыз басқа да облыста, аудандарда жүзеге асатын болады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Түркия Республикасы Дін істері бсқармасымен әріптестік тұрғыдан жақсы қарым-қатынас орнатты. Осы жылдың 29-30 сәуір күні Түркия Дін істері басқармасына ресми сапармен барып, Түркияның бас мүфтиі Мехмет Гөрмез мырзамен кездесіп, екі бауырлас ел арасындағы бірлесе атқаруға қатысты біраз мәселені оңды шешіп қайттық.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз тарихында алғаш рет төл мамандарының білімін, біліктілігін арттыру үшін ғасырға жуық дін кадрларын даярлаудағы тәжірибесі бар Түркия Дін істері басқармасы жанындағы имамдардың білімін жетілдіру «Хасеки» институтымен келісім-шартқа қол қойды. Дәл қазір дін қызметкерлеріміздің алғашқы тобы «Хасекиде» білімдерін жетілдіруде. Осы оқу орнына түсу үшін арнайы діни сауаты бар, медресе немесе жоғары оқу орнын бітіру талап етілді. Сол себепті болашақ білікті де, білімді дін маманын даярлау мақсатында Діни басқарма Нұр-Мүбарак университеті және 9 медресе түлектерінің ішінен «өте жақсыға» бітірушілерден үміткерлерді таңдап жіберуді жоспарлады.

Мамандардың білімге талабын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да өз кезегінде жүйелі жолға қоюда. Діни басқарма ең әуелі асыл дінімізге қызмет ететін, білімді де білікті дін мамандарын даярлауды қолға алған. Бұл мақсатта Нұр-Мүбәрак университетінде «Исламтану» мамандығы бойынша болашақ имамдар оқып жатыр. Ислам ғылымының өзі бірнеше салаға бөлінетіндіктен, 2013-2014 жаңа оқу жылынан бастап «Исламтану» мамандығында оқып жатқан студенттер 3 курстан бастап, топтар бойынша «Фиқһ», «Тәпсір», «Шариғат», «Усулуд дин» саласына сай білімдеріне басымдық беріледі. Бұдан мақсат: студенттерді алдағы уақытта ислам ғылымдарының бір саласына бейім маман ретінде дайындау. Себебі бүгінгі студент – ертеңгі дін ғалымы.

– Уағыз-насихаттың рухани мазмұнын байытуды, ар-ожданмен сөз қозғауды кейбір діндарларымыз әлі де жете түсіне бермейтінін байқаймыз. Сіздің ойыңыз қалай?

– Адам баласы дінге жүрек қа­лауы­мен келеді. Дін – нәзік мәселе.

Біздің жұмысымыз құдды архео­лог­тардың қызметіне ұқсас. Бұл саланың мамандары жерді белден қазып, қопарып, жұмысты жапырып жіберейін десе, жер астындағы жақұттар мен тарихи жәдігерлерді бүлдіріп не сындырып алады. Сондықтан олар ұзақ уақыт бойы топырақты сыпырғымен сыпырып, сабырлықпен жәдігерлерді жинап, жерден ажыратып алады. Бұл – тағаттылық пен шыдамдылықты қажет ететін іс. Дін насихаты да солай. Асыра сілтеп, асығыстық жасауға болмайды. «Мұсылман болу әсте-әсте, кәпір болу бір пәсте», – деген сөз бар.

Сөзімнің басында айтып өт­ке­­­німдей, «ХХІ ғасыр имамы» атты интеллектуалдық са-йыста имамдардың тарихты білуі, мәдениетіміз бен әдебиетімізден хабардар болуы, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды жетік меңгеруі талап етіледі. Сондықтан бұл мәселеге біз де бей-жай қарап отырмаймыз.

– Ана тіліміздегі діни кітаптар, діни мақалалар өте аз. Көбісі қайталаулар. Бір кітапты әртүрлі «автордың» атымен бірнеше рет оқуға тура келген жағдай өршіп кетті. Діни басқарма Сараптау бөлімінің мақұлдауымен шыққан кітаптардың да біразы сын көтермейді. Діни мәселелерді жазуда сақтық, тазалық керек екені ескерілсе. Діни плагиаттың жолын қалай кесуге болады?

– Иә, кітаптың санынан бұрын сапасы маңызды. Сіз жаңа сөзіңізде насихаттың мазмұнын байытуда ар-ұждан жайлы сөз қозғауды айтып өттіңіз. Ар-намыс, ұят, иба, инабаттылық, әдеп деген қазақтың қастерлі сөздері мен ұғымдарын дәстүрден табамыз. Байыптап қарасақ, қазақтың дәстүрі ізгілікке тұнып тұр. Ендеше, діннің түбін ақтарып қалсаңыз, дәстүрімізде бар ұғымдар мен қағидаттар жатыр. Ал дәстүріміздегі адамгершілік қағидалар діннен бастау алады. Қолданыстағы мақал-мәтелдердің мағынасы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) айтқан хадистерімен ұштасып жатыр. Мы­салы: «Үйден бұрын көрші тап, жолға шықпай тұрып жолдас тап», – деген хадис бар. Халқымыз осы өсиетті нақылға айналдырып: «Сапарға шықпас бұрын серігіңді сайла, үй алмас бұрын көршіңді ойла», – деген. Хадис­те: «Асықпау – Рахманнан (Алладан), асығу – шайтаннан», – делінсе, халық арасында: «Асыққан шайтанның ісі», – деген нақыл кең тараған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кеңес қылған ел азбас», – деп өсиет етсе, осы хадисті халқымыз да өмірінің өзе­гіне айналдырып, бертін келе ма­қал ретінде айтылып, тіпті, қа­сына ұй­қасын келтіріп былай деген: «Ке­ңес қыл­ған ел азбас, кеңінен пішкен тон тозбас». Мұндай мысалдар жетерлік.

Өкінішке қарай, қазақтың басынан өткен талай өмір сынақтары осы дәстүр мен дінді бір-бірінен әбден алшақтатуға бағытталды. Қазір заман өзгерді. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүріп отырмыз. Мешіттеріміздің есігі айқара ашық. Намаз оқуға, Аллаға мінәжат етуге мүмкіндік пен еркіндік бар. Осы ретте қазіргі ұрпаққа, дін қызметкерлеріне, ел игілігі үшін елеңдеген барлық жанашыр азаматтарға жүктелер міндет – дін мен дәстүрді түгендеу, оны халыққа түсіндіру. Осынау ұлы мақсатты көздей отырып, біз қазір «Дін мен дәстүр» деген кітапты шығардық. Осы еңбекте дін мен дәстүріміздің қабысатын қағидаттары молынан баяндалды. Алла қаласа жақын күндері қолдарыңызға тиіп қалады.

Ал Сіздің діни плагиаттың жолын кесуге қатысты қойған сұрағыңызға келсем, өзгелердің көз майын тауысып жазған еңбегін көшіріп алушылардың адамгершілікке жатпайтын ісін олардың өз абырой, ар-намыс, ұяттарына қалдырғанымыз жөн деп есептеймін.

– Бүгінгі таңда иман келтірген қыздардың ар-ождан бостандығына, ұстанымына көз аларта қараушылар да аз емес. Бір жаулық, кең көйлек, ұзын етек – бірнеше тақырыптағы әңгімелерге жол ашуда. Қазақ мұсылман әйелдерінің жағдайы ҚМДБ-ны қаншалықты алаңдатады?

– Орынды уәжіңізбен келісемін. Кешегі кимешек киген апа-әжелеріміз, жаулық таққан әпке-қарындастарымыз имандылықты ту етіп, ізгі ұрпақ тәрбиелеп, Алланың қалауымен қазақ ұлтына Абай, Міржақып, Ахмет, Әлихан, Мұстафа, Шәкірім, Мәшһүр, Әсет сынды дара тұлғаларды сыйлап кеткен еді. «Есті қыз етегін жабады», – деген мақалды өмірінің өзегіне айналдырған кешегі қаракөз апаларымыз ұлтымызды ұятқа қалдырған емес. Ар мен намыс ұдайы ұлықталды. Басынан сөз асырмаған бойжеткендеріміз ибалықты бойына сіңіре білді. Міне, ұрпақ осылай тәрбиеленіп еді. Осындай сауапты һәм салауатты өмір салтына бір кездері балта шабылды. Біз соның әлі күнге дейін зардаптарын бастан кешіп келеміз. Осы сәтті пайдаланып, орамал таққан қарындастарымды оқуда, қоғамдық іс-шараларға белсенді түрде атсалысуға, ата-ананы сыйлауға, дінде даналық жолын ұстануға, сабырлы, байсалды, байыпты болуға шақырамын. Сіз бен біздің абыройымыз ол – асыл дініміздің абыройы екенін ұмытпайық.

Осындай ибалық жолын ұстанған, ар мен абыройын сақтайтын салиқалы қыз-келіншектерге бағыт-бағдар беріп, жөн сілтеп отыратын ҚМДБ жанынан Әйелдер бөлімін ашу ойы­мызда бар. Алайда бұл мәселе ұзақ зерттеуді, зерделеуді, алдын ала жұмыс жоспарын бекітіп алуды, қосымша қаржы қарастыруды талап ететін жұмыс. Алла қолдаса, бұл ниетіміз де жүзеге асып қалады деген сенімдемін.

– Сіз Мысырдағы атақты әл-Әзһар Ислам университетінің Шариғат және заң факультетін толық тәмәмдап келген мамансыз. Исламдағы құқық мәселесі, діни құндылықтардың қорғалуы елімізде қаншалықты көрініс тауып отыр?

– Күнделікті тіршілігі мен өміріне риза болу ол да – мұсылманшылықтан. Мешітке баруға, намаз оқуға, ораза ұс­тауға ешқандай кедергі жоқ. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев игі де ізгі шаралардың бас­тамашысына ай­на­лып, сауапты істерге үлес қосу­да. Мем­лекет бас­шы­сының тіке­лей қолдауымен елі­мізде көптеген ең­селі, зәулім ме­шіт­тер бой кө­тер­ді.

Өткен бір жолы Сауд Арабиясында сапарда болдым. Сонда жергілікті мешітке кіріп намаз оқыдық. Келесі намаз уақыты кіргенше сол мешітте Құран оқи тұруды ұйғардық. Сөйтсек, ол жерде тәртіп басқаша екен. Жамағат намаз оқыған соң бәрі өз жөнімен тарасады. Мешітте бірде-бір адам қалуына болмайды. Көрдіңіз бе? Ал бізде, Құдайға шүкір, намаздан кейін имамдар күнделікті уағыз айтады, жамағаттың сауалдарына жауап береді, пікір алмасады, діни сұхбат құрады. Міне, біз осындай нығметтің қадіріне жете білуіміз керек. Қаншама елдерде бүлік, тұрақсыздық орын алуда. «Бағаламасаң, бақ кетеді», – дейді қазақ. Қабан жырау Асанұлы бабамыз өсиет өлеңінде:

– Бақыт, қайда барасың?

– Соғысқа құмар ойы жоқ,

Ұлан асыр тойы көп,

Бейбіт елге барамын! – деген екен.

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Азаматтардың діни сенім бостандығы Ата Заңымызбен қорғалатыны баршаға аян.

– Лаңкестік діни топтармен күресу оңай емес. Ол барша қоғам болып күш біріктіруді талап етеді. Бүкіл мұсылман әлемін әлсіретіп, тоқыратып отырған бұл жағдайдың Қазақстанда көрініс таппауы үшін жаңа мүфтиат тың бастамаларға, батылдыққа, күрескерлікке ұмтылса, ұлттық намыс пен ұлттық рухта қызмет етсе дейміз.

– Ізгі ниетіңізге Алла разы болсын! Өздеріңіз білесіздер, дүниені жайлап жатқан жаһандану үрдісі арқылы келіп жатқан ақпарат ағыны еліміздің де рухани дүниесі мен салт-санасына кері әсер етіп отыр. Ғаламтор беттеріндегі жат ағымдардың теріс уағыздары бұғанасы бекіп, қанаты қатаймаған жастарымыздың санасын улап жатыр. Әсіресе еліміздің батысында дін атын жамылған саяси күштердің арбауына іліккен бауырларымыздың саны арта түскендігі баршамызды алаңдатуда.

Ендеше, халқымыздың теріс ағымдарға қарсы иммунитетін қалыптастырудың негізгі тетігі – діни ағартушылық. Ол үшін, тағы да айтамын, білікті де білімді жас мамандарды көптеп даярлап, еліміздің түкпір-түкпіріндегі барлық мешітті сондай сауатты кадрлармен қамтамасыз етуіміз қажет. Сонда ғана ата-бабамыз ғасырлар бойы діни дүрдараздыққа жол бермей ұстанып келген дәстүрлі дініміз халық санасында орнығып, теріс ағымдардың жолы жабылмақ.

Жастардың экстремистік ағым­дарға ілесіп кетпеуіне жол бермеудің тағы бір тәсілі – бұқаралық ақпарат құ­ралдарын тиімді пайдалану. Өкінішке қарай, бүгінде дәстүрлі дініміздің телеарна, радиолар арқылы на­сихатталуы мен арнайы діни бағдар­ламалардың түсірілуі ақсап тұр. Көптеген телеарналар мұндай тақырыптан қашқақтауға тырысады. Сол себепті дін насихаты халыққа тиісті деңгейде жетпейді. Осыған қатысты үкіметке бұқаралық ақпарат құралдарына арнайы діни тақырыптардың жоспарын жүктеп, бекітіп берсе деген ұсыныс айтқым келеді. Бұл ойымыз жүзеге асса, жұмысымыз нәтижелі болады. Қылмыс азайып, жастардың тәрбиесі де күшейе түседі.

Сөзімнің басында ҚМДБ-сы жанынан Ақпаратты-насихат тобы құрылғанын айттым. Қазір осы топ менің жеке бақылауымда. Жұмысы жіті қадағаланып отыр. Нәтижелер де бар. Осыған дейін тек Қарағанды облысының өзінен 92 бауырымыз сәләфилік бағыттарынан қайтып, дәстүрлі Исламның құндылықтарымен қайта қауышты. Мұндай жағдаяттар өзге де аймақтарда да байқалып жатыр.

ҚМДБ жанынан арнайы Жас­тар бөлімін аштық. «Жастар неге әуес, олар үшін құндылық деген не, жасөспірімдердің діни түсінігі қандай?» т.б. деген сұрақтарға жауапты Жастар бөлімі іздейтін болады. Осы бағытта кездесулер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып жатқанын өздеріңіз көріп жүрсіздер.

Діни басқарма жазалаушы мекеме емес екенін түсініп алғанымыз жөн. Біздің күшіміз – уағызда. Көркем насихат арқылы бұрыс түсінікте жүргендердің жүрегін жібітуді көздейміз. Қатесін кешіріп, даналық жолмен қазақ жерінде дәстүрге айналған Ханафи мәзһабын ұстануға үгіттеп келеміз. Осындайда: «Дінді ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің», – деген сөз текке айтылмаса керек.

– ҚМДБ-ға қарасты «Ислам және өркениет», «Иман» газет-журналының мазмұнын арттыру қажет сияқты. Сараптамалық, талдамалық, ғылыми мақалалар берілсе, ұсақ-түйекті сөз еткен ақпараттарға тосқауыл қойса...

– Сауалыңыз орынды деп есептеймін. Мұндай ақпарттардың төл басылымдарымызда бұған дейін жарияланғаны жасырын емес. Осы олқылықты болдырмау үшін жаңа қадамдарға, жаңа айдар ашуға көңіл бөліп отырмыз. Бүгінгі қоғамда жастар, отбасы, пәтуа мәселелері өзекті. Осы мәселелерге байланысты басылым бетінен арнайы айдар ашуға, діни танымдық, талдамалық мақалаларға орын беруге пәрмен бердім.

Діни басқарманың ресми сайты www.muftyat.kz жаңа дизайнға көшті. Осы сайттың мүмкіндігін Ислам насихаты үшін, еліміздің игілігі, мұсылмандардың ынтымағы жолында барынша пайдалануға кірістік.

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жаңа құрамы қоғаммен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделі деп есептей аламыз ба?

– Бұрынғы мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің Діни басқарманың жұмысына қосқан үлесі мол. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», – деген аталы сөз бар. Ұстазымыздың атқарған игі іс-шаралары, бастамалары бүгінде жемісін бере бастады. Ал біздің меже – осы жұмысты жаңа деңгейге көтеру, қызметті жаңа қарқынмен жүргізу, игі жобаларды жүзеге асыру. Мұның бәрі жұрт болып жұмыла, ауызбіршілікпен атқаратын уақыттың еншісіндегі еңбектер.

– Елбасының тапсырмасымен қазір елімізде ұлттық тарихты зерделеу ісі қолға алынғанын білесіз. Ислам дінінің ұлттық тарихтағы орны туралы қысқаша айта өтсеңіз.

– Ислам – өткеннен өнеге алып, болашаққа имандылықпен қадам басуға үндейтін ізгі дін. Ислам – тарихтан сабақ алуға шақыратын кемел дін. Кешегі ұрпақ қамы үшін жасалған ұлы істер, ата-бабаларымыздың ар мен ұятты ұлықтап өтуі, ғылым мен білім жолында үздіксіз ізденуі, бір сөзбен халыққа тоқтау айтуы, міне, мұның бәрі – бүгінгі ұрпаққа, Сіз бен бізге өшпес өнеге. Мешіттеріміздегі жұма уағыздарынан бөлек, жамағатқа айтылар насихат жұмыстарында да халқымызды осынау өнегелі өлең-жырлармен, бабаларымыздың байсалды шешен сөздерімен сусындатуға басымдық берілді. Әлі де болса танылмай келе жатқан діни тұлғаларымыздың өмірі мен шығармашылығын терең зерттеп, жұртымызға, жамағатымызға ұсынуды көздеп отырмыз.

– Президентіміз Н.Назарбаев­пен бірінші рет Құрбан айт намазын атқардыңыз. Патша қа­тысқан намазда имамдыққа патша өтуі керек дегенді оқып едім. «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі айт намазында имамдықты кім жүргізді? Елбасы ма, Сіз бе, бас имам ба?

– Иә, Елбасы еліміздің бас мешіті, сәні мен салтанаты жарасқан «Әзірет Сұлтанда» халқымызды, жұртымызды мұсылмандардың ұлық мерекесі – Құрбан айтпен құттықтады. Президентіміз барлық ұлттарды бірлік пен ынтымаққа шақырып, адамдар Құрбан айт мейрамында мейір-шапағатқа, қайырымға бөленетінін айтты. Бұл – асыл дінімізге деген үлкен құрмет.

Құрбан айт намазын менің рұқсатыммен бас имам өткізді.

– Халыққа айтар тілегіңіз...

– Алла тағала елімізге, же­рі­мізге берекетін жаудырып, хал­қы­мыздың кең пейілі мен ізгі ние­тіне сай, бірлігімізге сызат тү­сір­мей, жақсылығын нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, мемлекетіміздің мерейі үстем, еліміздің егемендігі мәңгілік болғай!

Жаратушы Иеміз баршамызды жақсылықта, сауапты істерде, ел игілігі жолындағы жұмыстарда, берекелі басқосуларда жолықтырғай! Екі дүниеде де жүзіміз жарық, мұратымыз асыл, дұғамыз қабыл болғай!

– Арнайы қабылдап, әңгіме­лес­ке­­ніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Күлпара ЖҰМАҒАЛИ
Түркістан газеті
muftyat.kz
Пятница, 30 Май 2014 00:00

Жастар тәрбиесі тал бесіктен

Ел мүддесі мен келешегін ойлайтын рухани бай жастарды тәрбиелеу үшін отбасының, ата-ананың алар орыны ерекше. Бала тәрбиесіндегі ата-ананың, отбасының маңызды екендігін білген халқымыз: «ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегенді тегіннен тегін айтпаған және аз сөзбен-ақ ұлы ұғымға меңзей білген.

Кешегі Кеңестер Одағы кезінде бала тәрбиесіне октябрят, пионер, комсомол ұйымдары да жауапты болып, балаға берілетін тәрбиенің шаруасына олар да белсене араласқаны белгілі. Солай дей тұрсақта жаңа туған баланың бойындағы рухтың дамуына тіл мен діл отбасында беріліп, ата-ананың тынымсыз жасаған еңбегімен қалыптасады.

Әрбір ұлтты бір-бірінен ерекшелендіріп тұратын осы тіл мен діл дүниеге келген сәбиге ана сүтімен, әкенің қанымен беріліп, сол жасты рухы мықты азамат етіп өсіреді. Рухы мықты азаматтың болашағы да зор. Сол үшінде әрбір ата-ана баласының жақсы тәрбие алуына, дені сау болып өсуіне көңіл бөліп, өздері тарапынан берілетін тәрбиенің мәніне, мазмұнына назар аударғандары жөн.

Жиырма жылғы жуық кәсіптік техникалық училищенің директоры бола жүріп 15-17 жастағы балалардың оқытуы мен тәрбие жұмысына араласқандықтан менің түйгендерім мен көргендерім көп. Училищеге келіп оқыған жастардың өзін-өзі ұстауы, киінуі, сөз сөйлеуі және өзімен бірге жүрген жастармен қарым-қатынастарына қарай отырып, сол баланың қандай отбасында тәрбиеленген білетін едік.

Өйткені, әр баланың бойында қалыптасқан мінез-құлық, әдептілік, білім алуға деген ынта тек ата-ананың тәрбиесімен, солардың бойларындағы жақсылықтармен дамитын қасиет.

Ата-ана әрбір жас балаға үлгі, оның бүгін қандай болып тұрғанын білдіретін және ертеңіне жол көрсетіп тұрған бағдаршам. Осы пікірімізді мынадай мысалдармен дәлелдеуімізге де болады. Кезінде мұғалімдік мамандықты игерген бір азамат уақыт өте келе ішімдікке үйір болып, соның салдарынан мектептен шығып қалып көше кезіп жүретін маскүнемдік жолға түседі.

Сол отбасындағы бес баланың қай-қайсысы да мектепте нашар оқып, үсті-бастары кір-қожалақ болып жүретін еді. Отбасындағы қиындыққа төзе алмаған балалардың анасы ауырып қайтыс болды. Ауылдастары сол балалардың өскені болмаса, өмірлері мәнді болмағандарын айтып жүрді. Әке мас болып, шеше үйдегі қиындықтардан қазаға ұшырауы балалардың бірінің ұрлық жасап істі болуына итермелесе, қалғандарының оқусыз, белгілі бір мамандықты меңгере алмаудан азып тозып кетулеріне себепші болды.

Ұлттық танымның атасы Ахмет Байтұрсынов: «Баланы үйіңде ұлша тәрбиелесең – ұл болады, құлша тәрбиелесең – құл болады» депті. Осыны еске алсақ, бала тәрбиесі отбасына, сол баланың ата-анасының берген үлгі-өнегесіне тікелей байланысты екенін көреміз. Ғылыми негізге сүйенсек адам баласының бүкіл тәрбиесінің негізгі қоры 18 жасқа дейін жиналып болады екен.

Қалған өмірінде оны толықтырады, дамытады. Ендеше, жаңа туған баласын кәмелеттік жасқа жеткенше қолында ұстап келген әрбір ата-ана оның әр күніне, әр сағатына ерекше мән беріп, уақыт өткен сайын сол баланы тәрбиелеудің жайын есінен шығармауы керек. Ертең өскен соң қатарына қарап жақсы болып кетеді ғой деп етегін кеңге жайған ата-ана ұтылады, бала тәрбиесінде үлкен кемшіліктерге ұрынады.

Кішкентайынан тәрбиелеуді өзіне міндет деп санамаған ата-аналар балаларының әртүрлі жаманшылықтарына мектептерді ғайбаттап, ондағы тәрбиені кінәлап жатады. Ал, шындығына келсек, мектепке дейінгі ата-ана тәрбиесінің аздығынан, балаға көңіл бөлмегендіктен болған олқылықтардан опық жеп жүрген ата-аналар аз емес. Ата-ана бала тәрбиесінде уақытты қадірлей білгені дұрыс.

Өйткені, оның әр сәтін пайдалана білген адам ғана ұтады. Сол үшінде балаңды бес жасқа дейін еркелетіп еркін ұстап, оған ұрыспай, өйтпе-бүйтпе демей, айтқанын істеп өсір. 5 жастан 15 жасқа дейін оны құлыңдай жұмсап, үй-ішінің бар жұмысына үйретіп, араластырып өсір. Ал, 15 жастан әрі оны қатарыңдай, ақылдасар досыңдай етіп өсір.

Уақыт қайта оралмайтын, құнды нәрсе. Сондықтан бала тәрбиесінде осы қағидаларды ұстана білген дұрыс. Бірде «Мені жарты сағаттан кейін оятыңыз» деп ұйықтап кеткен Эйнштейнді біраз тынығып алсын деп бір сағат өткенде ғана тұрғызған қызметшісіне: «Жарты сағат уақытымды қайтарып бер» деп ашуланған екен.

Уақытын темекі тартуға, күліп-ойнап бос жүруге, ұйқыға арнаған адамдар өмірінің пайдасыз іске жұмсағанын біле бермейді. «Ондай адамдар батып бара жатқан кемеде алаңсыз әңгіме дүкен құрып отырған жолаушыға ұқсайды» деген екен үлкен ілім иелері.

Уақыттың тез өтерін ескермеген ата-аналар өздерінің темекі шегу, ішімдік ішу, уақытының көбін ұйқыға арнағанынан ұтылып жүргенін білмегенімен қоймай сол әдеттерін көрген балалары ертең өскенде тура сол келеңсіз қылықтарға бой алдыратынан хабарсыз жүреді.

Ендеше, уақытты тиімді пайдаланып, оның тәрбие жұмысында тиімді жұмсалуын ойласқанымыз дұрыс. Уақыт адамға берілген байлық. Оны ұйқыға, басқада толып жатқан келеңсіздіктерге кетіріп жүрген жандар да аз емес. Сол үшінде әрбір ата-ана уақыттың қадірін өзі ғана біліп қоймай оны баласына да үйреткені дұрыс.

Уақытты тиімді пайдалана білген адам өмірден өзіне қажетін толық ала алады. Отбасы – әр адамның тәрбиелі болып өсуіне арналған алтын бесік. Сол бесікте тербелген бала болашақта елге елеулі, қатарына сыйлы, ата-анаға мақтаныш болып өсері анық. Сондай үйлерден өріп шыққан балалар өскен соң ұлтымыздың руханиятына өлшеусіз үлес қосады.

Таза, қоспасыз қазақы тәрбиемен сусындаған олар, уақытында қазақ мәдениетінің діңін ұстап тұрады. Соны көріп те жүрміз, кездестіріп те келеміз. Ендеше отбасы, ата-ана, үй-ішіндік әдет-ғұрыптар баланы көркем мінезділікке, адамгершілікке тәрбиелейтін мектеп іспеттес. Бала тәрбиесіндегі отбасының орыны ерекшеленетіні де осыдан.

Балам жақсы болсын деген әрбір ата-ана бала тәрбиесіне маңыз беріп, ондағы өз орнының қандай екенін білгені жөн. Баланың тәрбиесі – ата-ананың еккен егінінің жемісі.

Сол жемістің игілігін көремін деген ата-ана, бала тәрбиесін екінші орынға қойып, күнделікті тіршіліктің ықпалында кетпегені жөн. Сонда ғана ойлаған мақсатымызға жетеміз. Баланың жақсы болғанына мақтана алатын боламыз. Баланың жақсы болуы да жаман болуы да отбасынан, ата-анасынан көрген үлгі-өнегесінен. Соны ұмытпайық, ағайын!

Хамит Досжанов,
Арқалық қаласының тұрғыны, зейнеткер.

Әр халықтың санасында ең қастерлі ұғым болса, ол – тәуелсіздік дер едім. Өткен тәуелсіздік алған жылдарда елімізде қаншама оңды өзгерістер орын алып, қаншама шарапатты үрдістер бой көтерді.

Әрине, көптеген қиындықтар да болды. Сонымен бірге, Аллаға шүкір, табысты нәти¬желерге де қол жеткіздік. Қазіргі таңда еліміз экономикалық, әлеуметтік қуатты реформаларды тиімді іске қосып, қай салада да ТМД елдері ішінде көшбасшы атанды.

Жалпы, тәуелсіздік кез-келген халық үшін өте қадірлі. Бұған ешкімнің таласы бола қоймас . Асылында, бұл құбылыстың терең астарларын тарих қойнауы¬нан, ата-бабаларымыздың өткенінен, оның сан ғасырлық арманынан із¬де¬геніміз дұрыс.

Бүгінгі күні біз аталарымыздың аманаты алдында, ел еркіндігі үшін қыршын кеткен боздақтардың рухы алдында, әрқашан тағзым етуге тиіспіз.

Жетпіс жыл бойы атеизмнің құрсауында болған қазақ халқы тәуелсіздік алысымен өз тегін, тілі мен дінін іздей бастады. Былайша айтқанда, тәуелсіздік бізге ислами құндылықтарды қайта оралтты. Руханиятымыз түгелдене бастады.

Асыл дініміз Исламның басты мақсатының бірі адам баласының ақылын, санасын, ойлау қабілетін қорғау, ұрпақ жалғастыру, айналаны-қоршаған ортаны аялай білу.

Сондықтан, хақ дініміз маскүнемдік, нашақорлық секілді естен тандыратын, адамның санасын улайтын және зинақорлық, парақорлық сияқты жиіркенішті жаман қылықтарды қоштамайды, оларды үзілді-кесілді лағынеттейді.

“Адамның сүйеніші – ақылы. Ақылы жоқтың діні де жоқ!” Шындығында да ақылы жоқ адамның діні қайдан болсын?! Есірткіні сорып, масайып жатқан адамнан қоғамға, жанұяға қандай жақсылық болмақ?! Ең қарапайым нәрселерді түсіну үшін, оны іске асыру үшін ақыл керек қой. Ал, дін секілді ең ұлық, ең рухани, ең пәк ұғымды түсіну үшін ақылдың да ақылы қажет.

Ақылы сергек, ойы таза адамдар ғана діннің қадірін біліп, терең ойлап, таза иманды болмақ. Өйткені, иман дегеніміз ол – сенім. Сенім – ғылым, білім арқылы пайдалы болып, беки түседі. Ғылымсыз, білімсіз адамда қандай сенім болсын?! Ол неге сенгенін, не үшін сенгенін біле ала ма?!

Міне, сондықтан, Исламият – ойы, ұжданы сау адамдардың болғанын қалайды, соны бұйырады. Иманы берік, ойы таза адамдар тың ойлайды, харам нәрселерден, әрқандай қылмыстан аулақ болады. Олар дүниедегі және ахиреттегі жауапкершіліктен қорқады.

Пайғамбарымыздың хадистерінде осы мәселелерді анықтайды: “Шүбәсіз, Алла Тағала жұмсақ мінезді, ақ жарқын кісіні жақсы көреді” , “Мұсылман – тілінен және қолынан өзге мұсылмандар амандықта болатын адам”, “Өзінің бауырына үш күннен артық кек сақтау мұсылманға халал болмайды” және “Садақалардың ең абзалы – ренжіскен адамдарды татуластыру”,-делінген.

Қорыта айтқанда, әр замандағы, барша ғасырлардағы мәселелердің шешілуінде Исламның хақ орнын түсінуіміз керек. – Дана халқымыз: «қауіп еткеннен айтамын» деген ғой. Біз неден сақтануымыз керек? Тәуелсіздіктің негізгі тірегі бұл – мемлекет ішіндегі тұрақтылық қой. Тұрақтылық қай жерде? Тұрақтылық – әлбетте бірлік болған жерде. Біз ел туралы айтқанда, ең алдымен, ел бірлігін айтуға тиіспіз. Сондықтан «Жаратушы Хақ тағала бірлігімізді бекем қылсын», -деп тілейік және соған сәйкесті амал ете білейік!...

Қазіргі таңда әрине кемшіліктерімізде жоқ емес. Бірақта біз елімізде жасалып жатқан оңды істерге сүйсіне қарап, мемлекетіміздің әлемдік аренаға көтеріліп жатқанына қуануымыз керек. Орта азиядағы жетекші ұлт екенімізді дәлелдеп келеміз. Аз ғана уақыт ішінде Жаңа елордамыздың дүниеге келуінің өзі үлкен іс. Сондай-ақ еліміз бұрынғы кеңестік кеңістік¬тегі елдер арасынан, «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына» тұңғыш төраға болып сайланды. Ислам конференциясы ұйымына да төрағалық тізгінін қолға алды. Бұл жетістік емес пе.

Өз ұлтымызға жанашыр болып, айрандай ұйытқан хақ дінімізді сақтау және мемлекетіміздің сенімділікте дамуын қамтамасыз ету үшін ең бастысы, ел ішінде конфессияаралық татулықты сақтауымыз шарт. Бұл басқа дін өкілдеріне толеранттылықпен қарауды қажет етеді.

Ислам дінінде зорлық-зомбылық жоқ. Асыл дініміз адам құқықтарын таптауға, бейкүнә адамдарға жәбір көрсетуге, фитнә (іріткі) жасауға, бейбітшілікті бұзуға жол бермейді.

Сонымен қатар, мұсылмандар өз имандарына бекем болып, адастырушы күштердің арбауына түспегендері жөнҚазақстанымыздың жер асты һәм жер үсті байлықтарына көз алартқан көптеген сыртқы күштер тарапынан арнайы ұйымдастырылған және ислам үмметінің ішіне келбетін ауыстырып кірген неше түрлі пасық топтар мен ағымдардың бар екенін әрдайым есте ұстағанымыз жөн.

Міне, солардың жалған уағыздарына иланып кетпейік ағайын. Бір нәрсені нақтылы түсініп алайық: Қазақстанның тәуелсіздігінің сақталуы, еліміздің аман, жеріміздің тыныш болуы халқымыздың мықты бірлігіне тікелей байланысты. Ал, ұлттық бірліктің берік болуы діни бірлігімізге тәуелді. Бөтен ағым-секталарға жол бермейік! Сол үшін хақ дінімізді мықтап ұстанып, бабалар аманатына еш қиянат жасамай ұлттық құндылықтарымыз бен әдептілігімізден ажырамайық.

Олай болса, әрқайсымыздың кішкене отбасымыздан басталатын кең-байтақ ұлы Отанымыздың тәуелсіздік күні құтты болсын, көк аспанымызбен астасқан көк туымыз лайым биіктен желбірей берсін! Қайта жаңарып, ажарлана бастаған барша ел тұрғындарын ең басты мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!

Алла тағала елімізге әрдайым тыныштық берсін. Отбастарыңызда бақыт пен береке нұры шалқысын. Ынтымақ-бірлігіміз артып, дін Исламға Алла күш-қуат берсін.

Бектұрсын Торғайбайұлы
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед»
мешітінің имамы
09.12.2013 жыл
Пятница, 30 Май 2014 00:00

Ерлердің намаз үлгісі

Таң намазы Сүннеті. Ерлер

Таң намазы. Фарз. Ерлер

Бесін намазы. Алғашқы сүннет. Ерлер

Бесін намазы. Фарз. Ерлер

Бесін намазы. Соңғы сүннеті. Ерлер

Екінті намазы. Фарзы. Ерлер

Ақшам намазы. Фарз. Ерлер

Ақшам намазы сүннеті. Ерлер

Құптан намазы. Фарз. Ерлер

Құптан намазы. Сүннет. Ерлер

Үтір намазы. Ерлер

Айт намазы қалай оқылады

Намаз оқу үлгісі

Пятница, 30 Май 2014 00:00

Жастар және уақыт құндылығы

«Шынықсаң шымыр боласың» дегендей, қазіргі күні жастарымыздың салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысулары – қуанарлық жай. Ауданымызда да дене шынықтырумен шұғылданып, уақыттарын бос өткізбей, спортты алға қойып жүрген жастарымыз аз емес.

- Жалпы мен мектеп қабырғасында оқып жүргенімде спортқа деген қызығушылым оянған болатын. Есмырза бастауыш мектебін 1998 жылы бітіріп, № 2 Ұзынкөл орта мектебінде оқуымды жалғастырдым. Аталмыш мектепті ойдағыдай аяқтағаннан соң, 2011 жылы ауданымыздың №13 кәсіптік лицейін тәмамдадым.

Әскерде азаматтық борышымды өтеген кезімде спортпен айналысып, түрлі жарыстарға қатыстым, - дейді Есмырза ауылының тумасы Айзат Төребаев.

Айзат биыл 22 жаста. Мектептен бері спорттың бірнеше түрлері-гір көтеру, қазақша күреспен айналысып келеді. Осы салада қол жеткен табыстары да атап өтерліктей. Бұл күндері әлгі аталған спорт түрлерінен жүлделі орындарды иеленді. Ел арасында мықты спортшы атанды.Бірқатар дипломдармен марапатталды.

Оның ендігі арманы – шекара қызметіне жұмысқа тұрып, спорттан қол үзбеу. Айзаттың бойындағы адамгершілік, имандылық қасиеттері де жерлестеріне белгілі. Мешітке де барып тұрады.

Төребаевтар жанұясы ауданда сыйлы. Отағасы Төлай мен зайыбы Алмагүл беделді жандар. Олардың тағы бір ұлдары Болат та спортқа бейім. Кейіпкерім өткен Құрбан айт мейрамында қазақша күрестен бірінші орынды жеңіп алды. Оған ауданның бас имамы Есенкелді қажы Сақтағанұлы оған мақтау қағазы мен бағалы сыйлық тапсырды.

Жасұлан Бауыржанұлы.
Ұзынкөл ауданының тұрғыны, Қостанай облысы
(суретте Есенкелді қажы Сақтағанұлы
Айзатты марапаттау үстінде)
04.12.2013 ж.
Пятница, 30 Май 2014 00:00

Бала - отбасы бақыты

Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады.

Нұрсұлтан Назарбаев. Бала - өмірдің жалғасы. Балаға өнер үйретіп, кәсіпке баулу, тиянақты білім беру, абзал азамат етіп тәрбиелеу - адамзат қоғамының басты міндеттерінің бірі болып саналады. Жанұяның жемісі, берер гүлі, алтын тіреуі – бала. Осы ойды халқымыз “бесіксіз үйде береке жоқ” деп бекер айтпаған.

Бұл әр ошақтың түтіні сөнбесін деген ізгі тілектен туған сөз ғана емес, сонымен бірге, елдікті ойлау, елдің ертеңгісі жөнінде қам жеу. Баланы өмірдің жалғасы, мәні мен сәні деп бағалаған халқымыз ежелден жанұяда баланың көп болуын қалаған. Ата-бабаларымыздың “Бір баласы бардың шығар-шықпас жаны бар, көп баласы бардың үйінде жанған шамы бар, “Балалы үй базар, баласыз үй - мазар”, “Бала - адамның бауып еті” сияқты пайымдауларында терең мағына бар.

“Ата өліп, бала қалса, мұратына жеткені, бала өліп, ата қалса, арманда кеткені”, “Артында қызы бардың көзі бар, ұлы бардың өзі бар” деген секілді тұжырымдауларда сан ғасырлық тірліктің тұнбасы берілген ғой. Қазақтың түсінігінде ұл баланың дүниеге келуін ұл туғанға күн туған деп ерекше бақыт санаған, оның себебі ер бала жанұяның жалғасы, шаңырақтың иесі болып есептелген.

Жанұяда әкелер өздерінің білетін бар өнерін ұлдарына үйретіп отырған. “Атадан ұл тумас болар ма, ата жолын қумас бала болар ма дейтін асыл сөз соның айғағы. Сонымен бірге халқымыз ұлдарын ұқыпты, шаруақор болуды, отын-шөбін, азық-түлігін дер кезінде дайындап, жанұясының қамын ойлап, тірегі болуға үйреткен.

Үйдің иесі де, қожасы да ер бала деп есептеген, ал қыз балаға үй сыпыру, төсек жинау, ас пісіру, шай құю, кесте тігіп, тон пішу т.б. өнерлерді мұралап отырған. Себебі қыз бала жанұяның ұйытқысы, күтімшісі санап, олардың еңбексүйгіш, епті болып өсуіне ерекше мән берген. Қызының көрікті, ибалы болуы аналары үшін үлкен мәртебе болған.

“Аттың көркі – жал, қыздың көркі – шаш” деп білген аналар қыздың шашын дұрыстап күтіп өсіруді өнер санаған. Аналар, қыздардың киім киісіне үлкен көңіл бөлген. “Қыз өссе, елдің көркі” деп оларды өте бағалаған. “Қызға қырық үйден тыю”, “Ұлың өссе, ұлы жақсымен, қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол” деген сөздер баланы қауым болып тәрбиелеу мақсатында шыққан.

Қорыта айтқанда, бала жақсы болып өсіп, оқып білім алып, теңін тауып, жанұя болып, мемлекетіміздің болашағы бола алса, отбасының бақыты болып шыққаны ғой.

Тілеген ЖҰМАТОВ
29.11.2013 жыл

Мұхаррам айы – мұсылман жыл санауының басы, яғни бірінші айы. Бұл ай тарихта мұсылмандардың Меккеден Медине шаһарына қоныс аударғанымен мәңгіге қалды.

Екі дүние сардары Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) пайғамбарлықтың 12 жылы зүлхиджа айында Ақабә деген жерде мединелік Ансарлардан «Ақабә биатын (ант, уәде)» алғаннан кейін, келесі айда, яғни Мұхаррамда Меккеден Мединеге көшу/хижрет басталады.

Хижретке 16 жыл толғанда, (638 жылы) халифа Омар (р.а.) Мәдинада кеңес құрып, тарихтың есебін жүргізу мәселесін көтерді. Әзірет Әлидің ұсынысы әрі кеңестің құптауымен хижрет Ислам тарихының басталуы әрі мұсылман күн түзбесі ретінде қабылданса, мұхаррам сол күн түзбенің алғашқы айы ретінде бекітіледі.

«Мұхаррам» сөзі «тыйым салынған» деген мағынаға саяды. Осы айда соғысу харам болғандықтан «Мұхаррам» деп аталған болса керек. Бұл турасында Құран Кәрімнің «Тәубе» сүресінде былай делінген:

«Шын мәнісінде Алланың қасында, айлардың саны – он екі. Жер мен көк жаратылған күннен бастап Алла солай белгілеп қойды. Оның төртеуі – соғысу арам етілген айлар (зүлқағда, зүлхиджә, мұхаррам, ережеп)...»[1].

Мұхаррам айының маңыздылығы жайында Құран аяттарымен қатар, көптеген хадистерде кеңінен мысал келтіріліп, маңыздылығын мен қадыр-қасиетін айқындай түседі. Нәсәи жинағында риуаят етілген бір хадисте сахаба Әбу Зәр былай дейді:

Мен Пайғамбарымыздан түндегі қайырлы уақыт пен айлардың ішіндегі ең абзалын сұрадым. Сонда Ол (с.ғ.с): «Түннің ең қайырлы уақыты – түннің соңғы үшінші бөлігі. (Рамазаннан кейінгі) Айлардың ең абзалы– сендердің «мұхаррам» деп жүрген Алланың айы», –деп жауап берді»[2].

Ендеше, адамзат ардақтысы айлардың абзалы деп ерекше көтермелеген мұхаррамның қандай ерекшеліктері бар. Мұхаррамның мән-маңызын зерделеуде аят пен хадистерге сүйене отырып, бұны төрт мәселе тұрғысында қарастыруға болады:

  1. Cоғысуға тыйым салынған төрт айдың бірі[3].
  2. Мұсылмандардың Меккеден Мединеге хижрет еткен (көшкен) айы.
  3. Нәпіл оразасын көптеп тұтатын ай. Алланың Елшісі өзінің асыл сөздерінің бірінде былай деп кеткен:

«Ораза үшін Рамазаннан кейінгі ең қайырлы ай – Алланың айы Мұхаррам»[4]

Хадиске мән беріп қарасақ, осы айға қатысты мынадай екі маңызды үкім шығаруға болады:

Өзге айлардан қарағанда Мұхаррам айында нәпіл ораза ұстаудың сауабы мол.

«Алланың айы» деп бұл айды Аллаға тіркестіруі арқылы оның қасиеттілігін және өзге айлардан қайырлы екендігін аңғартуда.

Тағы бір хадисінде Алла Елшісі былай деген:

«...Рамазан айынан кейін ораза тұтқың келсе, Мұхаррам айын оразамен өткіз. Шынында, бұл ай – Алланың айы. Бұл айда, Алла тағала кей қауымның тәубесін қабыл етіп қойған болса, кейбір қауымның таубесін осы айда қабыл етеді»[5]

4. Мұхаррам айының оныншы күні келетін «Ашура күнінің» болуы.

Бұл күні ораза ұстау ұнамды әрекет. Сахих Муслимде келген хадисте Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) Ашура күні ұсталған ораза жайында сұрағанда, Ол (с.ғ.с): «Өткен жылдағы жасаған (кіші) күнәлары кешіріледі»,[6] – деп жауап берген.

Ашура күнін қасиет тұту сонау жәһили (надандық) дәуірінен бастау алады. Ислам келмей тұрғанда да арабтар осы күнді ұлықтап ораза ұстайтын, осы күні Кағбаның жапқышын жабатын болған. Бұған Айша анамыздың мына сөзі дәлел:

«Исламнан бұрын Құрайш арабтары Ашура күні ораза ұстайтын. Пайғамбарымызда сол кездері ораза ұстайтын болған. Ол (с.ғ.с) Медине қаласына хижрет еткенде, өзгелерге де осы күні ораза ұстауды әмір етті. Кейінірек Рамазан оразасы парыз етілгеннен кейін, Ашура күнгі ораза ұстауды тоқтатты. Бұдан соң ол оразаны қалаған ұстады, қаламаған аузын ашып жүрді»[7]

Айша анамыз тағы бір сөзінде былай дейді:

«Рамазан парыз болмай тұрып, олар Ашура күні ораза ұстайтын әрі осы күні қағбаға жапқыш жабатын»[8]

Пайғамбарымыз (с.а.у) Медине қаласына хижрет еткеннен кейін, осындағы тұрғылықты Яхуди дініндегілердің де Ашура күні ораза ұстайтынын көреді. Олардан мұның себебін сұрағанда, «Бұл күні Мұса пайғамбар және оның қауымы Перғауынның зұлымдығынан құтылып, Перғауын және оның ізбасарлары суға тұншықты. Осылайша перғауынның зұлымдығынан құтқарған Аллаға шүкір етіп Мұса пайғамбар ораза ұстаған» деген жауап алады. Сонда Алланың Елшісі: «Біз Мұса пайғамбарға сендерденде жақынырақпыз»,– деп сол күні ораза ұстауды мұсылмандарға кеңес етеді[9].

«Ашура» деген сөз арап тілінде «ъашара» он санынан шыққан. Бұл күн мұхаррам айының оныншы күніне сай келгендіктен «Ашура», яғни оныншы күн деген атау берілген.

Ашура күні ораза ұстаудың үкімі – сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у) осы күні ораза ұстауға мән беретін. Тіпті, Рамазан оразасы парыз болмай тұрғанда Ашура күні ораза ұстау уәжіп болған деседі ғалымдарымыз. Рамазан оразасы парыз етілгеннен кейін Ашура күнгі оразасы сүннет боп қалады. Сахаба Абдулла ибн Аббастан осы күні ұсталатын ораза жайында сұрағанда Ол (р.а):

«Пайғамбарымыздың осы күнгі нәпіл оразаның қадірін, өзге күндердегі нәпіл оразалардан артық санайтын...», – деп жауап берді.

Сахабалар да осы күні ораза ұстауға қатты мән берген. Олар тек өздері ауыз бекітіп қоймай, жас балаларын да осы күні ораза ұстауға баулитын. Муғаз қызы Әр-Рабиғ бұл жайында былай дейді:

«Ашура күні таңертең (Һинд ибн Әсмәны) Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мәдина қаласының айналасындағы ауылдарға жіберіп (ондағы мұсылман болған кісілерге осы күні ораза ұстасын деп айтты да): «Кімде-кім оразаға ниет еткен болса, бастаған оразасын бітірсін. Ал, кім нәр татып қойған болса, сол күннің ары қарайғы уақытын оразамен аяқтасын», – деді. Бұл сөзден кейін біз ораза ұстадық және жас балаларымызға да ұстаттық. Мешітке барғанымызда киізден істелген ойыншықты ала баратынбыз. Балалардың бірі ашығып жылай бастағанда, ауыз ашарға дейін жанағы ойыншықпен алдандыра тұратынбыз».[10]

Бұл күні неге ораза ұсталады?

Ашура күні Алла тағала өзінің пайғамбары Мұсаны (ғ.а.) перғауынның зұлымдығынан құтқарғанын айтып өттік.Аллаға шүкіршілігін білдіру мақсатында Мұса (ғ.а.) осы күні ораза ұстаған. Осыны естіген Пайғамбарымыз:«Біз Муса пайғамбарға сендерденде жақынырақпыз»деп ораза ұстайды. Демек, бұл күні ораза ұстаудың мәні де осында жатса керек, яғни Аллаға шүкіршілік білдіру.

Ашура оразасына қосып қанша күн ораза ұсталады?

Ашура күніне қосып бір күн алдын және бір күн кейін ораза ұстау ұнамды (мұстахаб), яғни Мұхаррам айының тоғызы, оны және он бірі күндері. Өйткені, Имам Ахмедтің риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз: «Ашура күні ораза ұстаңдар. Яхудилерге ұқсамау үшін бір күн алдын және бір күн кейін тұтыңдар», – деген[11].

Сахих Муслимде келген тағы бір хадисінде Алла Елшісі: «Егер келесі Ашура күніне дейін өмір сүретін болсам, Ашура күнінен бір күн алдын, яғни Мұхаррамның тоғызы күнін де қосып ұстайтын болам»[12], –деу арқылы да, тек Ашура күні ғана емес, одан бір күн алдын ораза ұстаудың ұнамды екенін ұғындыруда. Дегенмен, тек бір күн Ашура күні ғана ораза ұстаса да күнә емес.

Абдусамат Қасым

[1]Тәубе - №36 аят.

[2]Нәсәи – №4612 хадис.

[3]Тәубе - №36 аят.

[4]Сахих Муслим, әс-Сыям – №1163 хадис.

[5]Шаукани, Нилуль Әутар, Китабус сиям.

[6]Сахих Муслим, әс-Сыям – №1162 хадис.

[7]Сахих Бухари – 2002.

[8]Сахих Бухари – 1952.

[9]Сахих Бухари – 3727

[10]Сахих Бухари – 1859; Муслим - 2725

[11]Ғаунул Мағбуд, Китабус саум, №2445 хадис түсіндірмесі.

[12]Муслим – №2723 хадис.

Тәкбір-тәшриқ деп арапа күні таң намазынан бастап, Құрбан айтының төртінші күні екінтіге дейінгі әр парыз намазының соңында сәлем бергеннен кейін оқылатын дұғаны айтамыз.

Бұл дұғаны оқу – намаз оқуға міндетті әрбір жанға уәжіп. Өйткені, Құран Кәрімде: «Санаулы күндері (тәкбір тәшриқ күндері) Алланы зікір етіңдер»[1], – деп бұйырған. Ал, санаулы күн деп Әзірет Әли арапа күнгі таң намазынан бастап, айттың төртінші күнгі екінті намазының соңын айтқан[2], бұл аралыққа 23 парыз намазы енеді[3].

Тәкбір-тәшриқ дұғасы мынадай:

«Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, лә иләһа иллаллаһу уаллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил хамд».

Бұрынғы қаза болған намаздарын «тәшриқ» күндері өтегісі келген кісі, қаза намазының соңынан тәкбір-тәшриқ дұғасын оқымайды. Ал, осы күндері намазын қаза етіп және оны осы күндері өтегісі келген кісі аталмыш дұғаны оқиды. Басқа күндері өтейтін болса, ол дұғаны оқымайды[4].

«Тәшриқ» күндері деп зүлхижжа айының 11,12,13-күндерін, яғни айттың екінші, үшінші және төртінші күндерін айтамыз. Бұл күндерді бұлай аталуының себебі, (тәшриқ) ертеректе осы күндері сойылған құрбанның еттерін қажылар бұзылып кетпесін деп сүрлейтін болған. Сондықтан бұл күндерді тәшриқ – күнге кептіру күні деп атаған деседі.[5] Тағы бір деректе «ташриқ – сыртқа шығару, көрсету деген мағынаға саятындықтан, мұндағы мағына тәкбір-тәшриқты дауыстап айтуды білдіреді» делінген.

Хайызды және нифасты әйелдерге намаз оқу міндет болмағандықтан, тәкбір тәшриқ дұғаны айтпайды.

[1] Бақара–203 аят.

[2] Бадаиғ –2/12 бет.

[3] Осы пәтуаны арқау еткен Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммад. Ал, Имам Ағзам Әбу Ханифа «арапа күні таң намазынан бастап, айттың бірінші күні асыр намазының соңына дейін яғни 8 намаз уақыт соңында ғана айтылады. Сондай-ақ, бұл тек жамағатпен оқығанда ғана, муқим (жолаушы емес) кісілерге уәжіп. Ал, жолаушыға және намазды жалғыз оқушыға уәжіп емес» деген. (Хидая – 1/214 бет). Ханафи мәзһабында қабыл бекітілген пәтуа – екі имамдыкы. (Любаб – 1/118 бет)

[4]Бадаиғ – 2/20 бет.

[5]Мусталахатуль Фиқһия

Ислам ғылымхалы

Құрбан (араб тілінде) – «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – Аллаһ Тағаланың ризашылығына жақындау ниетімен құрбан айт күндерінде шалынатын арнайы малдың аты.

Пайдалары мен хикметтері:

а) Аллаһ Тағаланың әмірлерін орындау әрдайым ризашылығына жақындатып, ақыретте сый-сыяпатына кенелтеді. Құрбан шалу да Аллаһ Тағаланың арнайы әмірі болғандықтан бұл әмірді ықыласпен орындаушы Раббысының ризашылығына қауышып, ана дүниеде жүзі жарқын болып, мол сауабына шомары сөзсіз. Пайғамбарымыз хадисінде бұл ақиқатты былай деп түсіндіреді: «Адам баласы құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Аллаһ Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Аллаһ Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар» [1].

Пайғамбарымыз (с.а.у.) басқа хадистерінде Аллаһ ризашылығы үшін шалынған құрбанның әрбір қылы үшін сауап бар екенін былай деп сүйіншілеген: «Сахабалар Расулімізге (с.а.у.):

– Уа, Аллаһтың Елшісі, құрбандық деген не? – деп сұрақ қойды.

– Құрбандық – сендердің Ибраһим (а.с.) бабаларыңның сүннеті, – деді.

– Одан бізге қандай сауап бар?

– Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар.

– Қойдың жүнінен ше?

– Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады» [2].

Шындығында, Аллаһ Тағала біздің шалған құрбандарымыздың ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес. Біздің шалған құрбандарымыздың еті немесе қаны Аллаһ Тағаланың құзырына жетпейді. Бірақ біздің оның әмірін ләббайк деп орындауымыздағы ықыласымыз бен ниетіміздің Аллаһ Тағалаға жетіп, ризашылығына себеп болары сөзсіз. Бұл шындықты Құран Кәрім былай деп баяндайды: «Олардың (құрбан малдарының) еттері де, қандары да Аллаһ Тағалаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді» [3].

ә) Құрбан шалу – Ибраһим пайғамбарымыздан (а.с.) жалғасып келе жатқан сүннет. Иә, Ибраһим пайғамбарымыз (а.с.) Аллаһ Тағалаға берген сөзінде тұрып, бауыр еті баласы Исмайылды Ұлы Жаратушысының жолында пида ете алатындығын паш етіп, қиын сыннан өткен еді. Міне, құрбан шалу сол бір ғибратты оқиғаның ұмытылмас көрінісі.

б) Адам баласы құрбан айтта құрбан шалу арқылы Ұлы Жаратушысының өзіне берген сансыз нығметтерінің шүкірін өтеп, күнәларына кешірім тілейді.

в) Руханияттан алшақ болған мына материалдық дүниенің қыспағында қалып, тарыққан ішкі дүниеміз бен көкірек сарайымыз құрбан айттағы шалынған малдардың өзендей аққан қандарын әр-әр жерден көрген уақытта психологиялық тұрғыдан әсерленіп, бойындағы ауырлықтан жеңілдеп, көкірегіндегі қайғы-қасіретін ұмытып, адами табиғатында болатын ыза, кек, дұшпандық сияқты сезімдерден арылып, өне бойы жеңілдеп, сергіп қалады.

г) Жаратылысында өзімшілдік, сараңдық сияқты кейбір жаман сипаттардың дәнегі бар жалпы адам баласы құрбан айтта тек қана Аллаһ Тағаланың ризашылығы үшін кедей бауырларына жәрдем беру арқылы аталмыш болымсыз сипаттардың дәнегінің түбін балтамен шауып, оның орнына бойындағы бауырмалдық, жомарт, кішіпейіл сияқты кәмілдіктің белгісі саналатын сипаттар дәнегінің өніп-өсіп, жетілуі үшін су себеді.

д) Дүние жүзінде жылына миллиондаған мал сойылуда. Бірақ бұл сойылған малдың еттерінен көптеген кедей-кепшік мақұрым қалуда. Міне, құрбан айтта осы кедей, жағдайы нашар адамдардың жүзіне күлкі кіріп, шаттық байрағы желбірейді. Бір адамның көңіліне шаттық беріп, жүзіне күлкі кіргізу қандай бақыт... Аллаһ Тағала ақыретте бәріміздің жүзімізді жарқын қылып, көңілімізді шаттандырсын! Әмин!

"Ислам ғылымхалы" кітабынан

[1] Тирмизи, Адахи, 1.

[2] Ибну Мажә, Сәуәбул-адахи, 3118.

[3] Саффат, 37/107.

Адам баласы ғибадат-құлшылық үшін жаратылғандықтан, өмірінде бір Аллаға құлшылық етуді басты мақсат тұтып, сауап жинауды әдетке айналдырғаны жөн.

Себебі, сауап деген ескірмейтін, бұзылмайтын, жоғалмайтын, уақыты келгенде қол жетпес қазынаға айналатын өте бағалы ақыреттік табыс. Алла субханака уа тағала Құранда былай деген: «Дүние-мүлік пен бала-шаға – өмірдің сәні. Ал мәңгі қалатын жақсылықтар болса, Раббыңның құзырында сауап (табыс) ретінде де жақсы, әрі үміт тұрғысынан да қайырлы» (Кәһф сүресі, 46-аят). Пайғамбарымыз Мұхаммад (с.ғ.с) сахабаларына ең әуелі бір Аллаға ықыласпен құлшылық етуді үйреткен. Содан кейін оларға жас немесе кәрі демей, күндіз - түні, кез - келген жағдайда сауап жинаудың көркем үлгісін көрсетті. Пенде ақыретіне қамданып қалсын деп Жаратушымыз бес парыздан бөлек қосымша құлшылықтар мен арнайы дұғалар, тиімді амалдар мен берекелі уақыттар берген. Себебі, осы үмметтің өмірі алдыңғы үмметтерге қарағанда өте қысқа екені белгілі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде: «Менің үмметімнің ғұмыры алпыс пен жетпістің арасы», - деген. Десек те, Алла субханака уа тағала Өзінің кеңшілігінен бізге сол қысқа өмірдің орнын толтыратын және өмірімізді берекелі қылатын жақсы амалдарды нәсіп етті. Пенде оларды істейтін болса өте ұзақ өмір сүрген адамдай болады.

Атап айтсақ, қадір түні. Алла Тағала өз кітабында былай дейді: «Қадір түні мың айдан қайырлы» (Қадір сүресі, 3 аят). Жұма – күндердің сұлтаны, сауабы жағынан ерекше күнге жатады. Бұл күнде бір сағат бар, сол уақыт аралығында дұға тілесеңіз, дұғаңыз кері қайтарылмайды. Осындай берекелі уақыттардың бірі - Зул-хиджа айының алғашқы он күні.

Зул-хиджа айының алғашқы он күні биыл қазан айының 6-нан 15-не сәйкес келеді. Құрбан айт та осы зул-хиджа айының еншісінде. Зул-хиджа айының алғашқы он күнінде жасалатын ғибадаттардың сауабы өте жоғары болып табылады. Бұл жөнінде хадис шәрифтерде былай делінеді: «Зул-хиджаның алғашқы күндерінде тұтылған ораза - бір жыл ораза тұтумен, бір түнін ғибадатпен өткізу - қадір түнін ғибадатпен өткізумен тең».

Хазреті Әбу Дәрда былай бұйырады: Зул-хиджа айының алғашқы тоғыз күнінде ораза тұту, көп садақа беру және көп дұға әрі истиғфар жасау қажет! Өйткені Алланың Елшісі (с.ғ.с): “бұл он күннің игілігінен және берекесінен махрұм қалған адамға обал болсын” - деген. Зүл-хиджаның алғашқы 9 күнінде ораза тұтқан адамның өмірі берекелі болады, мал - мүлкі көбейеді, бала-шағасы бәлелерден қорғалады, күнәлары кешіріледі, жақсылықтарына көп еселенген сауап беріледі, өлерінде оңай жан тапсырады, қабірі жарық болады және жұақта жоғары дәрежелерге қауышады.

Әсіресе, осы аралықта Арапа күнінің оразасын ұстап, айт күндері құрбандық шалған абзал. Арапа күні ораза ұстаған адамның бір жылдық күнәсі кешіріледі. Ал құрбандық шалған адам Раббысына айтарлықтай жақындап, бауыздаған малының аққан қанымен күнәсін жуып-шаяды.

Арафат күні

Бұл – Арафат тауында тұрғандармен Алланың періштелер алдында мақтанатын, тозақтан құтылатын, Аллаһтың рақымына бөленетін, шайтан торығып, күйзеліске түсетін, тәубеге келіп, күналардың кешірілетін, дұғалар қабыл болатын, Аллаһ Тағаланың діндегі негізгі әмірлерді тәмәмдаған әрі соңғы үмметке нығметін толықтастырған және Ислам дініне разы болған күн.

Құрметті мұсылман бауырлар! Берекелі де қадірлі уақытты тиімді пайдалананып, өзіміздің ақылымыз бен өмірлік тәжірибемізді тек дүние табуға емес, сауап жинауға да қолданайық. Осына келе жатқан қасиетті Құрбан айт мерекесі құтты әрі мүбарак болғай!

Сейіт қажы Темірбекұлы
Рудный қалалық «Нұр» мешітінің
бас имамы

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником