Ислам діні әлемдегі ең адал дін. Сондықтан оған деген көзқарас пен ынта-ықылас та жыл санап артып келеді. Дегенмен қазіргі уақытта Исламның атын жамылып, қоғам арасында іріткі тудырып жүрген топтардың көбейіп кетуіне байланысты, Ислам дінінің дұрыс бағытын түсіндіру ниетімен Қостанай облысына арнайы Республикалық Ақпараттық-насихат тобының мүшелері белгілі дінтанушылар Рүстем Сыздыков пен Нұрмухаммед Иминов келген болатын.
Олар бұл сапарларында «Исламның құндылықтары», «Мазхабтар арасындағы айырмашылықтар», «Ислам – бейбітшілік діні», «Мазхаб ұстанудың артықшылығы», «Ислам дініне жат ағымдар» «Ислам экстримизм және терроризм діні емес» және басқа да тақырыптарда түрлі жүздесулер өткізіп, келелі әңгімелер қозғауда.
Мәселен, 13 мамырда дінтанушы, Рүстем Сыздыков «УК-161/2» РММ (Қостанай қ.) түрмесіндегі спецконтингентпен, өңірдегі оқу орындарының бірі – Қостанай мемлекеттік университетінің студенттері және зиялы қауым мүшелерімен кездесу өткізіп, кейін облыстық Л.Н.Толстой атындағы кітапханада «Деструктивті ағымдардан сақтану» тақырыбында дөңгелек үстелге қатысты. Осынау жиындарға қосымша облыстық ішкі саясат басқармасы мен дін істер депортаментінің және облыстық «Марал ишан» мешітінің қызметкерлері қатысты. Жоғарда аталған кездесулер мен жиындарда Рүстем Сыздыков қазіргі таңдағы Ислам дінінің өмірімізде алатын ерекше орнына, қоғамның татулығы мен ауызбіршілігіне зардабын тигізбей қоймайтын теріс ағымдардан аулақ болуына байланысты сөз қозғады.
Сондай-ақ Сириядағы жағдайға тоқталды. Жиналған қауымның назарын ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрімізге берік болып, үлкен мен кішіні сыйлау, адамгершілік қасиетті ғұмыр бойы ардақтау секілді маңызды тақырыптарды да қамтыды. Сонымен қатар студенттердің қойған сауалдарына нақты жауап беріп, өзінің дін саласындағы білімінің тереңдігін, жан-жақтылығын көрсетті.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
Баспасөз қызметі
Өскелең ұрпақты түрлі теріс ағымдардан сақтандыру дін саласындағы қызметкерлердің де басты парыздарының бірі. Сондықтан да болса керек, облыстық Марал ишан мешіті ұжымы осы бағытта қыруар жұмыстар атқаруда.
Жуырда аталған мешіттің наиб имамы Бақытжан Икрам мен азаншы Ғұмар Жұмағұловтар Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты филология факультетінің студенттерімен кездесті.
Онда жиналған жастарға «Теріс ағымға жол бермеу», «Дін мен дәстүр» сияқты аса маңызды тақырыптар әңгімеге арқау болды. Студенттердің қойған сауалдарына нақты жауап берілді.
Таяуда наиб имам Бақытжан Икрам Л. Толстой атындағы облыстық әңбебеп-ғылыми кітапханасында «Тероризм» тақырыбына байланысты кездесу өткізбек.
МДБ-ның Қостанай облысы
бойынша баспасөз қызметі
Көктем шығысымен облыстық Марал ишан мешітінің қызметкерлері қаланы абаттандыруға өздерінің лайықты үлестерін қосуға ұмтылады. Соның бір жарқын айғағы ретінде жақында осы киелі орының ауласындағы жерлер қопсытылып, гүлдер егілді.
Бір тоқтала кетер жай, мешіт орналасқан зәулім ғимарат Қостанай шаһарындағы тарихи маңызы ерекше орындардың бірі. Соны жете түсінген мұндағы дін қайраткерлері абаттандыру, көркейту секілді маңызды жұмыстарға айрықша мән береді.
- Мешіт тек қана адамдар намазға жығылып, Құран оқытатын жер ғана емес, ол мұсылман бауырларымызға қай жағынан болсын өнеге болуға тиіс. Біздің қызметкерлер отырғызған сан алуан гүлдер күн жылысымен құлпырып, көздің жауын алады.Ол жұртшылықтың сұлулыққа, жоғары эстетикаға деген құштарлықтарын барынша арттыра түседі,- дейді облыстың бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша баспасөз қызметі
Қостанай өңірінде де Қазақстан халқы бірлігі күніне орай түрлі шаралар ұйымдастырылды. Олар еліміздегі ұлттар арасындағы ынтымақ пен татулықты нығайтуға арналды.
Мәселен, Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Сейіт Темірбекұлының ұйытқы боуымен аталмыш шаһардағы «Қарттар мен мүгедектерге арналған №2 интернат үйінің» акт залында концерт өткізілді.
Осы мерекелік басқосу басталмас бұрын Сейіт Нұрқанов осындағы қамқорлыққа алынған қарттар мен оларға барлық жағдайды туғызып отырған мекеме қызметкерлерін айтулы мерекемен шын жүректен құттықтады.
Рухани кеште мешіт шәкірттері жиналған қауымға патриоттық әндерді орындап берді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша баспасөз қызметі
Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітіне намаз оып үйрену үшін жұма намазына келіп жүрген жамағатқа өкіл имам Асылхан қажы Мұханбетжанұлының тапсырмасымен әр жұма намазының соңында арнайы Абу Ханифа мазһабы бойынша дұрыс намаз оқудың үлгісін үйрету дәрсі ұйымдастырылды.
Облыстық «Марал ишан» мешітінің найб имамы Дархан Манарбекұлы мен азаншы Жумағұлов Омар жұма намазы оқылып болған соң, бірден намазды енді ғана үйреніп жүрген кісілерді жинап алып, екі ракағат намаз үлгісін сол кісілерге көз алдарында көрсетіп беріп, қойылған сұрақтарына жауап берді. Бұдан былай осынау намаз үйрету сабағы әр жұма сайын жалғасатын болады.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
баспасөз қызметі
Жуырда Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінде раджаб айында ұсталатын нәпіл оразаның құрметіне мешітке келуші жамағаттан 70 кісіге дастархан жайылып, ауызашар берілді.
Сонымен қатар жиналған қауымға аталмыш раджаб айының қадір-қасиеті мен осы айда болатын кештердің мән-маңызына тоқталып, бұл айда нендей құлшылық-ғибадаттар жасалуы қажет екендігінің төнірегінде Қостанай облысының өкіл имамы Асылхан қажы Мұханбетжанұлы уағыз айтып, осынау сауапты іске мұрындық болған Ұзынкөл ауданының бас имамы Есенгелді Сактағанұлына және бірқатар дінге жанашыр азаматтарға ризашылығы мен рахметін білдірді.
Сөз соңында Асылхан қажы Мұханбетжанұлы қазіргі таңда маңыздылығы өте зор нәпіл оразаларға байланысты осындай ауызашарлар алдағы уақытта да Алла қаласа жалғасатындығын айтып, Қостанай шахарының мұсылмандарынан нәпіл оразаларға бейқамдық танытпауларын өтінді. Ауызашардан кейін жиналған қауым жамағатпен мешітте ақшам және құптан намаздарын оқып, үйлеріне тарқасты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
Бойынша баспасөз қызметі
Қостанайда дін қайраткерлері күнделікті имандылық мақсатындағы қарбалас жұмыстарымен қатар адамға берері мол салауатты өмір салтын ұстануға да айрықша назар аударуда.
Осы сөзіміздің дәлелі ретінде жақында ғана Қостанай ауданындағы Затобол кентіндегі «Маңдай батыр» мешітінің мұрындық болуымен спорттық ойындар ұйымдастырылды. Онда Қостанай, Рудный және Затобол мешіттерінің жас жамағаттары арасында «Достық түбі -береке» атты футболдан жолдастық кездесу өтті.
Бұл спорттың түрінен болған жарысқа жоғарыда аталған Затобол мешітінің қызметкерлері, Қостанай орталық, Заречный, Рудный мешіттерінің жамағаттары және Қостанай облыстық Марал ишан мешітінің жанынан құрылған жастар ұйымы қатысты.
Кездесу қорытындысы бойынша: жүлделі 1-ші орынға Рудный мешіті, 2-ші орынға Маңдай батыр мешітінің командасы, ал 3-ші орынға облыстық Марал ишан мешітінің жастар ұйымы ие болды.
Футболдан кейін Қостанай аудандық мешітінің асханасында ас берілді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша баспасөз қызметі
Жуырда облыстық Марал ишан мешітіндегі Діни сауат ашу курсының қыз-келіншектері арасында «Мұхаммед (с.а.у) пайғамбарға сағыныш» атты ашық сабақ болып өтті.
Оны дәріс алып жүрген бойжеткендер Нәрия Ақбабақызы мен Жақсыгүл Сайранова жүргізіп, жұртшылықтың алғысына бөленді.Талапкер Салтанат Әнуарбек «Сағындым сені, Я Расулла» деп аталатын өленің оқыды.
Сондай-ақ Айнұр Амангелді орындауында «Пайғамбарға арнау» өлеңі де көпшіліктің көңілінен шықты.
Ал студент Нәрия Ақбабақызы «Пайғамбарға мадақ» әнін домбырамен шырқап жүректерді қозғады. Ал діни сауат ашу курсындағы қыздар дайындаған «Пайғамбарға сағыныш» атты көрінісін де мешіт жамағаты ықылас қойып тамашалады
Осынау кеш соныңда белгілі ақын Қалқаман Сариннің сөзіне жазылған «Алладан басқа жоқ тәңір» әні орындалып жоғары көңіл- күй сыйлады.
Басқосудың қай жағынан болсын бергені мол. Мұндай ашық сабақ болашақта да жалғасын таба бермек.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша баспасөз қызметі
«Орта Азиядағы исламның рөлі» атты халықаралық
конференциясына қатысушылардың
ҮНДЕУІ
Ислам Орта Азияның басым тұрғындарының тарихи діні болып табылады.
Көптеген ғасырлар бойы осы ұлан байтақ даланың халықтары ұрпақтан ұрпаққа рухани негіздерін исламнан тауып, өнегелі тұспалдарын, өзгермейтін құндылықтарын бойына сіңіріп, өздерінің дәстүрі мен мәдениетін байыта түсті.
Орта Азия – тек қана исламның таралу аймағы болып қалған жоқ, ол сонымен қатар ислам өркениетінің гүлденуі мен исламдық ойлаудың дамуының тарихи орталығы болды.
Орта Азиядағы ислам мәдениеті оның барша тұрғындарының күш салуымен дамыды. Осы топырақтардан шыққан ұлы тұлғалар әлем тарихына тек қана Құран мен Сүннеттің әйгілі білгірлері болып қана қалмады, олар табиғи және гуманитарлық ғылымды дамытқан ұлы ғұламалар ретінде танымал болды.
Имам Мухаммад аль-Бухари, Абу Мансур ас- Самарканди, Әбу Мансур аль-Матуриди, Әбу Наср әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Әбу Райхан әл-Бируни, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Ясауй және олардың көптеген замандастары мен ұрпақтары әлемдік тарихта ілгерішіл озық ойдың өкілдері болып жазылды. Ислам мәдениеті мен өркениетін олардың еңбектерінсіз елестету мүмкін емес. Олар Орта Азияның ғана емес күллі ислам әлемінің мақтанышына айналды.
Осылайша Орта Азияда білімге, ізгілікке, адамгершілікке, кең пейілділікке шақырып, соқыр фанатизм мен зорлық зомбылықты қаламайтын исламның ағартушылық кеңістігі қалыптасты.
Орта Азия мұсылмандарын жалпыға ортақ діни негіз болып табылатын объективті, рационалды тұрғыдан исламдық қағидаттар мен дәстүрлі құндылықтарды үйлестіре білуімен ерекшеленетін сүнниттік исламдағы ханафи мазхабы біріктіріп отыр. Ханафи мектебінің осындай маңызды ерекшеліктері осы көп этносты және көпконфессиялы аймақта халықтардың бейбіт қатар өмір сүруіне негіз болып табылады.
Біздің қоғам ұзақ жылдарға созылған атеизм мен дінге қойылған шектеулерден кейін бүгінгі күні діни жаңғыру құбылысын басынан кешіріп, өзінің рухани бастауларына қайта оралуда.
Алайда нақ осы кезеңде Орта Азияның рухани кеңістігі дін атын жамылған, діннің ішкі мәніне бойламай сыртқы формада қабылдайтын, бұрмаланған жат идеологиялардың шабуылына ұшырады. Жалған дін уағыздаушылары қоғамға дін тазалығы туралы өз көзқарасын таңуға, Орта Азияда Ислам дәстүрлерінің болмағандығын дәлелдеуге тырысып, исламмен етене байланысқан ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарымызды жоққа шығаруда.
Өкінішке орай, аталмыш насихатпен алданған жеке дінге сенушілердің арасында өз отбасынан, халқының ұлттық дәстүрінен, отанынан және ақиқат діни сенімнен безіп, бас тарта бастағандардың қатары көбейе бастады. Олардың ішінде шектен шығып, терроризм мен экстремизм актілерін жасағандар да бар.
Конференцияға қатысушылар Орта Азия халықтарының мұндай тегеуріндерге өз жауабы бар екендігіне сенімді. Бұл – ары қарай гүлдену мен ізгілікті қалыптастыратын исламның құнды мұрасы.
Ханафи мазхабы өзінің діни-құқықтық ілімінің басымдылығын дәлелдей отырып, ортағасырлық радикалды фундаментализмнің тегеуріндеріне жауап бере алды.
Бүгінгі таңда терең мәдени, тарихи дәстүрлерге ие аймақтың мұсылман халқы радикализмнің, экстремизм мен терроризмнің ешқандай түрлерін қабылдамайды. Олар Исламды ізгіліктің, даналықтың, өзгелерге деген құрмет пен жалпыға ортақ прогресстің бастаушысы ретінде мойындайды. Олар ата-баба дәстүріне құрмет көрсетіп, ұрпақтарының амандығы үшін барлық жағдайды жасайды.
Ғұламалардан қалған ғылыми, әдеби, мәдени және рухани-өнегелік мұра бүгінгі күні де өз маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Сондықтан еліміздің халықтарының өзара өркендеуі үшін ғылым мен мәдениетті дамыту үшін ата-бабаларымыздың жолын жалғастырып, Орталық Азия аумағында мұсылман қауымының прогрессивті интеллектуалды дамуы үшін негіз қалауымыз керек.
Конференцияға қатысушылар өздерінің барлық азаматтарын, зиялы қауым өкілдерін, сарапшылар қауымдастығын, мұсылман дін қызметшілерін осындай рухани әлеуетті сақтап, оны әрі қарай күшейту үшін бар күш-жігерін біріктіруге шақырады.
Орта Азиядан әлемге жарық шашқан Исламның рөлі жер бетінде бейбітшілік орнату, тыныштықты сақтау және гүлдендіру болып табылады.
Халықаралық конференцияға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей Федерациясы, Мысыр мен Түркия тарапынан қатысушылар
Астана қ., 17 сәуір 2014 жыл
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына Еуропа Одағы (ЕО) бірлестігінен біртоп делегат келді. ЕО Лаңкестікке қарсы күрес үйлестірушісі Гиллес де Керхов бастап келген қонақтар алдымен Алматыдағы Орталық мешіттің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен имамдардың жұмыстарымен танысты.
Бас имам Нұрбек Есмағанбет Орталық мешітте атқарылып жатқан сауапты һәм жауапты жұмыстар жайлы баяндап берді. Олар неке залын көріп, Алла үйін аралады. Қонақтар Н.Әуесханұлымен Алматы қаласындағы мешіттердегі суат ашу курстары туралы сұхбаттасты.
Одан кейін ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиевтің қатысуымен екіжақты кездесу өтті. Ғ.Жәдігерұлы қонақтардың сұрақтарына жауап беріп, Қазақстандағы діни ахуалдың тұрақты екенін, Отанымызды мекендеген 100-ден астам ұлттар мен ұлыстардың бір шаңырақ астында тату өмір сүріп жатқанын мәлімдеді.
«Ислам дінінің қазақтың қасиетті топырағына келгеніне 1200 жылдан асты. Ислам халқымыздың салт-дәстүрімен бітеқайнасқан. Сондықтан біздің халқымыз оны қабылдап, ата-бабаларымыз Ислам өркениетіне көп үлес қосты. Ал Қазақстандағы мешіттер мен медреселер бір орталықтан, яғни Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Орталық аппаратынан басқарылады», – деді Ғылымбек Мәжиев.
ҚМДБ баспасөз қызметі
www.muftyat.kz