Биыл да жылда қалыптасқан дәстүр бойынша облыстық Марал ишан мешітіндегі Ораза айт намазына халық көп жиналды. Олардың арасында жастардың қатары да мол болды.
Мұнда бас қосқан мұсылман қауымның алдында облыстық мешіттің наиб имамы Дархан Сыздықов сөз сөйлеп, Ораза айтының өзіндік ерекшелігіне кеңінен тоқталды. Уағыз айтып, жұртшылықтың көкейінде жүрген мәселелер жөнінде де ойын ортаға салды.
Ерекше тоқтала кетер бір жай, осынау басқосуда облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов барша жиналған жерлестерімізді қасиетті Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтады. Әрбір отбасына шадыман-шаттық, ырыс-береке тіледі. Оның жанында Қостанай қаласының әкімі Ахмедбек Ахметжанов та болды.
Үстіміздегі жылғы Рамазан айы өңірде жоғары деңгейде өтті. Облыстық Марал ишан мешітінен бастап бірқатар үлкен мешіттерде ауызашар отыз күн бойы берілді. Бұл да болса қостанайлықтардың Ислам діні мен өздерінің ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрлеріне ерекше ден қойып келе жатқандығын айқын байқатады, – дейді ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Асылхан қажы Түсіпбек.
Жалпы Ораза айт намазы облысымыздағы барлық қалалық және аудандық мешіттерде жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі 28.07.2014ж.