Ислам әлемінде көкейкесті, өзекті тақырыптарын қамтыған ғылым саласы – Кәләм ілімі. Кәләм ілімін зерттеген дін ғұламалары «Сүннет жұрты және жамағатының» бекітілген қағидалары аясында қарастырған. Ислам діні Мәуеренаһр өлкесінде кеңінен тарап, ғылымның гүлденген кезі еді. Осыған орай Мәуеренаһр өлкесінде орналасқан Қазақ даласынан шыққан Ханафи мәзһабының көрнекті өкілдері: Хусам ад-Дин ас-Сығнақи, Әбул-Ғафур әл-Кердери және Қауам әд-Дин әл-Фараби әл-Итқани сынды ғұламалардың ақида іліміне қатысты еңбектерін күні бүгінге дейін отандық ғалымдарымыздың ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, Имам әл-Матуриди медресесінен сусындаған қазақ халқының рухани көсемдері Абай, Шәкәрім, Ыбырай, Мәшһур Жүсіп сынды аталарымыздың өздері осы ұстанымды кеңінен уағыздаған.
Қазақстан жерінен шыққан дін ғұламаларының күні бүгінге дейін зерттелмеген еңбектерінің кейбір түпнұсқаларына қол жеткізген болатынбыз. Қазақ ғұламаларының қазіргі таңда кәләм іліміндегі маңызды болған қасиетті Құран Кәрімдегі (Таһа сүресі,5) «الرحمن على العرش استوى» «Рахман Ғаршыны меңгерді» аятындағы «Истиуә» мәселелері сынды көкейкесті тақырыптар қарастырылды. Ислам әлемінде түрлі адасқан топтардың шектен шыққан пікірлері ақида мәселерінде кеңінен зерттелген. Атам қазақ «бөлінгенді бөрі жейді» демекші Пайғамбарымыз (с.а.с): «Яхудилер 71 топқа, христиандар 72 топқа, үмметім де 73 топқа бөлінеді. Осы 73 топтың ішіндегі біреуі ғана жәннатқа барады, ал қалған 72-сі тозақтық болады», - деген. Сонда қасында тұрған сахабалардың бірі орнынан тұрып: «Уа, Аллаһтың елшісі! Жәннатқа баратын топ қайсысы?», - деп сұрағанда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Менің және сахабаларымның жүрген жолымен жүргендер», - деп жауап берген болатын (Әбу Дәуіт, Суннат 1; Ибн Мажа, Фитан 17) [1/27-б.]. Осы хадисті алға тарта отырып, Ислам әлемінде ақиқат жолын ұстанатын - Сүннет жұрты және жамағаты деп аталады. Сүннет жұрты және жамағаты ұстанымы әу бастағы Пайғамбар заманындағы сахабалары, одан кейінгі табиғиндер дәуірінен бастауын алады. Ақиқат жолын ұстанған Сүннет жұрты және жамағатының барлық ғылым салаларына қатысты Құран мен сүннетке жүгінген қағидалары бар. Сол қағидаларының бірі – ақида ілімінде де қамтылғаны анық. Өйткені уақыт өте келе түрлі топтардың пайда болу салдарынан Ислам ғұламалары дін негіздерінің ақиқатын түсіндірді. Ислам әлімінде Худжатул-Ислам (Дін дәлелі) атанған Имам әл-Ғазалидің «Ихия Улум ад-Дин» атты еңбегінде кәлам ілімі тұрғысында:«Кәлам ілімі – қажетті қызметтердің біріне айналып, қауым үшін міндеттелді. Сондай-ақ, адамдардың жүректерін жаман жаңалық енгізушілердің жансақ пікірлерінен қорғайды. Мұның мысалы, қажылыққа шығушының жолдағы көшпенді қарақшы арабтардан қорғану мақсатында күзетші жалдауына тура келгендей, яғни көшпенді арабтардың қарақшылықтарын қойса күзет жалдау қажеттігі тумайтыны сияқты, егер де жаман жаңалық енгізушілер жансақ пікірлерінен бас тартқан болса, онда сахабалар заманында (оларға Алла разы болсын) болмағанындай аталмыш ғылым саласының қажеттелігі де болмас еді»,-деген. Демек, Имам әл-Ғазали кәлам ілімінің маңыздылығын баяндап, Ислам ақидасының ақиқатын қорғау мақсатында, яғни пайғамбар заманындағы шынайы сенім тұғырларын бекіту .
Осыған орай Ислам ақидасының ақиқатын ұстанған дін ғұламалырының бірі – Имам Әбу Ханифа Нұғман ибн Сәбит. Ол жастайынан ғылыммен айналысып, Исламдағы түрлі ғылым салаларында қосқан үлесі зор. Оның еңбектері түрлі салаларды қамтиды. Мысалы: Фиқһ, ақида, хадис ілімі, тәпсір секілді дін ғылымдарын терең меңгерген. Оның еңбектері бүкіл Ислам әлеміне әйгілі. Соның ішінде ақида саласында жазған еңбектері де аз емес. Алайда оның сенім мәселелері тұрғысында жазған еңбектері «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» демекші мәселелерге қағида ретінде анықтамалар берген. Дегенмен, бұл саланың ақида мәселелеріне қатысты кейбір тақырыптарында түрлі адасқан топтардың пайда болуына байланысты сол туралық-ақиқат жолын жалғастырған Имам Әбу Ханифаның мәзһабының көрнекті өкілдері еңбек сіңірген. Мысалға айтар болсақ Имам Әбу Ханифаның ақида саласында жазылған «әл-Уасия», «Фиқһ әл-Акбар» және «әр-Рисәлә» сынды құнды еңбектері бар. Сондай-ақ Имамның дүниеден өтуінен кейін де адасқан топтар өз пікірлерінен бас тартпады. Осыған орай ақиқат жолын ұстанған Ханафи мәзһабындағы дін ғұламалары да Исламның негізгі қағидаларын жоғалтпады. Демек, Ханафи ғалымдары ақида саласындағы Имам Әбу Ханифа еңбектерін әрі қарай тереңінен кіріп, жан-жақты зерделеген болатын. Ислам ғұламалары Ислам елдерінің түрлі аймақтарында білімдерін жалғастырған. Сондықтан да ғалымдар тұрғылықты мекендеріне сай еңбек еткен. Әлемге әйгілі Ислам ақидасын алғаш жүйеге келтірген Имамдарына – Имам Әбу Мәнсур әл-Мәтуриди, Имам әл-Ашғари және Имам әт-Тахауи сындыларды айтуға болады. Әбу Мансур әл-Матуриди ақида ғылымымен айналысуды жеке міндеті деп біліп, ғылыми өміріне сенімдік мәселелерге қызығудан бастаған. Самарқанд аймағында өзін бұл салада жан-жақты жетілдіріп таңдаулы ақида ғалымы болып, өмірінің соңына дейін аталмыш саладағы ізденістерін тоқтатпаған. Әбу Мансур әл-Матуриди өз дәуіріндегі адасқан топтар Мұғтазилиттер мен Шииттерді сынға алған. Имам әл-Матуридидің сенімдік мәселелерге байланысты жазған еңбектері мен парасатты ақылды мақұл көруі оның ақидалық пайымға бейімділігін көрсететін дәлелдер арасынан орын алады. Әйгілі имамның ақидаға қатысты көзқарастарын шәкірттері Әбул Қасым әс-Самарқанди, Саид ар-Рустуғфани әл-Ханафи, Әбу Ләйс әл-Бұхари әс-Самарқанди және Әбу Мұхаммед ибн Иса әл-Бәздауи мен Әбу Ахмед әл-Иади тарапына жеткізілген «Китабу Тәуиләт Әһли Сунна», «Рисалә фи ма лә иаджузу әл-Уақфу аләйһи фил-Қуран», «Китабут Таухид», «Шарху Фиқһил Әкбар» және басқа да еңбектерден көруге болады [2]. Әбу Мансур әл-Матуридидің еңбектеріне шәкірттері тарапынан кейбір қосымшалар жазылғанымен, бұлардың басым бөлігі өз көзқарастары екені көпшілік Ислам ғалымдары тарапынан қабылданған.
Имам әл-Матуридидің еңбектері:
1. Тәуилатул - Қуран
2. Китабут - таухид
3. Китабул - мақалат
4. Китабу - мәхазиш-шараи (фиқһ усулы жайында жазылған)
5. Китабул-жәдәл
Өзге де еңбектері:
1. Китабул рәдди әуаилил-әдиллә лил-Кағби
2. Китабу рәдди тахзибил-жәдәл лил-Кағби
3. Китабу бәяни уәхмил – муғтазилә
4. Рәдду китабул – Кағби фи уаидил – фуссақ
5. Рәддул усулил – хамса ли Әби Умарил – Баһили
6. Рәдду китабул – имамә
7. әр-Рәдду алал – Карамита [1/31-32б].
Ал біздің заманымызға жеткен «Тәуиләтул Қуран» мен «Китаб әт-Таухид» атты еңбектері.
Ал Шығыста қазіргі Ирактығы Басра қаласында х.260/м.873 жылы дүниеге келген ақида жүйесін құрған дін ғалымдарының бірі – Имам әл-Ашғари. Оның толық аты-жөні - Әбу әл-Хасан Әли ибн Әби Бишр Исхақ әл-Ашғари. Имам Әшғари әйгілі сахаба Әбу Мұса әл-Әшғаридің (өл.44/665) ұрпағынан тарайды. Имам әл-Ашғари ақида ілімінің Ашғарилық мекетбін құрған. Имам әл-Ашғари 40 жасына дейін Мұғтазилиттер тобында болып, содан-соң Аллаһ Тағала оның көзін ашып, Сүннет жұрты және жамағатын қабылдаған болатын. Сондықтан да Имам әл-Ашғари логикалық ақыл-сана тұрғысында мол тәжірибелі болғандықтан адасқан топтарға қарсы көптеген еңбектерін жазған. Деректертерде 100-ден астам еңбектер бар деп келеген. Алайда бүгінгі күнге дейін сақталмаған. Бізге жеткен еңбектері:
1. Әл-Ибәнә ан усулид-диянә - муғтазиладан шыққан соң жазған алғашқы еңбегі
2. Әл-Лума фир-рәдди ала ахлиз-зәйғи уәл бида
3. Рисаләту фи истихсанил-хауд фи илмил кәлам
4. Мақалатул исламиин
5. Рисаләту илә әхлис-сағри бибабил әбуаб т.б. [1/39-б].
Келесі Сүннет жұрты және жамағаты ғалымдарының бірі – Имам әт-Тахауи. Оның толық аты-жөні - Ахмад ибн Мұхаммед ибн Сәлама Әбу Жағфар әт-Тахауи әл-Азди әл-Ханафи әл-Мисри атағы шартарапқа жайылған әйгілі ғалым. Дереккөздерге жүгінер болсақ, мұсылман жыл санағы бойынша х.230/м.850 жылдары дүниеге келген. Туған жері Мысыр елінің «Таха» деген елдімекені. Әт-Тахауи деген қатыстық есімге ие болған. Араб елдерінің бірі Мысыр елінде өмір кешіп, ақида ілімінің Тахауи мектебін қалаған. Имам әт-Тахауидің ерекшелігі араб тілі Құран тілі болғандықтан араб елінің тұрғандары арабтардан болатын. Арабтар Құран мен сүннет мәтіндері өздерінің ана тілдерінде оқыған. Осыған орай арабтар арасында Құран мен сүннетті түсінуде проблемалар болмаған-ды. Алайда ғылым салалары даму барысында ақида мәселелерінде мағынасы бұлыңғыр «Мүтәшабиһ» аяттарының түсіндірмелері аясында болды. Дегенмен, Имам әт-Тахауи әйгілі ғалым Имам Әбу Ханифаның ақида саласында жазған еңбектерін зертей отырып Ислам қағидаларына қатысты еңбектерін жаза бастады. Осыған орай Имам әт-Тахауи ақида саласында көп еңбек етіп, ақида жүйесін жүйеге келтірген Имамдарының біріне айналды. Имам әт-Тахауидің еңбектері:
1. Шарх Маъани әл-Әсәр
2. Мушкил әл-Әсәр
3. Ахкамул-Қуран
4. Ихтиләфул-Уләмә
5. Ән-Нәуәдир әл-Фиқһия
6. Китаб аш-Шурут әл-Кәбир
7. Аш-Шурут әл-Аусат
8. Шарх әл-Жәмиъ ас-Сағир
9. Шарх әл-Жәми әл-Кәбир
10. Әл-Мухтасар
11. Манақиб Әби Ханифа
12. Тарих әл-Кәбир
13. Ар-Радд алә Китабил-Мудаллисин
14. Хукм аради Мәккә т.б. [3/7-б].
Осы ақида саласындағы мектептердің ірі Имамдарын зерттей отырып, олардың барлығы Ханафи мәзһабының көрнекті өкілдері екендігіне көз жеткіздік. Ғалымдардың еңбектеріне қарайтын болсақ барлығы Имам Әбу Ханифаның ақида саласына қатысты еңбектеріне жүгінгендігін байқаймыз. Сондай-ақ олардың негізгі ұстанымдары Сүннет жұрты және жамағаты қағидалары аясында. Аталмыш Имамдардың ақида жүйелері арасында кейбір мәселелерде айырмашылықтары бар. Алайда діннен шығаратын дейңгейінде емес. Осыған орай ғалымдардың еңбектері күллі әлемге тарап, ақида ілімін жалғастырған әрғасырдың өз ғұламары болды.
Мәуереннаһр өлкесінде орналасқан – Қазақ даласынан шыққан дін ғұламалары жайында тоқталғанымыз жөн болар. Оларға: Әбу әл-Мұғин ән-Насафи, Имам Қауам әд-Дин әл-Итқани, Абдул-Ғафур Әл-Кердери, Хусам әд-Дин ас-Сығнақи сынды ғұламаларын жатқызуға болады.
Әбу әл-Мұғин ән-Нәсәфи 438х.ж.б/1047 жылы Мәуренаһрдағы «Нәсаф» қаласында зиялы отбасында дүниеге келген. 508х.ж.б/1115 жылы Бұхара қаласында дүние салған ғұлама. Әбу әл-Муғин ән-Нәсафи дініміздің сенімге қатысты өте нәзік мәселелерін зерттейтін ғылым саласы кәләм ілімдерін терең меңгеріп, Мәуреннаһр аймағының кәлам ілімдері мен ислам құқығы саласында Имам әл-Матуриди мектебінің көрнекті ғұламаларының бірі болған. Оның қолында көптеген атақты ғұламалар тәлім-тәрбие алған. Сол дәуірдегі «Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистерін аудармаларында ыждағаттылық танытқан имам атақты кәләмшы Нәжмуддин Омар бин Мұхаммед ән-Нәсафи әс-Самарқанди (537х.ж.б/1142 қайтыс болған), «Тахфату әл-Фуқаһа» атты кітабын жазған ұлы Ханафи ғалымдарынан бірі болған - фақиһ Мұхаммед бин Ахмед бин Әби Ахмед Ала ад-Дин ас-Самарқанди (540 х.ж.б/қайтыс болған), Абду әл-Азиз бин Ахмед бин Мұхаммед әл-Баздауи (х.ж.б 730 жылы қайтыс болған) сынды тағыда басқа көптеген ғұламаларға ұстаздық еткен. Сол сияқты Самарқанд ислам құқықтары әдіснамасына Әбу әл-Муғин ән-Нәсафидің Матуриди мәзһабының күшейіп, дамуына қосқан үлесі мен еңбегі мол.
Имам Нәжмуддин Омар бин Мұхаммед ән-Нәсафи әс-Самарқандидың ұстазы Әбу әл-Мұғин ән-Нәсафидің еңбектері сүннетке, Әбу Ханифа мәзһабына ерекше үлес қосқандығы туралы айтқан [4/2-б].
Имам ән-Нәсәфи кәләм ілімінде көп еңбек сіңірген. Тіпті, оның құрған кәләм жүйесін «Ақидату ән-Нәсәфия» деп қарастырады. Сондай-ақ Әбу әл-Мұғин ән-Нәсафи тәпсір, хадис, кәлам іліміндегі, бар салаларында құнды еңбектер жазған-ды. Оның ««التمهيد فى أصول الدين» «әт-Тәмһид фи усул әд-Дин» (Дін негіздері саласына кіріспе) атты кітабында Матуриди мәзһабындағы сенім мәселелері туралы ауқымды және ислам философиясы мәселелері терең қамтылған құнды еңбек болып табылады. Еңбектің мазмұнында сенім мәселелері: мүтәшәбиһ (астарлы мағыналы) аяттар, Аллаһтың бар екендігінің дәлелдері мен сипаттары, тағдыр мәселелері, мекен мен ұқсастық мәселелері турасында ағымдар мен мәзһаб аралық талас-тартыстар қамтылған [5/5-б].
Бұл «әт-Тәмһид фи усул әд-Дин» еңбегіне Сыр бойынан (Сығанақ шаһарынан) шыққан ғұлама Хусам әд-Дин ас-Сығнақи «әт-Тасдид фи шарх әт-Тамхид» деген атпен түсіндірме жазған.
Әбу әл-Мұғин ән-Нәсафи «әт-Тәмһид фи усул әд-Дин» кітабының қолжазба нұсқасын әл-Миния университетіндегі әдебиет факультетінің оқытушысы ғылым докторы Абдул-Хай Қобил зерттеп, қағаз бетіне түсіріп, басқа да көшірмелерімен салыстырып, зерделеп, қағаз беттеріне түсіріп, 1987 жылы жарыққа шығарды.
Ендеше Имам ән-Нәсәфидің еңбектеріне түсіндірме жазған жерлестеріміздің бірі Хусам әс-Сығнақи жайында айта кеткеніміз жөн болар. Толық аты-жөні: Хусейн бин Әли бин Хажжаж бин Әли бин Мұхаммед ас-Сығнақи. Туған жылына қатысты нақты мәлімет жоқ. Ғұламаның «әс-Сығнақи» атты ныспыға ие болуы қазіргі Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы ескі Сығанақ шаһарынан шыққандығымен байланысты деген деректер бар. Сондай-ақ Қауам ад-Дин әл-Фараби әл-Итқани ат-Түркістанидің(685/1286-758/1356 ) ұстазы - Ахмед ибн Асад ибн Ахмед әл-Харифғани мен әс-Сығнақи екеуі де Хафиз әд-Дин әл-Бұхари әл-Кабирден білім алып, ортақ ұстазынан білім алып, екеуі дос, әріптес болған деседі. Төмендегі деректер әл-Итқанидің өзінен жасы жағынан үлкен, жинаған білім қазынасы мол әс-Сығнақимен кездесіп қана қоймай, одан алғаны да, үйренгені де болғандығын қосымша дәлелдегендей. Хусам әс-Сығнақидың «әт-Тасдид фи шарх әт-Тамһид» атты еңбегі тікелей ақида саласында кәләм мәселелері қамтылған. Онда ән-Нәсәфидің «әт-Тамһид» еңбегін талдау жасап, түсіндірме берген [6/1-2-б]. Онда ақида мәселелері толық қамтылған. Тағы да бір айта кететін жайт қазіргі таңдағы ақида сабақтарында көкейкесті тақырыптарға толық жауаптар берілген [2/ 40-б].
Абдул-Ғафур Әл-Кердери, Абд әл – Ғафур ибн Лұқман ибн Мұхаммед Әбу әл-Мафахир әл-Кердери шамамен 1166 жылы өмір сүрген - қазақ даласынан шыққан ғұлама. Әл-Кердери оның кердері руынан шыққанын аңғартады. Ғафур ибн Лұқман ибн Мұхаммед Әбу әл-Мафахир әл-Кердери көзі тірісінде - Бағдад, Басра, Дамаскіде білім алған. Мұсылман заңының, оның ішінде Ислам туы тігілген көптеген өлкелерге кеңінен тараған ән-Нұғман Әбу Ханифа негізін салған мектептің теориялық тұжырым қағидаларын басшылыққа алып зерттеулер мен түсіндірулер жасаумен айналысқан. Ғафур ибн Лұқман ибн Мұхаммед Әбу әл-Мафахир әл-Кердери «Интисар ли Абу Ханифа фи ахбарихи уә ақуалиһи» («Әбу Ханифаның хабарлары мен айтқандарындағы жеңісі»), «Муфид уә мәзид фи шарх ат-Таджрид» («Таджридке түсіндірме жасаудағы пайдалы толықтыру»), «Шарх «әл-Джамиғ ас-Сағир» («Кіші жинаққа түсіндірме») атты бірқатар кітаптар жазған [8].
Қауам әд-Дин әл-Итқани әл-Фараби әт-Түркістани (1286-1357). Қазақ даласындағы көне қалаларының бірі Түркістаннан шыққан ғұлама. Әл-Итқанидың көптеген еңбектері бар. Біздің зерттеуімізде ақида саласына қатысты тракттаттары берілген. Зерттеудегі бай мағұлматтар сәтті жүйеленіп, қазақ тіліне жатық аударылған. Әсіресе, оқымыстының усул-фиһқ саласындағы «ат-Табиин» атты еңбегінің бөлімдері мен тақырыптары, қияс, ижмағ, ан-наһи, әл-азима, әл-әһлия, назм, әл-муғарада, әл-мумана сынды усул ұғымдар мен терминдері негізінде кеңінен ашыла көрсетілген. Әл-Итқанидің әзірге жарық көрген кітабы осы «ат-Табиин» ғана. Оқымыстының басқа еңбектері әлі қолжазба күйінде қозғаусыз жатқанын білдік. Кітап қорытындысынан Қауам әд-Дин бабамыз жайында: «әл-Итқани ислами діни мәтіндерді, әсіресе Құран мен хадис шарифті жетік білген. Ол араб тілін терең ғылыми деңгейде игерген, әсіресе жеке сөздер мен сөз тіркестерінің мағыналық ерекшеліктерін нәзік түсінген. Қауам әд-Диннің араб тіл білімі ілімінен, мәтіндік талдау әдістерінен терең хабары болған. Қауам әд-Дин шариғаттағы түрлі мазһабтар негіздерін жан-жақты меңгерген, ал өзі әбу Ханифа мазһабын ұстанған. Ғалым ақида мәселелерін жетік біле тұра әл-Матуриди ақидалық мектебінің көзқарасынан таймағандығы анықталды [7/7-8-б].
Осыған орай Қазақстан жерінен шыққан ғұламалырының ақида саласында жазған еңбектеріне ғылыми талдау жасай отырып, олардың барлығы Ислам ақидасының негізгі қағидалары аясында сараланғандығы анықталды.
Ендеше зерттеу нәтижелері бойынша Сүннет жұрты және жамағатының негізгі қағидалары мыналар:
1. Барлық әлем мен тіршілік иелері кейіннен жаратылған.
2. Әлем босқа жаратылмаған, оның өзіндік мәні мен ерекшеліктері бар.
3. Әлемдер мен бүтін тіршілікті жаратушы – Аллаһ.
4. Аллаһ жалғыз, бастауы (الأول) мен (الآخر) соңы жоқ. Ол тумаған (لم يلد), туылмаған (لم يولد). Ол заман, мекен және тәндік ерекшеліктерге мұқтаж емес. Одан басқа тәңірі жоқ.
5. Аллаһтың әзәли (الأزلى), әбәди (الأبدى) затынан бөлінбейтін сипаттары бар.
6. Аллаһ ақыретте муминдерге көрінеді.
7. Тағдыр мен қаза хақ. Алайда, құл іс-қимылында мәжбүрлі емес (яғни, пәнденің таңдау ерік-жігері бар).
8. Пайғамбарлар муғжизасы, әулиелер және олардың көрсеткен кереметтері хақ. Бірақ, ешқандай пайғамбар мен әулиеде тәңірлік нышан болмайды. Олар да адам, тек дәреже тұрғысынан ғана қарапайым жандардан мәртебелі келеді.
9. Аллаһтың кәләмы әзәли (басы жоқ). Аллаһтың сөйлеуі дауыс пен әріптерден тұрмайды.
10. Ақырет және ондағы болатын жағдайлар хақ (жәннәт, тозақ, таразы).
11. Пайғамбардан (с.а.у.) кейін ең ұлы кісі Әбу Бәкір, одан кейін кезегімен Омар, Осман және Әли. Пайғамбардың (с.а.у.) сахабалары ерекше құрметке лайық кісілер болып саналады.
12. Амал иманның бір бөлігі емес. Сеніп, иман ете тұра амал етпеген немесе күнә істеген кісі діннен шықпайды. Бірақ, ол күнәһар кісі ретінде саналады.
13. Бір әмірші тағайындау мұсылмандарға парыз. Басқару жүйесі әрдайым кеңесу және сайлаумен болады.
14. Аллаһ Тағаланың адамдарды жаратқаны секілді, олардың амалдарын да жаратады. Пенде қандай да бір істі істеу үшін таңдайды, Аллаһ та оның таңдауына сай ісін жаратады.
15. Жақсылық жасағанға - сый, жамандық жасағанға - жаза беріледі. Бірақ, Аллаһ қалаған мумин пендесінің күнәсін кешіруі мүмкін.
16. Ислам дінін қабылдаған, әрі мумин екендіктері белгілі кісілер мына жағдайда ғана кәпір болып есептеледі:
а) Аллаһ Тағаланы жоққа шығарса
б) Аллаһқа серік қосса
в) Пайғамбарлар мен пайғамбарлықты қабыл етпесе
г) Харам екендігі нақты білінген (аят пен хадис арқылы бекітілген үкімдерді) нәрсені халал деп, не керісінше халалға харам деп оған сенсе
Ғұламалардың осы қағидалар төңірегінде жазғандарын еңбектерінің мазмұндарында қамтылған [1/28-29-б]..
Сөзімізді қорыта келгенде құлшылықта - Ханафи мазһабын, сенімде – әл-Матуруди сүннет жұрты және жамағаты мектебін ұстанатын халықпыз. Орта Азияда туған сүннет салтының Имамы Әбу Мансур әл-Матуруди (Аллаһ оны рақымына бөлесін) негізін қалаған сенім мектебі еліміз ерте заманнан кең тарап етене араласып кеткен сүннет салтының ақида мектебі.
Имам әл-Матуруди (Аллаһ оны рақымына бөлесін) сенім мектебі нақылмен ғана шектеліп қалмаған, керсінше ақылмен тану ғибратына айрықша тереңдеп, дүниетанымының ажырамас бөлігі ретінде қалыптасқан. Қазақ халқының Имам әл-Матуруди мектебінің көрнекті өкілдері Имам Әбу Мұғин ән-Насафи, Хусам ад-Дин ас-Сығнақи, Әбул-Ғафур әл-Кердери және Қауам әд-Дин әл-Фараби әл-Итқани сынды ғұламаларының кәләм іліміне қосқан үлестерін баға жетпес құнды еңбектерінен көруге болатыны анық.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1) Сейтбеков С.С. Иман негіздері. – Алматы, 2011.- 376 б.
2) Керім Ш.Т. «Сығанақ саңлағы». «Нұр-Мүбарак» баспасы Алматы 2012. 240-б.
3) Малғажыұлы Е. «Таным тұғыры». «Ғибрат» баспасы. – Алматы 2013. 96-б.
4) Ержан Қ. «Әбу-л Муин ән-Нәсафи еңбектерінің ислам ғылымдарына қосқан үлесі». «Түркі дүниесіндегі ислам ғылымдарының ролі» атты халықаралық ғылыми конференция жинағы. Түркістан. 2012ж. 5 б.
5) Абдул-Хай Қобил. «әт-Тәмһид фи усул әд-Дин». Каир. 1407 х.ж.б./1987. 148 б. 4б.
6) Хусам ад-дин әс-Сығнақи. Әт-Тәсдид фи шарх әт-Тамһид. Түркия, Сулеймания кітапханасы, № 1207, 221-б.
7) Дербісәлі Әбсаттар. Отырарлық Әмір Катиб әл-Итқани (Иқани) әл-Фараби ат-Түркістани әл-Ханафи//Исламтану және араб филологиясы мәселелері/Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конфереция материалдары/2011/,VІІІ, Алматы, 2002,7-66 беттер.
8) Ислам энциклопедилық анықтамалық,«Аруна» баспасы.–Алматы 2010.591-б.
9) Мухаммад әл-Ғазали. «Ихия Улум ад-Дин». «Һай-а Мисрия». «Египет». 2008. 414-б.