Жуырда Түркия діни басқармасы, облыстық Марал ишан мешіті және Қостанай облыстық «Зекет» қорының ұйымдастыруымен қасиетті Рамазан айында «Ешкім елеусіз қалмасын» атты қайырымдылық шаралар өтті.
Бұл қайырымдылық шараны облыстық «Зекет қорының» өкілі Жақсылық қажы Ғайсин ашып, жиналған жамағатты қасиетті ораза айымен құттықтады. Алғашқы сөзді Түркиядан келген Марал ишан мешіттің жанындағы сауат ашу курсының ұстазы Нұх Темірджиге берді.
Ұстаз Нұх екі елдің бауырлас түбі, діні бір мемлекеттер екеніне тоқтала келіп, Түркия мемлекетінің қайырымдылық сыйлықтарын табыс етті.
Қайырымдылық қордан көмек алған 5 баланың анасы, Қостанай қаласының оңтайландыру орталығынан келген Ботагөз Женебаева осы акцияны ұйымдастырушыларға шын жүректен шыққан шынайы алғысын тебіреніспен жеткізді.
Бас қосуда облыстық Марал ишан мешітінің бас имамы Асылхан Түсіпбек Ислам дінінің біздің елде қарыштап дамып келе жатқанына, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін өңірде қаншама мешіттер ашылып, діни сауат ашу курстары, медреселер ашылып жатқанына, алдағы уақытта этнос аралық татулыққа айрықша көңіл аудару керектігіне жан-жақты тоқталды. Айта кететін жағдай осы қайырымдылық қорының сыйлықтарына татар, қырғыз, өзбек, әзірбайжан және орыс, грузин ұлттарының өкілдері де ие болды.