Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Құран

Алау Әділбаев. Сүннеттің Құранмен үндестігі және дінде дәлел болуы

Құран – барша адамзат пен жындар әлеміне ақыретке дейінгі бүкіл заманға түскен Иләһи мәңгілік үкімдер мен тәлімдердің қайнар көзі. Онда әрбір құбылыс пен тіршілік иелерінің сыпаты өз маңыздылығына қарай қымтылған. Шексіз ілім және құдырет иесі жіберген Қасиетті Кітапта жаратылыстағы барлық ақиқаттар мен ілімдердің дәнегі сақталған. Құран – күллі әлемнің ықшамдалған мазмұны іспетті. Сонымен қатар ол – араб тілі мен әдебиетінің және жалпы көркем сөз өнерінің түрлі заңдылықтарын толықтай ішіне бүкгіп, сөз зергерлерін еріксіз бас идірген иләһи кітап. Араб тілінің ерекшелігіне сай онда мағыналық тұрғыдан кең мағыналы аяттар, жалпыға тән және арнайы-жеке, шегі нақты бекітілген кейде нақты бекітілмеген үкімдер, түрлі мағыналарды білдіретін ортақ сөздер, метафоралық, метонимиялық, ұғым-категориялар да бар. Мүнымен қоса Құранда бәріне ұғынықты (мухкәм) және ұғыну мүмкін емес (Оның шынайы ақиқаты Жаратушыға ғана мәлім – мутәшәбиһ аяттар), аз сөзге көп мағына сыйғызған аяттар да ұшырасады. Демек, Пайғамбарымызға (с.а.с.) Құранды адамзатқа жеткізумен бірге түсіндіру міндеті де қоса жүктелген. Мұны Құран аяттарынан (Нәхл, 44, Ибраһим, 4) да көруге болады.

Бүкіл әлемдерге рақым етіп жіберілген Аллаһтың Елшісі Мұхаммед (с.а.с.) – Құранның ең ұлық тәпсіршісі. Сол себепті де, Жаратушының иләһи мақсатын ең терең ұғынып, оны өмірінің өзегіне айналдырған Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ғибратты ғұмыры қияметке дейін келетін адамзатқа бірден-бір үлгі[1]. Қадірменді Айша анамыздың (р.а.) сөзімен айтсақ «Оның мінезі тұнып тұрған Құран»[2] еді.

Құран мен сүннет – ет пен сүйек секілді бір тұтас. Екеуін бір-бірінен ажырату әсте мүмкін емес. Бұған Пайғамбарымыздың (с.а.с.) : «Қиямет күні зекет бермеген адамның алдына мойнына оратылатын улы жылан шығады»[3] дей тұрып, артынша «Сараңдық жасағандары қияметте мойындарына оратылады» (Әли Имран, 180) немесе Мүминнің парасатынан қорқыңдар өйткені ол Аллаһтың нұрымен қарайды»[4] дегеннен кейін дереу «Күмәнсіз мұнда парасатты жандар үшін белгілер бар» (Хижр, 75) аятын оқуы бірден-бір дәлел. Пайғамбырымыз (с.а.с.) осылайша сүннетті аятпен бекітіп отырған.

Сахабалар да Пайғамбарымыздың (с.а.с.) осы ұстанымынан ғибрат алған. Олар кез-келген мәселені Құран мен хадистер бірлігі аясында қарастырып, түсіндіруге ерекше мән берген. Олардың қатарында муксирун (ең көп хадис жеткізген сахабалар) мәртебесіне жеткен Әбу Һурәйра (һ. 58/678 қб), Әнәс ибн Мәлик (һ. 93/712), Әбу Саид әл-Худри (һ. 78/697) және Айша анамыз (һ. 58/678) (р.а.) сынды сахабаларды бөле-жара атауға болады. Мысалы Әбу Һурәйра (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «Әр туған сәби таза табиғатымен дүниеге келеді. Кейін оны анасы немесе әкесі яһудей, христиан немесе зороастрист (отқа табынушы) етіп жібереді» дегеннен кейін Аллаһ Тағаланың адамдарды осындай таза табиғатпен жарататындығына байланысты аятты (Рум, 30) оқыған[5]. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бен сахабалардың ғибратты тәсілін негізге алған мухаддистер де өз хадис жинақтарының кез-келген бөлімнің басында алдымен сол тақырыпқа байланысты аяттарды келтіріп, содан кейін барып хадистерді беріп отырған. Мұндай жүйені Бухаридің Сахихынан, Бәғауидің Шәрхус-сунна және Нәуәуидің Риядус-салихинынан көруге болады. Яғни, Құран аяттары мен хадистер үнемі бір-бірін қуаттап, бір-бірінің мағыналарын аша түседі.

Мұсылман ғалымдары сүннеттің Құран алдындағы міндетін мына 3 категория[6] негізінде айқындауға болатынын алға тартады:

а). Сүннет – Құрандағы бір үкімді қуаттаушы. Құран мен сүннет ақиқатты ашып беру тұрғысында бір-бірін әрдайым қолдайды. Намаз, ораза, зекет, қажылық, ата-анаға мойынсұну, нақақ кісі өлтіру сияқты көптеген мәселелерде сүннет Құрандағы үкімдерді қуаттайды. Мысалы, «Олармен жақсы қарым-қатынас жасаңдар» (Ниса, 19) деген аятты «Әйелдер қақында Аллаһтан қорқыңдар (олардың құқықтарын сақтау тұрғысынан). Сендер оларды Аллаһтың аманаты ретінде алдыңдар және оларды Аллаһтың атымен уәде беріп өздеріңе халал қылдыңдар»[7] деген хадисімен қуаттаған.

ә). Сүннет – Құрандағы аяттарды түсіндіруші. Сүннет Құрандағы қысқа да нұсқа келетін кейбір аяттардың астарлы тұстарын жеткізіп, түсіндіреді, толықтырады. Жалпылай айтылған үкімдерді арнайы-жеке үкімдерге айналдырады және шегі бекітілмеген үкімдердің ара-жігін айқындап белгілейді

Тақырыпта аша түсу үшін бірнеше мысал келтірелік:

1. Сүннет Құрандағы құлшылыққа байланысты бірден түсінуге ауыр келетін ықшамды аяттардың мағынасын кеңіте түсуі.

Мәселен, намаздың парыз болу мәселесі. Құранда намаздың парыз болуы айқын болғанымен оның қай уақыттарда, қалай оқылатыны, рәкәт сандары және басқа да шарттары кең түрде баяндалмаған. Құранды тәпсірлеуші бірқатар ғалымдар «Күндіздің екі жағында және түннің күндізге таяу уақыттарында намазды орында. Шындығында жақсы істер жамандықтарды жояды» (Һуд, 114) деген аяттан намаздың бес мезгілін шығаруға тырысқанымен «Шындығында намаз мұсылмандар үшін белгілі уақыттарда парыз қылынды» (Ниса, 103) деген аяттағы «белгілі уақыттарды» нақтылап берген – сүннет[8].

Ардақты Елші (с.а.с.) намаз уақыттарын үйретумен қатар оның бүкіл шарттарын, қалай орындалатынын «Намазды менен көргендеріңдей етіп оқыңдар»[9] деу арқылы көрсетіп берген. Егер Құранда бұның бәрі егжей-тегжейлі баяндалатын болса, онда Қасиетті Кітаптың тек намазға ғана байланысты үкімдердің өзі қаншама көлемді беттерді алған болар еді. Сондықтан Құранда көптеген мәселе өте ықшамды түрде беріліп, оның егжей-тегжейлі баяндалуы Аллаһ Елшісіне (с.а.с.) жүктелген. Жоғарыда біз келтірген мысал намазға қатысты үкімдер ғана, алайда Құранда зекеттің де парыз етілгені белгілі, алайда оның қандай нәрселерден және қаншалықты мөлшерде алынатынын сүннет айқындап берген. Сонымен қатар, қажылық та парыз етілген, ал оның негізгі шарттары бізге сүннет арқылы келіп жеткен. Бұл мәселенің және тағы бір қисынды тұсы, егер Құранда кез-келген мәселе егжей-тегжейлі, бүге-шүгесіне дейін баяндалар болса, адам баласына өз ақылын қолдану қажеттілігі де қалмас еді.

Сонымен қатар Аллаһ Елшісі Құрандағы көптеген сөздердің мағынасын араб тілінде сөйлеген сахабалардың өзіне түсіндіріп, баяндап берген. Мысалы, Пайғамбарымыз (с.а.с.) Фатиха сүресіндегі «мағдубун аләйһим» «ашуға ұшырағандар» және «дааллиин» «адасушылар» деген сөздердің астарлы мәнін «ашуға ұшырағандар – иудейлер, ал адасушалар – христиандар»[10] деп ашып берген.

Ән‘ам сүресіндегі «Иман келтіріп, имандарын зұлымдықпен былғамағандар, міне оларға сенімділік бар және олар тура жолға түсірілгендер» (Әнғам, 82) аяты түскен кезде сахабалар «Уа, Аллаһтың елшісі зұлымдықтан (қиянат) қайсымыз ұзақ қала аламыз» деп қатты қорыққан. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Ол сендердің ойлағандарыңдай емес, ол зұлымдық – Лұқманның (а.с.) баласына айтқанындай: «Балапаным, Аллаһ Тағалаға серік қоспа! Шын мәнінде серік қосу – үлкен зұлымдық» (Луқман, 13) деп сахабаларының қорқынышын сейілткен[11]. Иә, Пайғамбарымыз осылайша айтып түсіндірмесе бұл аяттың мағынасын біз мүлдем басқаша ұғынып, ондай иманға қол жеткізе алмайтынымызды ойлап, әрдайым мазасыз күй кешер едік.

«(Ораза кезінде) қара жіп пен ақ жіп бір-бірінен ажыратылғанға дейін ішіп-жеңдер..» (Бақара, 187) аяты түскен кезде кейбір сахабалар жастықтарының астына әлгіндегі жіптерді қойып, бұлар бір-бірінен ажыратылатындай болғанға дейін таңертең ішіп-жеулерін жалғастырған. Әлгіндей жағдайдан хабардар болған Пайғамбарымыз (с.а.с.) «ақ жіп» сөзінің мәні – «күндіздің жарығы», «қара жіп» сөзінің мәні – «түннің қараңғылығы» екенін білдіру арқылы таң шапағы атқанға дейін ішіп-жеуге болатынын айтып, мән-жәйды түсіндіріп берген[12].

«Оны тағы да бір рет түсу кезінде көрді» (Нәжм, 13) аятындағы сидрәтуль-мунтахадаАллаһ Елшісінің Аллаһты емес Жебрейілді көргендігі хадистерде айтылған[13].

2. Сүннеттің жалпы үкімді арнайы-жекеге айналдыруы.

Ниса сүресінде «Аллаһ Тағала сендерге балаларыңыз жайында еркекке әйелден екі есе мирас беруді бұйырады» (Ниса, 11) деп балалардың аналарына немесе әкелеріне мұрагер болатынына қатысты жалпы үкім қамтылған. Осы негіз бойынша әр бала мұрагер болатынына қарамастан, Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Біз пайғамбарлар мұра қалдырмаймыз, бізден қалғандар – садақа»[14] деп пайғамбарларға мұрагер болмайтынын ескертіп арнайы үкім айтқан. Сонымен қатар «(мирас қалдырушыны) өлтіруші мұрагер бола алмайды»[15] деп жалпы үкімді жекеге айналдырған.

3. Шекарасы бекітілмеген нақты үкімдерді түсіндіріп, шекарасын белгілеуі.

Мысалы: Маида сүресінің 38-аятында «Ұрлық жасаған әйел мен еркектің қолдарын кесіңдер.. » делінген. Бұл аятта қолдың кесілуі бұйырылған, араб тіліндегі «иад» сөзі толығымен қолды білдіріеді. Алайда қолдың білектен және ұрлық қандай жағдайда жасалғанда кесілетінен сүннет белгілеген[16].

4. Сүннеттің Құрандағы белгілі бір негіздің тармақтарын баяндауы.

Мәселен, Ниса сүресінің 29-аятында «Ей, иман келтіргендер! Өзара малдарыңды әділетсіздікпен жемеңдер. Бірақ өз ризалықтарыңмен саудаласу басқа» делінген. Құранда өзара ризашылықпен жасалған саудаға рұқсат берілген болса да, Пайғамбарымыз (с.а.с.) жеміс-жидектерді піспей тұрып сатуға тиым салған. Мұның себебі Пайғамбарымыз (с.а.с.) Мәдинаға қоныс аударған кезде мәдиналықтар жеміс-жидектерді сабақтарында тұрған кезде піспей тұрып сататын болған. Суық ұрып кеткенде, не ол ағаштың гүлдерінде бір ауру жайылған кезде, әлде күткен жеміс жақсы шықпайтын кезде сатушы мен алушының арасында көбіне дау-дамай туындайтын. Сондықтан Пайғамбарымыз (с.а.с.) ондай саудаға тиым салған болатын.

б). Сүннет Құраннан тәуелсіз (Құранда айтылмаған) үкімдер де қойған. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Аллаһ Тағаладан кейінгі ислам діннің екінші маңызды қайнары. Құран пәлсафасынан алшақ кетпейтін Аллаһ Елшісінің (с.а.с.) мұндай үкімдері көп емес. Алайда ол үкімдердің дәрежесі Құрандағы үкімдермен бірдей болып табылады. Олардың қатарына: тырнақты жыртқыш құс пен үй есегінің етін жеуді харам етуі, апалы-сіңлілерді бір некенің астында ұстау, яғни ол екеуін бірдей әйелдікке алу, еркектерге алтын тағу мен жібек киюдің харам етілуі, қан жолымен харам болғандардың сүт ему арқылы харам етілуі т.б. үкімдерді жатқызуға болады.

Имам Шафи‘и сүннеттің алғашқы екі міндеті жайлы ислам ғалымдарының пікірлері бір жерден шыққанымен үшінші мәселеге байланысты түрлі көзқарастардың бар екенін айтады.Сайып келгенде, олардың бәрі Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Құрандағы үкімдерге қосымша немесе одан тыс жеке үкім қоя алатындығын қабылдайды[17]. Сүнеттің Құран аяттарында белгіленген жайттардан бөлек үкім шығаруы оның Құранға қарама-қарсы үкімдер деген мағынаға келмейді. Асылында кез-келген сахих хадис аятқа қайшы бола алмайды. Осы мәселег байланысты мұсылман ғалымы Шәуқани «Сүннеттің үкім шығарудағы тәуелсіздігі мен бұлжытпас дәлел екеніне тек исламнан жұрдай болған кісі ғана қарсы шығады»[18] деген тұжырым жасайды. Әсілінде сүннет – Құранның жанды тәжірибесі. Осы дәлелдердің бәрі тұрғанда сүннетті бір жаққа ысырып тастап, өз ақылыммен Құранды тікелей түсініп, өз білгенімше амал етемін деу – үлкен қателіктің басы.

Ал енді сүннеттің дінде дәлел болуының негіздерін мына тақырыпшалар төңірегінде қарастырып, айқындай түсейік:

Құрандағы дәлелдер

Сүннеттен дәлелдер

Сахабалардың сүннетпен амал етудегі ерекше ыждағаттылығы

Амалдардың толығымен Құранда болмауы

1. Сүннет – мұсылман өмірінің шамшырағы, айнымас жол сілтеуші серігі. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде сүннеттің діндегі орнын соқырға таяқ ұстатқандай етіп көрсетіп берген. Төмендегі мына аяттар бұған бұлтартпас дәлел:

- Құранда бірнеше жерінде төмендегідей мағыналас аяттар кездеседі:

«Ол сондай Аллаһ, сауатсыздардың ішіне өздерінен Аллаһтың аяттарын оқып, оларды тазартатын, сондай-ақ оларға Кітап пен хикметті (даналықты) үйрететін бір пайғамбар жіберді» (Жум‘а, 2), «Іштеріңе аяттарымзды оқитын, сендерді тазартатын және сендерге Құранды әрі хикметті сонымен қатар білмегендеріңді үйрететін елші жібергеніміз сияқты » (Бақара, 151)[19].

Беделді Құран тәпсіршілері мен хадис ғалымдарының басым көпшілігі осы аяттардағы «хикмет» сөзін сүннет деп ұққан[20]. Өйткені адамзатқа түскен Аллаһтың теңдессіз сыйы Құран Кәрімде артық не орынсыз қолданылған сөз жоқ. Оның кез-келген сөзін, тіпті, әріптерінің орнын өзгерту немесе орнына басқа бір сөз қою мүмкін емес. Онда әрбір сөз орын-орнымен қолданылған. Сондықтан аяттағы «хикмет» сөзі кітап немесе оның бір бөлігі бола алмайды. Араб тілінің грамматикалық қағидасы бойынша «уау» жалғауы бірдей нәрсеге айтылмайды. Бұл жердегі кітаптың мағынасы басқа аяттарда да білдірілгендей Құран екені күмәнсіз. Ал хикмет сөзінің астары болса бұл жерде осы кітаптың түсіндірмесі әрі жүзеге асырушысы сүннетті меңзеп отыр.

- Аллаһ Тағала пайғамбарларын адамдарға жібергенде оларға бойұсынсын деп жіберетіндігін де білдірген:

«Біз пайғамбар атаулыны, Аллаһтың рұқсатымен, оған бойсұнылу үшін ғана жібердік» (Ниса, 64), «Ей, иман келтіргендер! Аллаһ пен Оның Елшісіне бойсұныңдар және Құранды ести тұра пайғамбардан бет бұрып теріс айналмаңдар» (Әнфәл, 20), «Аллаһқа бойсұныңдар және Елшіге бойсұныңдар» (Ниса, 59; Нұр, 54). Бұл аяттарда Аллаһ пен Оның елшісі бөле-жара арнайы айтылған. Аллаһтың бұйрықтары мен тиымдарына бағыну қалай әмір етілсе, Оның Елшісіне де солай бағыну бұйырылған. Және «Пайғамбардан бет бұрмаңдар» деу арқылы да ерекше ескерту жасалған.

- Мына аятта пайғамбармен қатар тіпті өздерінің басшыларына да бойсұну бұйырылып тұр: «Әй, иман келтіргендер! Аллаһқа бойсұныңдар, Елшіге және басшыларыңа бойсұныңдар» (Ниса, 59). Көріп отырғанымыздай Аллаһ елшісінен кейін келген басшылардың өзіне бойсұнуға шақырып тұрғанда Екі жаһанның сұлтаны, пайғамбарлардың падишасына (с.а.с.) бағынып, оның айтқандарына бойсұнбауды қалай түсінуге болады?! Бұл бойсұну мемлекет, билік, саясат, экономика және тұрмыстық көптеген Құранда нақты үкімі жоқ мәселелер болса онда әрине, оны бірінші Пайғамбарымыз (с.а.с.) шешеді, егер сүннетте де жоқ болса оның шешімін үмбеттің ғалымдары мен басшыларының еншісінде. Сондықтан да басшыларға бағынуды қабылдамау (басшылар діннің үкіміне қайшы үкімдер шығармаған жағдайда) қоғамда анархия тудыратындықтан діннің қағидасына қайшы келеді[21].

- «Аллаһқа әрі Елшісіне бойсұныңдар, өзара жанжалдаспаңдар, әйтпесе үрейленесіңдер де құттарың қашады және сабырлы болыңдар…» (Әнфәл, 46). Бұл аят Аллаһ пен Елшісіне бағынудың бірлік пен күш-қуат қайнары екенін нұсқауда. Олай болса бірлік пен күш-қуатттан айырылмаудың жолы – Аллаһ Елшісінің, яғни оның сүннеті бойынша амал етуде жатыр.

- «Егер Аллаһты жақсы көрсеңдер маған бағыныңдар, сонда Аллаһ Тағала да сендерді жақсы көреді…» (Әли имран, 31). Иә, Аллаһ «Тағаланы жақсы көремін, Оның айтқандарымен жүремін» деген адамның, пайғамбарды жақсы көріп, оған бағынбауы, оның сүннетін ұстанбауы бос сөз ғана.

«Елші сендерге не берсе соны алыңдар және неден тыйса, содан тыйылыңдар»(Хашр, 7), «Олар өзара таласқан нәрселерінде сені төреші етіп, сосын шығарған үкіміңе қатысты көңілдерінде қаяу таппай, толық бойсұнғанға дейін мүмин бола алмайды» (Ниса, 65)[22]

«Тек қана Құран жетеді сүннетке қажеттілік жоқ» дегендер жоғарыдағы аяттардың бәрін өздерінше жорамалдап түсіндіреді. Бұл аяттардың барлығында Аллаһқа бағыну бір бөлек, Елшіге бағыну да арнайы бір бөлек айтылған. Егер барлық мәселенің түйіні Құранда айтылып қойған болса, онда Елшіге бағынуды айрықша айтудың қажеті болмас еді. Пайғамбарымызға (с.а.с.) тек қана Құранды жеткізуші «пошташы» деп қарау Оған деген үлкен құрметсіздік болып табылады. Өйткені Аллаһ Елшісінің (с.а.с.) ұлық мақсаты тек аяттарды айтып жеткізу емес, оның жүзеге асырылуын да көрсетіп түсіндіру екенін де жоғарыда келтірілген аяттар мен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) аяттарды түсіндіруінен айқын көре аламыз.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) Құрандағы үкімдерді талдап-таратып түсіндірген және сахабалар да оны Пайғамбарымыздың (с.а.с.) түсіндіріп бергеніндей қабылдаған. Өйткені, оларға Аллаһ Тағала тарапынан елшіге мойынсұну бұйырылған болатын.

Негізінде пайғамбарымыздың көзі тіріснде Аллаһ Тағаланың кітабы мен қатар Аллаһ Елшісінің сүннеті бірдей маңызға ие еді. Сахабалардың ешқайсысының ойына Оның сөздері мен істерін тәрк ету мүлдем кіріп-шықпаған. Мұсылмандар (Аллаһ пен Оның елшісінің бұйрықтарына бойсұнып) Аллаһтың кітабын қалай қабылдап мойындаса, пайғамбардың сүннетін де дәл солай қабылдаған. Өйткені сүннет – Аллаһ пен Оның Елшісінің (с.а.с.) де куәлігімен Құраннан кейінгі екінші қайнар көз.

2. Сүннеттен дәлелдер:

- Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзіне Құран мен қатар оған ұқсас (сүннет) берілгенін[23]айта келе, үмбетіне: «Сендерге мына екі нәрсені тастап барамын. Соларды берік ұстансаңдар ешқашан адаспайсыңдар. Ол – Аллаһтың Кітабы (Құран) мен Елшісінің сүннеті[24]» және де: «Маған бойсұнған, шынында да Аллаһқа бойсұнған деген сөз, ал маған қарсы шыққан, еш күмәнсіз, Аллаһқа қарсы шыққанмен бірдей болады»[25] деп аса маңызды әрі айқын өсиет қалдырған.

Иә, шын мәнінде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жолы – Аллаһ Тағаланың нұрлы жолының нақ өзі. Оны қабылдамау – Аллаһ Тағалаға қарсы шығумен тең. Ойланып, көрейікші. Аллаһ Тағала құлдарының арасынан Өз дінін жеткізуге лайық тұлғаны таңдап, оның көкейіне Өз сөздерін салып, күнәден сақтап[26] елші жіберсе, Ол Ардақты Елші (с.а.с.) Жаратушының жіберген бұйрықтары мен тиымдарын адамдамдарға жеткізіп, оны түсіндірсе, Оның айтқандарын қабылдамауды қалай түсінуге болады?!

Басқа бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзіне қарсы шығып, айтқандарын қабылдамағандар жайлы: «Бас тартқандардың тысында үмбетім тегіс жәннатқа кіреді», – дегенде адамдар «О, Аллаһтың елшісі кім бас тартушы еді?» – деп сұрағанда «Кім маған бағынса, жәннатқа кіреді, ал кім қарсы келсе, сол бас тартушы», – деп айтқан[27].

Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзінен кейін туындауы мүмкін дінбұзарлық пен келіспеушіліктен сақтанудың жолын сүннет арқылы болатынын: «Менен кейін өмір сүргендер көптеген келіспеушіліктер мен дау-дамайға куә болады. Сендер менің сүннетіме және әділ де тура жолға бастаушы халифаларымның (алғашқы 4 халифа) сүннетінен мықтап ұстаныңдар. Оларға азу тістеріңмен жармасыңдар»[28] деп көрсетіп кеткен.

Тағы басқа хадистерде оның сүннетімен амал қылмағанның үмбетінен саналмайтындығы[29], адасушылыққа түсетіндігі[30] жайлы айтылған. Көріп отырғанымыздай бұл хадистерде айтылған мәселелер аяттарда да кездеседі. Сондықтан хадистер – Аллаһ Тағаланың да үкімдерін қамтыған дәлелдер болып табылады.

Аллаһ Тағаланың және де Аллаһ Елшісінің осыншама бұйрықтары мен өсиеттерін көре тұра оларға құлақ аспай, басқа жол іздеу – «мұсылманмын» деген адамға мүлдем жат қылық. (Алып тастайын ба? әлде..)

Пайғамбарымызға Аллаһ Тағала ерекше мәртебе беріп, Оның жүрегін кеңейтіп, оған білмеген нәрселерін үйреткен. Сол себепті де Ол – Құран үкімдері мен исламның негіздерінің ең бірінші қайнар көзі. Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзіне үйретілген Құран үкімдерінің нәзік сырларын адамдарға жеткізіп, өзінің керемет мінез-құлығы арқылы адамзаттың көш басшысы болып олардың жолын нұрға бөледі. Осылайша тура жолдың ең алғашқы ұстазы, адал да турашыл және сенімді жол бастаушы болды.

3. Сахабалардың сүннетпен амал етудегі ерекше ыждағаттылығы

Аллаһ Тағала да Пайғамбарымыз (с.а.с.) да сахабаларға сүннетке бойсұнып, одан мықтап ұстауды бұйырған. Жаратушының бұйрықтарының қалай орындалатынын көрсеткен Пайғамбарымызға (с.а.с.) Оның сенімді һәм адал серіктері болған сахабалар Елшінің бұйрықтары мен істерін Оның көрсеткеніндей және хабар бергеніндей етіп орындап, бойсұнды. Сахабалардың осылайша діни үкімдерде Пайғамбарымызға (с.а.с.) толықтай бағынулары сүннеттің дәлел болатындығын көрсетеді[31].

Сахабалар Құран мен Пайғамбарымыздың нақты бұйрықтарын әрдайым орындауға бар күш-жігерін салатын. Бір аятты немесе діни мәселеде қандай да бір түсініспеушілік туындаған кезде олар мәселелердің шешімін табу үшін Аллаһ Елшісінің (с.а.с.) төрелігіне жүгінетін. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бен мұсылмандар арасында ешқашан басқа патшалар секілді кедергі болмаған. Керісінше, Оның үйі де мешіттің дәл жанында еді. Оның мешіті әрі үй әрі тәрбие мектебі болды. Сахабалар Оның істеріне және сөздеріне куә болып, оның істегендерін негізге алды. Қысқаша айтқанда Пайғамбарымыз (с.а.с.) олардың діни әрі күнделікті өмірлерінің жол көрсетушісі болды.

Мұсылмандар Расулаллаһтан (с.а.с.) кез келген мәселені сұрап үйренген және үйренгендерін өздерінен кейінгілерге де жеткізген. Сахабалар барлығының бірдей күнделікті өмір сүру қажеттілігіне байлынысты күнде Аллаһ елшісін тыңдау мүмкндігі жоқ еді. Алайда олар Аллаһтан жаңа бір үкім келіп-келмегені жайлы ұдайы бір-бірліренен сұрайтын. Сахабалардың айтқанындай «ол кезде өтірік айту деген түсінік жоқ еді»[32]. Кейде олар Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қасына кезектесіп баратын. Хазіреті Омар мен ансарлық сахаба көршісінің кезек-кезек Аллаһ Елшісіне (с.а.с.) барулары бұған жақсы үлгі бола алады[33]. Бұған байланысты басқа да көптеген дәлелдерді хадис жинақтарынан көре аламыз. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) тіпті әйелдердің сұраулары бойынша, олар үшін арнайы бір күн белгілеп, оларға діни үкімдерді үйреткендігі жөнінде де хадистерде баяндалады[34].

Осының бәріне куә болған сахабалар әрдайым сүннетті негізге алып, оған теріс келетін іс жасамауға жандарын салған. Бұған дәлел ретінде бірнеше мысал келтірейік:

Пайғамбарымыз (с.а.с.) көз жұмардың алдында Рим империясына қарсы әскер жасақтайды. Ол әскердің басына Усама инб Зәйдті (р.а.) қолбасшы етіп тағайындап, жорыққа аттануына бұйрық береді. Алайда Аллаһ Елшісінің дәм-тұзы таусылып, әскер жорыққа аттанбай қалады. Сол кезде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қайтыс болғанын естіген жалған пайғамбарлар (Мүсәйләмәтул кәззәб, Әсуадул-Әнси т.б.) жан-жақтан бүлік шағарып, исламға қауіп төндіре бастайды. Халифа болып сайланған Әбу Бәкір осындай сын сағаттың өзінде басқалар қарсы шықса да, қандай жағдай болса да Пайғамбарымыз (с.а.с.) бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтынын айтып, Усама бастаған әскерді жолға аттандырады[35].

Екінші халифа Омар ибн Хаттаб (р.а.) қайтыс болар кезде одан «Уа, мұсылмандардың әміршісі! Өз орныңа біреуді ұсынасың ба?» деген кезде ол сүннетке қалай бағынатындығын көрсетіп: «Егер орныма біреуді тағайындар болсам, шындығында менен қайырлы болған (Әбу Бәкір) орнына адам тағайындап кетті. Ал тағайындамайтын болсам менен қайырлы болған (Пайғамбарымыз) тағайындамай кеткен болатын»[36] деген-ді.

Сахабалар үшін сүннет қасиетті аманат еді. Сол себепті олар сүннетке бағынған кезде Аллаһ Елшісіне деген шынайы жақындыққа қол жеткізетін. Сахабалар тек ғибадатта ғана емес басқа істерде де Аллаһ Елшісінен көргендеріндей істеуді артық санайтын. Мәйсараның риуаят етуі бойынша ол Әлидің (р.а.) түрегеп тұрып су ішкенін көрген кезде оған «Сен қалайша түрегеп тұрып су ішесің?» дегенде хазіреті Әли «Егер түрегеп тұрып су ішсем, Аллаһ елшісінің түрегеп тұрып ішкендігін көргендіктен ішемін, егер отырып ішсем Аллаһ Елшісінің отырып ішкенін көргендіктен солай ішемін»[37] деп жауап берген екен.

Және бірде хазіреті Әли (р.а.) мәсінің үстіне мәсіх тартуға байланысты: «Аллаһ Елшісінің мәсінің үстіне мәсіх тартқанын көргенге дейін, мен мәсінің үстіне мәсіх тартқаннан гөрі астына тартуды абзалырақ деп ойлайтынмын»[38] деп сүннетке бойсұнудың керемет үлгісін көрсеткен.

Абдуллаһ ибн Омар Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетіне деген мұқият бағыныштылығы мен оны сақтау үшін жұмсаған ынта-жігері арқылы аты шаққан кісі еді. Кез келген жағдайда Аллаһ Ешісінің істегендерін айнытпай қайталайтын. Оның үнемі аузынан тастамай қайталайтын аяттарының бірі «Расында, сендер үшін Аллаһ елшісіннің бойында көркем өнегелер бар» (Ахзаб, 21) деген аят еді.

Абдуллаһ ибн Омардан «жолаушы намазын Құраннан таба алмадық» деген кезде ол «Аллаһ Тағала бізге Мұхаммедті (с.а.с.) жіберген кезде біз ешнәрсе білмейтін едік. Күмәнсіз, Мұхаммедтің (с.а.с.) қалай жасағанын көрсек біз де солай жасаймыз»[39] деп сүннетке қалай бағынатындықтарын көрсеткен болатын.

- Бухаридің жинағында келтірілген бір хадис бойынша, Пайғамбарымыз бір кезде алтын жүзік таққан екен. Сахабалардың арасында да алтын жүзік таққандар болды. Содан кейін Пайғамбарымыз (с.а.с.) таққан жүзігін қолынан шығарып лақтырды және «Бұны енді ешқашан тақпаймын» деді. Сахабалар да Пайғамбарымыздан үлгі алып жүзіктерін қолдарынан шешкен[40].

Сахабалар Пайғамбарымыз (с.а.с.) дүние салғаннан кейін де Оның сүннетін өздеріне үлгі тұтқан. Мысалы, қандай да бір мәселеге тап болса. бұл жайлы Пайғамбарымыздың үкімі бар ма, жоқ па деп алдымен соны іздестірген. Егер сүннеттен тапса онымен амал еткен, таппаған жағдайда шариғат шеңберінде өз пайымдарымен үкім берген. Ал егер берген үкімдеріне қарсы адамдар нақты хадис келтірсе дереу сол хадиске мойынсұнған[41].

Сахабалар пайғамбарымыздың сүннетін берік ұстануды өздеріне міндет санап, бұл мәселеде босаңдық танытқандарға қатаң ескерту жасап отырған. Мысалы, бір риуаят бойынша, Тавус деген кісі асыр намазынан кейін екі бас намаз оқуды әдетке айналдырған. Ибн Аббас оған: «ол әдетіңді қой» дегенде Тавус: «Пайғамбарымыз өзгелер сүннетке айналдырып жібермесін деген ниетпен ол намазды оқымайтын» деген кезде, Ибн Аббас: «Аллаһ Елшісінің асыр намазынан кейін намаз оқуға тыйым салғандығы күмәнсіз. Олай болса осы намазыңнан әлде сауап аласың ба әлде азапқа душар боласың ба оны білмеймін. Өйткені Аллаһ Тағала: «Аллаһ және Елшісі қашан бір іске үкім берсе мүмин ер және мүмин әйел үшін істерінде басқа жол таңдау жараспайды. Сондай-ақ кім Аллаһтың Елшісіне қарсы келсе, сонда ол нағыз адасқан болады» (Ахзаб, 36) деп бұйыруда» деген болатын[42].

Пайғамбарымызға (с.а.с.) бойынсұну – Оның көзі тірісінде қалай парыз болса, Ол бақилық болғаннан кейін де дәл сол дәрежеде парыз. Өйткені Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистері оған бағынуды тек көзі тірісінде немесе бақилық болуымен шектемеген. Сонымен қатар бойұсұнып бағынуды тек қана сахабаларға емес олардан кейін келетін адамдарға да тән ететенідей мағынада бекіткен[43].

3. Амалдардың толығымен Құранда болмауы

Жоғарыдағы аяттардан көргеніміздей Аллаһ Елшісінің бұйрықтарына бағыну міндетті өйткені діни бұйрықтарға байланысты Пайғамбарымыз (с.а.с.) өздігінен емес, Аллаһ Тағаланың оның көкірегіне қойған уахиы арқылы сөйлейді (Нәжм, 34). Мұсылман ғұламаларының көзқарасы бойынша діни мәселелерге байланысты Пайғамбарымыздың қойған үкімдері де Аллаһ Тағаладан келген уахи ғайру матлуу (Құранның тысында Аллаһтың аян беруі және Жебрейіл арқылы білдіргендері) арқылы жүзеге асқан.

Сонымен қатар уахидан нәр алмаған адамзат жалаң ақылы дін үкімдерінің егжей-тегжейін тек Құраннан шығаруға қауқарсыз. Оны түсіну үшін уахидан қуат алған Пайғамбарымыздың сүннетіне және оның иджтиһадына қарау керек. Өйткені Аллаһ Елшісі (с.а.с.) – өзінің көкірегіне қонған сүннет арқылы Жаратушының жарлықтарының мақсатын түсініп, Құраннан үкімдер шығару қабілетіне ие болған жан[44].

Егер сүннет дінде дәлел болмаған болса, мүджтәһид ғұламалардың ешқайсысы сүннеттен дәлел іздемес еді. Осылайша ешкім өзіне міндеттелген нәрселерді толық біле алмас еді. Сондықтан үкімдер орындалмай, міндеттер де үкімсіз қалған болар еді. Ал бұл дегеніңіз Аллаһ Тағаланың үкімдері ешбір мақсатсыз, бекерден бекер жіберілген дегенге барып саяды. Әлбетте бұл – ақылға сиымсыз тұжырым[45].

Муджтәһид үшін сүннетсіз тек Құраннан үкім шығару мүмкін емес. Өйткені Құран сөз өнерінің ең шыңырау шыңы болғандықтан оның аяттары да шексіз сырлы қазына іспетті. Оның көпшілігін Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзіне үйретілген сүннет арқылы білдірмесе, толық түсіне алмас едік. Құранды толық түсіну үшін араб тілін білу жеткіліксіз. Сондықтан Имам Шафи‘идің айтқанындай, Аллаһ Тағала діни мәселеде адамдарды Расулаллаһқа мұқтаж еткен. Өйткені Аллаһ Тағаланың әмір еткен парыздарын Ардақты елші көрсетіп, түсіндіріп берген. Яғни, Жаратушы Иеміз өз үкімдерінде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетіне де орын қалдырған[46].

Бұған Әбу Надраның Имран ибн Хусайннан жеткізген мына оқиғасы мысал бола алады: «Бір кісі келіп одан бір сұрақ сұрайды, ол жауап бергеннен кейін әлгі кісі «Аллаһтың кітабындағы нәрселерден басқаны бізге айтпа» дегенде Имран ашуланып «Сен қандай ақымақ адамсың! Сен бесін намазының төрт рәкәт екенін және оның құпия оқылатынын Аллаһтың кітабынан таба аласың ба? дегеннен кейін басқа да намаздарды тізбектеп, зекет туралы және т.б. нәрселерді айтқаннан соң «Осыларды Аллаһ тағаланың кітабынан егжей-тегжейлі айтылғанын көрсете аласың ба? Аллаһ Тағала бұл үкімдерді қойған, ал сүннет оны тәпсірлеп берген», – деген [47].

Абдуррахман ибн Язид Қағбаны тауап жасап жүргенде ихрамының үстінен киім киіп алған бір кісіні көреді. Абдуррахман бұлай жасауға болмайтынын айтқан кезде әлгі кісі «Киімімді шешуге байланысты маған Құраннан аят келтір» деп дес бермей қояды. Сонда ол Хашр сүресіндегі «Елші сендерге не берсе соны алыңдар, ал неден тыйса содан тыйылыңдар» (Хашр, 7) деген аятты оқиды[48].

Құранда ықшам, қысқа әрі нұсқа айтылған аяттар көптеп кездеседі дедік. Бұлар өз кезегінде түсіндіруді қажет етеді. Әлбетте оларды түснідіру де Жаратушыға тән. Өйткені құлдарына міндет жүктеген және ондағы мақсаттарды да білетін Өзі. Міне осындай түсіндіру Аллаһ Тағала Өз елшісіне үйреткен сүннет арқылы жүзеге аспақ. Бүкіл әлемдердің Иесі Аллаһ«Адамдар үшін түсірілгенді түсіндіруің үшін Біз саған Зикрді (Құранды) түсірдік» (Нахл, 44) деп ұлы Елшінің (с.а.с.) міндетін айқын баяндап тұр. Бұған байланысты кейбір мысалдарды жоғарыда келтірген болатынбыз.

«Құран бар кезде сүннетке қажеттелік жоқ» деген адамдар ғибадат пен муамалатқа байланысты намаздардың уақыттары, қанша рәкәт екенін, қалай орындалатынын, оразаның шарттарын, қажылықтың қалай орындалатынын; қанша тауап жасалатынын, арафатта тұру уақытын, ихрамның қалай болатынын, зекетке байланысты; қандай мал-мүліктен қанша көлемде зекет алынатындығын, алтын, күміс, қой, сиыр және түйелердің қалай болуы керектігін және т.б. ислам құқығына байланысты көптеген жағдайларды қайдан білер еді? «Бұның бәрін Аллаһ Елшісі, сахабалар және сахабалардың көзін көрген алғашқы ғалымдар дұрыс білмейді, Құранды мен ғана немесе мен сияқты ойлайтындар ғана біле аламыз, олардың сөзін тыңдамай бізді тыңдаңдар» деу Пайғамбардан өзін жоғары қою, өз шамасын білместік, ақымақтық және мұсылман үмбетінің ғұламаларына жала жабу болып табылмай ма? Негізінен «Біз тек қана Құран бойынша амал етеміз» деушілердің діннен шығатынын ислам ғұламалары бір ауыздан қабыдлайды[49].

Осыған орай Ибн Әбдилбәрр атақты хадисші және фақиһ Әйуб әс-Сахтианидің «Бір кісі Мутаррыф ибн Абдиллаһқа: «Бізге хадис айтпаңдар, тек Құраннан ғанадәлелдер келтіріңдер» дегенде ол былай жауап берді: «Аллаһтың атымен ант етейін, біз Құранның орнына басқа нәрсе іздемейміз. (Пайғамбарымызды меңзеп) «Тек Құранды бізден де жақсы білген адамның білгендерін талап етудеміз» дегенін жеткізген[50].

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) пайғамбарлық мақамының биік парасаты арқылы айтқан мына хадисі адам таңданарлық «Мынаған абай болыңдар! Орындығына отырып алып (тәкәппарланып) оған менен бір хадис жеткенде: «Арамызда Аллаһ Тағаланың кітабы бар. Онда харам етілгендерді харам, халал етілгендерді халал деп қабылдаймыз» дейтін уақыт тым жақын. Шын мәнінде Аллаһ елшісінің харам еткендері де – Аллаһ Тағаланың харам еткендеріндей харам»[51].

Жоғарыда келтірген аяттардың бәрі Пайғамбарымызға бойсұнуды әмір етсе, сахабалар соны іс жүзінде көрсеткен. Пайғамбарымыз (с.а.с.) да көз жұмардан бұрын Құран мен қатар Өзінің сүннетінен мықтап ұстануды өсиет етіп кеткен болатын[52].

Исламның ұлықтығын шынайы ұғынған кезде сахабалардың жүректеріне иман терең тамыр жайып, жолдарын нұрға бөледі. Иман келтірген алғашқы сахабалардың жүректерінде Аллаһ пен Оның елшісіне деген терең сүйіспеншілік пайда болды. Осы сүйспеншіліктің нәтижесінде олар исламды және оның ең алғашқы ұстазын, күллі Ғаламның Рақымын (с.а.с.) бар жандарымен қорғап-қолдады. Олар Пайғамбарымыз үшін мал-мүліктерін де жандарын да беруге даяр тұрды. Осындай теңдессіз қаһармандық пен жанкештілік тарих беттерінде мәңгі сақталды. Бүгінде адамзат тарихында Пайғамбарымыз (с.а.с.) сияқты сүйіспеншілік пен құрметке бөленген адамды көрсету мүмкін емес. Өз кезеңінде мұсылмандары Оны дүнеидегі барлық нәрседен артық жақсы көрсе, олардан кейін келгендер және ақыретке дейін келетін Мұхаммедтің (с.а.с.) үмбеті болған жандар өздерінен де артық жақсы көріп өтеді.

Пайғамбарымызды (с.а.с.) жандарынан артық жақсы көрген сахабалар Оның бүтін болмысы мен әрбір сөзін ғибрат етіп, оны келесі ұрпақтарға жекізді. Әрине олардың ұлы борышы еді. Өйткені олар адамзаттың мақтан тұтар тұлғасына айналған Аллаһтың соңғы Елшісін (с.а.с.) көріп, оның өмір жолына куә болған бақытты жандар еді.

Мұсылман ғалымдары ғылыми қағидалар қою арқылы хадис мәтіндері мен сәнәдтарды терең зерттеудің нәтижесінде сахих хадистер мен ойдан шығарылғандарын бір-бірінен ажыратып, сақтай білді және ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бізге дейін келіп жетті. Олардың қажырлы еңбектерінің арқасында сүннет басқа діндерде теңдесі жоқ жоғары мәртебеге жетті, тіпті Құраннан басқа ешбір діни үкімдер бұлай сақталмаған[53].

Теология ғылымдарыныѕ докторы Алау Әділбаев

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Ахмад ибн Ханбал, Муснад,Мысыр, жариялаған А.М. Шакир, Каир, 1375-77

2. М. Ажжаж әл-Хатиб, әс-Сунна қабләт-тәдуин, (М. Айдемир), Измир, 2005

3. Әбдулғани Әбдулхалиқ, Хужжииатус-сунна, (ауд. Д. Селви,), Станбул, 1996, «Шуле» бапасы

4. Әбу Дауд Суләйман әс-Сижистани, әс-Сунән, Мысыр, ж.к.

5. Байхаки Әбу Бакр Ахмад ибн Хусайн, әл-Мадхал иләс-суунәнил-кубра, (тахқ. М. Дияур-Рахман А‘зами), Мәдина, 1404

6. Бухари Әбу Әбдиллаһ Мухаммад ибн Исмаил, ас-Сахих, Бейрут, ж.к.

7. И. Жеррахоглы, Тефсир тарихы, Анкара, 1996

8. Ибн Әбдулбәрр Юсуф, Жами‘у бәйәниль-илм уә фадилиһи, Мысыр, 1982

9. Ибн Мажа Мухаммад ибн Язид, Сунән, Станбул, 1992, «Чагры» баспа үйі

10. Ибн Қаиим әл-Жәузииә, И‘ламуль-муақиин, Мысыр, 1965, (тахқ. Аб. әл-Уәкли (I-IV)

11. Ибн Хазм Әбу Мухаммад, әл-Ихкам фи усулил-ахкам, Бейрут, 1985

12. С. Иылдырым, Пейгамберимизин Куран тефсири, Станбул, 1983

13. Х. Кырбашоглы, Ислам дүшүнжесінде сүннет, Анкара, 1996, 2-басылым,

14. Мәлик ибн Әнәс, әл-Муатта, Станбул, 1992, «Чагры» баспа үйі

15. М. И. Муса, Фықһы ислам тарихы, ауд. А. Мейлани, Станбул, 1973, 354-б

16. Муслим Әбул Хасан ибн Хажжаж, ас-Сахих, Мысыр, 1374

17. ән-Нәсәи Әбу Әбдиррахман, Сунән, Станбул, 1981, «Чагры» баспа үйі

18. Н. Кара, Куран-Сүннет бүтүнлүгү, Иһтар иаиынжылык, Эрзурум, 1995,

19. М. ас-Сыбаи, ас-Сунна уә мәкәнәтуһа фит-ташри‘ил-исламии, Бейрут, 1985,

20. Суюти Жәләлуддин Әбдуррахман ибн Әби Бәкр, Мифтахул-жанна фил-и‘тисам бис-сунна,Каир, 1987

21. Тирмизи Тирмизи Мухаммад ибн Иса, Сахихут-Тирмизи, Каир, 1934

22. Шатыби, әл-Муафақат фи усулиш-шари‘а, (түрікше ауд. М.Ердоган), Станбул, 1999, IV/8

23. Шафи‘и, әр-Рисәлә, (тахқ. М. С. Кейлани, 1969 Каир басылымы), Станбул, 1985

[1] Қалам, 4; Ахзаб, 21

[2] Муслим, Мусафирин, 139

[3] ән-Нәсәи, Зәкә, 3

[4] Тирмизи, Тәфсирул-Қура‘ан, (Хижр сүресі) 15

[5] Басқа да мысалдар үшін қараңыз: Бухари, Тәфсируль-Қур‘ан, (Фурқан сүресі) 2, Муслим, Иман 142,287, Тирмизи, Тәфсируль-Қур‘ан, (Фурқан сүресі), 26; Ибн Мажа, Муқаддима, 9

[6] Шафи‘и, әр-Рисәлә, (тахқ. М. С. Кейлани, 1969 Каир басылымынан), Станбул, 1985, 52-б.; Ибн Қаиим, И‘ламуль-муақиин, Мысыр, 1965, (тахқ. Аб. әл-Уәкил (I-IV), 2 т. 314; Суюти, Мифтахул-жанна фил-и‘тисам бис-сунна, Каир, 1987; Әбдулғани Әбдулхалиқ, Хужжииатус-сунна, (ауд. Д. Селви,), Станбул, 1996, «Шуле» бапасы, 303-305

[7] Муслим, Хажж, 147; Әбу Дауд, Мәнәсик, 57; Ибн Мажа, Мәнәсик, 84; Бақара, 283; Муслим,Сииам, 3-9; Бақара 83, Бухари, Иман, 2; Муслим, Иман, 19-22

[8] Әбу Дауд, Салаат, 2, Тирмизи, Мәуақит, 1

[9] Бухари, Азан, 18, Ахмад ибн Ханбал, Муснәд, 5/53

[10] Тирмизи, Тәсирул-Қур‘ан, 2

[11] Муслим, Иман, 197; Тирмизи, Тәфсир, 6/4

[12] Бухари, Тәфсир, 2/28; Саум, 16; Муслим, Сиам, 34, 35; Нәсаи, Сиам, 29

[13] Бухари, Бәд‘уль-халқ 7; Тәфсир 53/1; Муслим, Иман, 280-286; Тирмизи, Тәфсир, 53/8; пайғамбарымыздың Құранды тіпсірлеуіне байланысты кеңірек мәлімет алу үшін хадис жинақтарының тәфсир бөлімдерімен қатар мына кітаптарға қараңыз: И. Жеррахоглы, Тефсир тарихы, Анкара, 1996, 1.т, 44-65-б; С. Иылдырым, Пейгамберимизин Куран тефсири, Станбул, 1983

[14] Бухари, И‘тисам, 5; Муслим, Жиһад, 51; Муснәд, 2/463

[15] Тирмизи, Китабу‘ль-фараид, 17; Ибн Мажә, Китабу‘д-диат, 14

[16] Шафи‘и, Рисәла, 2, 52; Шатыби, әл-Муафақат фи усулиш-шари‘а, (түрікше ауд. М.Ердоган), Станбул, 1999, IV/8

[17] Шафи‘и, әр-Рисәлә, 52-53; Шатыби, Муафақат, 4/24-25

[18] әл-Хаким, иршадул-фухул‘ден 12-б., Мухаммад И. Муса, Фықһы ислам тарихы, ауд. А. Мейлани, Станбул, 1973, 354-б

[19] Құран мен қатар хикмет сөзі өтетін басқа да аяттар үшін қараңыз: Әли Имран, 164; Бақара, 231; Ниса, 113; Ахзаб, 34

[20] Шафии, әр-Рисәла, 44-45; Абдулғани Абдулбақи, Хужжииетус-сунна, 74-76

[21] Х. Кырбашоглы, Ислам дүшүнжесінде сүннет, Анкара, 1996, 2-басылым, 145-271-б.

[22] Қосымша қараңыз: Нахл, 44; Нәжм, 2; Ниса,80; Ахзаб, 21; Нұр, 47-54; Әли Имран, 32; Ахзаб, 46; Әли Имран, 132

[23] Әбу Дауд, Сунна, 5; Муснад, IV/31

[24] Муатта, Қадар, 3

[25] Бухари, Ахкам, 1; Ибн Мажа, Муқаддима, 1

[26] Пайғамбарларды ысма (күнәдан сақталуы) сипаты барлық мұсылман ғалымдары тарапынан қабыл етілген.

[27] Бухари, Итисам, 2; Ибн Мажа, Муқаддима, 1

[28] Трмизи, Илм, 16; Ибн Мажа, Муқаддима, 6

[29] Ибн Мажа, Никаһ, 1

[30] Муслим, Имара, 50; Әбу Дауд, Сунна, 46; Ибн Мажа, Мәсәжид, 14

[31] Әбдулғани Әбдулбақи, Хужжииетус-сунна, 60-69

[32] әл-Мухаддисуль-фасыл бәйнәр-рауи уәл-уа‘и, 32-33; әл-Жами ли-ахкамир-рауи уәл-әдәби-сами‘, 12-ден, М. Ажжаж әл-Хатиб, 71

[33] Бухари, Илм, 27

[34] Бухари, Илм,35

[35] М. Ажжаж әл-Хатиб, 90-б

[36] Бухари, Ахкам, 51

[37] Муснәд, 1/134

[38] Әбу Дауд, Таһара, 63

[39] Муснәд, VIII, 68

[40] Бухари, Итисам, 4; Әбу Дауд, Хатәм; Муслим, Манақиб, 82, 83; Тирмизи, Әдәб, 72

[41] Бұған байланысты, М. Ажжаж әл-Хатиб, әс-Сунна қабләт-тәдуин, 89-100, Хужжииатус-сунна, 153-177; Н. Кара, Куран-Сүннет бүтүнлүгү, Иһтар иаиынжылык, Эрзурум, 1995, 276-278-б.

[42] Шатыби, Муафақат, 4/18; М. ас-Сыбаи, ас-Сунна уә мәкәнәтуһа фит-ташри‘ил-исламии,Бейрут, 1985, 4-басылым, 387

[43] М. ас-Сибаи, Сунна, 55-б

[44] Хужжииатус-сунна, 322-б

[45] Н. Кара, Куран-Сүннет бүтүнлүгү, 247-б.

[46] Шафии, әр-Рисәлә, 22-б., 43-б.

[47] Юсуф ибн Әбдулбәрр, Жами‘у бәйәниль-илм уә фадилиһи, Мысыр, 2 т., 191-б. (Ажжаж, 89)

[48] Шатыби, Муафақат, 4/18; ас-Сибаи, ас-Сунна, 386-б.

[49] Ибн Хазм, Ихкам, 1/214

[50] Ибн Әбдилбәрр, Жами‘, 563-б Н. Кара, 251-252-б.

[51] Ибн Мажа, Сунан, 1т., 5-б., Бәйһақи, Сунан, 1.т, 6-б.

[52] Муатта, Қадар, 3

[53] М. Ажжаж әл-Хатиб, 17-б7

кейінгі мақала
Құранды оқып үйрену мен үйретудің маңызы қандай?

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником