«Саясат күнде өзгереді, ал дін - мәңгілік»
Нұрсұлтан Назарбаев
Ежелден еркіндікті армандап келген халқымыз Тәуелсіздіктің ақ таңы атқаннан кейін асыл дініміз- исламмен қайта табысып жатыр. Ұмыт бола бастаған мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді, тіліміз бен дінімізді жаңа заманға сай жаңғыртып дамытуға жағдай туа бастады. Ал, нешеме ғасырлардан бері ата-бабаларымыздың ұстанған діні – ислам. Ол бүкіл адамзат пен өркениет тарихына айрықша үлесін қосып келе жатқан ұлық дін. Дініміздің тарихы даму жолына ойша көз жүгіртсек. Исламның жаратушы құдыреттен келген Құран Кәрімнен кейінгі негізгі түп қазығы Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистері мен сүннеті. Бір аллаға сенген ұлтымыз өзінің мұсылмандық өмір салтына Құранды және сүннет дәстүрлерін біріктіріп, қабыстыра білген. Демек, өткен бабалардың тіршілік тынысындағы осы жайды бүгінгі жаңа ұрпаққа ұғындыру замана талабы болып отыр.
ҚМДБ соңғы екі, үш жылғы тындырып жатқан орасан зор жұмыстарының мағына мәні де осыған саяды. Қазақ халқы өзіндік ділі бар, тамырын тереңге жайған құндылықтары, рухани бай мұралары мол ұлт. Тіліміз бен дініміздің, өнеріміз бен салт-сана дәстүріміздіңбір бөлігі ретінде ислам да әр заманда өркендеп, дамуымыздың ұйтқысы болып келеді. Және алдағы уақытта да солай бола беретініне сенеміз.
ҚМДБ төрағасы, Бас Мүфтиіміз, хазрет Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жарық көрген «Дін мен дәстүр» атты кітапта хазрет Мүфти былай деген:
«... мақсатымыз – ұлттық табиғатымызбен сабақтас шариғаттағы мазхабымыз бен танымдық мектебімізді тұғырлап, асыл дүниелерімізді, жауһарларымызды жарыққа шығару, үзілгенімізді жалғап, жоғалтқанымызды түгендеу, сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді қалпына келтіру. Сол арқылы қазақтың толыққанды ұлтқа, Алаштың іргелі елге айналуы үшін қолдан келгенше үлес қосу... Қоғамды ынтымаққа ұйытатын, бірлікке бастайтын құндылықтарымызды қадірлеуіміз қажет. Дәстүрлі дінінен, ділі мен тілінен, әдет-ғұрпынан ажыраған елдің болашағы жоқ. Сол үшін рухани құндылықтарымызды құнттай белгеніміз жөн. Әйтпесе, Құран Кәрімде ескертілген ақиқат жолынан айнып, адасқан қауымға айналып кетуіміз бек мүмкін»
Бұл кітапта нешеме ғасырлар бойына ата-бабаларымыздан бері қарай ұстанып келе жатқан әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүріміздің адамгершілік принциптеріміз бен дүниетаным, көзқарастарымыздың өз дініміздің рухымен, ұстанған мақсат-мұраттарымен бір арнада тоғысып, бір-бірімен өзара жымдасып, сай келетін ойға қонымды түрде баяндалған.
Дала елінің қалың жұртын жақсылық пен имандылыққа үндейтін осынау қадірлі де құнды кітап көзі ашық, көкірегі ояу кәрі-жасты бір сілкіндіріп ашық ой, асыл мазмұнымен риза еткенін жақсы білеміз. Алдағы уақытта дін мен дәстүрдің біртұтастығын сақтап, Алла тағаланың әмір еткен амалдарына бой ұсына отырып, исламға деген адалдығымыз бен құрметімізді арттыра беру абыройы борышымыз болмақ.
Соңғы екі жыл аясында ҚМДБ басшылығымен Республика аймағында өткізіліп жатқан діни-насихаттық маңызды шаралар көпшілік көңіліне қуаныш ұялатып келеді. Осындай аса маңызды үлкен жұмыстардың бірі ақпан айында Астанада өткен мешіт имамдарының республикалық форумы болды. Өзінің мәні мен мағынасы жөнінен құрылтайлардан кем соқпайтын бұл келелі жиында шариғат талаптарына сай атқарылған жұмыстардың жетістіктері айтылып, алдағы бес жылға белгіленіп отырған ауқымды істердің белестері белгіленіп, тарихи үрдістің, амалды іс-қимылдың әдістері мен тәсілдері сараланды. Ел дамуының қазіргі кезеңдегі жай-күйі мен жағдайларын жан-жақты ескере отырып, заман рухына сай ҚМДБ қызметін одан әрі дамытудың тұжырымдамасын қабылдады. Сонымен бірге бұл форумда қазақ елі мұсылмандарының исламдағы бейнесін және шариғат пен дініміздегі алар орнын сипаттап айқындайтын құжат – Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасын талқылап қабылдады. Ел мұсылмандарының өмірінде мұндай стратегиялық мәні бар бағдарламалық жоспарлар бұрын-соңды болып көрмеген. Аталған бұл екі құжаттың мақсаттары айқын да зор: еліміздегі мұсылман қауымның өзекті деген мәселелерін, бағыт-бағдарын айқындап шешу, қоғамның барлық мүшелерімен санаса отырып, мемлекет мүддесін және заңнамалық күші бар шешімдерді ескеру арқылы өз дініміздің рухани гуманитарлық ықпалын нығайтып, арттыру.
Болашақта мешіттер мен имамдардың күнделікті қызметінде басшылыққа алынатын бұл екі бағдарлама мың жылда да мәні кеміп, өзгермейтін дәуірлік қуат-күші, рухы бар құжаттар болып саналады. Қазақ мұсылмандарының діндегі Ата заңы тәрізді бұл бағдарламалар дінімізді дамытып, өркендетуге игі ықпал етеді деп сенеміз. Діни ілім мен тәжірибені Әбу Ханафи мазхабының ұстанымдарына сәйкес дамытып, іске асыруды қамтамасыз ететін сара жылымыз болмақ.
Форумда қабылданған бағдарламаға мешіт қызметіндегі имадар жайлы көп жұрттың көкейінде жүрген ойлар төңірегінде жақсы пікірлер айтылған. Қазіргі имамдар бұған дейінгі қызметкерлерге қарағанда дін жағдайынан жақсы хабардар, оқыған адамдар. Сүйенеріміз сол – көбі жастар. Әйтсе де өмір бір орында тұрмайды. Қазіргі уақыт өзгеше жүктелер міндет те, жауапкершілік те артып отыр. Заман рухын дұрыс та тераң түсінудің сыртында үздік білін, дүниеуи саясаттың да қыр-сырынан хабардар болуды қажет етеді.
Бір сөзбен айтсақ имамдар, мешіттің қызметкерлері бүгін өмір драмасының қалың ортасында жүрген жандар. Сондықтан оларға әр кез Алла жар болып, діни білімі, адамгершілік абзал қасиеттері, кішіпейілділігі мен мейірімді жан-дүниелері, көпшілікті әрдайым жақсылыққа жетелеп, қалың жұрттың ақ бата, ақ алғысына бөлей берсін!
Қазіргі заманда діни қызметте жүрген тұлғалар қоғамдағы көшбасы деңгейіндегі аңыздай асыл жанды абзал жандар болуға керек. Дініміздің абыройын асқақтатып, мерейін үстем ететін де осы мешіт қызметкерлері. Сондықтан да олардың этикасы деген озық дамыған өркениетті, мәдениеті жоғары елдердің осы заманғы этикасынан да биік деңгейде болғаны ләзім. Әйтеуір кемшін түсіп жатпауымыз керек.
Астана форумы тек дін саласында ғана емес, ел өміріндегі үлкен тарихи оқиға болып саналады. Оның жұмысына арнайы келіп қатынасқан бірнеше шетелдік ислам діні қайраткерлері мен басшылары форум жұмысына жоғары баға беріп, онда қабылданған тарихи құжаттардың – тұғырнама мен тұжырымдаманың сыр-сипаты мен алға қойып отырған заманауи міндеттерінің терең мәнді маңыздылығын атап дәл осындай мақсаттағы үлкен форумдарды өз елдеріңде де өткізудің қажеттілігін ашып айтып, ҚМДБ-ның бұл қызметіне зор баға берді. Діни форум және онда қабылданған тиісті шешімдер ел мұсылмандарының дін қызметіндегі имамдардың да алдағы қызметінде тың серпіліс тұдырып, жалпы діни насихаттың сипаты мен мазмұны жаңаша үрдіс, өрлеу алатынына күмән жоқ. Қазақ елі мұсылмандарды бұрын соңды естіп те, оқып та көрмеген бұл тарихи тың бағдарламалар дін басшылығына жаңада ғана келген аса білімді, имандылық рухымен ер жетіп есейген, ислам мұраттарына мейлінше адал және оларды терең түсінетін оқымысты жас ғұлама қажы азаматтардың терең ізденісі мен аса жемісті қызметінің нәтижесі. Мәңгілік елдің діні де мәңгілік! Асыл дініміздің мәңгілік мәні бар мұраттарын сара жолын айқындаған Тұғырнама мен Тұжырымдамамыз қайырлы құтты болсын: Бұларға жаратқан Алламыздың нұры жаусын! Ел халқын бақыт пен берекеге, ынтымақ пен бірлікке тыныштыққа жеткізе берсін!
Жолбарыс қажы Баязид, ақын
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Қостанай қаласының құрметті азаматы.
05.03.2015ж.
Бұған дейін айтылғандай, шамаиль исламдық дін ілімінің бір жанры болып бөлініп шыққан және онда көптеген кітаптар жазылған.
«Әш-шамаиль» сөзі─ «әш-шималь» сөзінің көпше түрі. Ол қасиет, құндылық дегенді білдіреді. Осылайша, шамаиль — Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, тұлғасын: оның сырт келбетін, жүріс-тұрысын, киім киісін және т.б. зерттейтін ғылым.
Шамаиль Мухаммадийя бойынша жазылған негізгі кітаптар:
- «Сифату ән-Нәби», солляллаху алейхи уа саллям, авторы ─ Уахб ибн Уахб әл-Асади (200 жылы көз жұмған),
- «Сифату ән-Нәби», солляллаху алейхи уа саллям, авторы ─ Әли ибн Мухаммад әл-Мадаъини (224 жылы көз жұмған),
- «Сифату ахләқ ән-Нәби, солляллаху алейхи уа саллям», авторы ─ Дауд ибн Әли әл-Асбахани (270 жылы көз жұмған),
- «Әш-Шамаиль әл-Мухаммадия уа әл-хасаис әл-Мустафауия», әт-Тирмизи (279 жылы көз жұмған),
- «Ахләқ ән-Нәби, солляллаху алейхи уа саллям, уа адабуху», авторы ─ Абдуллах ибн Мухаммад ибн Хаййан әл-Асбахани (369 жылы көз жұмған),
- «Шараф әл-Мустафа», авторы ─ Әбу Саид Абдуль Малик ибн Мухаммад ибн ән-Нейсабури (406 жылы көз жұмған),
- «Шамаиль ән-Нәби», авторы ─ Әбу әл-Аббас әл-Мустафари (432 жылы көз жұмған),
- «Әш-Шифа бита`рифи хуқуқ әл-Мустафа», авторы ─ Қады Ияда (544 жылы өз жұмған),
- «Әл-Уафаъ биахвали әл-Мустафа», авторы ─ Ибн әл-Джаузи (597 жылы көз жұмған),
- «Шамаиль әр-Расуль уа далаилю нубуууатихи уа хасаисихи», авторы ─ Ибн Касир (744 жылы өз жұмған),
- «Уасаиль әл-уусуль иля шамаиль әр-Расуль, солляллаху алейхи уа саллям», шейх Юсуаф ән-Набхани (1350 жылы көз жұмған) жазған және шейх әл-Лахджидің «Мунтаха әс-суль» атты осы кітапқа жазған түсіндірмесі. Бұл шарх осы тақырып бойынша нағыз энциклопедия болып табылады. Сол себепті, бұл кітап әр студенттің үйінде болуы тиіс және оны Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, тұлғасын тану жолында жол сілтеуші ретінде пайдалану керек.
Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, тұлғасы сипатталатын басқа да көптеген кітаптар бар. Мәселен, «Әл-Мауахиб әл-лядунийя» әл-Кастиляни, оған шарх жазған әз-Заркани, «Мунтаха әс-суль» және т.б.
Жоғарыда аталып өткен кітаптардың арасындағы ең әйгілісі имам Әбу Иса әт-Тирмизидің «Шамаиль Мухаммадийя» кітабы екені сөзсіз. Оған қырыққа жуық түсіндірме жазылған. Солардың ішінде қазіргі кезде оқырманға қол жетімділерінің арасынан имам әл-Байджуридің (хижра бойынша 1198-1277 жылдар) «Әл-Мауахиб әл-ләдуния әля әш-шамаиль әл-Мухаммадийя» атымен белгілі «Шарх әш-Шамаиль» кітабын ерекше атап өтуге болады. Бұл кітапты шейх Мухаммад Аввама «Дар әл-Минхадж» баспасында жарыққа шығарған. Сондай-ақ, Ибн Хаджар әл-Хайтамидің (909-973)
«Әшрафуль уасалиль иля фахм шамаиль» атты түсіндірмесі де бар. Бұл кітапқа да шархты Мула Әли әл-Кари жазған. Ол «Джам` әл-уасаиль фи шарх әш-шамаиль» деп аталады. Имам әл-Мунауидің шархы жиі кездесетін түсіндірмелердің қатарына жатады. Ол әдетте «Шамаиль Мухаммадийяның» көне екі томдық басылымында кітап беттерінің шеттерінде келтіріледі.
Біз ескертпе мен түсініктеме жазуда көбіне имам әл-Байджури мен Ибн Хаджар әл-Хайтамидің түсіндірмелеріне сүйенеміз және қажет болып жатса, басқа да шархтарға жүгінеміз. Сонымен қатар, бұл еңбекте осы тақырыпқа жазылған басқа да маңызды кітаптарды пайдаланамыз. Мәселен, олардың бірі ─ «Мунтаха әс-суль».
Біз шамаиль ғылымы бойынша жазылған кітаптардың мақсаты оқырманға Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, қасиеттері жайлы мәлімет беріп қана қоймай, сүйікті жетекшіміз Мұхаммедтің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, бейнесін көз алдымызға елестету екенін түсінуіміз қажет. Ал, бұл өз кезегінде жүрегіміздегі оған деген сүйіспеншілік пен жақындықты ұлғайтады.
Жалғасы бар ин ша Алла..
Әбу Әли әл-Әшғари, хафизахулла
____________________
Орыс тілінен аударған Azan.kz
Имам әт-Тирмизидің өмірбаяны
Осы берекелі кітапты оқып-зерттеуге кіріспес бұрын оның көрнекті авторының кім болғандығын айта кету қажет.
Имам Әбу Иса Мухаммад ибн Саурат әт-Тирмизи хижрадан кейін 209 жылы дүниеге келіп, 279 жылы дүние салған.
Ал, «әт-Тирмизи» есімінің оқылуына келер болсақ, оның үш нұсқасы бар: әт-Тирмизи, әт-Турмузи және әт-Тармази. Доктор Луэйәл-Халили айтқандай, бұл үшеуінің арасындағы дұрысырағы ─ әт-Турмузи. Бірақ, имам Әбу Иса орыс тілді оқырманға әт-Тирмизи ретінде белгілі болғандықтан, біз бұл есімнің өзімізге үйреншікті нұсқасын қалдырамыз.
Имам «хадистің алтын ғасыры» деп санауға тұрарлық заманда дүниеге келді. Сүннеттің негізгі кітаптары сол дәуірде жинақталып, құрастырылған болатын. Олар: имам Ахмадтың «Муснады», имам әл-Бұхаридің «Әл-Джами әс-сахихі», имам Муслимнің «Сахихі», Ибн Әбу Шейбаның «Әл-Мусаннафы» және тағы басқалар.
Имам әт-Тирмизи ерте жастан ғұламалардың сабақтарына қатысып, Құранды, Сүннетті, араб тілін және фиқһті үйрене бастады. Имам өзінің туған жері Термез қаласындағы шейхтардан ілім алумен ғана шектеліп қоймай, оқуын аяқтағаннан кейін білім іздеп, мұсылман әлемінің басқа қалалары мен аймақтарына да сапар шекті.
Имам әт-Тирмизидің басты ұстаздарының бірі Ислам тарихындағы ең ұлы мухаддис, тек қана сенімді хадистерді бір жинаққа алғаш жинаған Мухаммад ибн Исмаил ибн Ибрахим ибн әл-Мугъира әл-Джуафи әл-Бұхари болатын. Имам әт-Тирмизи, әл-Бұхариден айтарлықтай ұзақ уақыт ілім алып, нәтижесінде хадис бойынша орасан зор білімге қол жеткізді. Соның ішінде «`иляль» деп аталатын хадистердің жасырын олқылықтары жайлы ғылымды үйренді.
Оның ұстазы имам әл-Бұхари, имам әт-Тирмизидің білімін жоғары бағалаған. Имам әл-Бұхаридің имам әт-Тирмизиден жасы үлкен және білім деңгейі де жоғары болғандығына қарамастан, өзі де одан кейбір хадистерді риуаят еткен. Ол шәкірті имам әт-Тирмизиге былай деген: «Сенің менен алған пайдаңнан гөрі менің сенен алған пайдам көбірек (Тазхиб әт-Тахзиб 3\669).
Сонымен қатар, имам әт-Тирмизи имам Муслим ибн әл-Хаджад ән-Нейсабуримен де кездескен және өзінің «Әл-Джами’» атты кітабында одан бір хадис риуаят еткен.
Имам әт-Тирмизидің кітаптары:
- «Әл-Джами`», имамның бізге «Әс-Сунан әт-Тирмизи» деген атпен белгілі ең әйгілі кітабы,
- «Әл-‘Иляль әс-сағыр», «Сунанмен» бірге басылып тұрады, бұл кітапта имам өзінің «Сунанын» қалай құрастырғанын түсіндіреді,
- «Әл-‘Иляль әл-кабир», имамның ең маңызды кітаптарының бірі, имам онда хадистанудың әр түрлі салаларынан көптеген пайдалы әрі маңызды ақпаратты жинастырған. Мәселен, онда жеткізушілерді сынау мәселелері де бар. Кітаптың басым бөлігін имамның сұрақтарына өз ұстаздарынан алған жауаптары құрайды: әл-Бұхариден, Әбу Зураа әр-Разиден, Абдуллах ибн Әбдуррахман әд-Даримиден, және олардың ауқымды бөлігі имам әл-Бұхариден риуаят етілген.
- «Әш-Шамаиль әл-Мухаммадийя», Раббымыздың қалауымен біз оқып-үйренгелі отырған кітап.
Біздің «Шамаиль Мухаммадийя» кітабының жеткізушілер тізбегін (санадын) баяндауымыз
Біз бұл кітапты ұстазымыз шейх Әбдуррахим Саид Лякрим ибн ән-Нахиль әл-Магрибиден жеткізіп отырмыз. Ол өзінің ұстазы шейх Абдуль-Каримәл-Хамзамиден, шейх Абдульазиз әл-Гумариден (1418 жылы көз жұмған), шейх Мухаммад Бадруддин әл-Хасаниден(1345 жылы көз жұмған), ол бұл кітапты екі шейхтен риуаят еткен: біріншісі — оның әкесі Юсуф ибн Әбдуррахман (1279 жылы көз жұмған), екіншісі — шейх Абдуль-Кадир ибн Салих әл-Хатыб әд-Димашки (1288 жылы көз жұмған), ал, ол — екі шейхтен, Саид әл-Халябиден (1259 жылы көз жұмған) және Әбдуррахман әл-Казрири әд-Димашкиден (1262 жылы көз жұмған), ол екеуі де — әд-Димашкидің әкесі Мухаммад әл-Казририден (1221 жылы көз жұмған), оның әкесі Әбдуррахман әл-Казрири әд-Димашкиден (1185 жылы көз жұмған), Әбу әл-Мауахиб әл-Ханбалиден (1126 жылы көз жұмған), шейх Әбу әл-Фадль Мухаммад әл-Хамзауиден (1085 жылы көз жұмған) әш-Шамс әл-Майданиден (1033 жылы көз жұмған), Шейхуль Ислам әт-Тыбиден (979 жылы көз жұмған), Мысыр мен Шамның мүфтиі Әбу әл-Бак Камал әд-Дин әл-Хамзауиден (933 жылы көз жұмған), Амируль Муминин филь-хадис Ибн Хаджар әл-Аскаляниден (852 жылы көз жұмған), Абдулллах ибн Халильәд-Димашкиден (805 жылы көз жұмған), хафиз әл-Миззи әд-Димашкиден (746 жылы көз жұмған) және Зейнаб әл-Макдисия (746 жылы көз жұмған) және ол екеуі де — Ибн әл-Бұхариден (690 жылы көз жұмған), Әбу әл-Айман әл-Киндиден (613 жылы көз жұмған), Әбу Шуджәл-Бистамиден (562 жылы көз жұмған), Әбу әл-Касим әл-Халилиден (496 жылы көз жұмған), Әбу әл-Касим әл-Хузаидан (411 жылы көз жұмған), әл-Хейсам әш-Шашиден (335 жылы көз жұмған), имам әт-Тирмизиден (279 жылы көз жұмған).
Жалғасы бар ин ша Алла..
Әбу Әли әл-Әшғари, хафизахулла
____________________
Орыс тілінен аударған Azan.kz
Барлық мақтау-мадақ Аллаға тән, Оның Елшісіне Алла Тағаладан игілік пен сәлем болсын.
Осы күндері Құдайға тіл тигізуші дінсіздердің ессіздігінің кесірінен баршамыздың бойымызды ашу кернеп, ызаға булығудамыз. Оларға Алла Тағала Жаратушыларының Жалғыздығын танып, мойындауы үшін ақыл-ес берген еді. Олар болса, оны Алла Тағаланың ең абзал жаратушысы ─ Мұхаммед Пайғамбарды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), мазақ етіп, қаралау үшін пайдаланды.
Кәпірлердің көпшілігі мұсылмандардың неге соншалықты наразылық танытып жатқандарын түсіне алатын күйде емес. Олар бұған тағылықтың, ақымақтықтың көрінісі және орта ғасырлардың қалдығы ретінде қарайды. Бірақ, әлгі ессіздер солардың жақын туыстары мен жақындарының карикатурасын салып, бүкіл жұртшылықтың алдында мазақ етсе, бұл олардың наразылығын, қарсылығын тудырмас па еді? Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, біздер үшін кез келген туысымыздан, кез келген бауырымыздан жақын һәм сүйікті. Өйткені, ол ─ әлемдерге жіберілген рақым және бізге құтылу жолын көрсеткен, әрдайым, тіпті өмірінің соңғы сәттерінде де үмбетін ойлаумен болған жан.
Орын алып жатқан осы оқиғалар мұсылмандардың бір сілкініп, ұйқыларынан оянуына түрткі болуы қажет. Оларға біздің дініміздің құндылығы бізге Алла Елшісі, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), жеткізген уахиде ғана емес, оның өзі де тұлға ретінде дініміздің бір бөлігі әрі біз үшін ең ұлы құндылық екенін түсінетін кез келді.
Біз Пайғамбарды, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), әжуалап, қорлап, тіл тигізу оқиғасы бірінші рет көрініс тауып отырмағанын түсінуіміз тиіс. Ол, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), тірі кезінде-ақ меккеліктердің көпшілігі оны қабыл алмаған кезде өз халқы тарапынан қуғынға ұшырады. Алла Тағала ол туралы былай дейді:
مَا أَنتَ بِنِعْمَةِ رَبِّكَ بِمَجْنُونٍ ﴿٢﴾ وَإِنَّ لَكَ لَأَجْرًا غَيْرَ مَمْنُونٍ ﴿٣﴾ وَإِنَّكَ لَعَلَىٰ خُلُقٍ عَظِيمٍ ﴿٤﴾ فَسَتُبْصِرُ وَيُبْصِرُونَ ﴿٥﴾ بِأَييِّكُمُ الْمَفْتُونُ ﴿٦﴾ إِنَّ رَبَّكَ هُوَ أَعْلَمُ بِمَن ضَلَّ عَن سَبِيلِهِ وَهُوَ أَعْلَمُ بِالْمُهْتَدِينَ ﴿٧﴾ فَلَا تُطِعِ الْمُكَذِّبِينَ ﴿٨﴾ وَدُّوا لَوْ تُدْهِنُ فَيُدْهِنُونَ ﴿٩﴾ وَلَا تُطِعْ كُلَّ حَلَّافٍ مَّهِينٍ ﴿١٠﴾ هَمَّازٍ مَّشَّاءٍ بِنَمِيمٍ ﴿١١﴾ مَّنَّاعٍ لِّلْخَيْرِ مُعْتَدٍ أَثِيمٍ ﴿١٢﴾ عُتُلٍّ بَعْدَ ذَٰلِكَ زَنِيمٍ ﴿
(1) (Мұхаммед Ғ.С.) Сен Раббыңның мәрхаметінде жынды емессің. (2) Сөзсіз сен үшін таусылмайтын бір сыйлық бар. (3) Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің. (4) Енді таяуда сен де көресің, олар да көреді, (5) Жындылық қайсыларыңда екен? (6) Күдіксіз Раббың кімнің жолынан адасқанын жақсы біледі. Және тура жолдағыны да біледі. (7) Ендеше, өтірікшілерге бой ұсынба! (8) Егер сен босасаң сонда олардың да босағылары келеді. (9) (Мұхаммед Ғ.С.) Әрбір көп ант ішкен ынжықтарға бой ұсынба; (10) Өте айыптағыш, өсек тасығышқа да, (11) Жақсылыққа тыйым салушы, шектен шығушы күнәкарға да, (12) Сотқар, сондай-ақ тексізге де.
Алла Елшісін (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), келеке етіп, қорлағысы келетін, онымен қоймай бұл қылықтарын дүйім жұртқа «сөз бостандығы» ретінде көрсететін қазіргі кейбір карикатура салушылар секілді, меккелік пұтқа табынушылар да оны ақылынан адасқан есалаң және сиқыршы ретінде көрсетпек болды.
Исламдық діни дәстүрде Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), тұлғасына ─ оның сырт келбетін, киім киісін, мінезін және күнделікті жүріс-тұрысын сипаттауға арналған ерекше жанр бар. Бұл жанр Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), өмірін тарихи тұрғыдан талдайтын басқа жанр ─ сирадан өзгеше.
Осы дәстүрдегі ең әйгілі кітаптардың бірі имам Әт-Тирмизидің «Шамаиль Мухаммадийя» кітабы болып табылады. Ол «Сахих» Әл-Бұхари немесе «Рияду Солихин» сияқты кітаптармен бірге әрбір мұсылманның кітапханасының ажырамас бөлігіне айналды.
Қади Иядтың «әш-Шифа» кітабы секілді, бұл кітап та мұсылман әлемінің мешіттерінде ұдайы оқылып келді. Мұсылмандар соны оқып, Алла Елшісін, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), дәріптеу арқылы Алла Тағаланың берекеті мен ризалығына қол жеткізуге тырысты.
Біздің өлкеде де осы дәстүр жанданып, сира мен Алла Елшісінің, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), құндылықтары жайлы кітаптарды оқу мәжілістері жер-жерде өтіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Біз осы ортақ іске қосқан үлесіміз ретінде имам Әт-Тирмизидің кітабын кішігірім ескертпелерімізді қосып, аударуға бел будық. Енді соны Азан.кз. сайтының оқырмандарына ұсынып отырмыз.
Алла Тағаладан осы бастамамызға қолдау көрсетіп, жәрдем беруін тілейміз.
Уа соляллаху алейхи уа салаам.
Жалғасы бар ин ша Алла..
Әбу Әли әл-Әшғари, хафизахулла
____________________
Орыс тілінен аударған Azan.kz
ҚМДБ діни оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Б.Бейсенбаев пен «Нұр Мүбарак» университеті оқу ісінің меңгерушісі А.Әлмұхаметов Татарстан Республикасы, Қазан қаласындағы «Құл Шариф» мешітінде Татарстан мұсылмандары діни басқармасының Бас мүфтиі Камил хазрет Смагуллинмен кездесті.
Кездесу барысында, ҚМДБ мен ТМДБ араларындағы қарым-қатынасты нығайту туралы ұсыныстар мен діни білім беру жүйесінің сабақтастығы мәселелері талқыланды.
Бас мүфти Татарстандағы бүгінгі діни білім беру саласындағы жетістіктер жөнінде айта отырып, имамдардың білімін жетілдіру бойынша жасалып жатқан жұмыстар мен Ғұламалар Кеңесінің істері және діни әдебиеттерді аударатын, дайындайтын «Хұзыр» баспасы туралы мәлімет берді. Сонымен қатар, Камил хазрет Қазақстанмен ағайындық қарым-қатынасты нығайтуды барынша қолдайтындығын жеткізді.
Бұдан бөлек Қазақстандық делегация 150 жылдық тарихы бар «Мұхаммадия» имамадардың білімін жетілдіру марказы, медресесі мен мектепке дейінгі балаларға арналған діни орталығында болып, ол жердегі оқу және тәрбие жүйелерімен танысты.
muftyat.kz