Ата-бабамның отанына келдім деген Ердоғанды Назарбаев бауырым деп құшақ жая қарсы алды. Астанаға ресми сапармен келген Түркия президенті де тартынып қалмай, әріптесін қолпаштай сөйледі. Келіссөздер кезінде мемлекет басшылары екі елдің арасында алыс-берістің азайып қалғанын мойындап, енді оны арттыруға келісті. Үш күнге жалғасатын сапар барысында Реджеп Тайып Ердоған қасиетті Түркістан қаласына да барады.
Әлемдік саясатта өз орны бар 61 жастағы Реджеп Тайып Ердоғанның кортежін мотоциклге мінген оққағарлар Ақордаға бастап келеді. Қазақ жеріне кеше кешкілік табаны тиген мәртебелі мейманның негізгі ресми сапары бүгін басталды. Назарбаев әріптесін есік аузынан күтіп алып түбі бір туысқанына бауырым деп қошемет көрсетті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өте қомақты делегациямен келдіңіз. Сондықтан бұл сапарыңыз екі елдің арасындағы қарым-қатынасты,жаңа сатыға көтереді деп сенеміз.Қош келдіңіз құрметті бауырым. Біз сізді қуанышпенен қарсы аламыз.
Реджеп Тайып Ердоған, Түркия Президенті:
- Президент ретінде Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Жақында президент сайлауы өткелі отыр. Осы сайлауда сізге үлкен табыстар тілеймін.
Сайлау демекші, 10 жылдан астам премьер болып енді президенттік таққа отырған Ердоғанның өзі реформа жасап, қазір билігін күшейтіп жатыр. Ал еліміздің егемендігін алғаш боп мойындаған түбі бір түркі елінен Қазақстанның үйренері көп. Қуатты әскері бар, жылдам дамып келе жатқан әлемдегі 16-шы экономика Түркияға еліміз әрқашан арқа сүйейді. Бірақ, дағдарысқа байланысты екі мемлекет арасындағы алыс берістің азайып қалғанына президенттердің көңілі толған жоқ. Енді сауда айналымын 3 жарым миллиардттан 10 миллиардқа ұлғайтуға кіріспек. Осы жерде Назарбаев, Ердоғанға Ұлы Жібек жолын қайта жаңғыртуды ұсынды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл жобаларды жүзеге асыру Түркияның Қазақстан арқылы Қытайға, Шығыс және Оңтүстік Шығыс Азия шығуға мүмкіндік береді. Ал біздің ел, Еуропа мен Таяу Шығыс шыға алады. Біз сауда экономикалық инвестициялық байланысты күшейтуге мүдделіміз. Соған орай Түрік тарапына 25 жоба бойынша, бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігін қарастыруды ұсындық.
Әрине, ресми Анкараның Қазақстанда геосаяси ғана емес, коммерциялық мүддесі бар. Бүгін Елбасы Астананы тұрғызуға атсалысқан түрік құрылысшыларын мақтаса, Ердоған әріптесіне қайта-қайта алғыс айтты.
Реджеп Тайып Ердоған, Түркия Президенті:
- Үш жылдан кейiн мен бiздiң ата-бабамыздың, әкелерiмiздiң отанына президент ретiнде келiп отырғаныма бақыттымын. Бұл сапардың мәнi ерекше. Өйткенi биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланады. Осы айтулы оқиғамен бауырлас халықты шын жүректен құттықтағым келедi.
Осылай деп ағынан жарылған Реджеп Тайып Ердоған үш күнге келген. Елімізге ұзақ іссапармен келетін мемлекет басшылары өте аз екенін ескерсек, Ердоған Назарбаевпен бірге Түркістан қаласына да барады. Мұнда қос президент Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тәу етіп, Түркия бөлген қаржыға салынған мешіт пен қазақ-түрік университетінің жадан салынған ғимаратының ашылуына қатысады.
www.ktk.kz