Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри
Жаңалықтар

«Саясат күнде өзгереді, ал дін - мәңгілік»

Нұрсұлтан Назарбаев

Ежелден еркіндікті армандап келген халқымыз Тәуелсіздіктің ақ таңы атқаннан кейін асыл дініміз- исламмен қайта табысып жатыр. Ұмыт бола бастаған мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді, тіліміз бен дінімізді жаңа заманға сай жаңғыртып дамытуға жағдай туа бастады. Ал, нешеме ғасырлардан бері ата-бабаларымыздың ұстанған діні – ислам. Ол бүкіл адамзат пен өркениет тарихына айрықша үлесін қосып келе жатқан ұлық дін. Дініміздің тарихы даму жолына ойша көз жүгіртсек. Исламның жаратушы құдыреттен келген Құран Кәрімнен кейінгі негізгі түп қазығы Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистері мен сүннеті. Бір аллаға сенген ұлтымыз өзінің мұсылмандық өмір салтына Құранды және сүннет дәстүрлерін біріктіріп, қабыстыра білген. Демек, өткен бабалардың тіршілік тынысындағы осы жайды бүгінгі жаңа ұрпаққа ұғындыру замана талабы болып отыр.

ҚМДБ соңғы екі, үш жылғы тындырып жатқан орасан зор жұмыстарының мағына мәні де осыған саяды. Қазақ халқы өзіндік ділі бар, тамырын тереңге жайған құндылықтары, рухани бай мұралары мол ұлт. Тіліміз бен дініміздің, өнеріміз бен салт-сана дәстүріміздіңбір бөлігі ретінде ислам да әр заманда өркендеп, дамуымыздың ұйтқысы болып келеді. Және алдағы уақытта да солай бола беретініне сенеміз.

ҚМДБ төрағасы, Бас Мүфтиіміз, хазрет Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жарық көрген «Дін мен дәстүр» атты кітапта хазрет Мүфти былай деген:

«... мақсатымыз – ұлттық табиғатымызбен сабақтас шариғаттағы мазхабымыз бен танымдық мектебімізді тұғырлап, асыл дүниелерімізді, жауһарларымызды жарыққа шығару, үзілгенімізді жалғап, жоғалтқанымызды түгендеу, сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді қалпына келтіру. Сол арқылы қазақтың толыққанды ұлтқа, Алаштың іргелі елге айналуы үшін қолдан келгенше үлес қосу... Қоғамды ынтымаққа ұйытатын, бірлікке бастайтын құндылықтарымызды қадірлеуіміз қажет. Дәстүрлі дінінен, ділі мен тілінен, әдет-ғұрпынан ажыраған елдің болашағы жоқ. Сол үшін рухани құндылықтарымызды құнттай белгеніміз жөн. Әйтпесе, Құран Кәрімде ескертілген ақиқат жолынан айнып, адасқан қауымға айналып кетуіміз бек мүмкін»

Бұл кітапта нешеме ғасырлар бойына ата-бабаларымыздан бері қарай ұстанып келе жатқан әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүріміздің адамгершілік принциптеріміз бен дүниетаным, көзқарастарымыздың өз дініміздің рухымен, ұстанған мақсат-мұраттарымен бір арнада тоғысып, бір-бірімен өзара жымдасып, сай келетін ойға қонымды түрде баяндалған.

Дала елінің қалың жұртын жақсылық пен имандылыққа үндейтін осынау қадірлі де құнды кітап көзі ашық, көкірегі ояу кәрі-жасты бір сілкіндіріп ашық ой, асыл мазмұнымен риза еткенін жақсы білеміз. Алдағы уақытта дін мен дәстүрдің біртұтастығын сақтап, Алла тағаланың әмір еткен амалдарына бой ұсына отырып, исламға деген адалдығымыз бен құрметімізді арттыра беру абыройы борышымыз болмақ.

Соңғы екі жыл аясында ҚМДБ басшылығымен Республика аймағында өткізіліп жатқан діни-насихаттық маңызды шаралар көпшілік көңіліне қуаныш ұялатып келеді. Осындай аса маңызды үлкен жұмыстардың бірі ақпан айында Астанада өткен мешіт имамдарының республикалық форумы болды. Өзінің мәні мен мағынасы жөнінен құрылтайлардан кем соқпайтын бұл келелі жиында шариғат талаптарына сай атқарылған жұмыстардың жетістіктері айтылып, алдағы бес жылға белгіленіп отырған ауқымды істердің белестері белгіленіп, тарихи үрдістің, амалды іс-қимылдың әдістері мен тәсілдері сараланды. Ел дамуының қазіргі кезеңдегі жай-күйі мен жағдайларын жан-жақты ескере отырып, заман рухына сай ҚМДБ қызметін одан әрі дамытудың тұжырымдамасын қабылдады. Сонымен бірге бұл форумда қазақ елі мұсылмандарының исламдағы бейнесін және шариғат пен дініміздегі алар орнын сипаттап айқындайтын құжат – Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасын талқылап қабылдады. Ел мұсылмандарының өмірінде мұндай стратегиялық мәні бар бағдарламалық жоспарлар бұрын-соңды болып көрмеген. Аталған бұл екі құжаттың мақсаттары айқын да зор: еліміздегі мұсылман қауымның өзекті деген мәселелерін, бағыт-бағдарын айқындап шешу, қоғамның барлық мүшелерімен санаса отырып, мемлекет мүддесін және заңнамалық күші бар шешімдерді ескеру арқылы өз дініміздің рухани гуманитарлық ықпалын нығайтып, арттыру.

Болашақта мешіттер мен имамдардың күнделікті қызметінде басшылыққа алынатын бұл екі бағдарлама мың жылда да мәні кеміп, өзгермейтін дәуірлік қуат-күші, рухы бар құжаттар болып саналады. Қазақ мұсылмандарының діндегі Ата заңы тәрізді бұл бағдарламалар дінімізді дамытып, өркендетуге игі ықпал етеді деп сенеміз. Діни ілім мен тәжірибені Әбу Ханафи мазхабының ұстанымдарына сәйкес дамытып, іске асыруды қамтамасыз ететін сара жылымыз болмақ.

Форумда қабылданған бағдарламаға мешіт қызметіндегі имадар жайлы көп жұрттың көкейінде жүрген ойлар төңірегінде жақсы пікірлер айтылған. Қазіргі имамдар бұған дейінгі қызметкерлерге қарағанда дін жағдайынан жақсы хабардар, оқыған адамдар. Сүйенеріміз сол – көбі жастар. Әйтсе де өмір бір орында тұрмайды. Қазіргі уақыт өзгеше жүктелер міндет те, жауапкершілік те артып отыр. Заман рухын дұрыс та тераң түсінудің сыртында үздік білін, дүниеуи саясаттың да қыр-сырынан хабардар болуды қажет етеді.

Бір сөзбен айтсақ имамдар, мешіттің қызметкерлері бүгін өмір драмасының қалың ортасында жүрген жандар. Сондықтан оларға әр кез Алла жар болып, діни білімі, адамгершілік абзал қасиеттері, кішіпейілділігі мен мейірімді жан-дүниелері, көпшілікті әрдайым жақсылыққа жетелеп, қалың жұрттың ақ бата, ақ алғысына бөлей берсін!

Қазіргі заманда діни қызметте жүрген тұлғалар қоғамдағы көшбасы деңгейіндегі аңыздай асыл жанды абзал жандар болуға керек. Дініміздің абыройын асқақтатып, мерейін үстем ететін де осы мешіт қызметкерлері. Сондықтан да олардың этикасы деген озық дамыған өркениетті, мәдениеті жоғары елдердің осы заманғы этикасынан да биік деңгейде болғаны ләзім. Әйтеуір кемшін түсіп жатпауымыз керек.

Астана форумы тек дін саласында ғана емес, ел өміріндегі үлкен тарихи оқиға болып саналады. Оның жұмысына арнайы келіп қатынасқан бірнеше шетелдік ислам діні қайраткерлері мен басшылары форум жұмысына жоғары баға беріп, онда қабылданған тарихи құжаттардың – тұғырнама мен тұжырымдаманың сыр-сипаты мен алға қойып отырған заманауи міндеттерінің терең мәнді маңыздылығын атап дәл осындай мақсаттағы үлкен форумдарды өз елдеріңде де өткізудің қажеттілігін ашып айтып, ҚМДБ-ның бұл қызметіне зор баға берді. Діни форум және онда қабылданған тиісті шешімдер ел мұсылмандарының дін қызметіндегі имамдардың да алдағы қызметінде тың серпіліс тұдырып, жалпы діни насихаттың сипаты мен мазмұны жаңаша үрдіс, өрлеу алатынына күмән жоқ. Қазақ елі мұсылмандарды бұрын соңды естіп те, оқып та көрмеген бұл тарихи тың бағдарламалар дін басшылығына жаңада ғана келген аса білімді, имандылық рухымен ер жетіп есейген, ислам мұраттарына мейлінше адал және оларды терең түсінетін оқымысты жас ғұлама қажы азаматтардың терең ізденісі мен аса жемісті қызметінің нәтижесі. Мәңгілік елдің діні де мәңгілік! Асыл дініміздің мәңгілік мәні бар мұраттарын сара жолын айқындаған Тұғырнама мен Тұжырымдамамыз қайырлы құтты болсын: Бұларға жаратқан Алламыздың нұры жаусын! Ел халқын бақыт пен берекеге, ынтымақ пен бірлікке тыныштыққа жеткізе берсін!

Жолбарыс қажы Баязид, ақын
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Қостанай қаласының құрметті азаматы.
05.03.2015ж.

Published in Жаңалықтар

ҚМДБ діни оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Б.Бейсенбаев пен «Нұр Мүбарак» университеті оқу ісінің меңгерушісі А.Әлмұхаметов Татарстан Республикасы, Қазан қаласындағы «Құл Шариф» мешітінде Татарстан мұсылмандары діни басқармасының Бас мүфтиі Камил хазрет Смагуллинмен кездесті.

Кездесу барысында, ҚМДБ мен ТМДБ араларындағы қарым-қатынасты нығайту туралы ұсыныстар мен діни білім беру жүйесінің сабақтастығы мәселелері талқыланды.

Бас мүфти Татарстандағы бүгінгі діни білім беру саласындағы жетістіктер жөнінде айта отырып, имамдардың білімін жетілдіру бойынша жасалып жатқан жұмыстар мен Ғұламалар Кеңесінің істері және діни әдебиеттерді аударатын, дайындайтын «Хұзыр» баспасы туралы мәлімет берді. Сонымен қатар, Камил хазрет Қазақстанмен ағайындық қарым-қатынасты нығайтуды барынша қолдайтындығын жеткізді.

Бұдан бөлек Қазақстандық делегация 150 жылдық тарихы бар «Мұхаммадия» имамадардың білімін жетілдіру марказы, медресесі мен мектепке дейінгі балаларға арналған діни орталығында болып, ол жердегі оқу және тәрбие жүйелерімен танысты.

muftyat.kz

Published in Жаңалықтар

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының төрағалығымен ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің кезекті VIІ мәжілісі өтуде.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы бастаған кеңес мүшелері “Сарыағаш” медресесінің тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ, Бас мүфти хазрет медресе шәкірттеріне білім алудың маңыздылығы мен имамдық қызметтік жауапкершілігі туралы уағыз айтты.

Жалпы, ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің VIІ мәжілісі екі күнге жалғасады. Онда бірқатар өзекті діни мәселелер кеңінен талқылану жоспарлануда.

muftyat.kz

Published in Жаңалықтар

Елбасы «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қорының директоры Аружан Саин мен Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеевті қабылдады.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы әлеуметтік бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетудің маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан Президенті қорлардың әрқайсысына 300 мың доллардан берілетінін, бұл оның Қытайға сапары кезінде алған «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығының қаражаты екенін айтты.

– Бұл қаражат, әрине, барлық түйткілді шешпейді. Бірақ оның берілуі біздің қоғамды қайырымдылыққа көбірек көңіл бөлуге үндейтін белгі болып саналады. Біз наурыз мейрамы қарсаңында кездесіп отырмыз. Бұл мерекенің мәні – бір-бірімізге, әсіресе балаларға көмектесу, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қорының ауыр науқасқа ұшыраған балаларға көмек көрсету тәрізді маңызды әлеуметтік бағыттағы жұмыспен айналысатынын, бұл істе оған бүкіл қоғамның қолдауы қажет екенін айтты.

– Сіздердің бұл істі қолға алуларыңыз мейірім үлгісін көрсетеді, балаларды құтқаруға қаражатын бөле алатын азаматтарымыздың назарын аударады. Бұған қоса біз аурулардың пайда болу себептерін іздеумен де айналысып, олардың алдын алуымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ мемлекеттік тілді дамыту ел болашағы үшін маңызды мәнге ие екенін атап өтті.

– Бұл мәселе тез шешіле қоюы мүмкін емес, ұзақ уақыт жұмыс жүргізген жөн. Мұны өскелең ұрпақтан бастау қажет. Тілдің дамуына жан-жақты көмек көрсету керек. Зиялы қауымды тартып, өзекті шығармаларды талқылау, тілді үйренудің жаңа әдістерін ілгерілету маңызды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы қоғамдық бірлестіктер жұмысының әлеуметтік тұрақтылық үшін айрықша маңызы бар екенін, ол мемлекеттің басымдығы бар бағыттарына сай келетінін атап өтті.

– Қоғамның әл-ауқаты неғұрлым жоғары болған сайын, ол мұқтаждарға, соның ішінде науқас балаларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, зейнеткерлерге соғұрлым көбірек көмектесетін болады. Қазақстанның балалары ата-анасы бола тұрып, балалар үйінде тәрбиеленбейтіндей, ал балалары бар ата-аналар қарттар үйіне түспейтіндей жағдай жасау маңызды. Осының барлығы үшін қоғам мен мемлекет бірлесіп жұмыс істеуі керек. Сіздер сияқты энтузиаст жандар елдің табысты дамуы мен оның болашағы үшін өте қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы А.Саин мен А.Шәуеевке атқарып отырған қызметтері үшін алғыс білдіріп, оларға табыс тіледі.

А.Саин мемлекеттің қайырымдылықпен айналысатын ұйымдарын қаржыландыру арқылы халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына көмек көрсетіп отырғаны үшін Елбасына алғыс айтты.

– Сіздің өз сыйақыңызды қайырымдылыққа және қазақ тілін дамытуға жұмсауды ұйғаруыңыз біз үшін күтпеген әрі зор маңызы бар шешім болды. Бүгін Сіздің көрсеткен өнегеңізді азаматтар мен ұйымдар жалғастырады деп үміттенемін. Бұл осы күнге дейін жеке тұлға тарапынан жасалған ең ірі қайырымдылық шара екені даусыз, – деп атап өтті «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қорының директоры.

А.Саин балаларда кездесетін туабітті жүрек аурулары жөнінде бұрындары қорға жиі өтініш жасалғанын айтты.

– Қазақстанда ол кездері жаңа туған нәрестелерге ота жасайтын клиникалар болған жоқ. Сіздің бес жыл бұрын берген тапсырмаңыздың нәтижесінде еліміздің түрлі өңірлерінде бүгінде бірнеше клиника осындай ота жасайды. Нәтижесінде, біздің қорға мұндай диагнозбен қазір ешкім келмейді, бұл мәселе ел ішінде жүйелі шешімін тапты. Сондай-ақ бес жыл бұрын Қазақстанда балалар мекемесінде 16 мыңға жуық бала тәрбиеленетін. Бүгінде олардың саны 9,8 мыңға дейін азайды. Бұл – Сіздің заңнамаға өзгерістер енгізу және басқа да шаралар қабылдау жөніндегі бастамаңыздың нәтижесі, – деді «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қорының директоры.

Мемлекет басшысына А. Шәуеев өз басқаратын қордың қызметі туралы баяндай отырып, қазақ тілін дамытудағы мемлекеттік қолдаудың айрықша мәнін атап өтті. Ол Қазақстан Президентінің көреген саясатының арқасында елімізде мемлекеттік тілді қолдану мен нығайту үшін барлық жағдай жасалғанын айтты.

– Біздің қор қазіргі заманғы мүмкіндіктерді, соның ішінде Интернетті пайдалана отырып, халыққа мемлекеттік тілді тегін үйретумен айналысады. Бұл ел азаматтарына ғана емес, шетелде тұратын отандастарымызға да қатысты. Біздің www.soyle.kz порталымызды бір жылда шамамен 300 мың адам пайдаланды. Осы ресурс арқылы күн сайын тіл үйренушілердің саны 20 мыңнан асады. Балаларға арналған жеке веб-ресурс жасалды. Оны жұмыс істей бастаған үш ай ішінде күн сайын 5-6 мың өскелең ұрпақ өкілі кіріп көреді. Біз күн сайын балабақша және балалар үйлерімен, мектептермен, жоғары оқу орындарымен тікелей жұмыс істейміз, – деді Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры.

А.Шәуеев бөлінген қаражат өскелең ұрпақтың мемлекеттік тілді үйренуін қолдауға бағытталған жобаларды жүзеге асыруға арналатынын атап өтті.

***

«Мейірімділік» ерікті қоғамы» қоғамдық қоры – Қазақстанда емделмейтін, ауыр науқас балаларға көмек көрсетуге бағытталған «Балаларға өмір сыйла», «Жетімдерсіз Қазақстан» және «Аутизмді жеңеміз!» қайырымдылық шараларының бастамашысы және ұйымдастырушысы.

Мемлекеттік тілді дамыту қоры Елбасының бастамасымен 2008 жылдың қыркүйегінде құрылған. Қазақ тілін республика аумағында және одан тысқары жерлерде ілгерілетуге бағытталған қоғамдық бастамаларды ынталандыру, соның ішінде жобаларға демеушілік жасау арқылы қолдау қордың негізгі міндетіне жатады.

www.akorda.kz

Published in Жаңалықтар
Среда, 18 Март 2015 00:00

АЛЛАҒА ЕРКЕЛЕСЕМ...

Аллаға шүкір, бүгінде өнер адамдары көптеп дінге бет бұрып келеді. Олар дінге бет бұрса, сахна түзеледі. Сахнадағы ән де есерін тастап, естіге ауысады. Әзілдері де ғибратқа айналады. Бүгінде көпшіліктің көңілінен шығып жүрген Тұрсынбек бауырымыздың кейінгі кейбір әзілдерінен мұны байқамау қиын емес. Қоғамда орын алып жүрген қайсыбір кері әдеттерімізді езу тартқыза отырып әдемі жеткізгенде, риза болмасқа шараң жоқ. Ендеше халыққа өз өнерін өткізе білген жұлдыздарымыздың дінге бет бұруы қуанарлық жайт. Өнерін сүйіп, әрбір іс-әрекетін қалт жібермей еліктеп жүрген жұрт олардың діндарлығына да еліктейтіндігі, соларға ұқсап бағуға тырысары сөзсіз. Жаппай өнерді "харам" - деп одан безінсек, сол бос орынды кімдер иелік ететіндігі айтпаса да түсінікті. Айналамыздағы табиғат біткен иләһи әуен. Жапырақтардың сыбдыры да, аққан судың сылдыры да, жауын тамшысының тырсылы да, құс біткеннің сайрауы да өзінше бір саз, ғажайып әуен. Адам табиғаты әдемі әуенді естуге құмар, жағымды сазды жаны қалайды да тұрады. Олай болса дініміз адамның табиғатында бар осынау қажеттілікті тұмшалап, тамырына балта шауып жоқ қылу үшін емес, реттеу үшін келді. Пайдалысы мен зияндысын ажырату үшін жіберілді. Абай атамыз мұны бір ауыз сөзбен: "Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын кесері бар" - деп қалай әдемі жеткізген. Айтпағым әрине бұл емес.

Өткенде өнерде жүрген бір ауылдас інім дінге қатысты өзін мазалап жүрген кейбір орынды сұрақтарын маған қойып жатты. Әңгіме барысында: "Қайреке, біз енді халықтың алдында еркелеп жүрген жандармыз. Құлшылық ету бәрімізге парыз. Дұрыс. Бірақ Алланың алдында да еркелеп, бес уақыт намазды оқымай-ақ қойсақ болмай ма?" - деп айды аспаннан бірақ шығарды.

Мен сәл кідірдім де: "Мысалға сен сахнаға шығып өз өнеріңді халыққа көрсеттің. Елдің бәрі өнеріңе тамсана қол шапалақтап, ризашылығын білдіріп жатыр. Тіпті біреулері өнеріңе қайран болғаны соншалық, еріксіз орындарынан тұрып кеткен. Осы сәтте көрермендер арасында бір кісіге көзің түсті. Әлгі адам да ешқандай реакция жоқ. Сен кейіннен оған "өнерім ұнамады ма?" - дейсің. Сонда әлгі адам: "Ұнады. Бірақ саған еркелегендіктен, өнеріңе таң қалмай-ақ қояйын" - деп шештім десе, қандай ақымақ жауап болар еді. Таң қалып, қайран болудың еркелікпен қандай қатысты бар. Адам кез-келген ұнаған нәрсесіне еріксіз түрде тамсанып, таң қалады. Міне, намаз да ең әуелі Алланың аса құдіреті мен құзіретінің, шексіздігі мен шеберлігінің, ұлылығы мен кемелдігінің алдында таң қалып, "Аллаһу әкбар" яғни, " Уа, Аллам! Сен неткен ұлықсың" - деп қайран қалуды білдірудің нақты көрінісі емес пе?

Немесе сен біреуді ажалдан құтқарып қалдың, сосын оны жақсылап киіндіріп, қарнын тойдырып шығарып салдың. Бірақ әлгі адам сенің жасаған жақсылығың үшін алғысын білдіріп, рахметін айтпады. Осының бәріне куә болып тұрған үшінші бір адам әлгіге: "Сен қандай адамсың, мына кісінің осыншама жақсылығын көрдің. Ең болмаса, кетеріңде рахметіңді айтып, ризашылығыңды білдірмейсің бе?" - дейді. Сонда әлгі адам: "Мен еркелегендіктен алғыс айтпай-ақ қояйын" - деп шештім десе, осы жауабы ақылға қонымды жауап бола ма? Әрине жоқ. Себебі жақсылық алдында қарыздарлығыңды сезінуің, сол үшін алғысыңды білдіруің адамгершіліктің белгісі. Оның еркелікпен ешқандай қатысы жоқ. Ал енді Алла адамды жоқтан бар етіп жаратты, көретін көз, сөйлейтін тіл, ойлайтын ақыл берді. Он екі мүшеңді тегін сыйлады. Бойыңа түрлі қабілет берді. Жарығы мен жылуын төгіп тұрған Күнді адам үшін арайлап атырып, алаулап батырып қойды. Құлым жесін деп дәмі тіл үйіретін сан-алуан жеміс-жидекті тарту етті. Етін жеп, сүтін ішсін, жүні мен терісін пайдалансын деп жан-жануарды адамзаттың қызметіне ұсынды. Қысқасы, айналамыздағы барша әлем бізге қызмет етуде. Ендеше, осының бәріне құлшылық арқылы алғысымызды білдірудің еркелікпен қандай қатысы бар" - дедім. Інім еріксіз бас изеп отыр. "Қайреке менің мына сұрағым шынымен де тым ұят екен" - деп қатты қысылып қалды. Келесі бір кездескенімде артыма ұйып намазын оқып жатты. Аллаһу әкбар!

ҚМДБ наиб мүфтиі
Мамбетбаев Қайрат Жолдыбайұлы

Published in Ғибратнама

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником