Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри
Жаңалықтар
Пятница, 27 Март 2015 00:00

Алла Тағала сипаттары

Алла Тағалаға иман келтірген мұсылман баласы Оны көркем сипаттары арқылы тануға тиіс. Ұлы Жаратушыны тану дәрежесіне қарай адамның Оған деген махаббаты артып, үміті мен қорқуы күшейе түседі. Оны таныған сайын иманы күшейеді. Ұлы Жаратушысына деген жақындығын сезініп, тақуалығы мен тәуекелі арта түседі. Ұлы Иесін жеткілікті түрде таныған адам ғана күнә атаулыдан бойын мейлінше алыс үстап, түрлі күдікті ойлардан аулақ жүреді. Адам ақылы Ұлы Алланы толық танып, біле алмайды. Өйткені, адам шектеулі, ал Ол – шексіз. Деcек те, Оны Құранда әрі хадистерде айтылған сипаттары арқылы танып-білуге міндеттіміз.

Ұлы Алла бар әрі бір және барлық кемел сипаттардың шынайы иесі. Оған тек қана кемел сипаттар тән. Нұқсан сипаттардан Ұлы Иеміз пәк. Алла Тағаланың сипаттары сәлби және субути болып екіге бөлінеді.

Сәлби сипаттары. Бұл сипаттар тек қана Алла Тағалаға тиесілі, Одан басқа ешкім бұл сипаттармен сипатталмайды. Сәлби сипаттар – бесеу.

1. Әл-Қидам.

Алла Тағаланың бар болуының бастауы жоқ деген мағынаны білдіреді. Бұл сипат Алла Тағаланың әзәли екендігін, яғни Ұлы Иеміздің барлығының алдында ешқашан жоқтық болмағандығын білдіреді. Оның бар болмаған ешбір заман, уақыт, тіпті, бір мезет жоқ. Заман, уақыт деген ұғымды Ол өзі жаратқан. Өйткені, Алладан басқаның бәрі кейіннен пайда болып, Оның шексіз құдіреті мен бөгетсіз қалауы арқылы тіршілік бетіне шыққан. Иә, Алла Тағаланың бар болуының бастауы жоқ. Керісінше, Ол – кейіннен жаратылған барлық жаратылыстың жалғыз бастауы. Қидам сипатына қайшы мағынада келетін «худус» сипаты, яғни, кейіннен пайда болу – Ұлы Жаратушы үшін әсте мүмкін емес.

2. Әл-Бәқаа.

Бар болуының соңы, ақыры жоқ – мәңгі деген мағынаны білдіреді. Бұл сипат – Алла Тағаланың мәңгі екендігінің, яғни, бар болуының соңы, ақыры жоқ екендігін білдіретін сипат. Алла Тағала әзәли яғни, барлығының бастауы болғаны секілді соңы да жоқ мәңгі. Барлық жаратылыстың белгілі бір уақыттан кейін жоқ болып, көз алдымыздан кетуі – оларды жоқ еткен Ұлы Жаратушымыздың мәңгілігінің белгісі.

3. Әл-Уәхдания.

Бұл сипат «біреу, жалғыз, дара» деген мағынаны білдіреді. Алла Тағала затында, барлық сипаттары мен істерінде жалғыз, біреу. Оның ортағы, серігі, теңдесі жоқ. Ұлы Алла көбеюден, азаюдан, бірігуден, бөлінуден, ажыраудан пәк. Өйткені, бұның бәрі – кейіннен жаратылғандардың ерекшеліктері. Алла Тағала бұндай нұқсан, кемшілік сипаттардан пәк әрі жоғары.

4. Әл-Мухалафатул лилхауадис.

Кейіннен пайда болғандарға еш ұқсамау деген мағынаны білдіреді. Бұл сипат – Алла Тағаланың кейіннен жаратылғандардың ешқайсысына мүлдем ұқсамайтындығын немесе ешбір нәрсенің Оған ұқсамайтындығын білдіретін сипат.Ұлы Жаратушыдан басқаның бәрі кейіннен пайда болған. Міне, Алла Тағала осы кейіннен пайда болғандардың ешқайсысына ұқсамайды. Әрі олардан бөлек, өзгеше. Өйткені, барлық нәрсе Алла тарапынан кейіннен жаратылған. Ал, жаратылған нәрсе дене, түр, уақыт, мекен сияқты ерекшеліктерге тәуелді болғандықтан үнемі өзгереді, ауысады және бір-біріне ұқсайды. Соңында бәрі жоқтыққа, пәнилікке бас иеді.

5. Қиям би нәфсиһи.

Бар болу үшін басқа біреуге мұқтаж болмау деген мағынаны білдіреді. Алла Тағала бар болу үшін басқа бір жаратушыға немесе белгілі бір мекенге, арнайы бір уақытқа, жалпы себепке мұқтаж емес. Егер Алла да бар болуы үшін басқа бір себепке мұқтаж болса, жаратушы емес жаратылған болар еді. Ал, Хақ Тағаланың жаратушы һәм жаратылған болуы ақылға теріс. Алланың бар болуы сырттан басқа бір күштің жаратуы арқылы емес. Өйткені, Оның барлығының бастауы жоқ, яғни, кейіннен пайда болмаған − Әзәли.

Субути сипаттары. Субути сипаттар сегіз. Олар мыналар:

1. «Хаят» сипаты тірі болу деген мағынаны білдіреді. Алла Тағала тірі әрі тірілігі мәңгі. Әр нәрсеге, өлі топыраққа, жалпы жаратылысқа жан беріп, тіршілік иесі еткен Алла екені сөзсіз. Бұл сипат Ұлы Алладан бір мезет болса да ажырамайды. Өйткені, Оның кемелдігі тек қана мәңгі тірі болу арқылы жүзеге асады. Алла Тағаланың Тірі болу сипаты Ілім, Қалау, Құдірет және басқа сипаттарымен тікелей байланысты. Өйткені, тірі болмағанның бір нәрсені білуден, қалаудан және жаратудан мақұрым қалатыны айтпаса да түсінікті.

2. «Ілім» сипаты білу деген мағынаны білдіреді. Ұлы Алланың ілімі жаратылғандардың ілімі секілді таяз, шектеулі әрі кейіннен жиналған емес. Оның ілімі шексіз, еш құралды қажет етпейді және барлық нәрсені қамтитындай өлшеусіз. Иә, Алла Тағала – әр нәрсені білуші. Ол жарияны білгені секілді құпияны да біледі. Барлық өткен заманды толық білгені секілді келешекті де біледі. Жердің астындағыны білгені сияқты көктегіні де біледі. Көзге көрінетінді білгені сияқты көрінбей жасырын қалғанды да біледі. Барлық болып-кеткенді білгені тәрізді бүкіл болатынды да біледі. Себебі, оның ілімі кейіннен үйрену, оқу арқылы пайда болмаған. Оның ілімінің бастауы жоқ – әзәли. Міне, сондықтан Оның ілімі үшін үлкен мен кішіні, жария мен құпия арасында еш айырмашылық жоқ. Оның ілімінен ешбір нәрсе тыс қалмайды.

3. «Сәмғ» сипаты есту дегенді білдіреді. Ұлы Иеміздің естіп, білуі жаратылғандардікі сияқты шекті, нұқсан әрі себеп-құрал, дәнекерге мұқтаж емес. Иә, Алла Тағала әр нәрсені естіп біледі. Оның бір нәрсені естуі басқа нәрселерді естуіне бөгет емес. Өйткені, Алланың бұл сипаты кейіннен пайда болмаған. Алла Тағаланың естуі жаратылғандардың естуіне мүлдем ұқсамайды. Себебі, жаратылғандардың естуі кейбір ағзалардың, құралдардың көмегі арқылы жүзеге асады. Ал, Алла Тағала ешбір құралға, ешбір себепке тәуелді емес. Міне, сондықтан ең жасырын, ең құпия дыбыстар да Оның естуінен тыс қалмайды.Алла Тағаланың өзіне жалбарынған құлдарының жасырын және құпия әр түрлі зікірлерін, дұға-мінәжаттарын қабыл етіп, хикметіне сай мұқтаждықтарын қамтамасыз етуі – Оның әр нәрсені толық еститіндігінің дәлелі.

4. «Басар» сипаты көру деген мағынаны білдіреді. Алла Тағала өзінің ұлылығына әрі шексіздігіне лайық дәрежеде көру сипатымен сипатталады. Ұлы Алла Тағала әр нәрсені кемел түрде еш нәрсенің көмегінсіз, ешбір құрал-жабдықсыз біліп, еститіні секілді әр нәрсені еш кемшіліксіз, еш нәрсенің көмегінсіз көреді. Оның ілімі және естуі шексіз болғаны секілді көруі де шексіз. Оның бір нәрсені көруі басқа нәрселерді көруіне бөгет емес. Оның көруінен ең кішкентай атом да, басқа да тыс қалмайды. Оның назарында жасырын мен құпия, жарық пен қараңғы, алыс пен жақын, үлкен мен кішінің арасында ешбір айырмашылық жоқ.

5. «Ирадә» сипатықалау деген мағынаны білдіреді. Ұлы Алланың қалауы әзәли және еш бөгетсіз. Қалағаны еш күмәнсіз орындалады. Қаламаған нәрсесін күллі әлем жиналып іске асырмақ болса да, жүзеге аспайды. Оның қалауына ешкім тосқауыл бола алмайды.Жоқтықтан тіршілік әлеміне шығарылған сансыз жаратылыстың миллиондаған түр-тұрпат, түстерге бөлініп, әр түрдің өзіне тән ерекшеліктерге ие болуы – Оның еш бөгетсіз қалауының дәлелі. Жаппар Иеміз хикметіне орай қалағанын қалаған түрде, қалаған уақытында жаратады. Және қалағанын қалаған уақытта өзгертіп, қалаған уақытта жоқ етеді. Қалағанына байлық беріп, қалағанына кедейлік шапанын кигізеді. Қалағанының дәрежесін көтеріп, қалағанының абыройын айрандай төгіп, төмен түсіреді.

6. «Құдірет» сипаты күш-қуат деген мағынаны білдіреді. Ұлы Жаратушымыз – шексіз және мәңгі құдірет иесі. Қаласа күллі әлемді бір мезетте бар етіп, бір сәтте жоқ етеді. Оның құдіреті кейіннен пайда болмаған, яғни, бастауы жоқ әрі мәңгі. Оның шексіз құдіреті үшін кішкентай атомды жаратуымен сансыз галактикаларды, ондағы сансыз жұлдыздарды жарату оңайлық жағынан бірдей. Сондықтан көк жүзіндегі барлық Күн, Ай, басқа да ұшы-қиыры жоқ жұлдыздар, жердегі жалпы жаратылыс – Оның құдіретіне бас иіп, еш ақау-кемшіліксіз мына таңғажайып үйлесімді жүйені бұзбай әрекет етуде.

7. «Кәлам» сипаты сөйлеу деген мағынаны білдіреді. Ұлы жаратушымыз Алла Тағала сөйлеу сипатына ежелден ие. Оның кәлам сипаты кейіннен пайда болмаған және әр түрлі әріп, дыбыстарға мұқтаж емес. Алла Тағала сөзін Өзінің ұлылығына лайық түрде періштелеріне естіртіп жеткізеді. Ұлы Жаратушымыздан түскен бүкіл кітаптар мен уахилер – осы сипаттың дәлелі әрі жердегі көрінісі.

8. «Тәкуин» сипаты жоқты бар етіп немесе бар нәрседен екінші бір нәрсені жарату деген мағынаны білдіреді. Алла Тағала барлық әлемді және қалаған нәрсесін кемшіліксіз хикметіне орай бар етіп жаратуы тікелей осы сипатқа байланысты. Әлемдегі сансыз әрі сан алуан жаратылыс – осы сипаттың айқын дәлелі. Алланың «кун!», яғни «бол!» деген бұйрығы арқылы кез келген нәрсе әп-сәтте бар болады.

Published in Аллаға иман
Пятница, 27 Март 2015 00:00

Аллаға иман келтіру

Бүкіл әлемдердің Жаратушысы, барлық нәрсені жоқтан бар еткен, барлық нәрсені жаратуға құдіреті жететін бір Аллаға сену – балиғатқа жеткен әрбір ақыл есі дұрыс пендеге парыз. Ғалымдарымыздың пікірі бойынша, пайғамбар келмесе де адамдар Алланың бар және бір екендігін ақылдарымен табуы – уәжіп. Себебі, адамның қабілеті мен ақылы бұған жететіндей деңгейде жаратылған.

Бізді қоршаған әлем, аспан мен жердегі қаншама теңдесі жоқ жаратылыстың баршасы Ұлы Жаратушымыз Алланың бар екендігіне толықтай айғақ бола алады. Бұл жөнінде Қасиетті Құран Кәрімде: «Жер мен көктің жаратылуында және күн мен түннің алма-кезек өзара алмасуында ақыл иелері үшін (Алланың бірлігін, барлығын білдіретін) айқын дәлелдер бар»[1],– деп нақты баян етілген. Және бір аятта Алла Тағала: «Жер мен көктің жаратушысы Алланың бар екендігіне күмәнданасыңдар ма?»[2] – деп бұлтартпас айғақпен ұғындырады.

Алайда, бір айта кетер жайт, аспан мен жердің арасындағы тіршілікті жоқтан бар еткен, бүкіл әлемдердің жаратушысы Алла Тағаланы толық мәнмағынасында қамтып түсінуге адамның ақылсанасы жетпейді. Себебі, адамның болмысы шектеулі.

Олай болса, шектеулі тіршілік иесі адамның шексіз құдірет Иесі Алла Тағаланы толық көріп, біліп тани алмайтыны анық. Алла Тағаланың өзін толық танып, білу былай тұрсын, Алланың жаратқан тіршіліктегі заттар мен құбылыстардың да қырсырына үңілуде ақыл шарасыздық танытып жатады. Бізге Алланы толық білуді емес, Оның барлығы мен құдіретіне сеніп, құлшылық ету бұйырылған. Әрине, мәселенің бұлай болуы да бекерден-бекер емес. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадис шәрифте: «Сендер Алланың нығметтерін (жаратқандарын, құдіретін, ұлылығын) ойлаңыздар. Бірақ, Алланың заты жайында ойланбаңыздар»,[3]– дейді.

Сонымен қатар, Пайғамбарымыз шайтан адамға ананы кім жаратты, мынаны кім жаратты деген сұрақты сұрататындығын айта келіп, мұндай жағдайға түскен кісіге сол сәтте «Кәлимә-и шахадатты» айтуы керек екенін ескерткен.

Олай болса, Ұлы Жаратушыға сенім мәселесінде ешқандай күмән мен жаңсақ пікірге бой алдырмай, Алла Тағаланы жалғыз әрі жаратылғандарға мүлдем ұқсамайтын нұқсан сипаттардан пәк деген нақты пайымды ұстанғанымыз жөн.

Алла Тағаланың бар және бір екендігінің ең басты дәлелі қасиетті Құран Кәрім болып саналады. Құранда Алланың жалғыз екендігі, Өзінен басқа тәңірі жоқ екендігі мен құлшылық иесі екендігі, әуелі мен ақыры жоқ екендігі және бар болу үшін еш нәрсеге мұқтаж емес екендігі көптеген аяттарда кездеседі. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала өзінің шынайы тәңірі екендігін былай деп келтіреді: «Рас мен Алламын, Менен басқа тәңірі жоқ. Сондықтан маған құлшылық қыл. Сондай-ақ, Мені еске алу үшін намазды толық орында»[4].

«Ол сондай Алла көктерді тірексіз көтерді, көріп тұрсыңдар. Содан соң ғаршыны меңгеріп күн мен айды іске қосты. Олардың әрқайсысы белгілі бір мерзім үшін жүреді. Бүкіл істерді Өзі жолға қойып, аяттарды ашық баян етеді. Әрине, Раббыларыңа кездесетіндеріңе нанарсыңдар»[5].

«Көктер мен жердің жаратылуы және ондағы жәндіктердің таралуы Оның белгілерінен. Ол оларды қашан қаласа да жинауға күші толық жетеді»[6].

Міне, Құранда осыған ұқсас аяттар жеткілікті. Мұның бәрі Алла Тағаланың бар екендігіне айқын дәлел болып табылады. Дегенмен, кейбір адамдар Алланың жалғыз екендігіне күмәнданып, санасында бірнеше құдайға деген сенім қалыптастырады. Бірақ, сенімнің бұл түрі күпірлік болып саналады. Құранда Алланың серігі жоқ жалғыз екендігі «Ықылас» сүресінде анық баяндалады:«(Мұхаммед (с.ғ.с.) Оларға айт: Ол Алла біреу-ақ. Алла ешнәрсеге мұқтаж емес. Ол тумады және туылмады. Әрі оған ешкім тең емес».

[1] «Әли Имран» сүресі, 190-аят
[2] «Ибраһим» сүресі, 10-аят
[3] Китабул әрбайн, 1-том, 90-бет
[4] «Таһа» сүресі, 14-аят
[5] «Рағыд» сүресі, 2-аят
[6] «Шура» сүресі, 29-аят

Published in Аллаға иман

Ержан қажы Малғажыұлы

بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيم

الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاةُ وَالسَّلامُ عَلَي أَشْرَفِ الْمُرْسَلِين وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِين

Жаһандану заманындағы толассыз ақпараттар ағынын адам баласының ой-санасы түгел қамтуы мүмкін емес. Сырттан келген кірме ойлар мен пікірлер, идеялық басқыншылық, жоғары технологияның күн санап қарыштап дамуы адам баласын діні мен ділінің темірқазығынан алыстатып, әу бастағы қалыпты пенделік бағытынан, табиғатынан ауытқытып бара жатқандай.

Расында, адам баласы бүкіл ақпаратты талғамсыз қабылдай беретін компьютер не робот емес, ет пен сүйектен тұратын жаратылыс, Жаратушының ең көркем туындысы.

قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿لَقَدْ خَلَقْنَا الإنْسَانَ فِي أَحْسَنِ تَقْوِيمٍ﴾

Алла Тағала: «Шын мәнінде, Біз адамды ең көркем бейнеде жараттық [1] », –дейді.

Ендеше, осындай ақпараттар аласапыраны заманында әрбір адам үшін қандай жағдай болса да, шеңберінен шықпайтын тұрақты таным тұғыры, адамгершілік қағидаттар жүйесі болуы тиіс. Олай болмаған жағдайда, жат ағымның, идеологиялық басқыншылықтың құрбанына айналуы ықтимал. «Ат айналып қазығын табады» дегендей, идеялық басқыншылыққа қарсы тұрарлық иммунитетті қалыптастыратын рухани құндылықтарының қазығы болуы қажет. Ол қазық – адамның өскен ортасынан алған жақсы тәрбиесі, рухани құндылықтары, ұлттық салт-санасы, имандылығы. Ұлттық ділі мен діні толыққанды болған жан сырттан төнген рухани басқыншылыққа төтеп бере алады.

Қазақ ежелден мұсылман халық. Ислам дінімен қауышқанына он екі ғасырдан асты. Сол замандардан бастап ұлттық сана-сезімі, салт-дәстүрі, мәдениеті мен әдебиеті асыл дініміздің құндылықтарымен бірге дамыды. Бір-бірімен астасып, ажырамас құндылыққа айналды. Ислам діні қазақ хандарының идеологиялық бағыты болды, мемлекеттік дініне айналды.

Біз салт-дәстүр дегенде тек қана мәдени әдет-ғұрыптарымызды ғана емес сонымен бірге ұлттық мінез-құлық қағидаларын, әдептілік ұстындарын, адамгершілік қағидаттарына айналған моральдік принциптерін, тағылымды тәрбие ұстындарын, даналықты, ізгілікті насихаттайтын сан ғасырлық мұраларымызды айтамыз. Осы мұраларымызды көздің қарашығындай қорғап, кәдеге асырған жағдайда ғана ұлттық болмысымызды сақтап қаларымыз анық.

Қоғамдағы ізгі рухани құндылықтарды сақтап қалу бүкіл әлеуметтің ортақ міндеті. Қоғамда шығып жатқан талай келеңсіз жайттар ең алдымен ата-дәстүрімізден жалғасып келе жатқан ибалық, имандылық, ұяттылық, қарапайымдылық, кішіпейілділік, қанағатшылдық сияқты асыл қасиеттерден, дегдарлық дәстүрімізден айрылып бара жатқандығымызды білдіреді. Біз имандылыққа шақыру дегенде тек құлшылыққа, ғибадатқа шақыруды ғана айтпаймыз, ең алдымен халқымызда бар әдептілікке, жақсы мінез-құлыққа, адамдар арасындағы жақсы қарым-қатынасқа, мейірімділікке, иманды тәрбиеге шақыруды айтамыз. Пайғамбар (с.ғ.с.) да өзінің адамзатқа елші етіп жіберілуінің ең басты мақсаттарының бірі көркем мінез-құлықты толықтыру екендігін баса айтқан.

قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «بُعِثْتُ لِأُتَمِّمَ مَكَارِمَ الْأَخْلاَقِ». رَوَاهُ الْحَاكِمُ.

«Мен көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім [2] ».

Ендеше, халқымыздың асыл қазынасы болып саналатын игі дәстүрлеріміз орнықты болса, имандылығымыз да, дініміз де баянды болмақ. Өйткені қазақ халқындағы дін мен дәстүрді бір-бірінен айырып қарауға келмейді. Мысалы, қанға сіңген қасиетіміз қанағатшылдықтың асылы дінімізде, әйелдеріміздің ибалылығының негізі де, үлкенге құрмет, кішіге ізет, әдептілік те, обал-сауапты білу, аманатқа қиянат жасамау, ешкімге жәбір көрсетпеуге тырысу, жапа шеккен жанның наласынан, жетім-жесірдің ақысын жеуден қорқу сезімі, Құдай Тағаланың қаһарынан қорқу, ағайынгершілік, адал мен арам ұғымы – барлығының негізі дінде жатыр. Сол сияқты туған елге, жерге қатысты отаншылдық, сүйіспеншілік сезімдері де имани сезімдермен астасып жатқан дүние.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанған бағыты да ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан діни дәстүрлерімізді жаңғырту, елдің рухани құндылықтарының қайта түлеуіне мұрындық болу болып табылады. Қазақ халқы замана көшінен қалып қойған жұрт емес. Өзіндік мәдениеті, тілі, ділі, салт-дәстүрі, бабалар салып кеткен діни бағыты бар. Ол бағыт Құран Кәрім аяттары мен Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетіне негізделген сара жол. Оның ішінде шариғаттағы іс-амал бойынша Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы, ал діни танымдық мектебі Имам әл-Матуриди қалыптастырған тура жол. Осы бағыт діни бірлестіктер туралы заңда да айқын көрсетілді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы алдыңғы Жолдауында былай деген болатын: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – Ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал. Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек. Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек».

Шариғатта «Фиқһул-әуләуиат» деген ұғым бар. Оның мағынасы қазіргі кезде ең өзекті болып тұрған мәселелерге басымдық беру, солардың шешімін көрсетіп беру дегенді білдіреді. Мысалы, қазіргі қазақ қоғамында көкейтесті мәселелердің қатарында қоғамда белең алып бара жатқан індеттер, келеңсіз жайттарға қарсы күресу, жастарды имандылық жолына тарту, қазақтың ізгілік дәстүрлерін қайта жаңғырту, діни сауатсыздықты жою сияқты мәселелер тұр. Ал әлдебір екі оқыған діндардың арасындағы дүрдараздық, пікір қайшылығы ең басты мәселе емес. Осы бір аса маңызды нәрсе көп адамдардың назарынан тыс қалуда.

Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның. Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі берік, келешегі кемел. Өзге елге барғанда өз еліңнен айырмашылығын бірден байқайсың. Өз жұртыңның артықшылығын, кемшілігін бағалай аласың. Мұның өзі Жаратушының әрбір халықтағы иләһи белгілері, хикметі.

Ақиқатында, адамзаттың әр ұлтқа бөлініп, түрлері мен түстерінің, нәсілі мен тегінің һәм тілі мен диалектісінің әркелкі болуы Алла Тағаланың айнымас аяттары. Оларды мойындамау, белден басу, теріске шығару Жаратушының хикметпен жарату заңына қарсы шыққанмен тең.

قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿وَمِنْ آيَاتِهِ خَلْقُ السَّمَاوَاتِ وَالأرْضِ وَاخْتِلافُ أَلْسِنَتِكُمْ وَأَلْوَانِكُمْ إِنَّ فِي ذَلِكَ لآيَاتٍ لِلْعَالِمِينَ﴾

Алла Тағала былай дейді: «Көктер мен жердің жаратылысы және тілдерің мен түстеріңнің әр алуандығы Оның (Алланың) белгілерінен. Шындығында, осында білушілер үшін, сөзсіз, белгілер бар[3]».

الْعُرْفُ اصْطِلاَحًا: مَا اسْتَقَرَّتِ النُّفُوسُ عَلَيْهِ بِشَهَادَةِ الْعُقُولِ، وَتَلَقَّتْهُ الطَّبَائِعُ بِالْقُبُولِ

«Әл-урф» сөзінің шариғаттағы терминдік анықтамасы мынадай: «Ол ақыл-ойдың, логиканың құптауымен көңілдерге орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер [4] ».

Әдет-ғұрып мұсылман заңнамасында кейбір мәселелерді шешуде айғақ ретінде қолданылады әрі шариғат ғалымдары арасында мақұлданған. Ханафи мәзһабының кейбір өкілдері шариғат ережесіне сай келген ғұрып нақтылы шариғи дәлел ретінде қарастырылатындығын айтқан. Бұл тұрғыда фиқһ негіздерін зерттеуші ғұламалар мына аятты алға тартқан.

قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ﴾

Алла Тағала: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал [5] », – деп бұйырған.

Сондай-ақ, Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен мына риуаятты дәлелге келтіреді.

مَا رَآهُ الْمُسْلِمُونَ حَسَنًا فَهُوَ عِنْدَ اللَّهِ حَسَنٌ وَمَا رَآهُ الْمُسْلِمُونَ سَيِّئًا فَهُوَ عِنْدَ اللهِ سَيِّءٌ

«Мұсылмандар жақсы деп есептеген нәрсе Алланың алдында жақсы, мұсылмандар жаман деп көрген нәрсе Алланың алдында жаман».

Мұсылман тіршілігіне қатысты сан алуан салалардағы іс-әрекеттердің заңдылық сипатын анықтайтын фиқһ ілімінің негіздерінде العادة محَكَّمة «әл-ъаада мухаккама» деген заңнамалық қағида бар. Мағынасы «әдет-ғұрып – төреші», яғни нақтылы дәлелдер келмеген кейбір мәселелерде адамдар арасында қалыптасқан әдет-ғұрыпқа жүгініп, солардың негізінде үкім шығарылады дегенді білдіреді. Демек, кейбір кезде салт-дәстүр, ғұрыптар заңды дәлел ретінде қарастырылады. Бұл ереже фиқһ ілімі ғұламалары түзген, мақұлдаған аса маңызды қағидалардың бірі болып саналады.

Әдет-ғұрып заман ауысқан сайын өзгеріске ұшырап, дамып отыратын құбылыс. Сондықтан да фиқһ ғұламалары әр заманға және қалыптасқан әдет-ғұрыпқа сай кейбір тармақты үкімдердің өзгеріп отыратындығын айтқан. Осы себепке байланысты түрлі мәселелерге пәтуә беретін шариғат ғалымынан өзі отырған аймақтың әдет-ғұрпы мен мәдениетінен толыққанды хабардар болуы талап етіледі.

Жаратқан Иеміз еліміздің тәуелсіздігін, тыныштығын баянды етсін. Жан-жақты дамыған, имандылық салтанат құрған іргелі елге айналдырсын!

[1] «Тин» сүресі, 4-6-аяттар
[2] Әл-Хаким
[3] «Рум» сүресі, 22-аят
[4] Әл-Маусуа әл-фиқһия әл-куәйтия, 30-том, 53-бет; Әл-Журжанидің әт-Тағрифат кітабы
[5] «Ағраф» сүресі, 199-аят

Published in Ғибратнама
Пятница, 27 Март 2015 00:00

Шапағаты мол Наурыз

Облыстық «Марал ишан» мешітінде Ұлыстың ұлы күні ойдағыдай тойланды.

Жасыратын ештеңесі жоқ, елімізде тәуелсіздік алғанға дейін дінге көзқарас мүлдем басқа болатын. Ал егемендіктен кейін бұл түсінік түбірімен өзгерді.

Асылхан Мұханбетжанұлы Түсіпбек ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкіл имамы болып тағайындалғалы бері әрбір шараның адамның жан-дүниесіне әсер етіп, оның танымдық-тағылымды жағына ерекше назар аударып келеді.

Баршаға мәлім, ұзақ жылдар бойы Наурыз мерекесі аталмай келді. 1988 жылы ғана көрнекті мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың тікелей қолдауымен аталмыш мейрам қазақ елінде қолға алынып, барынша жандана түсті.

Биылғы Ұлыстың ұлы күні облыстық «Марал ишан» мешітінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қалыптасқан дәстүр бойынша облыстың бас имамы аталмыш киелі орынның алаңына жиналған қауымды мейраммен құттықтап, жерлестерімізге мықты денсаулық, шаңырақтарына ізгілік пен молшылық тіледі.

Шапағаты мол мереке құрметіне басқосқан жұртшылық бір-біріне шын жүректен «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!», «Ақ мол болсын», «Қой жылы тек ырыс-береке мен молшылық алып келсін» десіп ізгі тілектерін білдірісті.

Әрине, бұл жиында Наурыз мейрамында жүрегі мейірімге толы мұсылмандар, жетім мен жесірлерге қайырымдылық жасалды, жастар жағына ата-әжелерімізден ақ бата алу керектігі де айтылды. Бұрын белгілі себептермен ренжіскен кісілер кешірім жасау қажеттігі де еске салынды.

Бас имамның ғибратқа толы тілегінен кейін діни тақырыпта жұмбақтар шешу жарысы өткізілді. Мұнда топ жарып тапқырлықтарымен көзге түскен жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Қазақстан көп ұлтты мемлекет. Халықтар бірлігі - біздің басты байлығымыз. Қостанай қаласында ғұмыр кешіп жатқан ардақты апамыз Гүлсира қажы ынтымағы жарасқан күллі бауырлас халықтарға баянды бақыт, шаңырақтарына шаттық тіледі.

Сондай-ақ мешіт жанашырларының бірі Хамит қажы Хасенов мейрамға байланысты өзінің көкейінде жүрген көрікті ойларымен бөлісті. Жұртшылыққа аса сыйлы Қанағат қажы Ақшалованың жүрегін жарып шыққан жыр жолдары мен шынайы лебіздері де көпшіліктің көңілінен шықты.

Наурыз мерекесіне арналған осынау салтанатты абыз ақсақал, Қостанай облысы қажылар қауымдастығы филиалының төрағасы, облыстық «Зекет» қорының өкілі Жақсылық қажы Гайсин өзіне тән шеберлік әрі шешендікпен жүргізді.

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі ақын Жолбарыс қажы Баязид Наурыз мейрамына арналған өлеңдерін оқыды және көпшілікке ақ батасын берді.

Осы күні мейрамның құрметіне облыстың барлық деңгейдегі мешіттерінде іс-шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар спорт сайыстары - гір көтеру, және арқан тартудан да жарыс өтті. Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр бойынша алтыбақан құрылып, әуелете ән шырқалды.

Жиынды қорытындылай келіп, облыстық мешіттің бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек жарыста көзге түскендерге лайықты құрмет көрсетті. Күн көрісі төмен отбасыларына қайырымдылық көрсетіп, сый-сияпат жасады.

ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі

Published in Жаңалықтар
Пятница, 27 Март 2015 00:00

Балаларды қуанышқа бөледі.

Үстіміздегі жылғы Наурыз мерекесінде ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкіл имамы Асылхан қажы Түсіпбектің тікелей бастамасымен, Қазақстан қажылар қауымдастығы Қостанай облысы бойынша филиалының төрағасы, облыстық «Зекет» қорының өкілі Жақсылық қажы Гайсинның ат салысуымен облыс орталығындағы №2 балар үйінде Ұлыстың ұлы күні аталып өтілді.

Онда тәрбие орнының оқушылары сыныптар бойынша топтарға бөлініп, халықтар достығы жайлы көріністі ұсынды. Әрбір топ Наурыз тойын тойлау рәсімін барынша ашып, өздерінің бұл жөнінде түсініктерінің мол екендігін дәлелдеді.

Сондай-ақ әрбір ұлттың өздеріне тән өлең-жырларын, салт-дәстүрлерін паш ететін шағын қойылымдар қойды, оның соңы үлкен концертке ұласты.

Осынау басқосуда облыстық «Марал ишан» мешітінің бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек сөз сөйлеп, уағыз айтты. Балалар үйіне Әл-Фараби атамыздың суреті салынған кілемді сыйға тартты.

Мерекелік шара барысында дастархан жайылып, балалар үйінің тәрбиеленушелеріне, ұстаздарға бата беру рәсімі де көрсетілді. Онда ұжым атынан аталған жиынды ұйымдастырушыларға, яғни дін қызметкерлеріне игі тілектер айтылды. Алғыс хатпен марапатталды.

ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі

Published in Жаңалықтар
Пятница, 27 Март 2015 00:00

Наурызда өткен іс-шаралар

Дін басымыздың өз жолдауында дін мен дәстүр жылы деп жарялауына байланысты әр мешітте іс-шаралар ұйымдастырылады.

Соған орай Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бастамасымен, Наурыз мейрамының құрметіне мешіттің тұрақты жамағаты арасында ұлттық ойындардан сайыстар өткізілді. Оның ішінде Қол күрес, гір көтеру, арқан тартыс ойындары бойынша бақсынасты. Осы сайыста жас болса да көзге көрініп, ағаларымен гірді теңде көтерген мешіт шәкірті 16 жастағы Қуандықов Сабырхан 16 кг. сексен рет көтеріп бірінші орынға ие болды.

Қол күрес сайысынан бірінші орынға ие болған спортқа жақын шәкіртіміз Өмірзақов Жандос барлығын женіп асқан ерлік көрсетті. Жарыс соңында Рудный қалалық «Нұр» мешітінің Бас имамы Сейіт Темірбекұлы мен Найб имам Бейсекеев Абзал жеңімпаздарға грамота және Құран кәрім, Хадис жинағы, Тәпсір кітаптары мен басқа да сыйлықтар таратылды. Жапыс соңында мешітке келушілерге дастархан жайылып, қазақтың ұлттық тағамы наурыз көже берілді.

Published in Жаңалықтар
Пятница, 27 Март 2015 00:00

Жітіқарадағы науырыз

Жітіқара ауданында күллі түркі әлеміне әйгілі наурыз мейрамы тойланды. Аудан орталығында қазақи салт дәстүріміздің нышаны, көшпелі мәдениетінің сынығы – киіз үйлер тігіліп, алты бақан қойылып халық көтерінкі көңіл күйде қарсы алды. Биылғы жылы наурыз мейрамы жылдағыдан ерекшелігі ауданымызға, оның ішінде аудандық «Ержан Тәтішев» мешітіне Ресей федерациясының Орынбор ауданының шығыс жағының ахун-имамы, Орынбор облыстық мұсылмандары діни басқармасының наиб имамы Нуртышев Аязбек Мырзабекұлы қонаққа келді.

Наурыз құрметіне тігілген киіз үйлерді ауданымыздын христиан провослав шіркеуінің басшысы игумен Максимде Бойков қатысып ресейлік қонағымызбен танысып мерекелік лебізін білдірді.

Аязбек қажы Мырзабекұлы намазға келетін намазхан жамағатымен түскі бесін намазында кездесіп танысты. Арнайы қонақтарға жайылған мешіт дастарханынан дәм татып, мешіт қызметкерлерінің дайындаған ұлттық тағамымыз науырыз көжеден ауыз тиді.

Дастархан басында Ресей федерациясынын Кваркин ауданының әкімінің орынбасары Курманбаев Хамза Байтақұлы және ауданымыздын тілдер дамыту орталығының директоры, ақын айтыскер Тоба Өтеппаевпен «Жітіқара ауданы әкімдігінің Тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ басшысы Хакимов Асылхан Болатұлы бірге болды.

Жітіқара мешіті

Published in Жаңалықтар

Имам әт-Тирмизидің өмірбаяны

Осы берекелі кітапты оқып-зерттеуге кіріспес бұрын оның көрнекті авторының кім болғандығын айта кету қажет.

Имам Әбу Иса Мухаммад ибн Саурат әт-Тирмизи хижрадан кейін 209 жылы дүниеге келіп, 279 жылы дүние салған.

Ал, «әт-Тирмизи» есімінің оқылуына келер болсақ, оның үш нұсқасы бар: әт-Тирмизи, әт-Турмузи және әт-Тармази. Доктор Луэйәл-Халили айтқандай, бұл үшеуінің арасындағы дұрысырағы ─ әт-Турмузи. Бірақ, имам Әбу Иса орыс тілді оқырманға әт-Тирмизи ретінде белгілі болғандықтан, біз бұл есімнің өзімізге үйреншікті нұсқасын қалдырамыз.

Имам «хадистің алтын ғасыры» деп санауға тұрарлық заманда дүниеге келді. Сүннеттің негізгі кітаптары сол дәуірде жинақталып, құрастырылған болатын. Олар: имам Ахмадтың «Муснады», имам әл-Бұхаридің «Әл-Джами әс-сахихі», имам Муслимнің «Сахихі», Ибн Әбу Шейбаның «Әл-Мусаннафы» және тағы басқалар.

Имам әт-Тирмизи ерте жастан ғұламалардың сабақтарына қатысып, Құранды, Сүннетті, араб тілін және фиқһті үйрене бастады. Имам өзінің туған жері Термез қаласындағы шейхтардан ілім алумен ғана шектеліп қоймай, оқуын аяқтағаннан кейін білім іздеп, мұсылман әлемінің басқа қалалары мен аймақтарына да сапар шекті.

Имам әт-Тирмизидің басты ұстаздарының бірі Ислам тарихындағы ең ұлы мухаддис, тек қана сенімді хадистерді бір жинаққа алғаш жинаған Мухаммад ибн Исмаил ибн Ибрахим ибн әл-Мугъира әл-Джуафи әл-Бұхари болатын. Имам әт-Тирмизи, әл-Бұхариден айтарлықтай ұзақ уақыт ілім алып, нәтижесінде хадис бойынша орасан зор білімге қол жеткізді. Соның ішінде «`иляль» деп аталатын хадистердің жасырын олқылықтары жайлы ғылымды үйренді.

Оның ұстазы имам әл-Бұхари, имам әт-Тирмизидің білімін жоғары бағалаған. Имам әл-Бұхаридің имам әт-Тирмизиден жасы үлкен және білім деңгейі де жоғары болғандығына қарамастан, өзі де одан кейбір хадистерді риуаят еткен. Ол шәкірті имам әт-Тирмизиге былай деген: «Сенің менен алған пайдаңнан гөрі менің сенен алған пайдам көбірек (Тазхиб әт-Тахзиб 3\669).

Сонымен қатар, имам әт-Тирмизи имам Муслим ибн әл-Хаджад ән-Нейсабуримен де кездескен және өзінің «Әл-Джами’» атты кітабында одан бір хадис риуаят еткен.

Имам әт-Тирмизидің кітаптары:

- «Әл-Джами`», имамның бізге «Әс-Сунан әт-Тирмизи» деген атпен белгілі ең әйгілі кітабы,

- «Әл-‘Иляль әс-сағыр», «Сунанмен» бірге басылып тұрады, бұл кітапта имам өзінің «Сунанын» қалай құрастырғанын түсіндіреді,

- «Әл-‘Иляль әл-кабир», имамның ең маңызды кітаптарының бірі, имам онда хадистанудың әр түрлі салаларынан көптеген пайдалы әрі маңызды ақпаратты жинастырған. Мәселен, онда жеткізушілерді сынау мәселелері де бар. Кітаптың басым бөлігін имамның сұрақтарына өз ұстаздарынан алған жауаптары құрайды: әл-Бұхариден, Әбу Зураа әр-Разиден, Абдуллах ибн Әбдуррахман әд-Даримиден, және олардың ауқымды бөлігі имам әл-Бұхариден риуаят етілген.

- «Әш-Шамаиль әл-Мухаммадийя», Раббымыздың қалауымен біз оқып-үйренгелі отырған кітап.

Біздің «Шамаиль Мухаммадийя» кітабының жеткізушілер тізбегін (санадын) баяндауымыз

Біз бұл кітапты ұстазымыз шейх Әбдуррахим Саид Лякрим ибн ән-Нахиль әл-Магрибиден жеткізіп отырмыз. Ол өзінің ұстазы шейх Абдуль-Каримәл-Хамзамиден, шейх Абдульазиз әл-Гумариден (1418 жылы көз жұмған), шейх Мухаммад Бадруддин әл-Хасаниден(1345 жылы көз жұмған), ол бұл кітапты екі шейхтен риуаят еткен: біріншісі — оның әкесі Юсуф ибн Әбдуррахман (1279 жылы көз жұмған), екіншісі — шейх Абдуль-Кадир ибн Салих әл-Хатыб әд-Димашки (1288 жылы көз жұмған), ал, ол — екі шейхтен, Саид әл-Халябиден (1259 жылы көз жұмған) және Әбдуррахман әл-Казрири әд-Димашкиден (1262 жылы көз жұмған), ол екеуі де — әд-Димашкидің әкесі Мухаммад әл-Казририден (1221 жылы көз жұмған), оның әкесі Әбдуррахман әл-Казрири әд-Димашкиден (1185 жылы көз жұмған), Әбу әл-Мауахиб әл-Ханбалиден (1126 жылы көз жұмған), шейх Әбу әл-Фадль Мухаммад әл-Хамзауиден (1085 жылы көз жұмған) әш-Шамс әл-Майданиден (1033 жылы көз жұмған), Шейхуль Ислам әт-Тыбиден (979 жылы көз жұмған), Мысыр мен Шамның мүфтиі Әбу әл-Бак Камал әд-Дин әл-Хамзауиден (933 жылы көз жұмған), Амируль Муминин филь-хадис Ибн Хаджар әл-Аскаляниден (852 жылы көз жұмған), Абдулллах ибн Халильәд-Димашкиден (805 жылы көз жұмған), хафиз әл-Миззи әд-Димашкиден (746 жылы көз жұмған) және Зейнаб әл-Макдисия (746 жылы көз жұмған) және ол екеуі де — Ибн әл-Бұхариден (690 жылы көз жұмған), Әбу әл-Айман әл-Киндиден (613 жылы көз жұмған), Әбу Шуджәл-Бистамиден (562 жылы көз жұмған), Әбу әл-Касим әл-Халилиден (496 жылы көз жұмған), Әбу әл-Касим әл-Хузаидан (411 жылы көз жұмған), әл-Хейсам әш-Шашиден (335 жылы көз жұмған), имам әт-Тирмизиден (279 жылы көз жұмған).

Жалғасы бар ин ша Алла..
Әбу Әли әл-Әшғари, хафизахулла
____________________
Орыс тілінен аударған Azan.kz

Бұған дейін айтылғандай, шамаиль исламдық дін ілімінің бір жанры болып бөлініп шыққан және онда көптеген кітаптар жазылған.

«Әш-шамаиль» сөзі─ «әш-шималь» сөзінің көпше түрі. Ол қасиет, құндылық дегенді білдіреді. Осылайша, шамаиль — Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, тұлғасын: оның сырт келбетін, жүріс-тұрысын, киім киісін және т.б. зерттейтін ғылым.

Шамаиль Мухаммадийя бойынша жазылған негізгі кітаптар:

- «Сифату ән-Нәби», солляллаху алейхи уа саллям, авторы ─ Уахб ибн Уахб әл-Асади (200 жылы көз жұмған),

- «Сифату ән-Нәби», солляллаху алейхи уа саллям, авторы ─ Әли ибн Мухаммад әл-Мадаъини (224 жылы көз жұмған),

- «Сифату ахләқ ән-Нәби, солляллаху алейхи уа саллям», авторы ─ Дауд ибн Әли әл-Асбахани (270 жылы көз жұмған),

- «Әш-Шамаиль әл-Мухаммадия уа әл-хасаис әл-Мустафауия», әт-Тирмизи (279 жылы көз жұмған),

- «Ахләқ ән-Нәби, солляллаху алейхи уа саллям, уа адабуху», авторы ─ Абдуллах ибн Мухаммад ибн Хаййан әл-Асбахани (369 жылы көз жұмған),

- «Шараф әл-Мустафа», авторы ─ Әбу Саид Абдуль Малик ибн Мухаммад ибн ән-Нейсабури (406 жылы көз жұмған),

- «Шамаиль ән-Нәби», авторы ─ Әбу әл-Аббас әл-Мустафари (432 жылы көз жұмған),

- «Әш-Шифа бита`рифи хуқуқ әл-Мустафа», авторы ─ Қады Ияда (544 жылы өз жұмған),

- «Әл-Уафаъ биахвали әл-Мустафа», авторы ─ Ибн әл-Джаузи (597 жылы көз жұмған),

- «Шамаиль әр-Расуль уа далаилю нубуууатихи уа хасаисихи», авторы ─ Ибн Касир (744 жылы өз жұмған),

- «Уасаиль әл-уусуль иля шамаиль әр-Расуль, солляллаху алейхи уа саллям», шейх Юсуаф ән-Набхани (1350 жылы көз жұмған) жазған және шейх әл-Лахджидің «Мунтаха әс-суль» атты осы кітапқа жазған түсіндірмесі. Бұл шарх осы тақырып бойынша нағыз энциклопедия болып табылады. Сол себепті, бұл кітап әр студенттің үйінде болуы тиіс және оны Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, тұлғасын тану жолында жол сілтеуші ретінде пайдалану керек.

Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, тұлғасы сипатталатын басқа да көптеген кітаптар бар. Мәселен, «Әл-Мауахиб әл-лядунийя» әл-Кастиляни, оған шарх жазған әз-Заркани, «Мунтаха әс-суль» және т.б.

Жоғарыда аталып өткен кітаптардың арасындағы ең әйгілісі имам Әбу Иса әт-Тирмизидің «Шамаиль Мухаммадийя» кітабы екені сөзсіз. Оған қырыққа жуық түсіндірме жазылған. Солардың ішінде қазіргі кезде оқырманға қол жетімділерінің арасынан имам әл-Байджуридің (хижра бойынша 1198-1277 жылдар) «Әл-Мауахиб әл-ләдуния әля әш-шамаиль әл-Мухаммадийя» атымен белгілі «Шарх әш-Шамаиль» кітабын ерекше атап өтуге болады. Бұл кітапты шейх Мухаммад Аввама «Дар әл-Минхадж» баспасында жарыққа шығарған. Сондай-ақ, Ибн Хаджар әл-Хайтамидің (909-973)

«Әшрафуль уасалиль иля фахм шамаиль» атты түсіндірмесі де бар. Бұл кітапқа да шархты Мула Әли әл-Кари жазған. Ол «Джам` әл-уасаиль фи шарх әш-шамаиль» деп аталады. Имам әл-Мунауидің шархы жиі кездесетін түсіндірмелердің қатарына жатады. Ол әдетте «Шамаиль Мухаммадийяның» көне екі томдық басылымында кітап беттерінің шеттерінде келтіріледі.

Біз ескертпе мен түсініктеме жазуда көбіне имам әл-Байджури мен Ибн Хаджар әл-Хайтамидің түсіндірмелеріне сүйенеміз және қажет болып жатса, басқа да шархтарға жүгінеміз. Сонымен қатар, бұл еңбекте осы тақырыпқа жазылған басқа да маңызды кітаптарды пайдаланамыз. Мәселен, олардың бірі ─ «Мунтаха әс-суль».

Біз шамаиль ғылымы бойынша жазылған кітаптардың мақсаты оқырманға Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, қасиеттері жайлы мәлімет беріп қана қоймай, сүйікті жетекшіміз Мұхаммедтің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, бейнесін көз алдымызға елестету екенін түсінуіміз қажет. Ал, бұл өз кезегінде жүрегіміздегі оған деген сүйіспеншілік пен жақындықты ұлғайтады.

Жалғасы бар ин ша Алла..
Әбу Әли әл-Әшғари, хафизахулла
____________________
Орыс тілінен аударған Azan.kz

Барлық мақтау-мадақ Аллаға тән, Оның Елшісіне Алла Тағаладан игілік пен сәлем болсын.

Осы күндері Құдайға тіл тигізуші дінсіздердің ессіздігінің кесірінен баршамыздың бойымызды ашу кернеп, ызаға булығудамыз. Оларға Алла Тағала Жаратушыларының Жалғыздығын танып, мойындауы үшін ақыл-ес берген еді. Олар болса, оны Алла Тағаланың ең абзал жаратушысы ─ Мұхаммед Пайғамбарды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), мазақ етіп, қаралау үшін пайдаланды.

Кәпірлердің көпшілігі мұсылмандардың неге соншалықты наразылық танытып жатқандарын түсіне алатын күйде емес. Олар бұған тағылықтың, ақымақтықтың көрінісі және орта ғасырлардың қалдығы ретінде қарайды. Бірақ, әлгі ессіздер солардың жақын туыстары мен жақындарының карикатурасын салып, бүкіл жұртшылықтың алдында мазақ етсе, бұл олардың наразылығын, қарсылығын тудырмас па еді? Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, біздер үшін кез келген туысымыздан, кез келген бауырымыздан жақын һәм сүйікті. Өйткені, ол ─ әлемдерге жіберілген рақым және бізге құтылу жолын көрсеткен, әрдайым, тіпті өмірінің соңғы сәттерінде де үмбетін ойлаумен болған жан.

Орын алып жатқан осы оқиғалар мұсылмандардың бір сілкініп, ұйқыларынан оянуына түрткі болуы қажет. Оларға біздің дініміздің құндылығы бізге Алла Елшісі, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), жеткізген уахиде ғана емес, оның өзі де тұлға ретінде дініміздің бір бөлігі әрі біз үшін ең ұлы құндылық екенін түсінетін кез келді.

Біз Пайғамбарды, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), әжуалап, қорлап, тіл тигізу оқиғасы бірінші рет көрініс тауып отырмағанын түсінуіміз тиіс. Ол, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), тірі кезінде-ақ меккеліктердің көпшілігі оны қабыл алмаған кезде өз халқы тарапынан қуғынға ұшырады. Алла Тағала ол туралы былай дейді:

مَا أَنتَ بِنِعْمَةِ رَبِّكَ بِمَجْنُونٍ ﴿٢﴾ وَإِنَّ لَكَ لَأَجْرًا غَيْرَ مَمْنُونٍ ﴿٣﴾ وَإِنَّكَ لَعَلَىٰ خُلُقٍ عَظِيمٍ ﴿٤﴾ فَسَتُبْصِرُ وَيُبْصِرُونَ ﴿٥﴾ بِأَييِّكُمُ الْمَفْتُونُ ﴿٦﴾ إِنَّ رَبَّكَ هُوَ أَعْلَمُ بِمَن ضَلَّ عَن سَبِيلِهِ وَهُوَ أَعْلَمُ بِالْمُهْتَدِينَ ﴿٧﴾ فَلَا تُطِعِ الْمُكَذِّبِينَ ﴿٨﴾ وَدُّوا لَوْ تُدْهِنُ فَيُدْهِنُونَ ﴿٩﴾ وَلَا تُطِعْ كُلَّ حَلَّافٍ مَّهِينٍ ﴿١٠﴾ هَمَّازٍ مَّشَّاءٍ بِنَمِيمٍ ﴿١١﴾ مَّنَّاعٍ لِّلْخَيْرِ مُعْتَدٍ أَثِيمٍ ﴿١٢﴾ عُتُلٍّ بَعْدَ ذَٰلِكَ زَنِيمٍ ﴿

(1) (Мұхаммед Ғ.С.) Сен Раббыңның мәрхаметінде жынды емессің. (2) Сөзсіз сен үшін таусылмайтын бір сыйлық бар. (3) Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің. (4) Енді таяуда сен де көресің, олар да көреді, (5) Жындылық қайсыларыңда екен? (6) Күдіксіз Раббың кімнің жолынан адасқанын жақсы біледі. Және тура жолдағыны да біледі. (7) Ендеше, өтірікшілерге бой ұсынба! (8) Егер сен босасаң сонда олардың да босағылары келеді. (9) (Мұхаммед Ғ.С.) Әрбір көп ант ішкен ынжықтарға бой ұсынба; (10) Өте айыптағыш, өсек тасығышқа да, (11) Жақсылыққа тыйым салушы, шектен шығушы күнәкарға да, (12) Сотқар, сондай-ақ тексізге де.

Алла Елшісін (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), келеке етіп, қорлағысы келетін, онымен қоймай бұл қылықтарын дүйім жұртқа «сөз бостандығы» ретінде көрсететін қазіргі кейбір карикатура салушылар секілді, меккелік пұтқа табынушылар да оны ақылынан адасқан есалаң және сиқыршы ретінде көрсетпек болды.

Исламдық діни дәстүрде Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), тұлғасына ─ оның сырт келбетін, киім киісін, мінезін және күнделікті жүріс-тұрысын сипаттауға арналған ерекше жанр бар. Бұл жанр Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), өмірін тарихи тұрғыдан талдайтын басқа жанр ─ сирадан өзгеше.

Осы дәстүрдегі ең әйгілі кітаптардың бірі имам Әт-Тирмизидің «Шамаиль Мухаммадийя» кітабы болып табылады. Ол «Сахих» Әл-Бұхари немесе «Рияду Солихин» сияқты кітаптармен бірге әрбір мұсылманның кітапханасының ажырамас бөлігіне айналды.

Қади Иядтың «әш-Шифа» кітабы секілді, бұл кітап та мұсылман әлемінің мешіттерінде ұдайы оқылып келді. Мұсылмандар соны оқып, Алла Елшісін, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), дәріптеу арқылы Алла Тағаланың берекеті мен ризалығына қол жеткізуге тырысты.

Біздің өлкеде де осы дәстүр жанданып, сира мен Алла Елшісінің, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), құндылықтары жайлы кітаптарды оқу мәжілістері жер-жерде өтіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Біз осы ортақ іске қосқан үлесіміз ретінде имам Әт-Тирмизидің кітабын кішігірім ескертпелерімізді қосып, аударуға бел будық. Енді соны Азан.кз. сайтының оқырмандарына ұсынып отырмыз.

Алла Тағаладан осы бастамамызға қолдау көрсетіп, жәрдем беруін тілейміз.

Уа соляллаху алейхи уа салаам.

Жалғасы бар ин ша Алла..
Әбу Әли әл-Әшғари, хафизахулла
____________________
Орыс тілінен аударған Azan.kz

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником