Баршаға мәлім, Рамазан айы мұсылман қауым үшін аса қастерлі. Сондықтан да болар, Асылхан қажы Түсіпбек басқаратын облыстық Марал ишан мешітінің ұжымы жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша биыл да Оразаға жан – жақты дайындық жасады.
Осы имандылық ордасының жанына арнайы шатырлы орындар жасалды. Мешітке кіре беріске «Рамазан айы құтты болсын!» деген жазулар жазылып, күні бұрын ілінді. Бұл аталғандардың бәрі де мұсылман бауырларымыздың ислам дініне деген сенімі мен құрметін барынша арттыра түсті.
Биыл да Ораза айы барысында күнделікті жұршылыққа ауызашар берілді. Онда облыс басшысынан бастап, есімдері көпке танымал азаматтар, кәсіпкерлер, намазхандар дастархан жайып, үлкенді-кішілі қауымның батасын алды.
Аталаған сауапты істің ғибратты жағын Бас имам мен оның орынбасарлары халыққа жан-жақты түсіндіріп, барлық игі жұмыстардың басы – қасында жүрді.
Бір қуаныштысы, жылдан-жылға Ораза ұстаушылардың қатарында жастардың көбейіп келе жатқандығы. Олар да Рамазан айының қасиетті екендігін жете түсініп, дінімізге бет-бұрыс жасап жатыр.
Осы айда қайырымдылық мақсатында да жұртшылыққа өнеге болар бастамалар жерлестеріміздің есінде қалды. Мешіт қызметкерлері балалар үйінде болып, оларға сый-сияпат жасады.
Сондай-ақ киелі орында ұн да таратылды. Бұл ізгілікті шараға орыс шіркеуінің өкілдері де қатысты. Ұйымдастырушыларға өздерінің шын жүректен шыққан ықыластарын білдірушілердің қатарында арамызда ғұмыр кешіп жатқан өзге ұлттың өкілдері болды.
Қадір түні де мұсылман үшін өте қастерлі. Сол себептен де шілде айының 13-нен 14-не қараған түні мешітке халық өте көп жиналды. Осы орайда да имандылық ордасының барша қызметкерлері жұдырықтай жұмылып, үлкенді-кішілі қауымға аянбай қызмет жасады.
Кешкі ауызашармен қатар сол Қадір түні сәресі де берілді. Асылхан қажы бастаған дін қайраткерлері көпшілікке уағыз айтып, бас қосудың негізгі мәні мен мағынасына тоқталды.
Осы жайларды өз көзімен көріп, көңіліне түйген бауырларымыздың бірі – Айзат Асылбектің айтуына қарағанда, жастар жағы көп жайды ұғынды. Сондай-ақ, жалпы Рамазан айының мұсылман қауымының өмірінде алар орны мен тәлімдік-тәрбиелік жағының мол екендігін жете түсінді.
Сонымен үстіміздегі жылы да Қостанай өңірінде Рамазан айы жоғары деңгейде өтті деп толық сеніммен айта аламыз.
Жоғары да әңгіме арқауына айналған облыстық Марал ишан және облыстағы барлық аудандар мен қалалардағы мешіттерде Ораза айт намазы да тиісті деңгейде ұйымдастырылды. Үш күн айтта мұсылман бауырларымыз бір-біріне ізгі тілектерін білдірісті.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі