Қасиетті рамазан айында істелген бір жақсылық бірнеше есеге көбейтілетіні белгілі. Осы айда әркім қолынан келгенше бар ізгі амалды жасап қалуға тырысуда. Біреулер ораза ұстап ауыз ашар берсе, енді біреулері мұқтаждарға садақа беріп сауап жинауда. Оразаның соңғы күндерінде Отандас ағайындармен Рудный қалалық «Нұр» мешіті біріге отырып «Қайырымдылық акциясын» ұйымдастырды. Акцияға 300.000 (үш жүз мың) теңге жиналып, ол қаржыны Рудный қаласындағы Қарттар мен мүгедектер үйі №1, Қарттар үйі №2, Балалар үйіне, Рудный түзеу мектеп-интернатына, Зағиптар қоғамына және әлеуметтік жағдайы өте төмен алты отбасыға бөлініп берілді.
Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сауабы болсын!) «Малдарыңызды зекетпен қорғаңыздар, ауру-сырқаттарыңызды садақа беріп емдеңіздер, басыңызға келген бәлекеттерге де Аллаһтан жалбарынып дұға етіп, көмек сұраңыздар» – деген.
Садақаның да материалды һәм рухани жағынан ем екендігі тағы бар.
Ораза айындағы осындай орайлы мүмкіндікті жіберіп алмау үшін қайырымдылық, тағы басқа ізгі амалдарды көп жасап, ақыретте сауаптаразымыздың ауыр тартуына тырысайық.
Ал, сауапты амалдардың алдынғы қатарында садақаның тұрғаны талассыз шындық.
Имам Тирмизи риуаят еткен және бір хадисте Аллаһ Елшісі (Оған Аллаһ Тағаланың игілігі мен сәлемі болсын!): «Шынында, садақа Аллаһ азабының жалынын өшіріп, жаман өлімнен сақтайды», – дейді.
Міне садақаның осындай керемет қасиеттері бар екенін және ақыретте көп сауабқа кенелетінін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінен байқаймыз.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің
баспасөз қызметі