Қазір сөздің емес, нақты істің заманы
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Асылхан қажы Түсіпбекпен сұхбат
Бүгінгі сұхбаттасым Асылхан Мұханбетжанұлы Түсіпбектің есімі көпке белгілі. Оның Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы болып тағайындалғанына да көп бола қойған жоқ. Алайда осы мерзім ішінде ол өзінің білімділігі мен біліктілігін, іскерлік және ұйымдастырушылық қасиеттерін көрсетті.
Дін қайраткерінің жан — жақты қырлары үстіміздегі жылғы қасиетті Рамазан айы кезінде де айқын байқалды. Жақында онымен арнайы жолығып, өзімізді көптен толғандырып жүрген сауалдарымызды қойған едік.
Төменде осы сұхбатты қалың оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік. Оның әсіресе, ислам дініне, имандылыққа ден қойған көпшілік қауымға берері мол.
Имамдардың біліктілігі мен әдебі туралы
• Асеке, сіздің осы жауапты қызметті атқарып жатқаныңызға біраз уақыт болды. Содан бері қандай өзекті мәселелерге ерекше назар аудардыңыз?
• Әрине, өзімді мақтаудан аулақпын. Осы облыстың бас имамы болғанға дейін бірқатар аудандарда қызмет атқардым. Халықтың құрметіне бөлендім. Оған дейін діни білім алдым, тәжірибе жинақтадым.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Маямеровтың бұйрығымен Қостанай облысындағы өкіл имам болып тағайындалдым.
Жаңа қызметтің де өзіндік ерекшелігі, жауапкершілігі де жеткілікті. Ендігі жерде күллі өңірдегі мешіттердің жұмысын қадағалауға, ондағы бас имамдармен тығыз байланыстарда жұмыс істеуге тура келді.
Бұл қызметке кіріскен соң барлық аудандар мен қалалардағы мешіттердің тыныс — тіршілігімен таныстым. Олардағы кезек күттірмес өткір мәселелердің түйінің шешуді қолға алдым. Өздеріңіз де білесіздер, мешіт өндіріс орны емес.
Сондықтан да жергілікті жердегі әкімдермен жүздесіп, ортақ мәселелер жөнінде ақылдастық. Олар да іскер азаматтардың қолдауынсыз имандылық ордаларындағы жұмыстардың алға басуы қиын екендігін жан - жүректерімен түсінді.
Мешіттер тек халықтың садақасымен күн көре алмайды. Өйткені, ғимараттардың қысқы жылуы, электр жарығы секілді көпшілік біле бермейтін мұқтаждықтары аз емес. Міне, осы жайлардың бәрі де шынымды айтсам өзімді қатты толғандырды.
Тек бір айта кетер жай, мұсылман жігіттерінің арасындағы басшылар да дінге бет бұра бастады. Ислам дінінің адамды адамгершілікке, кісілікке, мейірімділікке баулитын жақтарын да ұқты.
Жасыратын несі бар, әжептәуір лауазымды жұмыс атқаратын бауырларымыздың өзі мешіттерге келіп, жағдайымызды сұрап, намазға жығылып жатқан кезде қалай ғана риза болмассың? Міне, осындай жайлардың бәріне де қазақ елінің тәуелсіздігі арқасында қол жеткіздік деп айтар едім.
• Соңғы жылдары елімізде имамдар арасында ротация, яғни оларды бұрынғы қызмет атқарған жерінен басқа аудандар мен қалаларға ауыстыру секілді маңызды істер де қолға алынды. Осы жөнінде не дейсіз?
• Меніңше, бұл өте орынды. Бас мүфтидің бастамасымен қолға алынған аталмыш игі істер күллі еліміз бойынша жалғасын тапты. Оның берері де аз емес. Себебі, бір орында ұзақ отырып қалған адамда ізденіс болмайды. Ал, ротация жағдайында олар жаңа ортада жұмысқа ерекше құлшыныспен кіріседі.
Жергілікті халықпен танысып, оларға үйреніскенше де біраз уақыт керек. Бұл мәселенің онды нәтижесін беретіндігін өмірде көріп те, сезіп те жүрміз. Мәселен, біздің өңірде де бірқатар аудандардың имамдары басқа аудандарға жіберілді. Әрине, олардың баспанамен қамтамасыз етілуін өзім тұрақты назарда ұстадым.
Білімді имам — дініміздің ұйтқысы
• Өзіңіз де білесіз, кешегі Кеңес Одағы кезінде халық арасында „Өлімді жерде молда семіреді, өленді жерде өгіз семіреді„ деген теріс ұғым пайда болған еді. Қазір бұл сөздің мағынасы түбірімен өзгерген секілді. Жалпы, имамдардың білім деңгейі қандай дәреже де деп ойлайсыз?
• Шынында да, сол кешегі келмеске кеткен Одақ кезінде дінімізді орынсыз қаралап, құбыжық еткені баршаға мәлім. Сондай кездері молдалардың атына әлгіндей сөздер айтылғаны да белгілі.
Алайда, қазір оның мәні мен мағынасы өзгерді. Қазақстан егеменді мемлекет болғалы бері ислам діні де өркендеді. Елімізде жеке діни басқарма құрылды. Осы күнге дейін республикамызда 2,5 мыңға жуық мешіт салынды.
Біздің Қостанай өңірінде де қаншама имандылық ордалары тұрғызылды. Кеңттер мен ауылдарды атамағанның өзінде, өңіріміздің Қарабалық ауданының орталығындағы, Рудный шаһарындағы және басқа да жерлердегі пайдалануға берілген мешіттерді кез — келген алыс — жақын мемлекеттерден келген қонақтарға ұялмай көрсетуге болады.
Имам — барлық игіліктің, ізгіліктің ұйтқысы. Сондықтан оларға жүктелер міндет те, талап та жыл өткен сайын артып келеді. Бұл орайда Бас мүфтидің имамдардың этикасы мен әдебі жайлы үнемі айтып келе жатқандығы да көпшілікке белгілі.
Сол себептен де менің әріптестеріме қойылар міндет те жоғары. Қазір олардың жүріс - тұрысы, киім киісі, сөйлеген сөзін былай қойғанда, біліміне ерекше назар аударылады. Өйткені, имандылық ордаларына жиналған намазхандар мен мұсылман ағайындарымызға бос сөз емес, ислам діні жайлы жан — жақты түсінік берілуі қажет.
Олардың айтқан уағыздары да көпшілікті ойландырып, толғандыратындай болып жатса нұр үстіне нұр. Сонан соң олар үнемі ізденіп отырмаса, өмір барысында толқынмен теңіз жағалауына шығып қалған жанқадай қызметтерінен шеттеп қалуы да ғажап емес.
Қазір Аллаға шүкір, оқимын, талпынамын деген адамға барлық жағдай жасалған. Мәнсіз, мағынасыз сөздермен ешкімді де таң қалдыра алмайсың. Бас мүфтидің тікелей қамқорлығымен қаншама жастар шет елдердегі әлемдегі ең мықты діни оқу орындарында білім алып жатқандығы да жұртшылыққа аян. Елімізде де білікті мамандар дайындайтын университеттер мен институттар, колледждер де баршылық.
Өзіміздің облыста да бұл күндері нағыз жоғары діни білім алған жастар қызмет атқарып жатыр. Аудан және қала имамдары республикалық дін қызметкерлерінің біліктілігін көтеру курстарына да жіберіледі.
• Сіздердің маңызды жиындарыңызға қатысқан кезде түйгенім, аудандар мен қалалардан болашақ дін қызметкерлерін даярлау мақсатында шәкірттерді іріктеп, республикамыздағы діни оқу орындарына жібереді екенсіздер.
• Дұрыс анғарыпсыз. Шәкірт дайындау біздің барша имамдардың алдында тұрған үлкен міндеттердің бірі. Бұл өте ауқымды жұмыстардың қатарына жатады. Ең алдымен білімге құштар жастарды табуымыз қажет. Содан кейін оған мешітте дәріс беріп, жан — жақты тәрбиелеу керек. Денсаулықтары да оқу орындарындағы талаптарға сай болғаны абзал. Міне, мұның бәрі де белгілі уақытты, имамдардың тынымсыз ізденісті қалайды емес пе.
Іскер жігіттердің қолдауы
• Әңгімеміз енді өзінің өрісін тауып келе жатқан секілді. Жалпы, қостанайлық қалталы азаматтардың мешітке деген тікелей демеушілігі жөнінде де айтып өтсеңіз. Нақты мысал келтірсеңіз нұр үстіне нұр.
• Қашанда ел арасынан жанашыр, өзінің ата салты мен дәстүріне, әдет — ғұрпына жалпы, руханиятқа сергек қарайтын азаматтар табылатындығы белгілі. Ондай жүректері елім мен халқым деп соққан жігіттер біздің өңірімізде де баршылық.
Егер облыста аудан мен қалалардағы мешіттер бірқалыпты жұмыс істеп жатса, оған жергілікті кәсіпкерлердің де тигізіп жатқан ықпалы мол дер едім. Осындай бір сұхбатта олардың бәрінің бірдей атын атап, түсін түстеп шығу да мүмкін емес.
Дегенмен де жүзінен үнемі ізгіліктің, мейірімділіктің шуағы төгіліп тұратын бауырларымыздың кейбіреулерін айтып өткенім де дұрыс болар. Бұл күндері облыс орталығының 9 — шы шағын ауданындағы мешіт былтыр пайдалануға берілген болатын.
Оны есімі көпке танымал кәсіпкер Төлеген Жайлаубаев өз қаржысына салып, мұсылман қауымның алғысына бөленді. Мешіттің ашылу салтанатына Бас мүфти Ержан қажы Маямеров пен оның орынбасары Серікбай қажы Ораз қатысты.
Осы жүздесуде жерлестерімізге бас имам болып Шоқан қажы Әмірханов тағайындалғаны жөнінде айтылды. Міне, содан бері имандылық ордасы үлкенді — кішілі қауымының жиі келетін орнына айналды.
Шөкең де өз саласын жетік білетін білікті маман. Өңірдегі көптеген имамдар кезінде одан дәріс алған. Оның әкесі Ғазиз ағамыз да еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қасиетті Меккеде болып, өзінің мұсылмандық парызын өтеген-ді.
Рухани кештер — тәрбиенің қайнар көзі
• Байқаймын, өзіңіз әдеттегідей қарапайымдылық сақтап, атқарылған істердің бәрін баяндауды артық көретін секілдісіз. Сіз өкіл имам болғалы бері түрлі ғибраттық жағы мол кештер, жастар арасында Құранды жатқа және мәнерлеп оқудан байқаулар да өткізіле бастады емес пе?
• Егемендігіміз нығайып, болашағымыз жарқын болсын десек, ана тілімізді терең меңгерумен қатар, үнемі өркениетке ұмтылыс жасай беруіміз қажет. Сонда ғана дегенімізге жетеміз. Ата — бабамыздың бізге мұра етіп қалдырған ұлттық құндылықтарымызды барынша жандандырамыз.
Бұл орайда, біздің алдымызда үлгі тұтар тұлғаларымыз да бар. Мысалы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының „Дін және дәстүр„ деп аталатын аса бағалы кітабы жарық көріп, күллі еліміздің жұртшылығына жол тартты. Өзімнің пайымдауым бойынша, бұл әрбір иісі қазақтың кітап сөресінде тұратын әрі ұрпақтарына күнделікті ғибрат етер аса құнды дүние.
Осы еңбекті қолға алған адам басқа рухани әлемге енгендей күй кешеді. Онда имандылық, ибалылық мәселелеріне байланысты көп жайлар терең әрі жан — жақты айтылған.
Аталмыш кітапты басшылыққа алып, облыстық Марал ишан мешітінің ұжымы көптеген рухани кештер өткізді. Сонымен қатар ұлы Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың туылған күні, яғни Мәуліт мерекесіне байланысты өткізген ғибратты шараламыз да көпшіліктің есінде болар.
Мұндағы мақсат — халықты жинап, құрғақ ақыл айтып, бос сөзге салыну емес, олардың санасына сәуле құяр жайларды нақты мысалдар арқылы баяндау. Кейде театрлық қойылымдар да көрсетіліп жатады. Осындағы оқиғалар арқылы қалың жұртшылықты ойға жетелейміз.
Ерекше айтайын дегенім, облыс орталығындағы үлкенді — кішілі қауымның ислам дініне деген көзқарастары түбірімен өзгерді. Олардың арасында мешітке келіп, атқарып жатқан жұмыстарымызды бағалап, алғыстарын білдіріп жататындары да баршылық. Мұндай кездері мешіт қызметкерлері де өздерінің жұмысының нәтижесін көріп, мәртебесі көтеріліп қалатындығы даусыз.
Әлгі аталған кештерге республикаға және облысымызға белгілі өнер шеберлерін де шақырамыз. Олар асқақтата ән салып, жиналған жұршылықты бір серпілтіп тастайды.
Қасиетті Құранды әрбір мұсылман қастерлейді. Сондықтан бұл мәселеге де еліміз бойынша үлкен мән беріліп келеді. Мәселен, биылғы республикалық Құран жарысында Тараздық жасөспірімге жеңіл көлік тарту етілді. Әңгіме сыйлықта емес, алайда осындай байқаулар кейінгілерді де алға қарай ұмтылдыратындығы белгілі.
Астанадағы медреседе оқып жатқан дарынды шәкірт яғни, ұзақ жылдар бойы облыстық мешіттің бас имамы болған Ертай қажы Балахметтің ұлы Нұртаза елордамызда ұйымдастырылған байқауда жүлдегер атанды. Бұл баршамыз үшін де мақтаныш.
Соңғы біраз жылдардан бері облыстық Марал ишан мешітінде Құранды жатқа және мәнерлеп оқудан жарыстар ұйымдастырылып, оның жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар тапсырылады. Ал, бірінші орынды иеленгендер республикалық байқауларға қатысып, өңірдің намысын қорғайды.
Қайырымдылық және оқушыларды жазда оқыту
• Өзіңіз басшылық ететін облыстық мешіттің қызметкерлері жыл бойы қайырымдылық мақсатында үлкен істер тындырып, халықтың алғысына бөленуде. Осы жөнінде таратыңқырап айтып берсеңіз?
• Қайырымдылық - сонау ата — бабамыздан келе жатқан сауабы мол іс. Қазақтың өткен тарихына үңілсек, жетімін қаңғытпаған, жесірін жылатпаған. Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, дарқандық танытқан.
Сондықтан мешіт қызметкерлері өздері жұмыс істейтін аудандар мен қалалардағы мүгедектер мен көп балалы отбасыларына қол ұшын беруді басты парызымыз деп түсінеді. Өзім басқаратын имандылық ордасындағылар жыл бойы қайырымдылық мақсатында да қыруар істерді атқарып келеді.
Ораза кезінде халықтан түскен пітір садақадан қолдауға зәру ғәріп жандарға, қолынан күш, бойынан қуат кеткен жасы ұлғайған кісілерге көмек қолын созып келеміз. Сонымен қатар біз облыс орталығындағы „Дельфин„ және қаланың шетіндегі №3 облыстық жетім балалар үйін тұрақты қамқорлыққа алдық.
Осы тәрбие мекемелеріне түрлі мереке кездерінде арнайы болып, балаларға дастархан жаямыз, олардың бастарынан сипап, есте қаларлық сыйлықтар тарту етеміз. Сол кездегі олардың жүзіндегі қуанышты ешқашан да ұмыта алмайсың.
Сондай — ақ, осы Рамазан айында кәсіпкерлердің қолдауымен жоғарыда аталған мешітте көпшілікке ұн таратылды. Олардың арасында түрлі ұлт өкілдері болды.
„Барлық жақсылық балаларға„ деп босқа айтылмайды. Мешіт жанындағы абыз ақсақал Жақсылық Ғайсин басқаратын „Зекет„ қоры өкілдігімен бірлесе отырып, „Мектепке барар жол„ акциясына қатысамыз. Өңірдегі жетім балаларға жаңа оқу жылына қажетті сөмке, оқу құралдарын алып береміз. Басқа да осы бағытта жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жеткілікті.
• Соңғы үш — төрт жылдан бері Қасиетті Рамазан айы кезінде мешіт жанынан арнайы орын дайындалып, Ораза ұстаған жандарға ауызашар беру де дәстүрге айналды емес пе?
• Иә, бұл игі мақсаттағы бастама бұл күндері елімізде наиб мүфти болып қызмет атқаратын, көрнекті дін қайраткері Серікбай қажы Ораз облыстың бас имамы болып тұрған кезінде қолға алынған еді. Содан бері ол өзінің игі жалғасын тауып келеді.
Биыл да облыс басшысының өзі бастап, оны өзге іскер азаматтар қолдады. Сөйтіп, ақсақалдардың ақ батасын алды. Олар әрдайым „Алғыспен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер„ деген аталы сөзді ұстанады.
• Өзіңіз жылда барлық деңгейдегі мешіттерде жаз айларында оқушыларды тартып, оларға діни курстар ұйымдастыруға ерекше назар аударасыз. Биыл бұл мәселе қалай жүзеге асып жатыр?
• Жалпы, діни курстар жыл бойы жүргізіледі. Дегенмен де, жаз айларында оқушылардың бос уақытын тиімді пайдаланып, олардың діни білім алуына қолдан келген жағдайдың бәрін де жасаймыз.
Бұл орайда облыстық Марал ишан мешітінің жұмысы баршаға өнеге. Мұнда арнайы дәріс беретін ұстаздар бар. Олар кез — келген сауалдарға нақты жауап бере алады. Кадрларымыз да тәжірибесі мол, өмір көрген жандар.
Осындай маңызды жұмыстар өңірдегі қалалар мен аудандарда да қолға алынған. Онда шәкірттер демалады, тамақтанады және рухани жағынан ой — өрістерін кеңейтеді. Бұл игілікті істе де қалталы азаматтар қолдау көрсетіп жатады.
Мешіттерде оқушыларға дәріс берумен қатар, жастарға әлем халқын толғандырып отырған теріс ағымдардан аулақ болулары жөнінде әңгімелейміз. Ондай адам баласын аздыратын ұйымдарға тойтарыс беру үшін, біздің ұлдарымыз бен қыздарымыз қашанда діни сауатты әрі білімді болуы қажет.
Әңгімелескен Оразалы ЖАҚСАНОВ