Өңірде Ислам құндылықтарын насихаттап, діни сауаттылықты арттыру мақсатында Арқалық қалалық мешіт қызметкерлері мен шаһардағы ішкі саясат бөлімі арнайы насихат тобын құрған-ды.
«Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы Алматы қаласындағы имамдар білімін жетілдіру ислам институтында білімін жетілдіріп келген соң, бірден кезек күттірмес насихат жұмыстарына кірісті.
Осы орайда өз жоспарлары бойынша шаһардағы білім ордаларымен қатар, мекеме-ұжымдарда да кездесулер өткізуде. Соның бірі сәуір айының басында Арқалық аймақтық аурухана дәрігерлерімен ұйымдастырылды. Оған қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Кәрімқызы және теолог маман Ә.Бауыржанұлы қатысты.
Жиналған жұртшылықты насихат тобымен аурухана басшысы Қ.Смағұлұлы таныстырып, сөз кезегін имамға берді. Бұл басқосуда бас имам Б.Торғайбайұлы жерлестеріне әрдайым медициналық қызмет көрсетіп келе жатқан адам жанының арашашыларына жауапты жұмыстарында табыс тіледі.
Жүздесу барысында Асыл дініміздің құндылықтары жайлы тәрбиелік маңызы зор насихат айтылып, еліміздегі жат ағымдар жайлы мағлұмат берілді. Сонымен қатар олардың көздеген жымысқы әрекеттері мен теріс пиғылдарына да кеңінен тоқталды.
Республикамызда ынтымақ пен бірлікті нығайту жайлы да сөз болды. Сондықтан да қазіргі таңда әрбір азаматтың уақыт талабына сай діни сауат та қажет екендігі әңгімеге арқау болды.
Сондай-ақ ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Кәрімқызы діни заңдылықтар жайлы түсінік берсе, теолог Ә.Бауыржанұлы деструктивтік секталар мен олардың алдын алу жөнінде айтып берді.
Кездесу соңында тақырыпқа орай арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді. Медицина саласының мамандары көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, оларға имам жан-жақты жауап берді.
Осынау тағылымды кездесуге ақ халаттылар ризашылықтарын жеткізді. Бас дәрігер Қ.Смағұлұлы мәнді де мағыналы басқосудан ұмытылмас тағылым алғандықтарын білдіріп, насихат тобына шынайы алғысын білдірді.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі