2015 жылдың 13-15 сәуірінде ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің бұйрығына сәйкес Қостанай облысының аудан және қала имамдары мен ауыл молдалары ҚМДБ-ның арнайы сараптама комиссиясына сынақ тапсырды. Мешіттің дін қызметкерлері шариғат ілімдерінен ғана емес, басқа да танымдар жайлы да қойылған сұрақтарға жауап берді. Билет түріндегі бұл сынақты тапсыратындарға сегіз сұрақ қойылды. Онда Құран, ақида, фиқһ, Ислам тарихы және мемлекет істері, еңбек заңы сынды т.б. сұрақтар көрініс тапты. ҚМДБ-ның сараптама комиссиясының жетекшісі, ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Ораз Серікбай қажы Сатыбалдыұлы жергілікті ақпарат құралдарына берген сұхбатында бұл шараның маңызды екенін атап көрсетіп, кадрлардың тапшылығы бар, бірақ имамдар мен молдалар қатары жоғары білімді мамандармен де толығып келе жатқанын айтып, журналистердің назарын аударды.
Бұл жолы бұйрығы бар 54 мешіт қызметкері сынақ тапсырса, тағы 24-і алғаш рет сараптамадан өтті. Түрлі себепті (ауруханада, оқуда,) аттестацияға қатыспаған 8 адамды аттестациялау кейінге қалдырылды. Бір үлгідегі шапан киіп, сәлде таққан имамдардың бұл сараптамаға дайындалып келгені байқалып тұрды.
ҚМДБ-ның шариғат және пәтуә бөлімінің бас маманы Сансызбай Шоқанов өз сөзінде имамдарға ұдайы білім берілу керектігі ҚМДБ-ның басты ұстанымы екенін тілге тиек етті. Бас мүфтиіміз де кемі үш күн семинар сабағын алмаған имам көштен қалып қоятынын, сондықтан мүмкіндігінше жоғары және орта оқу орындарынан білім алу мәселесі өзекті күйінде екенін қатты тапсырады.
ҚМДБ-ның кадр бөлімінің басшысы Байзақ Бекмұрат кейде жоғары жақтан жіберілетін тапсырмалардың аудандық мешіт деңгейінде қалып қоятынын да жоққа шығармады. Діннің негізгі ошағы – ауыл. Ендеше ауылдағы имамдарға да өз қызметіне деген талпыныс керек.
ҚМДБ-ның дін істері бөлімінің меңгерушісі Камалжан Бекбосынұлы Мүфтидің әр имам кемінде бес шәкірт тәрбиелеуі тиіс деген пікірін де ортаға салды. Имам молдалардың білімін жетілдіру үшін жыл бойы кесте бойынша бірнеше семинар ұйымдастырып, Имамдардың білімін жетілдіру институтын тиімді пайдалану керектігін жеткізді.
Сонымен, сараптама комиссиясы облыс орталығындағы имамдар мен найбтардың білімі жоғары, талапқа сай келетіні жөнінде өздерінің оң пікірлерін білдірді. Енді осы сараптама қорытындысы бойынша кейбір имамдар ротацияға түсуі мүмкіндігін де айта кетті. Бұл да бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Сондықтан имамдардың білімі мен біліктілігін сараптап қайтқан ҚМДБ комиссиясы бұл сынақ шарасына байланысты арнайы шешім шығарылатынын жеткізді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі