Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы Қырғызстанда «Экстремизм және такфиризм – қоғамға төнген қауіп» атты тақырыпта өтіп жатқан халықаралық конференцияда баяндама жасады.
Халықаралық симпозиумда сөз алған Ержан қажы Малғажыұлы: «Қазіргі кезеңде әлемдік қауымдастық экономикалық дағдарысты, саяси, ұлтаралық, дінаралық шиеленістерді бастан кешуде.
Әсіресе, адамзат жаңа ғасырда бұрын-соңды болмаған діни алауыздықтар, дау-жанжалдар, ұлтаралық қақтығыстармен бетпе-бет келді.
Дінді саясиландыру арқылы жастар санасын теріс арнаға бұру үрдісінің куәгері болып келеміз. Дінді өз саяси мақсаттарына икемдеп алған түрлі топтар әлемнің әрбір жерінен көріне бастады. Радикалды топтар тек дәстүрлі діни түсініктерді жоққа шығарумен қатар, ашық түрде лаңкестік әрекеттер жасауда.
Ислам атын жамылған бүлікшілердің бұл әрекеті, сөз жоқ, дәстүрлі дінімізге деген анық қарсы әрекет, мұсылмандық былай тұрсын, адамшылыққа да жат амал», – деді.
ҚМДБ төрағасы Ержан Малғажыұлы теріс ағымдарға тосқауыл қою мақсатында жас ұрпақтың санасына салт-дәстүр мен әдет-ғұрып құндылықтарын егуді ұсынды. «Мың жылдан астам тарихы бар, дала заңы демократиясының негізі саналған дініміздің құқықтық мектебі – Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы жұртымыздың жүрер жолы болған.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы дәстүрлі Исламды насихаттайды және бірлігімізді нығайта түсу үшін мұсылман жамағатын Әбу Ханифа мәзһабын ұстануға шақырады. Діни сенім бостандығы туралы заңымызда да төл мәзһабымызға айрықша мәртебе берілді.
Діни басқарма 2014 жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялады. Дін мен дәстүр – қос қанатымыз», – деп түйіндеді сөзін.
Сапар аясында Бас мүфти Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Мақсатбек қажы Тоқтомушовпен кездесті. Басқосуда халал стандарттау жүйесін жетілдіру, дін қызметкерінің әлеуетін көтеру, аударма ісі, жастарды жат ағымдардың ықпалынан сақтандыру, т.б. мәселелер талқыланды.