Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти
Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар!
Баршамызды қасиетті рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күткен мүбәрак рамазан айының келуімен құттықтаймын!
Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Қасиетті айда адам баласы көбірек жақсылық жасап, ізгі амалдарды атқаруға тырысады. Ораза пендені тақуалыққа тәрбиелейді.
Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі.
Сауаптар еселеніп жазылатын айда жасалған қайырлы істің қайтарымы адам баласы үшін құпия-сыр. Тіпті, ауыз бекітушіге берілетін сый мен сауап, құрмет пен марапат пайғамбарлар мен періштелерге де белгісіз.
Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін...» – деп оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған.
Шарапаты мен шапағаты мол айда сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Жаратушының разылығына бөленуге асығайық, ағайын! Өйткені, мұсылманның осы айда ұстаған оразасы, қосымша құлшылықтары, жасаған қайырымдылығы, барлық сауапты амалдары еселеніп жазылады. Оразаны рухани тұрғыдан сезінген жан Алланың теңдессіз сыйынан шет қалғысы келмейтіні сондықтан.
Ораза – күндіз ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Рамазан – рухтың азығы, тәннің шипасы. Ораза жан мен тәнді рухани тазартатын үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әрекеттерін көріп, тұрпайы сөздерін естісе де: «Мен оразамын», – деген бір ауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат.
Денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп ораза ұстауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да – үлкен сауап. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауап жазады…» – деген.
Қадірлі жамағат!
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында халқымызды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, туған жерді көркейтуге, жаңашыл ойлап, қоғам үшін игі іс жасауға, өн-бойымыздағы рухани құндылықты жаңғыртуға үндеді. Елімізді рухани жаңғыруға бастаған мақала жұртымызға парасатты ой, пайымды пікір тастады. Ал рамазан – рухани жаңғыруымызға септігін тигізіп, иманымызды күшейтуге мүмкіндік туғызатын қадірі мен қасиеті мол ай.
Ендеше, рақым айы – рамазан құтты болсын! Ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп еткей!
Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Жаратушы Иеміз баршамызды оразадан оразаға дейін айдан аман, жылдан есен жақсылықпен жеткізе берсін деп тілеймін! Әумин!
(Ескерту: 2017 жылдың 27-мамыры – қасиетті Рамазан айының бірінші күні!)
Өскемен қаласында өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа Мәжілісінде биылғы Рамазан айында берілетін пітір садақа мөлшері анықталды.
Әр облыстағы бидайдың бағасы ескеріліп, ортақ мөлшермен бекітілді. Төралқа Мәжілісі мүшелерінің бірауызды шешімімен биылғы пітір садақа мөлшері – 300 теңге болып бекітілді.
Айта кетейік, пітір садақаны құрманың, мейіздің, арпаның, бидайдың құнымен де беруге болады.
Егер пітір садақаны бидаймен беретен болсаңыз, әр адам үшін жарты сағ. Ал жарты сағ 1 келі 625 граммға тең. Ақшамен есептегенде (әр аймақтың бидай бағасына қарай) 1 келі 625 граммның құнын беру керек. Құрма, мейіз, арпадан да бір сағтың (3,25 кг) құнын беру қажет.
Еске сала кетейік, пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен ораза айт намазына дейін беруге болады.
ҚМДБ Баспасөз қызметі
Өскемен қаласында өткен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру және Халифа Алтайдың ғылыми мұрасы» атты халықаралық конференцияда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы осылай мәлімдеді.
«Елбасы «Туған жерге туыңды тік» бағдарламасын және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» мен «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобаларын қолға алатынын жеткізді. Ел дамуына серпін бергелі отырған ұлт көшбасшысы көтерген бұл жобаларды іске асыруға ҚМДБ да қызу атсалысады. Елбасы айтқан туған жерді көркейтуге, сондай-ақ, Ұлытау төріндегі жәдігерлер, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі, Тараздың ежелгі ескерткіштері, Бекет ата кесенесі, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың және басқа да жерлердегі зиярат орындары кешенін жасауға ҚМДБ мамандары мен дін ғалымдары да қал-қадерінше өз үлестерін қосатын болады», – деп атап өтті Бас мүфти.
ҚМДБ баспасөз қызметі
Өткен сенбі күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының жүлдесі үшін қазақ күресінен ересектер арасында 4 республикалық турниріне баратын жолдама сарапқа салынды.
Оған облыс көлеміндегі барлық қалалар мен аудандардан салмағы 74 келіден астын палуандары қатысып бақтарын сынады.
Күреске есімдері елімізге белгілі азаматтар облыстық мешіттің Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет, Марат Жұрқабаев жетекшілік ететін «Социум & Я» қоғамдық бірлестігі, Жанболат Умбетов басқаратын облыстық дін істері басқармасы мен Нурикан Нұғырбековтің «Діни проблемаларын зерттеу орталығы» ұйытқы болуымен ұйымдастырылған осынау күрес жоғары деңгейде өтті.
Қатысушылар шеберліктің жарқын үлгісін танытты. Жарысты ұйымдастырушылар да, ұлттық спортымыз десе ішкен астарын жерге қоятын замандастарымыз да дән риза болысты.
Сонымен «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар»-демекші, бірінші орынға Жангелдин ауданыны «Оспан қожа әулие» мешітінің өкілі Қасымханов Жұмахан жеңіп алды. Сонымен қатар екінші орынға арналған жүлдені Аалтынсарин ауданы «Алдиярұлы Жанұзақ» мешіті атынан қатысқан Таласов Берік иеленді. Үшінші орынға Жітіқара ауданы «Ержан Тәтішев» мешітінің жамағаты Ищанов Әділге тапсырылды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық мешітінің ұйытқы болуымен Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында II республикалық имамдар форумы аясында «Ислам және өркениет» деп аталатын семинар өткізілді.
Бұл жиынды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Бахытбек қажы Тәжімбет ашып, жуырда елордамыз Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевты, Бас мүфти Ержан қажы Маямеров және бірқатар өкіл имамдарды қабылдағанына тоқталды.
Сонымен қатар, II республикалық имамдар форумы өткізілгендігін және онда қаншама дін қайраткерлеріне болашақта бағдар болатын құжаттар қабылданғанын да тілге тиек етті.
Содан кейін облыстық дін істері жөніндегі басқарманың басшысы Жанболат Үмбетов те мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын мақаласының мәні мен мазмұны жайлы әңгімеледі.
Мұнда есімдері өңір ғана емес, елімізге белгілі ғалымдар Ақылбек Шаяхмет, Қалқаман Жақып пен дін қайраткерлері Шоқан қажы Әмірханов, Бектұрсын Уәлиевтер «Дін мен дәстүр», «XXI ғасырдың үздік зияткер имамы», «Қазақ даласына Ислам дінінің енуі», «Ханафи мазхабы мен матруди сенім мектебі» деген тақырыптарда баяндама жасап, қаншама деректер мен дәйектерді келтірді.
Бұл маңызды семинарға дін саласында жүрген имамдар, елге сыйлы қажылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Бахытбек Нұрғабылұлы жиынды қорытындылай келе, қазіргі таңда барша имамдардың алдына қойылып отырған жайларға да тоқталды.
Бүгінгі имам тек діни ілімді меңгерген маман ғана емес, сегіз қырлы бір сырлы, мәмілегер, мемлекетшіл және ұлтжанды, сөзге шешен, барша қауымды соңынан ерте білетін ұйымдастырушылық қабілеті мол азамат болуы тиіс екендігін де баса айтты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы соңғы жылдары көптеген игі шараларға мұрындық болып келеді. Осындай есте қаларлық оқиғалардың бірі өткен сәуір айында Астана қаласында ұйымдастырылған «Ислам және өркениет» атты II имамдар форумы.
Аталмыш форумда негізінен екі құжат қабылданды. Олар: «Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебі – Қазақстандағы Исламның дәстүрлі жолы» және «Үздік зияткер имам» тұжырымдамасы.
Болашақта діни қызметкерлерге қойылар талап та жоғары. Олар тек діни білім ғана алып қоймайды, сонымен қатар, зайырлы қоғам ілімдерін де оқып, үнемі өздерінің білімдерін жетілдіріп отыруға тиіс. Қазіргі имам ол – мәмілегер, әдепті, төзімді, шешен, кішіпейіл де мейірімді және қарапайым болғаны абзал.
Міне, осы маңызды мәселелер Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» атындағы мешітіндегі басқосуда әңгіме арқауына айналды. Онда бас имам Бектұрсын Торғайбайұлы жиналған қауымға алда тұрған міндеттер жайлы айтып берді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Қарабалық ауданындағы «Ғашура ана» мешіт ұжымы мен аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Ел тілегі – Бейбітшілік» тақырыбында соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне мерекелік дастархан жайылып, оларға лайықты құрмет көрсетілді.
Аталмыш мешіттің бас имамы Т.Керімбаев пен ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Кабулова сөз алып оларға ең ізгі тілектерін білдірді. Сондай – ақ осы басқосуда қазіргі жарқын өмір үшін жаулармен шайқас кезінде шейіт болған боздақтардың әруақтарына бағышталып, құран оқылды.
Мешітте зейнет жасындағылар арасында шахматтан сайыс өтті. Мұнда бірінші орынды Б. Қапаров екінші орынды Б. Жарасбаев, үшінші орынды К. Құрманаев иеленді. Жеңімпаздарға мақтау қағаздары мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
ҚМДБ-ның «Өткенге құрмет – елге құрмет» деген үндеуіне сәйкес жоғарыда аталған мешіт қызметкерлерінің бастамасымен бұл игі шара биыл да жалғасын тапты. Жуырда жергілікті жамағат, мекеме қызметкерлері және жалпы жұртшылық ұйымшылдық танытып, зираттар тазалығы күнін ұйымдастырды.
Жиналған қауым дүниеден өткен ата-баба, ағайын-туыстары жерленген бейіттің маңайын тазалап, марқұмдардың рухына арнап құран оқыды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Апат айтып келмейтіндігі белгілі. Үстіміздегі жылғы су тасқынынан Қарасу, Әулиекөл және Науырзым ауданының бірқатар ауылдары зардап шекті.
Міне, осындай қиын кезде жерлестерімізге қол ұшын берген әрбір азаматтың парызы болып саналады. Сондықтан да, облыстағы қалалар мен аудандардың барлық мешіттері мен «Зекет» қоры зардап шеккен елді мекендерге көмек көрсету мақсатында «Қостанай асары» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.
Акция аясында өңірде 2 млн теңгенің заттары жиналды. Оның ішінде 610 мың теңгесі қаражаттай, қалғандары ең қажетті азық-түлік пен киім-кешектер.
Облыстың бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет және Қажылар қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы Жақсылық қажы Ғайсин Қарасу ауданында болып, жиналған заттарды табыс етті. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, оларға жылы лебіздерін білдірді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі.
Ішкілікті харам қылған аяттар бірте-бірте түсіп, һижреттің үшiншi жылында ішімдікке тыйым салынады.
«Олар сенен iшкiлiк пен құмар ойнаудың үкiмiн сұрайды. Сен: «Оларда үлкен күнә және адамдарға пайда да бар, алайда оның күнәсi пайдасынан тым зор», – деп айт» («Бақара» сүресі, 219-аят). Осы аят түскеннен кейiн, мұсылмандардың көпшілігі iшкiлiктi тастады.
Абдуррахман ибн Ауф бiр күнi кешкi асында шарап iшiп, кейiн ақшам намазында имамдыққа өтеді. Намазда «Кәфирун» сүресiндегi «Сендер (кәпiрлер) құлшылық еткен нәрселерге құлшылық етпеймiн» – деген жерде iшiмдiктiң әсерiмен «Сендер (кәпiрлер) құлшылық еткен нәрселерге құлшылық етемiн» – деп, қате оқиды. «Кәфирун» сүресінде төрт жерде «етпеймiн» деген мағынаны білдіретін «лә» шылауын оқымай тастап кетеді. Осылайша аяттың мағынасы өзгеріп шыға келеді. Міне, осы оқиғадан кейін «Ей, мүминдер! Не айтып жатқандарыңды бiлмейiнше мас күйде намазға жақындамаңдар!» («Ниса»сүресі, 43-аят) деген ішкілікке қатысты келесі аят түседі. Бұл аяттың да ішкілікті мүлдем харам қылмағанын аңғарған бірқатар мұсылмандар осынау жаман әдеттен арыла алмай, ішімдік ішуді жалғастыра береді. Бірде мұһажирлер (Меккеден Мәдинаға көшіп келген мұсылмандар) мен ансарлардың (Мәдиналық мұсылмандар) арасында ішкіліктің қызуымен кикілжің туындайды. Кикілжіңнің арты ұрыс-төбелеске ұласады. Ертесiне мастығы тарап, есiн жинаған мұсылмандар iстеген iсiне опық жеп, өкiнеді. Осы оқиғадан кейiн Құранның ішкілікті толықтай харам қылған «Ей, мүминдер! Арақ, құмар ойнау, пұттарға табыну, оларға мал шалу және бал ашатын шыбықтар – шайтанның лас iстерi. Олардан сақтаныңдар. Сонда ғана Алланың азабынан құтыласыңдар. Негiзiнен, шайтан арақ және құмар ойын арқылы араларыңа алауыздық, әрi кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қол үздіруді қалайды» («Маида» сүресі, 90-91-аят) деген аят түседі.
«Сендер, арақтан аулақ болыңдар! Арақ – барлық жаманшылықтың атасы. Ертеде бір тақуа адам өмір сүріпті. Күндердің бірінде ниеті бұзық бір әйел әлгі адамға көңілі ауады. Қол астындағы күңін жұмсап әлгі адамды үйіндегі бір ісіне көмекке шақырады. Ол кісі көмек беруге келісіп, әйелдің үйіне келеді. Келген замат әйел тақуа кісіні үйге кіргізеді де, күңіне айтып, үйді сыртынан бекітіп тастайды. Бастапқыда не болғанын түсінбей дағдарған тақуа кісі сәлден кейін мән-жайды түсіне бастайды. Сол кезде барып, үйдің ішінде бір сұлу әйелдің отырғанын, жанында кішкене бала мен бір құмыра арақ тұрғанын байқайды. Әлгі әйел оған: «Саған үш шарт қоямын. Менімен көңілдес боласың, бұған келіспесең мына баланы өлтіресің, ал бұған да келіспесең, мына тұрған арақты ішесің» – дейді. Әрі-бері ойланып, ешбір амал таппаған әлгі кісі ақыры бір кесе арақ ішіп құтылуды жөн көреді. Арақты ішкеннен кейін қыза бастайды да, әйелдің құйып берген тағы бір кесесін ішіп жібереді. Бірнеше кесе ішіп мас болған соң, нәпсісіне ие болмай, әйелмен зина жасайды. Сонан осының бәріне куә болған жас сәбиді де өлтіріп тынған екен». Осылайша хикаяны айтып бітірген халифа: «Иман болған жерде арақ, арақ болған жерде иман болмайды», – деген екен.
Өкпесі қабынып ауырған 6 айлық баланың кеудесіне шешесі күніне 3 рет арақпен компресс жасап, ем қолданған. Компресті үшінші күні жасағанда, нәрестенің уланғаны байқалады. Сәби 17 сағаттай ауыр халде жатып, 4 тәуліктен кейін ғана есін жиған. Өкінішке қарай, ата-аналар көп жағдайда спирттік өнімдерді емдік мақсатпен жас балаларға қолдана береді. Оның салдары осындай болатынын ұмытпаған абзал.
***
Швейцариялық дәрігер анасының ақ сүтін еметін сәбидің дүйсенбі және бейсенбі күндері аяқ-қолы дірілдеп талып қала беретінін байқаған. Сол дертті емдеу барысында нәрестенің анасын тексеріп, оның аптасына екі рет, сәрсенбі және жексенбі күндері жұмысқа бармай демалатыны белгілі болады. Міне, дәл осы демалыс күндерінде әлгі әйел аздап шарап ұрттайтын көрінеді. Сөйтіп келесі күні ана қанындағы алкоголь сүт арқылы нәрестенің организміне өтіп, оны талма ауруға ұшыратқаны анықталады.
1. Дос таңдай біліңіз және ішімдікке жақын жандардан аулақ жүру;
2. Сізді ішімдік ішуге үгіттеген адамға қарсы уәж айта білу;
3. Ішімдік ішумен ғана өтетін мерекелік кештерден аулақ жүру;
4. Әрдайым пайдалы істермен шұғылдануды әдетке айналдырыңыз;
5. Денсаулығыңызды күтіп ұстаңыз. Ішкіліктің денсаулыққа бірден-бір дұшпан екені әрдайым қаперіңізде болсын;
6. Спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтына жіті мән беріңіз
Араб адам денесінен шығатын терге «арақ» дейді. Ал қазақта ішімдікке «арақ» делінеді. Екеуінің арасында тығыз байланыс болуға тиіс. Осы сәтте Алла елшісінің (с.а.у.) мына бір хадисі есіме түсті: «Мына дүниеде ішімдік ішкен адамға ана дүниеде тозақтықтардың денесінен шығатын ірің мен терін ішкіземін деген Алла Тағаланың уәдесі бар». Осы хадисте де терге «арақ» делінген. Демек, қазекем ұрпағына арақ ішудің ақыреттегі жазасын үнемі ескертіп отырған. Тіпті ішімдіктен жиренту үшін оған «арақ» деген. Яғни, тозақтықтардың іріңі мен тері (Қайрат Жолдыбайұлы).
Алла елшісі (с.а.у.) «Алла Тағала арақты iшкенді, сатқанды, сатып алғанды, дайындағанды, дайындауға тапсырыс бергенді, тасымалдаушыны лағынеттедi!» – деп, ішімдіктің түрлі күнәнің бастауы екендігін баяндайды. Міне, осы сәттен бастап сахабалардың ешбiрi де iшiмдiк iшпеген және ішімдік саудасымен айналыспаған.
Қадірменді бауырлар, бойымызды арақтан алыстатып, жүрегімізге иман нұрын құюға шақырамыз! Алла баршамызды тура жолғай салғай!