Сұрағы:
Хижап киюді Исламдағы ағым деп жүр. Осының анық-қанығы қандай?Жауап:
Әйелдердің басын жауып, ұзын киім киюі – Құранның тікелей бұйрығы. «Нұр» сүресінде: وَقُل لِّلْمُؤْمِنَاتِ يَغْضُضْنَ مِنْ أَبْصَارِهِنَّ وَيَحْفَظْنَ فُرُوجَهُنَّ وَلَا يُبْدِينَ زِينَتَهُنَّ إِلَّا مَا ظَهَرَ مِنْهَا وَلْيَضْرِبْنَ بِخُمُرِهِنَّ عَلَى جُيُوبِهِنَّ «Мүмін әйелдерге айт, өздеріне харам етілген нәрселерге қарамасын, ұятты жерлерін зинадан, күнә атаулыдан қорғасын, мәжбүр көрінген жерлерінен (бет, екі қол, тобықтан төмен екі аяқ) тыс әдеміліктерін көрсетпесін. Орамалдарын жағаларын да (яғни, мойын, көкіректері ашық қалмасын) жабатындай етіп тақсын...» Нұр сүресі, 31-аят,– делінеді.
Құранда қыз-келіншектердің киетін киімінің нақты пішімі айтылмаған. Тек әйел баласы өзінің дене бітімін ерекше айқындамайтын кеңдікте, жүзі, екі қолы, тобықтың төменгі жағынан тыс басқа барлық жерлерін жабатындай кез келген киім үлгісін таңдап кисе болғаны. Бұл шарттар орындалғаннан кейін, сәнді, әрі өзіне жарасымды жалпы эстетикаға сай киім киюге ислам дінінде қарсылық жоқ.
Сауд Арабиясы мен Ирандағы әйелдер сияқты қара киіп жүру үрдісі барша мұсылмандар ға парыз емес. Ондай киім үлгісі олардың өз әдет-ғұрыптары мен қоғамына қарай таңдалған. Сондықтан, Құран өлшемдерінен шықпау шартымен әр мұсылман киім үлгісін өзінің менталитеті мен әдет-ғұрыптарына, заманына қарай, әрі өздері өмір сүріп отырған жерлердегі ауа райы ерекшеліктеріне ыңғайлы етіп таңдай алады.
Мысалы, қазақ жерінің әр өңіріне тән әйел кимешегі болған. Тіпті, әйелдердің жас ерекшеліктеріне де байланысты кимешек үлгілері тігілген. Ата-бабаларымыз «ғұрпымызда орамал тағу жоқ» деп, Құран қағидасына қарсы шықпаған. Керісінше, оны ғұрпымен сабақтастырып, ою-өрнегімен көркемдеп, өзінің төл киім үлгісіне айналдыра білген.
Бүгінгі таңда да Құран өлшемдерін ескере отырып, заман талабына сай әр түрлі ұлттық киім үлгілерін тігуге неге болмасын?! Осылай істер болсақ, бәлкім, орамал тағып, ұзын киім кию – ананың, мынаның ұлттық киімі дегендей таяз түсініктерден арылар едік. (Қ.Жолдыбайұлы «Күдікпен күрес», «Көкжиек» баспасы, Алматы, 2008ж. 151-бет.)
Серікжан ЕНШІБАЙҰЛЫ, ҚМДБ-ның шариғат, пәтуа бөлімінің қызметкері.