Сұрағы:
Жұма күндері мешітке барып тұрамын. Бес уақыт намаз оқымасам да мешітке кіргенде дұғамды жасап, басымды сәждеге тигізіп бар көңіл-ниетіммен Аллаһқа жақындасам деген ойда боламын. Әйелдер бөлмесіне жұма күндері мұсылман апайлар мен қыздар көп жиналады екен. Бірақ сол әйелдердің бір-бірімен орынға таласып, ұрсысып қалатындары бар. Тіпті, сырт киімдері мен аяқ киімдерін кіре беріске тастамай, өзімен (төрге шықса да) қолымен ұстап жанына қоя салатын да апайларымыз бар екен. Сосын мешітке жасанып барудың не қажеті бар? Меніңше, көп әйелдер мешітке Аллаһқа жалбарынайын деп емес, керісінше, киген киімі мен өзін көрсетуге келетін секілді. Жалпы, әйелдерге мешітке барып намаз оқу міндет пе? Мұның жөнін айтсаңыздар екен? Майра, Алматы қаласы.Жауап:
Аллаһ тағала ниетіңізді қабыл етіп, өзінің сүйікті құлдарының қатарына қоссын! Исламда әйел адамның мешітке барып намаз оқуына тиым салынбаған. Дегенмен, үйде оқыған ең абзалы. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Әйелдердің мешітке баруына тиым салмаңдар. Бірақ, үйінде оқығаны одан қайырлы (жақсы)», – деген.
Тағы бір хадисте: «Әйелдердің ең ізгілері – мешіті үйінің ішінде болғаны» - деген. Осы хадистерде айтылғандай әйелдер намазды мешітке барып оқыса болады. Бірақ өз үйінде оқығаны абзал. Ал, намаз оқуға келген адам мешіт әдебін сақтауы тиіс.
Дүние сөзін сөйлеп, әдепсіз әрекет көрсетіп, орынға таласуына болмайды. Әрі мешіт Аллаһтың үйі екендігін естен шығармай, оны барынша таза ұстау қажет. Әйелдер сыртқа шыққанда сырт көзге түсетіндей әдемі киінуіне болмайды. Тек қана өз күйеуінің алдында әдеміленіп, жасануы тиіс.