Сұрағы:
cәлеметсіздер ме? Мен кекеш едім. Бұл жүре пайда болған кесел. Яғни туа бітті емес. Атамда кекеш болған, тұқымқуалаушылы қ қой. Жақында арал жақта алдына 5 оқитын бір емші бала бар деп естігем.ешқанда й құмалақ ашпайды. Көзіне қарап қандай аурумен келгеніңді және оның емін айтып береді екен егер сол балаға барсам бұл дін жолында, шариғат бойынша қалай болады екен дұрыс па, әлде бұрыс па? барсам күнәға батпаймын ба, әлде қарғысқа ұшырамаймын ба? шынымды айтсам өзімнің барғым келеді
Жауап:
Уағалайкум ассалам! Сұрағыңызға Алла разы болсын. Көріпкел, балгер, құмалақшы, жұлдызшы және тәуіп. Бұлардың атаулары әртүрлі болғанымен тірлігі бір. Олар түрлі тәсілмен ғайыптан хабар берумен айналысады. Адамның өткен шағы мен болашағы жайлы айтқысы келеді. Олар карта, кофе, тас немесе құмалақ пайдалануы мүмкін. Көріпкелдер жайлы Құран Кәрімде: «Шайтандар кімге түседі, сендерге хабар берейін бе? Олар әрбір өтірікші, күнәкарға түседі. Олар шайтандарға құлақ салады. Олардың көбі өтірікші[1]»,-деп айтылған. Ғайып тек Аллаға аян. Шын мәнінде, ғайыпты тіпті таңдаулы пайғамбар да, ең ұлық періште де білмейді. Алла тағала: «(Мұхаммед (с.ғ.с.) Алла қаламайынша, өзім үшін пайда, зиян келтіру күшіне ие емеспін. Егер көместі білген болсам, әрине, жақсылықты көбейтіп алар едім. Сондай-ақ, маған бір сәтсіздік жұғыспас еді. Мен иман келтірген елді ескертуші және қуантушы ғанамын» де[2]»,–деп беймәлім өткеннің мен бұлыңғыр болашақтың ақиқаты айтылған. Фиқһ ғалымдары пікірінше, көріпкелдікпен айналысу (ғайыпты білемін деп жариялау) және сол ісін кәсіп етіп тапқан табысы – харам. Бұл шариғат рұқсат етпеген жолмен келген ақша. Сонымен бірге, «тәуіпке барып өткен және болашақ жайлы немесе бір істің немен бітерін сұрау да харам» деп пәтуа берген. Айша (р.а.) анамыз риуаят етеді: Адамдар көріпкелдер жайлы сұрағанда пайғамбар (с.ғ.с.): «Олар түкке тұрғысыз»,– деп жауап береді. Адамдар: «Уа, Алла елшісі! Олардың кейде айтқан сөзі рас боп шығады»,–дейді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ол бір шындық сөзді жын естіп, серігінің (көріпкелдің) құлағына сыбырлайды, ал ол оған жүз жалған сөзді араластырып айтады[3]»,–деген екен. Адамның болашағы жайындағы мағлұмат «сыр әлемінің» үлесінде, пенде оны қанша білемін деп тырысқанымен басына не келіп, не кететінін ешқалай біле алмайды. Ал, бал аштыратын кісілер соқыр сенімді үміт еткені болмаса, болашағынан бейхабар күйінде қала береді. Өйткені, ғайыптың сыры тек Ұлы Жаратушыға ғана мәлім [4]. Ардақты Пайғамбарымыз да (с.а.у.): «Кім де кім бақсы-балгерге барып, оның айтқандарына сенетін болса, оның бұл әрекеті Мұхаммедке түскен Құранды жоққа шығарғандығының дәлелі [5]», – деп қатаң түрде бақсы-балгерлерге баруды тыйған болатын. Ендеше, балгерге барып, оған бал аштыру мұсылманға жат әрекет. Ал сіздің сұрағыңыздағы баланың қалай емдитіндігін білмей, бірдене айту қиын. Нақты ол баланың қандай әдіспен емдейтіндігін біліп алу жөн болады.