Дініміздің негізгі әмірін бізге Алла Тағала Құранның мына аятында былай деп әмір етеді:
وَمَا أُمِرُوا إِلَّا لِيَعْبُدُوا اللَّهَ مُخْلِصِينَ لَهُ الدِّينَ حُنَفَاءَ
«Ал олар, ханиф болған /Алладан басқа құдай жоқ деп иман келтірген/ түрде Оған діндерін /серік қосудан/ тазартып құлшылық етуден басқаға бұйырылмаған еді» (Бәйинә» сүресі, 5-аят). Қарапайым халық шынайы ниетің қабыл болсын деп жатады. Өйткені шынайы болмаған нәрсе, Алла Тағаланың алдында қабыл емес. Пайғамбарымыз (ﷺ) да өзінің мүбәрәк хадис шәрифтерінің бірінде ықылас пен шынайылық турасында былай деген екен:
عَنْ أَبِي رُقَيَّةَ تَمِيمٍ بْنِ أَوْسٍ الدَّارِيِّ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ :أَنَّ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ، أَنَّهُ قَالَ: "الدِّينُ النَّصِيحَةُ " ، قُلْنَا : لِمَنْ يَا رَسُولَ اللَّهِ ؟ قَالَ : " لِلَّهِ ، وَلِكِتَابِهِ ، وَلِرَسُولِهِ ، وَلأَئِمَّةِ الْمُسْلِمِينَ وَعَامَّتِهِمْ".
Абу Руқайя Тамим ибн Аус ад-Дари (р.а.) Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай деп айтқанын риуаят етті: «Дін дегеніміз – адалдық». Біз: «Кімге қатысты, Ей Алланың Елшісі?» - деп сұрағанда, Ол (ﷺ) былай деп жауап берді: «Аллаға, оның кітабына (Құранға), Пайғамбарына (ﷺ), мұсылмандардың басшысына, және жалпы барлық мұсылмандарға қатысты» (Муслим, 55).
Яғни, адам баласы Аллаға иман келтірген кезде шынайы иман келтіруі, жіберген елшіні шынайы қабылдауы. Құранды оқып, үйреніп, онымен амал жасауы, мұсылмандардың басшысына адалдықпен қызмет етуі және жалпы мұсылмандарға қатысты кез-келген нәрседе шынайылық танытуы қажет.
Алла Тағала қасиетті құранның көптеген аятында құлшылықты бір ғана Алла үшін жасауды әмір етіп, дұшпандардың қысастығы мен қастандығына, зұлымдығы мен түрлі айла-шараларына қарамастан пейілге сызат түсірместен бәрібір шынайы болуға шақырады. Ғафир сүресінде:
فَادْعُوا اللَّهَ مُخْلِصِينَ لَهُ الدِّينَ وَلَوْ كَرِهَ الْكَافِرُونَ
«Кәпірлер жақтырмаса да, сендер ғибадаттарыңды шын жүректен Алла үшін жасап, Оған дұға етіңдер» (Ғафир сүресі, 14-аят) делінсе, тағы бір аятта:
وَيُطْعِمُونَ الطَّعَامَ عَلَىٰ حُبِّهِ مِسْكِينًا وَيَتِيمًا وَأَسِيرًا (8) إِنَّمَا نُطْعِمُكُمْ لِوَجْهِ اللَّهِ لَا نُرِيدُ مِنكُمْ جَزَاءً وَلَا شُكُورًا
«Өздері мұқтаж бола тұра, тек Алланың ғана разылығына қол жеткізу үшін кембағалдарға, жетімдер мен тұтқындарға ішіп-жегізеді. Біз сендерге тек қана Алла разылығы үшін береміз. Сендерден ақы сұрамақ түгілі алғыс алуды да күтпейміз» (Инсан сүресі, 8-9-аяттар) деу арқылы ықыласты болудың өлшемін білдіреді. Ықылыс – жүректің ісі. Алла Тағала адамның жүрегіне қарап, амалына сауап жазады. Абу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деп айтқан екен:
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّ اللَّهَ لا يَنْظُرُ إِلَى أَجْسَادِكُمْ وَ لَا إِلَى صُوَرِكُمْ وَلَكِنْ يَنْظُرُ إِلَى قُلُوبِكُمْ وَأَعْمَالِكُمْ
«Расында, Алла Тағала сендердің дене-пішіндеріңе, сыртқы кескін келбеттеріңе қарамайды, алайда Ол, сендердің жүректеріңе және амалдарыңа қарайды».
Сондықтан да Пайғамбарымыз (ﷺ) Муаз ибн Жәбәлға (р.а.):
أَخْلِصِ العَمَلَ يُجْزِيكَ مِنْهُ قَلِيلٌ
«Өміріңде аз амал етсең де, ықылысты болсаң жеткілікті»,-деген. Ал басқа бір хадисінде «Амалдарыңызда әрқашан ықылысты болыңдар, өйткені Алла амалдардың тек қана шынайы болғанын қабылдайды»,-деп, ықылысқа ерекше мән берген.
Шынайы ықылыс жайында хазіреті Әли (р.а.) де былай деген екен: «Амалдың аздығын емес, қабыл болуын ойла».
Шынайылыққа байланысты Пайғамбарымыздың (ﷺ) сахабасы Шәдәд (р.а.) мына бір оқиғаны баяндайды: «Бір кісі исламды қабылдап, кейін хижрет жасайды. Пайғамбарымыз (ﷺ) оны сахабаларының біріне аманаттап тапсырады. Күндердің бір күнінде шайқаста түскен олжадан өзіне тиген үлесін көріп таңғалған ол Пайғамбарымызға (ﷺ): «Мен саған дүние үшін емес, мына жерімнен (кеңірдегін нұсқап) оқ қадалып шейіт болайын, сөйтіп жәннатқа барайын деп мойынсындым»,- дейді. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ) байсалды қалпын бұзбастан: «Егер осы айтқаның рас болса, ниетіңе шынайы болсаң, Алла Тағала сені жалғаншы етпей мұратыңа жеткізер»,- дейді. Көп уақыт өтпей бір шайқастан кейін әлгі кісі шәһид болады. Кеңірдегіне жебе қадалған өлі денесі Алла Елшісінің (ﷺ) алдына әкелінеді. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Ол тура сөйлепті. Алла да оны растады»,- деп, оны шапанымен кебіндеп, жаназасын өзі шығарады және «Алла Тағалам, сенің бұл құлың сен үшін һижрет жасады және шәһид болды. Мен бұған куәмін»,- деп, дұға жасаған екен.
Иә, мақсатқа жетудің басты шарттарының бірі – ниеттегі шынайылық. Ниетіміз шынайы болса, Алла Тағала ниетімізге қарай береді. Алла Елшісіне (ﷺ) ерген алғашқы ислам қаһармандары Аллаға, Пайғамбарымызға (ﷺ) және исламның бұйрықтарына шынайы беріліп, бас игендіктері үшін аз мүмкіншіліктеріне қарамастан Алла олрды жетістікке жеткізіп, адам баласының ең мәртебелісі етті.
Шынайылықтың бұл дүниедегі пайдасы – адамдар арасындағы қатынастарда сенімділіктің негізі, Алла мен құл арасындағы байланыстың шынайы көрсеткіші мен ақыретте азаптан құтылудың басты шарасы.
Рахым Серік Темірбекұлы
Лисаков қалалық «Әс-Сәләм»
мешітінің бас имамы
Өткен жұмада Қостанай облыстық Аймағанбет қажы Спанұлы атындағы мешіттің мәжіліс залында өңір өміріндегі елеулі оқиға болып өтті.
Бұл Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен үстіміздегі жылы Астана қаласында жарық көрген «Жаназа және жерлеу рәсімдері» деп аталатын кітаптың тұсаукесеріне арналған басқосу еді.
Осы жиынға облыстық әкімдіктің дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Жанболат Үмбетов, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессорлары Қалқаман Жақып, Ақылбек Шаяхмет және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аталмыш маңызды мәжілісті белгілі дін қайраткері, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек қажы Тәжімбет ашты.
Ол өз сөзінде үстіміздегі жылы республика өмірінде ерекше орын алған «Ислам және өркениет» тақырыбындағы ІІ форум жайлы тоқтала келіп, онда қабылданған «Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебі – Қазақстандағы Исламның дәстүрлі жолы» ұстанымын және «ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» тұжырымдамасы жайлы баяндап өтті.
Сондай-ақ қасиетті жұма күні көпшілік назарына ұсынылып отырған «Жаназа және жерлеу рәсімдері» деп аталатын кітаптың мазмұны, оның әрбір мұсылманның үйінде болуға тиістілігін сөз етті.
Содан кейін есімдері өңірімізге кеңінен танымал тұлғалар Ақылбек Шаяхмет, Қалқаман Жақыптар тұсауы кесіліп отырған еңбектің маңыздылығын тілге тиек етіп, өз ойларын ортаға салды.
Әңгімеге арқау болған кітап жеті тараудан тұрады. Онда жаназаға қатысты қазіргі таңдағы білуі қажет барлық жайлар жан-жақты қамтылған.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының EXPO-2017 халықаралық көрмесіне қатысты
ҮНДЕУІ
Біз мемлекетіміздің мерейін үстем ететін, мәртебесін арттырып, абыройын асқақтата түсетін әлемдік деңгейдегі тарихи іс-шараның қарсаңында тұрмыз.
Баршаңызға белгілі, елімізде 10 маусымда EXPO-2017 халықаралық көрмесі басталады. Осыған дейін Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымының саммитін, Астана экономикалық форумын, Инвестициялық форум, Дүниежүзілік ислам экономикалық форумын, тағы басқа халықаралық дәрежедегі шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырған мемлекетіміз EXPO-2017 көрмесін де абыроймен өткізеді деген сенімдеміз.
Әлемнің барлық мемлекеттерінен миллионнан аса адамды жинайтын осы ауқымды жоба біздің мемлекетіміздің экономикасына жаңа серпін береді. Сондықтан, осы іс-шараны өткізуге қолғабыс көрсету, біздің ел алдындағы азаматтық борышымыз болып табылады.
Өйткені, бір жарым ғасырдан астам тарихы бар EXPO-2017 халықаралық көрмесін жоғары деңгейде ұйымдастыру түрлі салада жұмыс істейтін адамдарға үлкен жауапкершілік жүктейді.
Еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылатын айтулы іс-шара – халқымыздың діні мен дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін, руханияты мен тарихын таныстырудың, ұлттық құндылықтарымызды көрсетудің, Қазақ елінің жеткен жетістігін әлемге паш етудің мол мүмкіндігі.
Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы барша отандастырымызды шетелден келген қонақтарға жылы шырай танытуға, олармен жақсы мәміле орнатуға, қызмет сапасын арттыруға, сан ғасырлық тарихы бар халқымыздың ұлттық рухани мұрасы мен әдет-ғұрпын, сондай-ақ басты байлығымыз саналған еліміздегі дінаралық келісім мен ұлтаралық бірлігімізді көрсету болып табылады.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадис-шарифінде: «Бір елдің басшысы (өкілі) келсе оған лайықты құрмет көрсетіңдер», – деген. Қонақжайлылық – қазақы қасиет. Қазақтың қонақжайлылық, дархандық, жомарттық қасиеті – бұрынғы көшпелі ата-бабалардан үзілмей келе жатқан дәстүр.
Алла Тағала ел игілігі жолындағы бастамаларымызды, жақсылыққа жұмылдырып, имандылыққа ұйытатын ізгі іс-шараларымызды берекелі еткей! Жаратушы Иеміз Тәуелсіздігімізді баянды, егемен еліміздің болашағын жарқын, халқымыздың бірлігін бекем еткей. Әмин!
Қасиетті Құранда «Олай болса жақсылықта жарысыңдар» (Бақара сүресі 148-аят) деп айтылғанындай, мешітіміздің жамағаты өзі заңгер әрі медиатор Гүлжан Исмагулқызы қасиетті Рамазан айының құрметіне заң көмегін тегін ұсынуда.
Қазіргі таңда қай салада болмасын заң көмегі ауадай қажет-ақ. Өйткені әркім өзінің құқығын білуге тиіс. Гүлжан негізінен азаматтық істер бойынша, оның ішінде: заң кеңесі, сотта, мемлекеттік және мемлекеттік емес органдарда өкілдік етеді.
Сонымен қатар ол жұртшылықтың сотқа жүгінбей-ақ дауды бейбіт келісіммен медиаторлық арқылы шешуге болатындығын түсіндіріп, өзінің заңгер ретінде біліктілігін көрсетуде.
Осынау Рамазан айында кімге болсын жоғарыда аталғандай заңға байланысты тегін көмек қажет болса, төменде көрсетілген нөмір арқылы тікелей байланысқа шығып жүгіне алады.
+7 702 798 46 96 немесе +7 707 798 46 96 немесе This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. электронды почтасына хабарласып.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «2020 жылға дейін діни білім беруді дамыту» тұжырымдамасы негізінде, Қостанай облысының мешіттерінде «Фиқһ», «Ақида», «Құран» және «Араб тілі» мен «Тәджуид» пәндері бойынша сауат ашу курстары жұмыс істеуде.
Сонымен қатар бұл сауат ашу курстарында «Қыздар әйелдер секторы» бойынша білім алушылар кешегі күні емтихан тапсырды. Нәтижесінде тоғыз шәкірт аталмыш курсы тәмамдағаны туралы сертификатқа қол жеткізді.
Сондай-ақ Қостанай қалалық мешітінде де 21 шәкірт және облыстық мешітте 19 шәкірт аталмыш пәндерден білім алғандығы үшін марапаталды.
Алла Тағала шәкірттердің осы алған білімдерін шыңдауды жазсын деген тілектеміз.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Қасиетті де берекелі болған Рамазан айының алғашқы күндері Рудный қалалық «Нұр» мешітіне қарасты Қашар кенті мешітінде елеулі оқиға болды. Кентте салынған Алла үйіне «Кәмшат ана» атау берілді.
Осы жасалып жатқан шара құрметіне еліміге белгілі Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаева балаларымен мешіт жамағатына ауызашар берді.
Аталмыш ауызашарға облысымыздың өкіл имамы Бақытбек қажы Нұрғабылұлыда қатысып, мешіт жамағатына, ауызашар иелеріне уағыз айтып, жылы лебізін білдірді.
Өз кезегінде Кәмшат Байғазықызы Рамазан айының құрметіне Бақытбек қажыға шапан жауып, қасиетті Құранды сыйға тартты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Балаларға мейірімділік танытып, исламды шынайы жақсы жағынан көрсету әрбір мұсылманның борышы деп есептеген Рудный қалалық «Нұр» мешітінің қызметкерлері мен Әйелдер-қыздар секторы Рамазан айының құрметіне орай «Балаларға шаттық» мерекесін өткізді.
Аталмыш мерекеге Рудный қаласының тұрғындары мен мешіт шәкірттері қатысып, балаларға ойыншықтар мен түрлі тәттілерді үлестірді.
Сондай-ақ бүлдіршіндерге аю, маймыл өнер көрсетіп, батутта күні бойы секіру жағдай жасалды.
Баланы тәрбиелеудің, тағылым берудің негізгі мәйегі – мейірім мен сүйіспеншілікте екендігін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Басқаларға мейірімділік етпегеннің өзі де мейірімділікке бөленбейді», – деп балаларға ерекше қарауға шақырған.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Еліміз үшін аса маңызды күн боа саналатын 31 мамыр саяси қуғын-сүргін күніне орай Таран аудандық мұражайында нәубет жылдары жазықсыз шаһит болған жандар жайлы айтылып, оларды еске алды. Осынау босқосуға «Әйет» мешітінің бас имамы И. Хамзин қатысып, жиналған қауымға қазақ халқына үлкен қайғы-қасірет әкелген кезең жайлы әңгімеледі.
Сондай-ақ ауданда Халықаралық балалар күніне байланысты жүрегі жомарт жандар аталмыш аудандағы балабақшадағы бүлдіршіндерге қуаныш сыйлау үшін дастархан жайды. Оларға тәттілер мен жеміс-жидектер таратылды. Осы игі іс үшін балабақша кызметкерлері мешіт ұжымына шын жүректен шыққан шынайы алғыстарын білдірді.
Қасиетті Рамазан айында Таран ауданында өзгелерге өнеге боларлықтай оқиға орын алды. Мәселен, осы өңірдегі өзге ұлт өкілі В. Бугайцов шын ниетімен Ислам дінін қабылдады.
Әрине, ол мұндай игі қадамға бармас бұрын аталмыш діннің тазалығына, ізгі мақсатты көздейтіндігіне көзі әбден жетті. Оның бұл ниетін бас имам И. Хамзин түсінді.
Сондықтан осы Володяны жамағаттың алдына шығарып, оған қабылдаған Ислам діні жайлы жан-жақты айтып берді. Жұртшылық араларында ғұмыр кешіп жатқан жерлестеріне дән риза болып, қасиетті айда ізгілік тіледі.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің
баспасөз қызметі
Таран ауданында «Қош келдің Рамазан» атты рухани кеш болып өтті. Онда спорттық іс – шара да тұңғыш рет ұйымдастырылды. «Әйет» мешітінің бастамасымен өзге дін өкілдері және мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы спорттық сайыстар жиналған қауымға үлкен әсер қалдырды.
Осынау іс - шарада спорттың шахмат, теннис, дрот ату, дойбы түрлерінен жарыста көзге түскен азаматтарға мақтау қағаздары және кубоктар тапсырылды. Мүмкіндігі шектеулі кісілер мешіт ұжымына ризашылығын білдірді.
Жоғарыда аталған Таран ауданының орталығында өткен «Қош келдің Рамазан» атты рухани кеш Тобыл кентінде одан әрі жалғасын тапты. Аталған кенттің «Думан» мәдениет үйінде ұйымдастырылған спорттық іс – шара, рухани концерт, айтысқа көпшілік дән риза болысты.
Бұл игілікті басқосуға Таран ауданының бас имамы И. Хамзин арнайы қатысты. Рухани кешті Тобыл кентінің әкімі ашып, жұртшылыққа ең ізгі тілегін білдірді.
Аудан имамы жамағатқа қасиетті ораза жөнінде уағыз айтты. Спорттың шахмат, тоғызқұмалақ, қазақша күрес түрлерінен сайыс өткізілді.
Өздерін жақсы жағынан көрсеткен кісілерге мақтау қағазы тапсырылып, сый – сияпат жасалды. Кәсіпкерлердің демеушілігімен «Асаба» асханасында жиналған қауымға дастархан жайылды. Тобыл мешітінің имамы И. Ділдәбеков басқосудың тиісті деңгейінде өтуіне ықпалын тигізген барша азаматтарға шынайы алғысын жеткізді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі