Мәскеу және бүкіл Ресей Патриархы Кирилл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жаңа төрағасы Серікбай қажы Оразды Бас мүфти лауазымына сайлануымен құттықтап, арнайы жедел хат жолдады.
«Сізді Бас мүфти лауазымына сайлануыңызбен құттықтаймын. Қазіргі жағдайда ислам мен православие қоғамда адамгершілік құндылықтардың маңыздылығын әрдайым алға тартып, діни ұрандарды жамылған діни экстремизмге бірлесе қарсы тұруға, елдер мен халықтар арасында бейбітшілік пен достастықты нығайтуға мүдделі.
Шын ықыласыммен ҚМДБ және ҚР орыс православ шіркеуінің митрополиттік округы арасындағы сенім мен ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өткім келеді. Бұл өзара байланыс одан әрі де дамып, адамдардың рухани адамгершілік тәрбиесіне, қоғамда бейбітшілік пен келісімнің жандануына ықпалын тигізеді деген сенімдемін.
Жауапты лауазымды қызметте сәттілік, табыс, деніңізге саулық тілеймін», – делінген Мәскеу және бүкіл Ресей Патриархы Кириллдің құттықтау хатында.