Жыл сайын Мәуліт мерекесін атап өту дәстүрге айналып келеді. Биыл да Арқалық халқы Мәуліт мерекесіне арналған игі шараларға куә болды. Мүбарак айды дін жанашырлары, мешіт демеушілері қайырымды істер жасаумен бастады.
Арнайы тізім бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбастары күнделікті тұтынатын азық-түлікпен қамтамасыз етілді.
Одан кейін кезек ғибратты насихат жұмыстарына берілді. Ең алдымен мешітте жұма намазынан соң, ардақты пайғамбарымызға салауаттар айтылып, арабша-қазақша мәуліт қасидалары оқылды. Алла елшісінің көркем мінезінен үлгі аларлықтай әңгіме-насихаттар баяндалды.
Апта бойы әр құфтан намазы алдында салауаттар айтылып, пайғамбарымыздың асыл сөз-өсиеттері жұртшылықтың жүрегіне жетті.
Келесі апта ұлттық спорттық ойындарымен жалғасты. «Қайрат» спорт кешенінде қазақша күрес, қол күрес, гір көтеру сияқты спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылды. Бұл жарыстың ерекшелігі тек намазхандар арасында өтуі еді.
Жарыс тартымды да қызықты болды. Аталмыш ойындарды тамашалауға халық көп жиналды. Жарыс нәтижесі қорытындыланып, жеңімпаздарға қала тұрғыны Есен Амантайұлының демеушілігімен төрт түлік мал сыйға тартылды.
Мұнан кейінгі апта мешітте сауат ашу курсында тәлім алушылар арасында «азан айту» сайысымен жалғасын тапты. Алдымен мешіттің имамы Бектұрсын Уәлиев дінімізде азанның алар орны ерекше екеніне тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Әуезді ән аясында азан бірінен соң бірі жалғасты. Оған 21 шәкірт қатысты. Сайыстың әділқазылары қатысушылардың дауысына, әріптердің махражына және шығу тарихына аса мән берді.
Оның нәтижесі бойынша үш жеңімпазға ақшалай сыйлық тапсырылды.
Мәуліт айының қорытынды апталығы қалалық жастар театрында «Мәңгілік өнеге – әз Мұхаммед Мұстафа с.ғ.с.» деген атпен ұйымдастырылды.
Салтанатты кеш Алланың қасиетті кәләмымен басталды. Облыстық Құран жарысының бас жүлдегері, шәкірт Дінмұхамед Сәулетұлы Құран оқыды.
Басқосуды жүргізуген Алашқа аты мәлім ақын Айбек Қалиев мәулітті атап өтудің маңызына, қадір-қасиетіне тоқталды.
Арнайы жасалған бағдарлама бойынша «Өнегелі Өмір!», «Сүйінші, Пайғамбар келді!» атты бейнероликтер көрсетіліп, мәуліттің әнұранына айналған «Толәғаль» ән-салауаты айтылды.
Халық Мәуліт салауатын сілтідей ұйып тыңдады. Сауат ашу курсы шәкірттері көрермендерге ой салар тағылымды «Пайғамбарға сағыныш» атты сахналық қойылым қойды. Ғибрат аларлық дәстүрлі ән-жырлар айтылып, домбыра шертілді.
Қала әкімі Амантай Балғарин жиналғандарды мерекемен құттықтап, осындай имани кештердің, әсіресе, жастар үшін пайдасы зор екендігін жеткізді.
«Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы рухани кешті қорытындылады. Мәуліт айында атқарылған істерге жанашырлық танытып, демеуші болған азаматтарға шынайы алғысын айтты.
Аталмыш рухани кешке көршілес Аманкелді, Жанкелді аудандарының имамдары, сондай-ақ Қостанай қаласынан «Рим-Католик» шіркеуінің қызметкері, польша азаматы Славомир арнайы келді.
Соңында Мәуліт мерекесінің құрметіне «Достар» шатханасында дастархан жайылды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі