Әлемге әйгілі Науырзым қорығы орналасқан аймақта Қарамеңді елді мекенінде Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) туған күні яғни Мәуліт мерекесі өңірімізде жоғары деңгейде өтті.
Науырзым ауданы орталығында айрықша жиынды жоғары деңгейде өтуіне «Түркебай» мешітінің бас имамы Нұрлан қажы Сейілханұлы мен осы мешіттің алқа мүшесі, ауданның құрметті азаматы Хасенғали Камалов аға ұйытқы болды.
Шарада салауат айтылып, жастарға имандылық қағидаттары түсіндірілді. Оларды Отансүйгіштікке, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата - ананы құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан аулақ болуға шақыратын маңызды уағыз қозғалды.
Айтулы іс – шараға облыстық мешіттің наиб имамдары Дархан Манарбекұлы, Әлішер Ертайұлы және қалалар мен аудандардың бас имамдары қатысты. Мерекенің ажарын елімізге аса танымал айтыс ақыны Айбек Қалиев аша түсті.
Бір ерекше атап өтер жай, онда Арқалық қаласының бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлының сүйікті перзенті Дінмұхаммед діни нақыштағы ән – жырдан шашу шашты.
Осы күні Науырзым елінің азаматтары демеушілік етіп, аудандық мешітіне күрделі жөнеу жұмысы аяқталып тапсырылды. Сонымен қатар Алла жолында қызмет етуге мешітке жаңа көлік табысталды.
Мерекелік шара аясында қасиетті Құран аяттары оқылды, жастарға арналған уағыздар айтылып, діни әндер шырқалды. Мерекеден кейін «Шапағат» мейрамханасында Ақылбек Әлімғазиевтың ұйымдастыруымен мейрамның құрметіне дастархан жайылды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі